×
526.79
606.34
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
526.79
606.34
6.51

Уашиңтондағы саммит: АҚШ үшін алтын көмбеге айналған Орталық Азия

Бүгін, 10:31
Уашиңтондағы саммит: АҚШ үшін алтын көмбеге айналған Орталық Азия
Ulysmedia.kz коллажы

C5+1 форматының құрылғанына 10 жыл толуына арналған Уашиңтонда өткен саммитті әйгілі Бжезинскийдің сөзімен айтқанда «ұлы ойынның» шахмат тақтасындағы айла-шарғысына теңеуге болады. Өткен ғасырларда империялар «әлемнің жүрегі» атанған Орталық Азияны бақылауға таласқан еді. Бұл терминді геосаясаттың атасы Хэлфорд Маккиндер осыдан бір жарым ғасыр бұрын қолданған. Ал бүгінде жаһандық жеткізу тізбектері мен сирек кездесетін металдарға талас дәуірінде АҚШ өзін басқыншы емес, серіктес ретінде танытып отыр. Ол экономикалық ықпалдастық арқылы басталған әріптестікті C5+3 форматына дейін кеңейтуге ниетті. Алайда ол Орталық Азиямен өзімен тең дәрежеде келіссөз жүргізетін тағы екі елдің кім болатынын айтқан жоқ. Сонымен бірге Трамптың бұл идеясы Ресей мен Қытайдың мүддесіне қайшы келіп, жаңа шиеленіс тудырмай ма? Осы сауалдарға Ulysmedia.kz жауап іздеп көрді.

Алтын көмбе

2015 жылы іске қосылған C5+1 форматы бастапқыда АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы ұжымдық диалог алаңы ретінде құрылды. Оның негізгі бағыттары – экономика, энергетика, экология және қауіпсіздік. Уақыт өте келе формат сыртқы істер министрлері деңгейіндегі кездесуден президенттер саммитіне дейін өсті. Бұл Уашиңтонның аймаққа деген қызығушылығының арта түскенін және оның Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасына, сондай-ақ Ресейдің Еуразиялық экономикалық одағы арқылы жүргізіп отырған ықпалына балама іздегенін көрсетті.

2025 жылы литий, кобальт және басқа да сирек металл тапшылығы аясында өткен саммит кен өндіру мен инфрақұрылым тақырыбына арналды. Табиғи ресурстарға бай Орталық Азия АҚШ үшін геосаяси шөлдегі алтын көмбеге айналды. Мұнда әр келісім – жаһандық шахмат партиясындағы жаңа жүріс, ал форматтың өзі Мәскеу мен Бейжіңнің ықпалына қарсы тұра алатын көпжақты альянсқа айналуда.

Шідер үзу

Ulysmedia.kz тілшісіне пікір білдірген өзбекстандық саясаттанушы, Central Asia Due Diligence директоры Алишер Ильхамовтың айтуынша:

– АҚШ та, кездесуге барған Орталық Азия елдері де өз мүдделерін көздейді. Соның іске асуына үміт етеді. Америка үшін бұл, ең алдымен, геосаяси мүдде және сирек кездесетін металдарға қол жеткізу мәселесі. Қазір бұл салада бәсеке күрт шиеленіскен. АҚШ-тың геосаяси мақсаты – Орталық Азияны Ресей мен Қытайдың толық бақылауына бермеу. Сондай-ақ бұл аймақ АҚШ үшін Ауғанстанға тікелей қатынау мүмкіндігі тұрғысынан да маңызды, – дейді ол.

Технологияға қолжетімділік

Сарапшының пікірінше, Орталық Азия елдері үшін басты мақсат – көпвекторлы сыртқы саясатында АҚШ сияқты әріптес пен қолдауға ие болу.

– Бұл тұрғыда олардың мүдделері АҚШ-тың геосаяси мақсаттарымен сәйкес келеді. Сонымен қатар аймақ елдері АҚШ технологияларына қол жеткізуді қалайды, өйткені бұл салада Уашиңтон әлі де көшбасшы. Бұған қоса, ресми түрде айтылмаса да, мемлекеттер АҚШ қару-жарағын, әсіресе «Patriot» әуе шабуылына қарсы жүйелерін алуға мүдделі. Украинадағы соғыс тәжірибесі Ресейдің қару-жарақ жүйелері бұрынғыдай сенімді еместігін көрсетті, – дейді Ильхамов.

Оның айтуынша, ресейлік әуе қорғаныс жүйелері украин дрондары мен зымырандарына қарсы әлсіздік танытқан. Ал Орталық Азия үшін заманауи әскери технологияларды, соның ішінде дрон өндірісін игеру аса маңызды. Мұндай деңгейге жету үшін дамыған технологияларға қол жеткізу қажет.

Көк желкеден шүйлігу

C5+3 форматына дейін кеңею аймақтың көрші державаларға тәуелділігін азайтып, серіктестікті әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бұл – геосаяси тұрғыдан маңызды қадам. Карта ойынындағыдай, жаңа «джокерлердің» қосылуы күштер тепе-теңдігін өзгертіп, Ресейді айналып өтетін «Орта дәліз» секілді көлік жобаларына инвестиция жолын ашады.

АҚШ президенті Дональд Трамп саммит алдында былай деді:

– Орталық Азия – үлкен нарық әрі бай ресурс көзі. Біз Қытай мен Ресейдің оны монополиялауына жол бермейміз. Бұл барлығы үшін тиімді келісім, яғни әділ сауда мен мықты одақ.

Ал Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін осыған ұқсас бастамаларға қатысты ескерту жасаған:

– Еуразияны блоктарға бөлуге бағытталған кез келген әрекет ынтымақтастық емес, қақтығысқа апарар жол.

Мәскеу үшін C5+1 форматы – АҚШ-тың Ресейдің көк желкесінен шүйліккеніндей әсер етеді.

«Үшжақты танго»

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Майк Помпео былай деген:

– Форматты кеңейту жай ғана дипломатия емес, бұл стратегиялық қажеттілік. Орталық Азия авторитарлық режимдердің экспансиясына қарсы буфер бола алады.

Ал Шанхай халықаралық зерттеулер академиясының сарапшысы Ван И Вей өз кезегінде былай деп ескерту жасады:

– C5+3 форматы НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюін еске түсіреді. Бұл аймақтың тұрақтылығына қауіп төндіреді.

Мұндай пікірлер АҚШ, Орталық Азия және Ресей мен Қытай арасындағы «үшжақты тангоны» көз алдыңа көлденең тартады. Біреуі жетекшілік етеді, екіншісі ілеседі, үшіншісі ырғақты бұзуға тырысады.

Шикізат көзі

Тәжік саясаттанушысы Мұхаммад Шамсуддинов:

– Қазіргі АҚШ әкімшілігі үшін Орталық Азия, ең алдымен, экономикалық қызығушылық пен Пекин мен Мәскеудің ықпалын тежеудің құралы. Бұл бағыт биылғы қыркүйекте Өзбекстан мен Қазақстанның АҚШ-пен миллиардтаған долларлық келісімшарттар жасаған кезінде де байқалды.

Сарапшының айтуынша, Қытай сирек металдар өндірісінің 60%-ын және өңдеу қуатының 85%-ын бақылап отыр, ал АҚШ өз қажеттілігінің 63%-ын дәл осы елден импорттайды. 2025 жылдың қазанында Қытай экспорттық шектеу енгізіп, Уашиңтонның шұғыл реакциясын туғызды. Сондықтан АҚШ үшін сирек шикізаттың жаңа көзін табу стратегиялық міндет, ал бұл ресурстарға бай аймақ Орталық Азия саналады.

Құндылықтар факторы

Шамсуддиновтың пікірінше, АҚШ инвестициялары мен елдің аймақтағы істерге атсалысуы Орталық Азия мемлекеттері үшін Қытай мен Ресей ықпалын теңестіруге мүмкіндік береді. Әсіресе Қазақстан үшін бұл маңызды.

– Қазақстан өзін «орта державалар» қатарына қосуды көздеп отыр. Сондықтан АҚШ-пен тығыз байланыс орнату елдің егемендігін нығайтып, көпвекторлы саясатты бекіте түседі, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, тараптар үшін тағы бір маңызды аспект – құндылықтар факторы:

– Қазіргі АҚШ президенті демократия мен адам құқықтары мәселесіне бас ауыртпайды, сондықтан ол Орталық Азия көшбасшылары үшін қолайлы серіктеске айналып отыр.

Уашиңтонды мазалайтын жайттар

Қазақстандық саясаттанушы Арсен Сәрсековтің пікірінше:

– Шын мәнінде, Орталық Азия ірі геосаяси ойыншы емес. Сондықтан Венесуэла, Сирия немесе Украина мәселелері талқыланбайды. Саммиттің басты тақырыптары – Ауғанстан, табиғи ресурстар және аймақтың Ресей мен Қытаймен одан әрі жақындасуына жол бермеу. Сондай-ақ дедолларизация тақырыбы өзекті. Қазақстанның Қытаймен есеп айырысуда юаньға көшуі Уашиңтонға ұнамай отыр, – дейді ол.

Сәрсековтің айтуынша, саммитте жаңа бесжылдық стратегияның сұлбасы айқындалады. Қазақстан қауіпсіздік, логистика және аймақтық ресурстарды бақылау тұрғысынан АҚШ-тың басты серіктесі мәртебесін сақтап қалмақ.

Ауғанстанға Қазақстан арқылы ықпал ету

Сәрсеков C5+1 форматын алғаш рет АҚШ 2015 жылы Самарқанда бастады, кейін 2017 жылы Нью-Йоркте және 2021 жылдан бері тұрақты түрде жалғасып келеді. 2019-2025 жылдарға арналған АҚШ-тың Орталық Азия стратегиясында «Ауғанстанның тұрақтылығы көршілердің қатысуынсыз мүмкін емес» деп көрсетілгенін еске салды.

– АҚШ миллиардтаған долларды Ауғанстанға құйғанымен, бұл қаражат жемқорлардың қалтасында кетті. Ақыр соңында америкалықтар жергілікті халықтың сенімін жоғалтты. Сондықтан енді Уашиңтон Ауғанстанды тұрақтандыруға ықпалды Орталық Азия арқылы, ең алдымен, діни және саяси тұрғыда тұрақты Қазақстан арқылы жүргізгісі келеді, – дейді саясаттанушы.

Макиавелли сабағы

Уашиңтондағы дипломатиялық жарқылдың артында қауіптер де бар: C5+1-дің С5+3 форматына кеңеюі аймақтық бәсекені күшейтіп, платформаны бюрократиялық даңғылға айналдыру қаупін туғызуы мүмкін. Дегенмен Орталық Азия үшін бұл жаңа мүмкіндік. Себебі энергетикадан бастап технологиялық инвестицияларға дейінгі бағыттарды әртараптандыру осы келіссөз форматы арқылы жүзеге асады. Сонымен бірге бұл олардың тәуелсіздігі сыналатын сәт болмақ.

Макиавеллидің саяси аллегориясын еске түсірсек, «ханзада» тірі қалу үшін әрі айлакер түлкі, әрі күшті арыстан болуы тиіс. Дәл сол сияқты Орталық Азия да геосаяси джунглиде аман қалу үшін епті болуға мәжбүр.

Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, 6 қарашадағы саммит жай кездесу емес, аймақ үшін тарихи бетбұрыс. Егер C5+1 форматы C5+3-ке ұласса, Орталық Азияның саяси-экономикалық көкжиегі кеңейеді. Бірақ бұл үшін аймақ елдері алпауыт державалар арасындағы мүдделер тепе-теңдігін шебер сақтауы тиіс. Бұл партияда бірнеше жүрісті алдын ала  жоспарлай алған тарап қана жеңімпаз болмақ.

Серіктес жаңалықтары