×
539.56
627.35
6.84
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
539.56
627.35
6.84

Марат Жыланбаев неге қайтадан аштық жариялады?

Бүгін, 17:03
Марат Жыланбаев неге қайтадан аштық жариялады?
Коллаж: Ұлысмедиа

Ультрамарафоншы Марат Жыланбаевтың адвокаты Денис Малюга спортшы колониядағы арандатушылыққа қарсы наразылық білдіріп, аштық жариялағанын хабарлады.

Себеп

Адвокаттың айтуынша, ультрамарафоншы 13 қазан күні кезекті рет аштық жариялап, бұл туралы арнайы мәлімдеме жасаған. Денис Малюга алдыңғы күні онымен кездескен, алайда өз сөзінше, Степногорск қаласындағы колониядан клиентінің өтінішін алып шығуға рұқсат берілмеген.

- Бүгін, 2025 жылдың 13 қазаны күні мен заңсыз түрмеге қамалғаныма және №4 мекемесі әкімшілігінің тұрақты арандатушылық әрекеттеріне қарсы тағы бір наразылық белгісі ретінде аштық жариялаймын, – деген Жыланбаевтың сөзін Малюга бейнежолдау арқылы оқып берді.

Тесік қасық. Суық камера

Хабарламаға сенсек, Марат Жыланбаев колония әкімшілігінің қысымы мен жүйелі құқықбұзушылықтарына шағымданған.

- Басқа сотталушыларды маған қарсы айдап салады. Стадионда жүгіруге және шығармашылықпен айналысуға рұқсат бермейді» деген Жыланбаевтың сөзін адвокаты жеткізді.

Малюганың айтуынша, 1 қазанда колония бастығының орынбасары Оралбай отрядтағы барлық тұтқындарды жинап, әрқайсысы үйден қасық әкелсін деп талап еткен. Себебі колонияда қасық жетіспейді. Сондай-ақ ол былғары сөмкелер мен чемодандардың орнына қытайлық сөмкелер пайдаланылсын деген бұйрық берген.

- 11 қазанда Оралбай тұтқындардың көзінше Маратқа қасық пен сөмке мәселесі үшін балағат сөздер айтқан. Келесі күні, 12 қазанда, сағат үштер шамасында жедел бөлім бастығы Дүйсекеев Маратқа тот баспайтын темір қасық әкеліп, «енді бізге шағымданбайсың, өз қасығың бар» деген. Қасықтың сабында тесік болған. Кейін өзге сотталғандар Маратқа бұл қасықты ешқашан қолданба деп ескерткен, өйткені сабында тесік бар қасық колония тілінде «қорланған» деген мағына береді. Марат мұны әкімшіліктің кезекті арандатуы екенін түсініп, қасықты майыстырып, Оралбай мен Дүйсекеев отырған бөлімге барған. Сол жерде ол екеуіне «неге мені өзгелердің алдында масқараламақ болдыңдар, мұндай қасық тек қорланғандардікі» деп айтып, қасықтан өздеріне жеп көруді ұсынған. Әрине, олар бас тартқан, – деді адвокат.

Бұдан кейін әкімшілік тарапынан екі «смотрящий» келген, бірақ олар да қасықты қолданып көруден. Осыдан кейін Оралбай Маратқа «гарем» деп аталатын орынға баруды ұсынған, бірақ ол «өздерің барыңдар» деп жауап берген.

- Мараттың айтуынша, бұл да оған қарсы ұйымдастырылған жаңа арандату, – деді Малюга.

Камерадағы ауыр ахуал

Адвокаттың айтуынша, Жыланбаевтың колониядағы жағдайы өте ауыр.

- Қазіргі жағдай бойынша айтар болсам, колония суық. Мен өзім кездесуге келген кезде тоңдым. Ал Марат камерада қыстық киім мен бас киіммен жүреді. Себебі шынымен, суық. Батареялар әрең жылиды, – деді Малюга.

Күтпеген кездесу

Адвокаттың айтуынша, 12 қазанда Маратқа парламент депутаты, оппозициялық «DAT» газетінің бұрынғы бас редакторы Ермұрат Бәпи келген. Олар 40 минуттай әртүрлі тақырыпта сөйлескен, себебі Мараттың айтуынша, олар Facebook арқылы таныс болған.

- Депутаттың не мақсатпен келгенін нақты білмейміз. Бірақ Ермұрат Бәпидің өзі бұл кездесудің мәнін түсіндіреді және не үшін колонияға барғанын қоғамға хабарлайды деп үміттенемін, – деді Малюга.

«Қанағаттанарлық жағдайда»

Материал жарияланған сәтте Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) тарапынан ресми түсініктеме болмаған.

Алайда 13 қазанда, ІІМ ғимаратындағы Үкімет сағатының кулуарында комитет төрағасы Абай Қайырбеков журналистерге Жыланбаевтың жағдайы қанағаттанарлық екенін және ол дәрігерлердің бақылауында екенін айтты. Оның айтуынша, Мараттың салмағы – шамамен 71 келі.

- Оның санитарлық жағдайы барлық талапқа сай келеді. Ұстау шарттарына немесе санитарлық нормаларға қатысты ешқандай бұзушылық жоқ, – деді Қайырбеков.

Бұған дейінгі аштықтар

Бұған дейін адвокат Мейіржан Досқараев Жыланбаевтың 2025 жылы екі рет аштық жариялағанын, ал былтыр алты рет тамақтан бас тартқанын хабарлаған. Бұл – осы жылғы үшінші аштық.

Аштық салдарынан денсаулығына айтарлықтай зиян келсе де, ол осылай өз құқығын қорғап, жалғыз адамға арналған камерада отыруын жалғастырып келеді.

Шілде айының соңында Жыланбаевтың қатты жүдеп, «әруаққа ұқсап кеткені» туралы хабар тараған. Алайда құқық қорғаушыларды колонияға кіргізбеген. Сол кезде омбудсмен жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер бастаған мемлекеттік делегация Степногорскіге барған.

Раиса Шер Facebook парақшасында Жыланбаевтың арқа тұсынан және қырынан түсірілген суреттерін жариялап, жұртты сабырға шақыруға тырысқан. Ол спортшы аштықты жалғастырып жатқанымен, су, компот, шай және кофе ішетінін айтқан.

Раиса Шердің айтуынша, Жыланбаев бұл әрекетін денені шынықтыру жаттығуы ретінде түсіндірген. Алайда ол наразылықтың себебі мен аштық жариялау мақсатын мүлде айтпаған.

Марат Жыланбаев деген кім?

Марат Жыланбаев – әлемге әйгілі супермарафоншы. Ол Азия, Африка, Аустралия және Америка құрлықтарындағы ең ірі шөлдерді жалғыз өзі жүгіріп өткен тарихтағы тұңғыш және жалғыз адам.

Ол Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті әлемдік рекордтың иесі және олардың көбі 1990-жылдардың басында жасалғанына қарамастан, әлі күнге дейін жаңартылмаған. Өз спорттық мансабында ол 160 мың шақырымнан астам қашықтықты жүгіріп өткен.

Жыланбаев – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, марафоншылар мен ультрамарафоншыларға арналған ерекше дайындық жүйесін жасаған жаттықтырушы.

Спорттан бөлек, ол саяси белсенділігімен де танымал. 2023 жылдың ақпанында Парламент сайлауына кандидат ретінде қатысып, ресми тіркеуден өткен, бірақ заңсыз үгіт жүргізді деген айыппен жарыстан шеттетілген.

Астана прокуратурасы оның Facebook парақшасында сайлау жарнасын төлеуге көмек сұраған жазбасын заң бұзушылық деп танып, 51 750 теңге айыппұл салған.

2023 жылдың қарашасында ол «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» баптары бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу нұсқасы бойынша, Жыланбаев оппозиционер Мұхтар Әблязовпен және оның шетелдегі штабымен байланыста болған. Ал оның жақтастары бұл айыптауларды саяси астары бар, қолдан жасалған іс деп есептейді.

Халықаралық құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевты саяси тұтқындар тізіміне енгізген.

Серіктес жаңалықтары