×
549.15
643.88
6.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
549.15
643.88
6.71

Қазақстан футболына легионерлер қажет пе және олардың құны қанша?

Бүгін, 10:25
Қазақстан футболына легионерлер қажет пе және олардың құны қанша?
Ulysmedia.kz коллажы

«Қайрат» пен әлемнің ең атақты клубтарының бірі мадридтік «Реалдың» матчы әлі де жұртты дүрліктіріп, пікірталастар тудыруда. Қазақстанның түкпір-түкпірінен өз командасына жанкүйер болған қазақстандықтар әлеуметтік желілерде ойынды қызу талқылап жатыр. Жазбаларға қарағанда, көрермендер ықыласының басты иесі 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрза болды. Ал қалған ойыншылар қатаң сынға ұшырады. Әсіресе легионерлерге жанкүйерлер ауыр сөздерін аямады. Ulysmedia тілшісі «Қайраттағы» шетелдік ойыншыларға шолу жасап, олар жанкүйерлер үмітін ақтай ала ма деген сауалға үңілді.

«Бізге өз тәрбиеленушілеріміз керек»

Әдеттегідей ойын нәтижелері Threads желісінде қызу талқыланды. Алматы әуежайында жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленген Киллиан Мбаппе қазақтілді желі қолданушылары үшін «халық жауына» айналды. Ал «Қайраттың» жас қақпашысы «корольдік клубтың» жеті соққысын қайтарғаны үшін ұлттық қаһарман атанды.


Фото: uefa.com

Сонымен қатар, қолданушылар «Қайраттың» қалған ойыншылары дәл сондай қайсарлық таныта алмады деген пікірде. Әсіресе легионерлер сынның астында қалды.

– Бір нәрсе анық — бізге легионерлердің қажеті жоқ. Академия тек өз ойыншыларына басымдық беруі тиіс, – деп жазады @999lll.kz атты қолданушы.

«Реал» да легионерлермен ойнады ма?

Спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, қазақстандық клубтарда шетелдіктердің болуының басты себебі — кәсіби деңгейі жоғары футболшылардың жетіспеушілігі. Ол Қазақстанда легионерлер санына лимит бар екенін, ал «Қайрат» академиясы бар болғаны 12 жыл бұрын ашылғанын атап өтті.

– Қазақстанда жақсы академиясы бар жалғыз клуб — «Қайрат». Бірақ олар да легионерлерді шақырады. Легионерлер барлық жерде бар. Оларсыз футбол құрылмайды. «Реал Мадрид» құрамында испандықтар бар ма? Бар-жоғы екі испандық. Қалғаны — легионерлер. «Реал Мадрид» те легионерлермен ойнайды, дегенмен олардың академиясы 120 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді.

Кеше алаңға Дастан Сәтпаев, Олжас Байбек, Дамир Қасабулат, Александр Мрынский және Шерхан Қалмұрза шықты — барлығы да академия тәрбиеленушілері. Сондықтан пайыздық жағынан қарасақ, «Реал» «Қайратқа» қарағанда көбірек легионерлермен ойнады, – деді комментатор.

Осы пікірді белгілі футбол сарапшысы Есей Жеңісұлы да қолдады. Дегенмен ол қазақстандық клубтар тек ТМД-дан ғана емес, Сербия, Хорватия, Италия, Испания және Португалиядан да футболшыларды тартуы керек екенін қосты.

Фото: meta-ratings.kz

— Легионерлер барлық жерде бар, себебі бұл қазіргі футболдың негізгі үрдісі. Мен барлық кінәні легионерлерге жаба алмаймын. <…> Біздің инфрақұрылым дұрыс дамығанда, футболшылар қатты жасанды алаңда емес, сапалы газонда ойнағанда, Астана, Алматы, Қызылордада 40 мыңдық стадиондар салынғанда ғана бізде мықты легионерлер пайда болады, чемпионат та күшейеді. Сондықтан әзірге барымен базар болып отырмыз, – деді ол.

«Қайрат» легионерлері қанша тұрады?

«Қайрат» сапында 13 легионер бар. Бұл клуб құрамының шамамен 46,4%-ы. Transfermarkt порталының дерегінше, олардың жалпы құны ≈ 7,90 млн еуро.

Легионерлер тізімі:

  1. Валерий Громыко (Беларусь, шабуылшы жартылай қорғаушы) — келісімшарт 31.12.2025 дейін, құны 1,20 млн €

  2. Егор Сорокин (Ресей, орталық қорғаушы) — 31.12.2025 дейін, 900 мың €

  3. Георгий Зария (Грузия, шабуылшы жартылай қорғаушы) — 31.12.2025 дейін, 900 мың €

  4. Офри Арад (Израиль, тірек жартылай қорғаушы) — 31.12.2025 дейін, 800 мың €

  5. Юг Станоев (Сербия, оң жақ жартылай қорғаушы) — 30.06.2027 дейін, 800 мың €

  6. Рикардиньо (Бразилия, шабуылшы) — 30.06.2026 дейін, 800 мың €

  7. Дан Глейзер (Израиль, тірек жартылай қорғаушы) — 31.12.2026 дейін, 700 мың €

  8. Жоржиньо (Португалия, шабуылшы) — 31.12.2026 дейін, 500 мың €

  9. Луиш Мата (Португалия, сол жақ қорғаушы) — 31.12.2026 дейін, 400 мың €

  10. Жоау Паулу (Бразилия, шабуылшы) — 31.12.2025 дейін, 300 мың €

  11. Александр Мартынович (Беларусь, орталық қорғаушы) — 31.12.2025 дейін, 250 мың €

  12. Эдмилсон (Бразилия, шабуылшы) — 30.06.2027 дейін, 200 мың €

  13. Элдер Сантана (Бразилия, шабуылшы) — 31.12.2025 дейін, 150 мың €

«Қайрат» Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі ойынын жалғастырады. 21 қазанда команда өз алаңында кипрлік «Пафоспен» кездеседі. 5 қарашада қонақта миландық «Интерге» қарсы ойнайды, 26 қарашада «Копенгагенге» барады. 9 желтоқсанда алматылықтар өз алаңында «Олимпиакоспен» ойнайды. Ал қаңтарда соңғы екі кездесу өтеді: 20 қаңтарда «Брюггеге» қарсы Алматыда, 28 қаңтарда Лондонда «Арсеналға» қарсы матч күтіп тұр.

Серіктес жаңалықтары