Алматыда қаланың ең көне жасыл аймақтарының бірі Баум тоғайын абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бастапқыда бұл жаңартуға көпшілік қуанған-тұғын: орман реттеледі, оған бюджеттен бір тиын да жұмсалмайды деді. Алайда алматылық белсенділер жобаны сынап, тіпті толықтай тоқтатуға петиция жариялауға ниеттеніп отыр. Ulysmedia.kz тілшісі тараптардың уәжін тыңдап көрді.
130 жылдық тарих
Баум тоғайы – Алматыдағы ең көне және танымал жасыл аймақтардың бірі. Ол 1894 жылы ботаник Эдуард Баумның бастамасымен жасалған. Сол себепті тоғайға оның есімі берілді.

Баум қалаға жасыл желек әкелген алғашқы мамандардың бірі еді. Жапан дала болған жерге жиде, емен, қайың, үйеңкі, қарағаш және басқа да ағаш түрлері әкелінді. Қазір тоғай аумағы 137 гектар, мұнда ондаған түрлі ағаш пен бұта өседі.
Жылдар өте келе бұл жер түрлі аңыздың мекеніне айналды. Оның үстіне жарық пен арнайы күзет болмаған кездері қылмыстық оқиғалар да жиілеген.
«Бұл – қылмыс»
Тоғайды қайта құру 2025 жылы басталды. Жобаны жеке инвестор қаржыландырып отыр, құны шамамен 4,7 млрд теңге. Тоғай үш бөлікке бөлінбек: белсенді демалыс аймағы, тынығу аймағы және табиғи (ешкім кіре алмайтын) аймақ. Жарық орнату, спорт және балалар алаңы, веложол, демалыс орындарын салу жоспарланған.
Алайда қазан айында тұрғындар жобаны сынай бастады. Себебі жоспар бойынша 9 мыңнан астам ағаш кесілуі мүмкін екені белгілі болды. Бұл жалпы ағаш санының шамамен 9%-ы. Көп ұзамай белсенді Санжар Боқаев жайқала өсіп тұрған ағаштардың кесілгенін видеоға түсіріп, әлеуметке жариялады.

– Бұл жерде жүз жылдан бері табиғи орман қалыптасқан. Енді 11 мыңға жуық ағашты құртпақшы дейді. Неге? “Апаттық жағдайда” дейді. Бірақ мұнда құлаған ағаш көрмедік. Біз бұл жерге балалармен келеміз, тиінге жем береміз, тіпті қазір саңырауқұлақ теруге келдік. Қалада мұндай тиіндері бар орман жоқ, – деді белсенді.
Бірнеше апта өткен соң экобелсенді Салтанат Ташимова да видео жариялап, онда ауыр техника ағаш қабығын бүлдіріп жатқанын көрсетті. Ол бұл әрекетті «қылмыс» деп атады.
– Баум тоғайындағы барлық жұмысты дереу тоқтатуды талап етеміз. Жұмыс заңсыз жүріп жатыр, ауыр техника ағаштарды сындырып жатыр, табиғи жолақтарды кеңейтіп, орман экожүйесіне зиян келтіруде. Бұл орманды жою, – деді белсенді. Ол петиция жариялауға дайын екенін айтты.

«Тәртіп керек, бірақ табиғатқа зиян тимесін»
Ulysmedia тілшісі тоғайға жиі баратын тұрғын Елена Гуринамен сөйлесті. Ол абаттандыру қажет дейді, бірақ табиғи келбет бұзылмауы тиіс екенін айтады.
– Тоғай Кеңес дәуірінен бері жөнделмеген. Алдымен, жаяу жүргіншілер жолын жаңарту, жарық орнату, бейнебақылау, қоқыс жәшігі, орындық және дәретхана керек.
– Қураған, қауіпті ағаштарды кесу дұрыс. Кей ағаштар сынып, құлап кетуі мүмкін. Мұндай жағдайлар да болды. Бірақ шамадан тыс кеспей, орман табиғатын сақтау керек. Бұл жердің тарихи мәнін ұмытпау қажет, – дейді ол.

Экоблогер Михаил Беляков та осындай пікірде. Ол тоғай біраз жылдан бері қараусыз қалғанын айтады, бірақ мердігерлерге сенім аз.
– Бұған дейін де мердігерлер жұмысты дұрыс атқармай, экожүйеге зиян келтірді. Сондықтан белсенділер “өзгеріс керек, бірақ бәрін бүлдіріп тастамаса болды” деп қорқады, – дейді Беляков.
«Құлауы мүмкін ағаш көп»
Ulysmedia.kz тілшісі Алматы урбанистика орталығының негізін қалаушы Ерқанат Заитовтың да пікірін тыңдады. Бұл орталық 2023 жылы тоғайды жаңарту жобасын дайындаған. Оның айтуынша, қоғамдық талқылау өткізіліп, тұрғындар жоспардан хабардар болған.
– Бұл жер ұзақ уақыт қараусыз қалды, қылмыс жиіледі. Жарық жоқ, сондықтан қауіпті саналады. Тұрғындар «бірдеңе істеңдер» деп жылдар бойы шағым айтты. Орман болсын, саябақ болсын — егер күтім болмаса, оны қылмыскерлер басып алады. Сондықтан өзгеріс керек болды, – деді Заитов.
Ол қаладағы ағаштардың үштен бірі қартайған, сондықтан құлауы мүмкін екенін айтты.
– Көп ағаш әлсіз, шіріген. Сол себепті құлап, адамға зиян келтіретін жағдайлар жиілеп жатыр. Кейін емдеуге келмейтіндері бар. Соларды алып тастау керек, өйткені қауіпсіздік бірінші орында, – деді урбанист.
Жобаны кім жүргізіп жатыр?
Қазан айында реконструкцияны қаржыландырып отырған BAZIS-A компаниясы ағаш кесу мен санитарлық жұмысты «Медеу» мемлекеттік табиғи парк әкімшілігі жүргізетінін мәлімдеді.
Жобаның тапсырыс берушісі – Алматы қаласының әкімдігі, ал мердігер – «СК Барлас Құрылыс» компаниясы. Ол 2010 жылы тіркелген, құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша лицензиясы бар. 2025 жылы компания 42 млн теңге салық төлеген. Биыл маусымда бұл компанияға Атыраудағы тұрғын үй құрылысына байланысты заңбұзушылық үшін айыппұл салынған.