×
530.15
617.47
6.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
530.15
617.47
6.64

«Қаринге қарсы шабуыл ма?» – депутаттар айтуға қорқақтайтын тақырып

Бүгін, 13:20
«Қаринге қарсы шабуыл ма?» – депутаттар айтуға қорқақтайтын тақырып
Ulysmedia.kz коллажы

Соңғы күндері Yedilov_online Telegram-арнасы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің есімін ел саясатындағы басты тақырыпқа айналдырды. Оның портреті бар футболкалар, ықпалды тұлғалар рейтингінде президенттен кейін екінші орын және YouTube-тағы Қариннің аты аталған, бірақ кейін өшірілген видео – барлығы саяси ортада үлкен талқылау туғызды. Ал депутаттар бұл туралы сұрақтарға жауап беруден жалтарып, кейбірі «жоспарлы ақпараттық науқан» деп атады.

Ulysmedia.kz төрт жыл ерте көтерілген «Қариннің президенттік амбициясы» тақырыбын кім және не үшін қозғап отырғанын анықтауға тырысты.

Футболкалар, рейтинг және өшірілген видео

Yedilov_online бірнеше күн бойы Ерлан Қарин туралы жазбалар жариялады. Алғашқы постта:

- Мемлекеттік кеңесшінің жақын ортасы көптен бері ашық түрде оның келесі Президент болатынын жазып жүр, делінген.

Кейін арна тележүргізуші Динара Сатжанның жазбасын жариялады:

– Егер келесі президент Ерлан Қарин болса, бәрі жақсы болады, – деп жазған ол.

Бұдан соң сайтта Қариннің бейнесі бар футболкалар пайда болды.

– Бұл сайлауалды науқан ба? – деп риторикалық сауал тастайды арна авторы.

Одан кейін Yedilov_online 2025 жылғы 24 қазанға арналған «Қазақстанның ең ықпалды тұлғалары» рейтингін жариялады, онда Қарин екі саты көтеріліп, екінші орынға шыққан. Бірінші орында – Қасым-Жомарт Тоқаев, үшінші орында – премьер-министр Олжас Бектенов.

Соңғысы – ORDA_News-тің 27 тамызда шыққан «Билікке кандидат: Қазақстанның келесі президенті кім болуы мүмкін?» атты видеосы. Алайда видео YouTube-тан жуырда өшірілген. Жазба авторының айтуынша, бейнероликте өзге кандидаттар «жемқорлыққа бейім» етіп көрсетілсе, Қарин «ақ және мінсіз» бейнеде сипатталған.

Солтүстік мінез және «сұр кардиналдың» орны

Арна Ерлан Қариннің мансап жолын 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін егжей-тегжейлі сипаттайды. Ол сол жылы Қазақстанның мемлекеттік хатшысы атанды – Ақорда құрылымындағы ең ықпалды және жабық лауазымдардың бірі. Оның қарамағына идеологиялық саясат, гуманитарлық сала, ұлттық жобалар, азаматтық қоғаммен байланыс және жастар мен президенттік резервті қамқорлыққа алу кірді.

2023 жылы ол кеңейтілген өкілеттіктері бар мемлекеттік кеңесші болып тағайындалды. Yedilov_online-ның жазуынша, «бұл өкілеттіктер жаңа иесіне арнайы күшейтіліп берілген».

– Бірнеше жыл бұрын астаналық кофеханалардың бірінде оның жақтастары сияқты көрінген жастардың әңгімесін естіп қалдым. Олар бұл туралы ашық сөйлесіп, өздерінің маңызын көрсеткісі келгендей болды. Ол кезде бұл маған жай амбиция болып көрінген, бірақ қазір мұндай сөздер әлдеқайда байыпты естіледі, – дейді арна авторы.

Арна Қаринді «салқынқанды, сабырлы, эмоциясын білдірмейтін, рационалды адам» деп сипаттайды. «Сырт көзге байсалды, тіпті суық, сирек пікір білдіреді, бірақ әрқашан өз бағытын ұстанады» делінген.

Мұндай мінездеме оны Штирлицке теңеумен аяқталады: «Сырттай көзге елеусіз, бірақ аппараттық ойындар мен ақпараттық ағындарда өте жақсы бағдарланады».

Yedilov_online сонымен қатар Мұрат Нұртлеу туралы ақпараттық жанжалды еске алады.

– Бұрын рейтингте екінші орында тұрған Нұртлеу позициясын әлсіретті, ал Қарин, керісінше, күшейтті. Кездейсоқтық па? Әрине, жоқ сияқты, – деп жазады арна.

Депутаттардың реакциясы: екіұшты жауаптар мен айыптаулар

Ulysmedia.kz тілшісі депутаттардан пікір сұрағанда, жауаптар әртүрлі болды. Ермұрат Бапи болған жағдайды «жоспарлы кампания» деп атады.

– Бұл — президентке жақын немесе саяси салмағы бар адамдарды «атқылау» үшін мүдделі топтардың әрекеті. Ерлан Қаринге бағытталған шабуыл да ұйымдасқан науқан, – деді депутат.

Бапидің айтуынша, Қарин президент сайлауына төрт жыл қалғанда амбициясын ашық жарияламас еді.

– Бұл бәрі қолдан жасалған ақпараттық толқын. Кейбір күштер қоғамды дүрліктіру үшін осындай тақырып ойлап табады, – деп қосты ол.

Депутат Сергей Пономарев аса сақ жауап беріп, түсініктемені Ақордадан сұрауға кеңес берді, бірақ Қаринге оң баға берді.

– Ол ел үшін, идеология үшін көп іс тындырып жүр. Нақты, ірі жобалар атқарып жатыр, – деді депутат.

«Қарин президенттікке лайық па?» деген сұраққа ол:

– Мені жауап беруге итермелеп тұрсыз. Айтарымды айттым, – деп қысқа қайырды.

Депутат Абзал Құспан бұл жағдайды «назарды басқа жаққа бұру амалы» деп атады.

– Бір ай бұрын дәл осындай жағдай болды. Ешқандай дәлел келтірілген жоқ. Ең сорақысы – қоғам мұндай ақпаратты дәлелсіз қабылдай береді, – деді ол.

Құспанның пікірінше, мұның бәрі «үкімет деңгейінде шешуді қажет ететін нақты мәселелерден назарды басқаға аудару» үшін жасалып отыр.

Ал ең ауыр реакцияны депутат Мұрат Әбенов білдірді:

– Мен саясатта тым ұзақ жүрмін, сондықтан жоқ нәрсе туралы қауесетті талқыламаймын. Мұндай өсектерді талқылау – оларды таратушылардың мүддесіне қызмет ету, – деді ол.

Қарин бейнесі бар футболкалар туралы сұраққа да ол жауап беруден бас тартты.

– Мен мұндай өсектерге пікір білдірсем, сол ақпараттық ойынның бөлігіне айналамын. Сол себепті қатыспаймын, – деп нүкте қойды Әбенов.

«Дені сау амбиция» және ашық саясат мәдениеті

Бұған дейін депутат Айдос Сарым Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында қоғамда әлі де «кеңестік рудимент» – президенттікке ашық ұмтылатын адамдарға теріс көзқарас сақталғанын айтқан.

– Кім өз амбициясын ашық білдірсе, соны бірден «жоюға» тырысады. Ал менің ойымша, керісінше, ашық мәдениет керек. Егер елде өз ниетін ашық айтатын адамдар көп болса, бұл қалыпты жағдай болар еді, – деді ол.

Сарымның пікірінше, президенттік амбиция – қылмыс емес, керісінше, саяси жүйені сауықтыратын құбылыс.

– Бұл қоғамға да пайдалы. Халық әлеуетті көшбасшыларды көруі, салыстыруы керек. Ал үміткер мұны жасыруға тиіс емес. Саяси бәсекелестік – бұл қауіп емес, жетілген қоғамның белгісі, – деп түйіндеді депутат.

Кімге тиімді?

Президент сайлауына шынында да төрт жыл бар. Осындай ауқымды ақпараттық науқанды дәл қазір бастау – тым ерте. Егер бұл Қаринді ілгерілету әрекеті болса, стратегия сәтсіз: Қазақстан саясатында ерте «үміткерлік» көбіне саяси өмірдің аяқталуымен тынады.

Ал егер бұл Қаринге қарсы шабуыл болса, онда не үшін? Депутаттардың бәрі «жоспарлы кампания» және «тапсырыспен жасалған әрекет» дейді, бірақ тапсырыс берушіні ешкім атамайды.

Дегенмен, тақырыптың ашық талқыланып, пікір талап етуі – өзінен өзі көп нәрсені аңғартады. Мүмкін, біреулер Қаринді болашақ үміткер ретінде алдын ала «жоюды» көздеп отырған шығар. Немесе, керісінше, қоғам мен элитаның оның мүмкін кандидатурасына реакциясын сынап көргісі келеді.

P.S.

Бұл сұрақтарды Ерлан Қариннің өзіне қою орынды болар еді. Жуырда журналистерді Ақордаға кездесуге шақырған еді. Алайда Ulysmedia.kz сол «таңдалған» БАҚ тізіміне кірмегендіктен, парламенттік реформаны талқылауға қатыса алмады.

Серіктес жаңалықтары