×
537.84
626.85
6.79
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
537.84
626.85
6.79

Арманы бөлек, мақсаты басқа: халық жағдайын түсінетін үкімет қайда?

17.10.2025, 12:00
Арманы бөлек, мақсаты басқа: халық жағдайын түсінетін үкімет қайда?
Коллаж: Ұлысмедиа

Олжас Бектенов бастаған Үкімет Қазақстан экономикасын тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдады. Алайда қабылданған шешім экономиканың жыртығын жамауға жарағанмен, қырық жамау шапанмен алысқа бара алмасың анық. Сондықтан ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін дейтін іс керек. Қабылданған шешімге неге көңіл толмайды? Елімізде неге инфляция әлем елдері арасында шарықтап кеткенін (әлем түгілі, ТМД арасында да ең жоғары инфляция Қазақстанда)  және Үкімет ұсынып отырған антикризистік шаралардың неге тиімділігі төмен болып отырғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Жағдайды Ulysmedia.kz редакциясы бағамдап көрді.

Соғыс болып жатқан елде өмір сүру жеңіл ме?

Қыркүйек қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция алып Ресеймен соғысып жатқан Украинадан да жоғары. Әрине, біз әлі ең төменгі межеге жеткеніміз жоқ. Мәселен, Түркияда инфляция 30 пайыздан, ал Венесуэлада 172 пайыздан асып кеткен. Мұны тіпті жауыңа да тілемейсің.

Осы жағдайдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бір тәулік ішінде экономикалық реформалар бағдарламасын түзетіп, оның нақты жүзеге асырылу жоспарын ұсынуды тапсырды. Президент тапсырмасын орындаймын десе, үкімет шағын және орта бизнесті қолдауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және экономикалық тұрақтылықты қалпына келтіруге басымдық беруі тиіс еді.

Министрлер тапсырманы жылдам орындады. Кешке дейін дайын болған жоспарға сәйкес, бензин бағасы мен тарифтер уақытша тоқтатылады, ал азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорларының қаражаты жұмсалады.

Бизнеске қатысты да жеңілдік жасалды: салықтық тексерулер мен айыппұлдар азайып, уақытылы төленген салықтар үшін өсімпұл кешіріледі. Бұдан бөлек, «қара тізімдегі» 750 қызмет түрінің саны 44-ке дейін қысқартылды, бұл – шағын кәсіпкерлерге жеңілдік. Сондай-ақ жеңілдетілген ипотека бағдарламасына қосымша 500 млрд теңге бөлінеді.

Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты. Бірақ бейбіт, экономикалық әрі саяси тұрғыдан тұрақты ел саналатын Қазақстанда баға қалайша Ресей мен Украинаның өзінен де қатты шарықтап кетті деген сұрағымызға әлі жауап таппадық.

Вице-министр Азамат Әмрин мұның себебін «импорттық инфляциямен» түсіндірген еді. Бірақ Ресейде инфляция 8 пайыз, ал Қытайда тіпті, керісінше, төмен. Сонда бізде қымбатшылық неден туып отыр?

Шексіз «ТКШ құдығы»

Кейбір сарапшылардың айтуынша, инфляцияның басты себебі – энергетика мен коммуналдық секторды жаңғырту ұлттық жобасы. Ол 2024 жылдан бастап іске қосылып, жалпы құны 13 трлн теңгені құрайды. Экономика заңына сай, нарыққа көп ақша келсе, баға да өседі.

Алайда Үкімет мұнымен келіспейді. Азамат Әмриннің сөзінше, мемлекет тек нарықта бар қаржыны инвестицияға бағыттаған. Ал Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп, инфляцияның басты қозғаушысы тарифтер екенін мойындады.

Экономист Рахимбек Абдрахмановтың айтуынша, мәселе тек тарифтердің өсуінде емес, проблема әлдеқайда тереңде жатыр.

- Мемлекет энергетика саласындағы жүйелі проблемаларды шешпей тұрып тарифтерді еркін жіберді, – дейді ол.

Мамандардың есебінше, Энергетика министрлігі шығындарды бақыламайды, тарифтер қоғам талқылауынсыз бекітіледі, ал нарықта бағаны жасанды өсіретін және өндіріс көлемін жасыратын схемалар бар.

- Аудит нәтижесінде тарифтер 34,7 млрд теңгеге артық бекітілгені анықталды. Бұл сома – халықтың қалтасынан шыққан ақша, – дейді Абдрахманов.

Сонымен қатар майнинг компаниялары электр энергиясын заңды тетіктерді айналып өтіп сатып алған, KEGOC жабдықты қымбат бағамен алған, ал «Самұрық-Энерго» аяқталмаған жобалардан миллиардтаған шығынға ұшыраған.

Экономистің пікірінше, саладағы жүйелі мәселелер шешілмейінше, тарифтерді көтеру тек жаңа дисбаланс туғызады.

Баға ма, әлде халық әл-ауқаты ма?

Қаржылық сарапшы Расул Рысмамбетов те коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту инфляцияға әсер еткенін мойындайды, бірақ ол бұл шаралардың қажетті екенін атап өтті.

- Нағыз экономикада ЖЭО-ларды жөндеу, құбырлар мен жолдар салу – мәжбүрлі шығын. Бұл – мемлекеттің міндеті, – дейді ол.

Алайда сарапшы Үкімет пен Ұлттық банктің іс-әрекеттері әлі де келісілмегенін айтады. Бірі инфляциямен күресіп, базалық мөлшерлемені көтеріп жатса, екіншісі экономиканы либерализациялау шараларын енгізіп отыр.

- Мөлшерлемені көтеруде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ бұл ұзақмерзімді шешім болмауы керек. Ең бастысы, Үкімет пен Ұлттық банк өз қадамдарын үйлестіріп отыруы қажет, – дейді Рысмамбетов.

Оның айтуынша, инфрақұрылымға бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы аса маңызды.

- Президенттің жасанды интеллект элементтерін енгізу туралы бастамасы өте орынды. Бұл мемлекеттік шығындарды бақылауға, жемқорлық пен ысырапты азайтуға көмектеседі, – деп қосты сарапшы.

Үкіметтегі жауапкершілік және сенім дағдарысы

Мемлекеттік есептер де цифрландырудың тиімділігін дәлелдеп отыр: ол денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік сатып алуда айтарлықтай үнем берді. Енді бұл тәжірибе басқа салаларға да енгізілмек. Бірақ бақылау механизмі орнамай тұрып қаржы бөлу кез келген антикризистік жоспарды жаңа дағдарысқа айналдыруы мүмкін.

Экономистер Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы келіспеушілік салдарынан экономика «тұралап қалуы немесе керісінше, бақылаудан шығуы» мүмкін екенін ескертуде.

Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желілерде премьер-министр Олжас Бектеновтің отставкасы туралы әңгімелер тарай бастады. Себебі ол 2024 жылдың ақпанында Үкімет басына келгенде, одан жемқорлықты азайту және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру күтілген. Бірақ халық, керісінше, жабықтық пен қатаң реформаларды сезіп отыр.

Жазда өткен баспасөз мәслихатында Бектенов:

- Қоғам наразылығына қарамастан, қатаң реттеу шараларын жалғастыруға дайынмын, – деген еді.

Сол кездің өзінде сарапшылар оны «саяси камикадзе» деп атаған. Себебі оған инфляцияны тежеу, халықтың әл-ауқатын көтеру, бюджетті толтыру, энергетикалық дағдарысты шешу сияқты бұрынғы Премьер-министрлер орындай алмаған міндеттер жүктелген болатын.

Бірақ Үкімет жоспары бір бөлек, халық пен нарық талабы бір бөлек, бір-бірімен еш қабыспай қойды. Мұны Үкіметтің дәрменсіздігі немесе біліксіздігі десек те, біз сенген атқарушы биліктің «мақсаты бөлек, арманы басқа» десек те жарасып тұрғандай...

Серіктес жаңалықтары