×
537.77
622.95
6.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
537.77
622.95
6.65

Олигархтар бір-бір клубтан сатып алса немесе Қазақстан футболын кім көтереді

Бүгін, 11:34
Олигархтар бір-бір клубтан сатып алса немесе Қазақстан футболын кім көтереді
Ulysmedia.kz коллажы

Футбол тақырыбы соңғы уақытта қазақстандықтар жиі талқылайтын тақырыпқа айналды. Көрерменнің отандық клубтар ойыншыларының қарым-қабілетіне деген сенімі қайта нығайып келеді. УЕФА кубогы не басқа да беделді марапаттарды жеңіп алуға қауқарымыз бар екенін айтып, жазып жатқан жанкүйерлердің қарасы да көбейген. Футбол федерациясы қазақстандық футболдың жаңа дәуірі басталатынын айтып жар салса, Президент бизнесмендерге футбол клубтарын сатып алудан еш қысылмау керектігін айтып, қолдау білдірді. Ал салалық министрлік спортшыларға толыққанды инфрақұрылым жасақтауға уәде берді. Ulysmedia.kz осы үміт пен жоспардың аясында елдегі кәсіби футболдың қалай дамитынын анықтауға тырысып, Қазақстандағы ең танымал клубтың мысалында зерттеу жүргізген еді. Бірақ қойған сұрақтарымызға алған жауабымызға көңіліміз толмады.

Бұқаралық спорттан бизнеске дейін

Кеңес дәуірінде футбол ең қолжетімді спорт түрі ретінде бағаланды: бірнеше ойыншы, бір доп және қақпаның нобайын келтіріп тұратын екі тас болса жетіп жатыр, ал да, ойнай бер. Бұл мемлекет үшін де тиімді: халық спортпен айналысып, иммунитетін көтереді әрі бос уақытын пайдалы өткізеді. Алайда нарықтық экономика келген соң, футбол ең көп қаржы сұрайтын спортқа айналды. Сол қаржының көбі футболдың өзіне емес, ананы-мынаны жасадық деп өтірік есепті доптай домалататын жемқорлардың қақпасында қалды.

Футболды дамытамын, ұшпаққа шығарамын деп уәде бергендер түптеп келгенде ештеңе жасай алмады. Алайда Қазақстан футбол державасы түгел, ортаңқол ұлттық құрамаға да қол жеткізе алмады. 90-жылдары бизнесмендер клуб сатып алады дегенге ешкім сенбейтін. Ол кезде федерацияны Тимур Сегізбаев пен Құралбек Ордабаев секілді танымал спортшылар басқарды. Бірақ ХХ ғасыр соңында футболдың ақша мен абыройдың құралына айналғаны түсінікті болды. 2002 жылы Қазақстан футбол федерациясының тізгінін тұңғыш президенттің күйеу баласы Рахат Әлиев ұстады. Ол УЕФА-ға кіру арқылы көп ақша табуға болатынын түсініп, ел футболын еуропалық жүйеге қосты.

Қазір ресми дерек бойынша, УЕФА Қазақстан футбол федерациясына жылына шамамен 2,5 млн еуро, ал ФИФА 1 млн доллар бөледі. Сонымен қатар спорт инфрақұрылымын жаңғырту жобаларына да қаржы қарастырылған. Егер қазақстандық клубтар өз ойындарын жүйелеп, нәтиже көрсетсе, бұл сома еселеп артуы мүмкін.

Федерация – жақын-жұрағат ордасы

Қазақстан футбол федерациясын кімдер басқармады? Ерінбегеннің бәрі федерация тізгінін ұстап көрді. Бірақ солардың көбіне кейін жемқорлық дауына қатысы бар деп артынан сөз ерді. Алдымен Әділбек Жақсыбеков, кейін миллиардтаған қаржыны жымқырды деп айыпталған Ерлан Қожағапанов, одан соң жемқорлық қылмысы бойынша күдікке іліккен Әділет Барменқұлов. Қазір ұйымды Марат Омаров басқарады, лауазымы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес маманы, сонымен бірге елдегі ең табысты клуб «Қайраттың» иесі Қайрат Боранбаевқа туыстық жағынан жақындығы да бар.

Боранбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтанға тұрмысқа шыққан, ал Марат Омаров – Берік Имашевтың күйеу баласы, Имашевтың екінші қызы Аида – Нұрәлі Назарбаевтың әйелі. Айтпақшы, Айсұлтан Назарбаевтың өзі де бір кездері ҚФФ президенті болғысы келген, футболда тәртіп орнатуға уәде берген. Егер ол сол кезде сайланған болса, бәлкім, бүгінде Қазақстан футболының тағдыры да, Айсұлтанның өмір жолы да басқаша болар ма еді...

Есепсіз көмек, қисапсыз қолдау

Қазір федерацияға ел басшысы да сенуден қалғандай. Себебі айналасында жемқорлық пен күмәнді қаржылық операциялар тым көп. Сол себепті президент биылғы жолдауында кәсіпкерлерге футбол клубтарын сатып алып, дамытуды ұсынды.

Ulysmedia.kz бұл ұсыныстың шынайылығын тексеру үшін еліміздің ең табысты клубы – «Қайратты» мысалға алып, зерттеді. Клуб УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтіп, Алматыға мадридтік «Реалдың» келуіне қол жеткізді. Бұл матчтың өзі-ақ клубтың қаржысын едәуір толықтырған. Тіпті лигаға шығудың өзі 18,62 млн еуро табыс әкелген. Бір жеңіс үшін – 2,1 млн еуро, тең ойын үшін – 700 мың еуро беріледі.

Алайда ашық дереккөзде қаржылық есеп көрсетіле бермейді. Ресми мәлімет бойынша «Қайрат» 2024 жылы 1,1 млрд теңге салық төлеген. Бұл сома жыл сайын өсіп келеді. Мемлекеттік органдар клубқа қаржы бөлмейміз десе де, балалар академиясын қаржыландыратынын мойындап отыр. Бірақ әкімдік жас футболшыларға нақты қанша қаражат аударғанын айтпайды.

Сонымен қатар клубқа стадионды жалға алуда жеңілдік бар. Кейін аудит бұл жеңілдікті заңсыз деп танып, 131 млн теңге қосымша құн төлеуді міндеттеді. Ал мемлекет тарапынан жасалатын жасырын қолдау пакетіне не кіретіні бізге белгісіз.

Футболға жұмсалар бюджет қомақты

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бір жылда футбол клубтарына 133 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеген. Оның 111 млрд теңгесі облыстық бюджеттен шыққан. Бірақ нәтиже шамалы. Депутаттың айтуынша, Қазақстан Премьер-лигасында легионерлер санына шектеу жоқ, ал олардың жалақысы клубтардың негізгі шығыны. Ал көрші Өзбекстан футболды екі есе аз қаржымен дамытып, ел көлемінде заманауи стадиондар тұрғызды.

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында халықаралық стандартқа сай небәрі екі стадион – «Астана-Арена» мен «Түркістан-Арена» салынды, екеуі де бірнеше рет жөнделді. Алматыдағы Орталық стадион да УЕФА стандарттарына сай болғанымен, «Реал» келген кездегі жағдайына ел ұялды.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, елде жеті жаңа стадион салу жоспарланған, оның бірі Қызылордада жақында ашылды. Бірақ қалғандарының құны мен жобалық сметасы әзірге белгісіз.

Бар үміт олигархтарда ма?

Мемлекет бұл шығындарды ірі кәсіпкерлердің мойнына жүктеуді көздеуі мүмкін. Блогер Ербол Еділовтің ақпараты бойынша, «Шахтер» клубы Тимур Турловқа, «Жеңіс» Михаил Ломтадзеге, «Қызылжар» Сергей Канға берілуі мүмкін. Ал «Қайсар» клубы құрылыс саласының жас кәсіпкері Исламғали Қозбақовқа сеніп тапсырылмақ. Ол 12 млрд теңге инвестиция салып, заманауи футбол академиясын салуды жоспарлап отыр. Дегенмен жаңа қожайындар келсе де, қазақстандық клубтар мемлекеттік қолдаудан толық бас тартып, өз күшіне сеніп дами ала ма деген басты сұрақ жауапсыз  қалуда. Оның жауабын қазір билік бермесе де, уақыт – төреші берер.

Серіктес жаңалықтары