×
535.83
624.94
6.69
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
535.83
624.94
6.69

Санкциялар Қазақстанға да жетті: банк жүйесіндегі домино әсері мен мұнайға төнген қауіп

Бүгін, 10:12
Санкциялар Қазақстанға да жетті: банк жүйесіндегі домино әсері мен мұнайға төнген қауіп
Коллаж: ulysmedia.kz

Ресейге қарсы кезекті санкциялар пакеті енгізілгеніне бір апта өтті, бірақ Қазақстандағы жағдай одан сайын шиеленісе түсті. Соғыс басталғаннан бергі үш жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет Еуроодақ қазақстандық банкке шектеу қойды. Бұл – алғашқы жағдай, бірақ соңғысы боларына ешкім кепілдік бере алмайды. Сонымен қатар, Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар мұнай мен газ кен орындарының бір бөлігін иеленіп отырған «Лукойл» компаниясының тағдыры да белгісіз. АҚШ Қаржы министрлігі енді «Лукойлдың» 50 және одан да көп пайыз акциясы бар барлық компанияларды «заңсыз» деп таныды. Ал Еуроодақ Ресейге және оған көмектесіп отырған елдерге қарсы жаңа, мерейтойлық санкциялар пакетін әзірлеп жатыр. Қазақстанның банк жүйесі бұл қысымға төтеп бере ала ма? Бұл шектеулер мұнай өндірісіне қауіп төндірмей ме? Ulysmedia.kz маңызды сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

Банк жүйесіндегі домино

Антиресейлік санкциялар қазір үйреншікті нәрсеге айналды, алайда Еуропаның 19-пакеттік санкциясы алғаш рет тікелей Қазақстанға әсер етті – шектеу ВТБ банкіне енгізілді. Бұл қазақстандық ВТБ банкі ресейлік ВТБ-ның еншілес компаниясы. Активтер көлемі бойынша ВТБ-Қазақстан елдегі 23 банктің ішінде 21-орында. Яғни, оның Қазақстанның банк жүйесіне ықпалы аса үлкен емес. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев та мәлімдеді.
Алайда экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, ВТБ-ға салынған санкция – бұл Қазақстанға бағытталған нақты «ескерту».

– Дональд Трамп – өте қатаң бизнесмен, ол саясатты да бизнес сияқты жүргізетінін түсіну керек. ВТБ-ның бұғатталуы Қазақстанға жасалатын шынайы қысымның «басы» ғана болуы мүмкін. Бұл жай сәйкестік емес: ол Еуропаның санкциялары жарияланар алдында Қасым-Жомарт Тоқаевпен сөйлесті және 6 қарашаға Орталық Азия елдерінің басшыларын Вашингтонға шақырды. Менің ойымша, ол сол жерде біздің елдерден нақты жауап күтеді, – дейді Арман Бейсембаев.

Қазақстан не деп жауап беруі керек? Бұл сұрақтың жауабы әзірге анық емес. Бір жағынан, ел санкция астында қалғысы келмейді, себебі экономикасы жаһандық жүйемен тығыз байланысты, ал валюталық операциялар – мемлекеттік кірістің негізгі көзі. Екінші жағынан, үш жыл ішінде Ресей азаматтарына халықаралық банк жүйесіне жол ашып тұрған «жыртықты жамау» мүмкін болмаған сияқты.

– Ресейлік әлеуметтік желілерде қазақстандық банк арқылы карта ашуға болатыны туралы хабарламаларды оңай табуға болады. Ал бұл «жыртықты» жүйе құрайтын банктердің бірінде болуы да ғажап емес, – дейді экономист.

Ол Қазақстанның банк секторындағы басты проблема – монополияның жоғары деңгейі екенін еске салады. Елдегі барлық активтердің 70 пайызы бес ірі банкке тиесілі, ал олардың үштігінің өзінде активтердің екіден бірі шоғырланған. Егер санкциялар солардың біріне тисе – бұл бүкіл банк жүйесіне соққы болмақ. Бірақ егер олар ұсақ банктерге бағытталса да, салдары ауыр болады.

– Егер қазақстандық банктердің бірі санкция тізіміне енсе, қалғандары да өздерінің соққы астында екенін түсінеді. Сонымен қатар, банктердің өзара міндеттемелері бар екенін ескерген жөн. Бұл жағдайда «домино әсері» пайда болады: бір банк өз міндеттемесін орындай алмаса, келесісі де төлем жасай алмай қалады, – деп түсіндіреді ол.

Бәлкім, бәрі ойдағыдай аяқталар?

Шындығын айту керек, қаржыгерлер мен экономистер арасында Қазақстанның банк секторына ауқымды санкциялар қаупі төніп тұр деген пікір кең таралмаған.

– Мұндай ықтималдық өте төмен, тіпті нөлге тең деуге болады, – дейді экономист Олжас Құдайбергенов.

Ол үш жыл ішінде алғаш рет қазақстандық банк санкция тізіміне енгенін еске салды. Ал көрші Орталық Азия елдерінде мұндай банктердің саны әлдеқайда көп. Бұл Қазақстанның санкция талаптарын барынша сақтап отырғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, Еуропа үшін біздің банк жүйесінің тұрақтылығы да маңызды, өйткені Қазақстан – экспортқа бағытталған ел.

Сондай-ақ, Олжас Құдайбергенов 2022 жылдың басында болған «Сбербанк» оқиғасын мысалға келтірді. Ол кезде Ресейдің ірі банкі санкциядан қауіптеніп, өз еншілес активін «Бәйтерек» холдингіне сатқан.

– Бұл «Сбердің» өз бастамасымен жасалған коммерциялық мәміле болды, сондықтан процесс тез әрі еш қиындықсыз өтті. Ел үшін бұл осындай жағдайда қалай әрекет ету керектігін көрсеткен пайдалы тәжірибе болды, – дейді ол.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов бұл мәміле Қазақстан үшін тиімдірек болуы мүмкін еді деп санайды, бірақ жалпы нәтижесі оң болғанын мойындайды. Арман Бейсембаевтың айтуынша, дәл осы мәміле кейбір қазақстандық банктердің тұрақтылығын арттырды, өйткені «Сбердің» активтерінің бір бөлігі соларға берілді. Алайда 2022 жылы жағдай қазіргідей тұрақты болмаған.

– «Сбер» Қазақстандағы ең ірі банктердің бірі болды, ол негізінен заңды тұлғалармен жұмыс істейтін. Қайта құрылымдау кезінде көптеген компания шоттарына қол жеткізе алмай, несиелерін төлей алмады, – дейді экономист.

«Сбер» активтерін қазақстандық банктердің тез арада сатып алуының арқасында бұл жағдай жүйелік дағдарысқа ұласқан жоқ. Бұл шешім банк секторының тағы бір мүмкін дағдарысын болдырмауға көмектесті.

– 2021 жылы ресейлік капитал қазақстандық нарыққа белсенді түрде ене бастады. Егер сол үрдіс жалғасса, елдің негізгі қаржы институттары ресейлік банктердің қолына өтуі мүмкін еді. Алайда 2022 жылғы жағдай бұл мәселені өздігінен шешті. Бұл – санкциялардың оң әсері, – деп түйіндеді Арман Бейсембаев.

Біреулер үшін дағдарыс, ал өзгелер үшін мүмкіндік

Сарапшылардың пікірінше, дәл қазір мұнай саласында ерекше жағдай қалыптасып отыр. АҚШ енгізген санкциялар бойынша, ресейлік «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларының 50 пайыз және одан көп үлесі бар барлық компаниялар жақын арада әлемдік сауда жүйесінен шеттетілмек. Ал Еуроодақ мұнай және газ компанияларына қатысты жаңа, бұрынғыдан да қатаң шектеулерді қамтитын санкциялар пакетін жариялауға дайындалып жатыр.

– Ресейдің «Лукойл» сияқты мұнай алпауыттарына қарсы санкциялар 2022 жылы-ақ болжанған еді. Сол кезде мен компанияның Қазақстандағы және басқа да елдердегі активтерін шамамен бағалап шықтым. Қазір компания санкция тізіміне еніп, активтерін сату үшін қысқа мерзім берілген шақта, Қазақстанның өз қаржылық жағдайын нығайтуға мүмкіндігі туып отыр, – дейді экономист Расул Рысмамбетов.

Оның пікірінше, ең алдымен Қазақстан «Лукойлдың» үлесін келесі жобалардан сатып алуы керек:

Теңізшевройлдағы – 5%, Karachaganak Petroleum Operating B.V. – 13,5%, «Қаламқас-теңіз – Хазар» жобасында – 50%, «Аль-Фараби Operating» компаниясындағы – 49,99% және Каспий құбыр консорциумындағы – 12,5%.

Сонымен қатар, «Лукойлдың» Әзербайжан мен Өзбекстандағы үлестері үшін де саудаласуға болады, тіпті бұл елдермен бірлесіп әрекет ету де қисынды, дейді сарапшы.

Сатушының жоспары қандай?

Қазірше «Лукойл» активтерін нақты кімге сатқысы келетінін белгісіз.

– Олар, бәлкім, АХҚО базасында жаңа кәсіпорын құрып, активтерге сол арқылы иелік етуді ұсынуы ықтимал. Бірақ бұл Қазақстан үшін үлкен тәуекел, себебі мұндай айналма жол санкциялардың тікелей соққысына әкелуі мүмкін. Сондықтан ең дұрыс шешім – активтерді тікелей сату, – дейді Расул Рысмамбетов.

Оның пайымдауынша, қазіргі жағдайда «Лукойл» активтерін аздаған жеңілдікпен, тіпті рубльмен сатуға келісуі мүмкін, ал Қазақстанда рубль арзан емес.
Мұнай-газ саласының сарапшысы, РАСЕ Analytics компаниясының директоры Асқар Исмаилов та бұл оймен келіседі. Оның пікірінше, қалыптасқан жағдай Қазақстанға батыс инвесторларымен мүдде теңгерімін бұзбай, ірі мұнай-газ жобаларындағы үлесін арттыруға ерекше мүмкіндік беріп отыр.

– «Лукойлдың» нарықтан кету ықтималдығы жоғары. Компанияға қарсы санкциялық қысым күшейіп келеді, бұл тек қаржы операцияларымен шектелмейді. Технология, сервистік қызметтер мен қаржыландыруды тартуға да шектеу қойылған. Бұған қоса, қолданыстағы ӨБК (өнімді бөлу келісімдері) аясында техникалық дефолт механизмі қарастырылған: егер серіктес өз үлесін қаржыландыра алмаса, ол жобадан шығуға міндетті, – дейді Исмаилов.

Не істеу керек?

Алайда басты сұрақ – Қазақстан «Лукойл» басқарып отырған жобаларды өз күшімен дамыта ала ма? Сарапшылар бұл тұрғыда пессимистік көзқараста.

– «ҚазМұнайГаздың» теңіз бұрғылау тәжірибесі де, жеткілікті кадрлық әлеуеті де жоқ. Бірақ егер жобаға жеке қазақстандық инвесторлар мен теңіз жобаларында тәжірибесі бар халықаралық серіктес қатысса, бұл бүкіл нарыққа оң белгі болар еді, – дейді Аскар Исмаилов.

Оның айтуынша, ең күрделі жобалар – бұл «Қаламқас-теңіз – Хазар» және «Қарашығанақ». «Лукойл» бірінші жобадағы үлесін антиресейлік санкциялар талабына сай сатуға міндетті. Бұл нысанның ерекшелігі – Каспий шельфінде орналасуы, сондықтан аса дәл инженерлік есеп пен үлкен инвестиция қажет етеді. Қазіргі теңіз деңгейі мен оның тайыздануын ескерсек, шешім саяси емес, техникалық тұрғыда қабылдануы керек. Ал «Қарашығанақ» – табысты, бірақ пісіп жетілген жоба. Дегенмен әлемде мұндай жобаларды «Лукойлдан» кем атқармайтын көптеген компания бар, бұл да өз кезегінде белгілі бір қауіп туғызады.

– «Лукойл» активтерін сату біз үшін біржақты тиімді деп айта алмаймын. Себебі мұнай-газ секторында ірі ойыншылардың барлығының мүддесі тең болуы керек. Бір тараптың басымдығы әрдайым теңгерімсіздік пен қиындыққа әкеледі, – деп ескертеді Олжас Құдайбергенов.

Санкциялық соғыс және жаңа қауіптер

Айта кетейік, Еуропа жақын арада Ресейге қарсы бұрынғыдан да қатаң санкциялар енгізетінін мәлімдеді. Осылайша, «Лукойлдың» тағдырын ресейлік түбірі бар өзге де трансұлттық компаниялар қайталауы ғажап емес. Қазақстан үшін бұл соғыс енді алыстағы жаңалық емес. Мысалы, Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жатқан «Татнефть» компаниясы да санкция астында қалуы мүмкін. Ол елде шиналар өндірісін жолға қойған болатын. Сол сияқты, «Сибур» компаниясы да Атыраудағы полипропилен зауытының тең иесі. Бұлардан бөлек, экономика үшін маңызды басқа да ресейлік компаниялар бар.

Сарапшылардың пікірінше, қазір ешқандай сценарийді жоққа шығаруға болмайды. Ал Қазақстан санкциялық соғыстан ең аз шығынмен шығуы үшін, Расул Рысмамбетовтың айтуынша, мемлекеттік органдар енді шешім қабылдауда жалғыз әрекет етуді қоюы тиіс.

– Бұл – бизнес қауымдастықпен ақылдасатын кез. Әділет министрлігі, сыртқы істер министрлігі және осы процеске қатысы бар өзге де мемлекеттік органдар мәселенің тек саяси жағын емес, экономикалық пайдасын да ескеруі қажет. Дональд Трамп секілді, кез келген саяси шешім елдің экономикалық мүддесіне қызмет етуі керек, – деп түйіндеді сарапшы.

Экономистер мына нәрсені еске салады: санкциялар – бұл тек уақытша жағдай, ал оған бейімделуге болады. Бастысы – оған прагматикалық тұрғыдан қарау.

Серіктес жаңалықтары