×
524.65
607.02
6.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.65
607.02
6.48

Вольфрамның бағы жанар болса... Қазақстан неге АҚШ-қа өз кен орнын беруге келісті

Бүгін, 09:47
Вольфрамның бағы жанар болса... Қазақстан неге АҚШ-қа өз кен орнын беруге келісті
Ulysmedia.kz коллажы

Тоқаев пен Трамп құны жоғары келісімшарт жасасып, соның нәтижесінде Қазақстандағы ең маңызды вольфрам кен орындарының бірін америкалық инвестор игеретін болды. Бұл Қазақстанға қаншалықты тиімді? Ел бұл металды өзі өндіре ала ма? Және неге бұл жобаны жүзеге асыру оңай болмайын деп тұр? Осы сұрақтарға Ulysmedia.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Мәміле шарттары қандай?

Қарашаның басында америкалық Cove Capital компаниясы Қазақстандағы ең ірі вольфрам кен орнында өндіріспен айналысатыны белгілі болды. Америкалықтар бірлескен кәсіпорынның 70 пайызын басқарады, қалған 30 пайызы «Тау-Кен Самрұқ» ұлттық тау-кен компаниясына беріледі. Мәміле Уашиңтонда өткен Қазақстан мен АҚШ президенттерінің келіссөздерінің бір бөлігі. Әңгіме Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты учаскелерін игеру туралы болып отыр. Қазір бұл жерде «Тау-Кен Самрұқтың» еншілес ұйымы – «Солтүстік Қатпар» ЖШС жұмыс істейді. Былтыр компания жоспарлы өндіріс көлемін орындай алмай, 92 млн теңге шығынға батты. Мәміленің құны 1,1 млрд доллар деп бағалануда. АҚШ инвесторы Қазақстанның вольфрамынан қанша пайда көретіні әзірге болжам ғана.

Вольфрам несімен маңызды?

Вольфрам – ауыр, балқытуға төзімді және өте тығыз металл. Оны жоғары сапалы болаттар мен аса мықты қорытпалар жасауға қолданады. Вольфрам әскери, химия, электроника салаларында, сондай-ақ құрал-жабдық өндірісінде қажет. Тіпті кәдімгі қыздыру шамдарының жібін де осы металдан жасайды. Сондықтан вольфрамды стратегиялық маңызды минералдарға жатқызады. Табиғатта сирек кездесетін бұл металл Қазақстаннан бөлек, Канада, Қытай, АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Испания, Португалия және бірнеше елде өндіріледі. Экспортта Қытай мен Оңтүстік Корея алда. Лондон металдар биржасында вольфрам тоннасы 52,5 мың доллар (шамамен 27,6 млн теңге) тұрады. Қазақстан вольфрам саудасынан алғашқы елеулі табысын тек биыл көре бастады. 2025 жылдың алғашқы бес айында ел 174 тонна вольфрам кені мен концентратын экспорттады.

Бұл мәміле Қазақстанға тиімді ме?

Ең маңызды сұрақ – Cove Capital-дың келуі Қазақстанға не береді? Саясаттанушы Марат Шибутов бұл мәміле Қазақстан үшін пайдалы болады деп санайды. Америкалық инвестицияның арқасында ел металл сатудан пайда табады, қазынаға салық түседі, жұмыс орындары ашылып, экспорт бағыттары артады. Бірақ жобаның өте күрделі екенін де ескеру керек.

– Жоғарғы Қайрақты туралы мен студент кезімде еститінмін, оны игерілмей жатқан, болашақта игерілетін қор ретінде мысалға келтіретін. Сол күйі іске аспай келді, – дейді Марат Шибутов.

Басты қиындық – инфрақұрылымның жоқтығы. Кен орны Қарағанды облысындағы Жарық станциясының маңында, ол жерде қазір ештеңе жоқ деуге болады. Барлығын нөлден бастап салу керек, яғни жол төсеу, электр желілерін тарту, су торабын салу қажет. Бұл орасан шығынды қажет етеді және тез арада өтелмейді.

Америкалықтарға Қазақстанның вольфрамы не үшін керек?

Жоба сәтті жүзеге асса, тек Қазақстан ғана емес, АҚШ та ұтады, себебі ең әуелі Қытайға тәуелділікті азайтады.

– Әлемдегі негізгі өндіруші де, тұтынушы да – Қытай. Олар өздерінде өндіреді және болат қорытпасында өте көп қолданады. Қыздыру шамдарына қажет вольфрам бұрын үлкен үлес атқарған, қазір азайды, ал легирленген болатты әлі де көп тұтынады. Бұрын снарядтардың болатты тесу өзектеріне сұраныс болды, бірақ ол жерде да уран арзан болғандықтан бәсекелестік жоғары. АҚШ – Қытай арасы бұзылғанға дейін вольфрам өндірісін қажетсінген жоқ. Енді бәсеке қызған шақта, оларға өз өндіріс орындары керек, – дейді Шибутов.

Айтпақшы, бұл жобаға 2018 жылы қытай инвесторлары да қызыққан еді. Сол кезде кен орнын игерудің болжамды құны 750 млн доллар деп бағаланған. Бірақ олар Қазақстандағы вольфрамға қаржы салуға тәуекел етпеді.

– Кен ошағы, байыту фабрикасы, алты мың жұмысшыға арналған вахталық ауыл салу керек болды. Қазір жоба одан да қымбат. Өнім ретінде не шығатыны түсініксіз – концентрат па, әлде терең өңделген өнім бе? Сонымен қатар концентратты қалай жеткізетіні белгісіз, өйткені америкалықтар Ресей теміржолын пайдалана алмайды, ал қытайлар жолды жауып тастауы мүмкін, – дейді саясаттанушы.

Cove Capital қолға алатын кен орнын өткен ғасырдың 50-жылдары-ақ зерттеген. «Тау-Кен Самрұқ» 2016 жылдан бері бұл учаскеден нәтиже шығаруға тырысты, бірақ әзірге табыс болмады. Ал америкалық компанияның технологиясы нәтиже берер ме?

– Егер бұл кен орны сондай керемет болса, әлдеқашан игерілер еді. Өзі қиын, орналасқан жері де күрделі. Сондықтан оны америкалықтар игере алса жақсы, – дейді Шибутов.

Қазақстан вольфрамды өзі өндіре ала ма?

Теориялық тұрғыда Қазақстан вольфрам кендерін өзі де игере алады. Өйткені елдегі қор өте үлкен, әлем бойынша Қытайдан кейінгі екінші орын. Бірақ жергілікті компанияларда вольфрам өндіруге қажетті технология мен тәжірибенің тапшылығы бұған мүмкіндік бермейді. Шибутовтың айтуынша, америкалық инвестор өз технологиясымен бөлісе алады, бірақ бұл кен орнының ерекшелігіне байланысты.

Мұндағы маңыздысы – Қарағанды облысында қандай өнім шығатыны: жай концентрат па, әлде құны жоғары өнім бе?

– Егер бәрі концентратпен аяқталса, онда көп технология берілмейді. Өйткені олар көбіне нақты кен орнының өзіне ғана бейімделген. Бізде де біраз тәжірибе бар: Алматы облысындағы жұмыс істеп тұрған кен орындарын білеміз. Ал терең өңделген өнімге келсек, ондай өндіріс Қазақстанда жоқ. Сондықтан мұнда концентрат өндірудің өзі – үлкен жетістік, – дейді Шибутов.

Мәміле шынымен тиімді, әсіресе «Тау-Кен Самрұқ» үшін 30 пайыз үлес алу жақсы нәтиже. Бірақ Cove Capital алдында үлкен сынақ тұр. Жоба күрделі әрі ұзаққа созылуы мүмкін. Америкалық компания қазақстандықтар мен қытайлар жүзеге асыра алмаған істі атқара ала ма? Оны енді уақыт көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары