×
536.32
626.9
6.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
536.32
626.9
6.6

Сасқан үйрек артымен жүзеді: бір жыл дайындаған реформа бір күнде іске алғысыз болып шықты

17.10.2025, 15:23
Сасқан үйрек артымен жүзеді: бір жыл дайындаған реформа бір күнде іске алғысыз болып шықты
Коллаж: Ұлысмедиа

Қазақстан саясатында биыл апта басында нағыз күтпеген оқиға болды. Бір жыл бойы әбден иінін қандырдық деген жаңа Салық кодексінің мазмұны мен ұстанымы бизнес өкілдеріне әу баста ұнамаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да бизнес қауымдастықтың мұңы жеткен болуы керек, кеше Үкіметтің екі аяғын бір етікке тықты. Бір күн ішінде өзгерістер енгізіп, жөндеп әкеліңдер деген тапсырма берді. Кеше ғана өз жұмыстарын ел игілігі үшін жасалып жатқан реформа ретінде көрсетіп, бұдан басқа жақсыны таппайсың депп отырған атқарушы билік Президент сыны кезінде көзімен жер шұқыды. Сонда қалай, үкімет өз жасаған реформаның ұңғыл-шұңғылын зерттеп алмай, қалайша жаза басқан деген сұрақ қазірдің көптің көкейінде тұр. Сұраққа жауапты Ulysmedia.kz тілшісі де іздеп көрді.

Кедергі неден болды?

Мәселенің мәнісін түсіну үшін басынан бастайық. Жаңа Салық кодексі ұзақ әрі мұқият дайындалды деп есептелді. Оның басты жаңалығы – шағын және орта бизнес үшін жеңілдетілген салық жүйесін түбегейлі өзгерту. Бұған дейін 1100-ден астам қызмет түрі осы жүйеге кірсе, шенеуніктер бұл тым көп деп шешті. Енді тек 316 түрі ғана қалуы, ал қалған 795-і күрделі есеп пен ҚҚС әлеміне өтуі тиіс болатын.

Бұл – шаштараз, кофеханасы бар кәсіпкер немесе шағын шеберхана иесі үшін қағазбастылық, қосымша шығын және жабылу қаупі деген сөз. Бір жыл бойы кәсіпкерлер билікке хат жазып, кездесулер өткізіп, мұндай шикі құжатты қабылдамау керектігін айтты, әйтпесе осыған дейін шағын және орта бизнес үшін жасалған барлық жұмысты құрдымға жіберетінін айтқан. Бірақ Үкімет оған міз бақпады, керісінше, бұл ел экономикасын құтқаратын бірден-бір жол» деуден танбады. Осындайда қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ деген мақал ойға оралады.

Осылайша алып мемлекеттік аппарат баяу, бірақ тоқтаусыз алға жылжып, доңғалақ астындағы ұсақ кәсіпкерлерді байқамай келе жатқандай әсер қалдырды. Дегенмен іші бір жамандықты сезді ме, Премьер-министр Олжас Бектенов аймақ әкімдеріне экономикалық көрсеткіштер бойынша ескерту жасап, жеке бақылауды талап етті. Жыл басынан бергі 6,3% ЖІӨ өсімі мақтанышпен айтылса да, өңірлерде сын мен сөгіс азаймады. Экономика «жүріп» жатқанымен, жүргізушілер бір-бірімен ұрсысып, жүйке тоздырғандай еді.

Барлығын 24 сағатта өзгерткен тапсырма

16 қазанда жағдай күрт өзгерді. Ақпараттық кеңістікте күтпеген жаңалық тарады: президент Тоқаев Үкіметке реформаларды азаматтардың мүддесін ескеріп жасау керектігін айтып, жаңа жоспарды аптаның соңына дейін ұсынуды міндеттеді. Арқаны кеңге салатын жағдай емес, бұйрық қатты, жан тәтті, сағат өтіп жатыр, себебі бейсенбіде берілген тапсырма жұмада сұралайын деп тұр.

Бір жыл бойы кәсіпкерлердің уәжін елемеген Үкімет кенеттен жылдам жұмыс істей бастады. Бір тәуліктің ішінде жиын өткізіп, салықтан да әрі кететін шешімдер қабылдады.

  • АИ-92 және дизель отынының бағасын көтеруге инфляция тұрақтанғанша мораторий енгізілді;
  • Коммуналдық тарифтер 2026 жылдың I тоқсанының соңына дейін тоқтатылды;
  • Ипотекалық бағдарламалар көлемі екі еселенді;
  • «Әскери баспана» бағдарламасы қайта жанданды.

Бірақ басты жаңалық – салық. Бұрын «жеңілдетілген салықтан» шығарылған 795 қызмет түрінің ішінде енді тек 44-і ғана тыйым салынған тізімде қалды.  Сонымен қатар микробизнеске 2026 жылдан бастап жаңа салықтық әкімшілендіру жүйесі, яғни тексерулер мен камералдық бақылаудың күшін жою уәде етілді. Сонда «егер осының бәрін бір күнде жасауға болса, онда министрліктер мен ведомстволар соңғы айларда немен айналысты?» деген сұрақ туындайды.

Саяси жарыс

Үкімет күні бойы жасаған жұмысын айтып, тағы бір желпінейін деп еді, оған мүмкіндік беретін партия қайда? Мынаны мен жасадым дегенше болмай, партиялар өздерінің бұған дейін ол мәселелерді айтып қойғанын, тіпті үкіметке ұсыныс бергенін алға тартты. Мысалы, «Ақ жол» партиясы 2 қазандағы өз хатын еске түсіріп, онда дәл осы шешім, яғни тек 44 қызмет түрін қалдыру ұсынылғанын айтты. «Бұл – шағын және орта бизнестің жеңісі!» – деп қуанды акжолдықтар. Олар өзін Үкіметті қателіктен сақтап қалған қамқор аға рөлінде көрсетті. Бірақ «құтқарушы» рөлі тартымды болғаны соншалық, оны «Республика» партиясы да иеленгісі келді.

Депутат Айтуар Қошмамбетов әлеуметтік желіде бұл шешімді «парламенттегі ақылға қонымды күштердің ортақ жеңісі» деп сипаттады. Бірақ көпшілік: «Бұған дейін қайда жүрдіңдер?» – деп сұрады.

Саяси көрініс қызық болды: Үкімет те, парламент те бастапқыда бизнеске айқын шешімге келу үшін осынша айналма жолмен жүргендей әсер қалдырды. Ал халық бұл жолда қатты шайқалды.

Биліктің айнасы

Ресми тұлғалар өздерін «құтқарушы» ретінде көрсетіп жатқанда, әлеуметтік желілерде халықтың пікірі мүлде басқа болды.

- Бұлар халық психологиясын жақсы зерттеген: алдымен, абсурд шешім қабылдайды, кейін 90 пайызын түзетеді де, қалған 10 пайызына ел риза болады, – деп жазды бір қолданушы.

- Демек, салық реформаларының нақты негізі болмаған. Президент айтты – өзгертті. Барлығы есепсіз қабылданады. Бұл қорқынышты, – деді тағы бірі.

Көпшіліктің ашуын тудырған жайт – тариф мәселесі:

- Алдымен, коммуналдық қызмет ақысын көтерді, енді «әзірге көтермейміз» дейді. 30%-ға өсіріп қойған соң, кәсіпкерлер де сол пайызбен көтеруге мәжбүр, бірақ халықтың жағдайы қиын!, – деп жазды elizaveta_sergeeva_1378.

Ал samatov_dastan бензин мораториіне кекесінмен:

- АИ-95 литрі 290 теңгеге жетті ғой. Барлығын көтеріп болған соң, енді тоқтатып жатырсыңдар. «Жақсы» тәсіл екен, – деп пікір қалдырды.

Көпшілік депутаттардың «бұл халықтың жеңісі» деп жариялауына сенбейді. Кәсіпкерлердің ашық наразылығы мен әлеуметтік қысым ғана билікті бұрылуға мәжбүр етті деп есептейді.

Бір жылдық «драйвтың» құнын кім төлейді?

Енді бұдан кейін не болады деген басты сұрақ. Бар болғаны бір тәуліктегі бағыттың өзгеруі бұл жай ғана «салауатты ойдың жеңісі» емес, сол бағытты ұстанғандардың кәсіби беделіне үкім. Себебі бұл реформаны алға жылжытқан – Олжас Бектеновтің Үкіметі. Енді сол реформа «зиянды» деп танылды. Демек, егер Үкімет бір жыл бойы дайындаған реформасынан осылай оңай бас тартса, ол не біліксіз, не бастапқыда формалды жұмыс істеген деген сөз.

Көп жағдайда мұндай сценарийдің соңы кадрлық шешімдермен аяқталады. Министрлер кабинеті салық дағдарысына жол бергені үшін отставкаға кете ме деген сұрақ қоғамда ашық тұр.

Саяси тұрғыдан бұл Үкіметтің сенім мандатынан айрылу қаупін тудырады. Өз қатесін мойындау дұрыс, бірақ мұндай жылдам бұрылыс, сонымен қатар өз еркімен отставкаға өтініш жазу сияқты әсер қалдырды.

Ал әзірге халық пен бизнес ерекше құбылысты бақылауда. Үкімет «Қазақстан» атты алып кемені бір жыл бойы жартасқа қарай айдап, соғылуға шақ қалғанда шалт бұрылғандай көрініс

Халық та, бизнес те шүкіралласын айтып, мойнынан ауыр жүк түскендей болғанымен, барлығы мұның басы-қасында кімдер тұрғанын білгісі келеді.

Ең бастысы, келесі бұрылыс дәл осындай асығыстықпен және қысыммен болмаса екен. Реформаларды іске қоспас бұрын, билік жол картасына қарап, сол жолмен жүргендерден ақыл сұраса, бәлкім, мұндай кілт әрі шалт бұрылыстар болмас па еді?!

Серіктес жаңалықтары