Мәжіліс депутаттарының алдында 2025 жылдың соңына дейін Жер қойнауы туралы кодекске түзетулерді бекіту деген маңызды міндет тұр. Бір жыл бұрын бұл түзетулердің таныстырылымы үлкен жанжалға себеп болып, заң жобасы тоқтатылған еді. Жуырда ол қайтадан парламент талқылауына енгізілді, бірақ түзетулер тағы да көптеген сұрақ туғызды. Қазақстанның жер қойнауы қаншалықты бай және оны игеруге әлемде қызығушылық танытып отырғандар қаншама, міне, мәселенің мәні осында болып тұр. Ulysmedia.kz елімізде жер қойнауын пайдалануды реттеуге не кедергі болып отырғанын анықтап көрді.
Өнеркәсіп министрлігі не ұсынады
Мәжілісте Жер қойнауы кодексіне енгізілетін түзетулер туралы баяндама жасаған Өнеркәсіп министрінің міндетін атқарушы Иран Шархан сөзін Президенттің нақты тапсырмасы бойынша дайындалған түзетулер екенін еске салудан бастады. Ол жер қойнауын пайдаланушыларға бақылау жасауда ашықтықтың маңызды екенін айтып өтті.
Тек содан кейін негізгі мазмұнға көшіп, түзетулердің басты мақсаты пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге арналған учаскелерді бөлу үшін бірыңғай платформаны заң жүзінде бекіту екенін түсіндірді.
- Қазір қатты пайдалы қазбаларды барлауға қол жеткізу «бірінші өтініш» қағидаты бойынша, екі кезеңнен тұратын блоктарды іріктеу арқылы жүзеге асады. Ал заң жобасы бұл екі кезеңді алып тастап, блоктарға қол жеткізуді және өтініш беруді тікелей бірыңғай платформа арқылы жүргізуді қарастырады. Онда барлауға рұқсат етілген және тыйым салынған аумақтарды көрсететін интерактив карта да болады, - деді ол.
Даулы учаскелер аукцион арқылы берілмек. Жеңімпаздар лицензияны алғанға дейін қол қою бонусын төлеуі тиіс. Төлеуден бас тартқан тұлға мен оның бенефициарларына бес жыл бойы жер қойнауын пайдалануға құқық берілмейді. Шарханның айтуынша, бұл ашықтықты арттырады.
- Ашықтық саясаты жер қойнауы туралы есептер мен құжаттардағы деректерді жасырған жағдайларға да қатысты күшейеді. Берілетін лицензиялар платформада ашық жарияланады, ал олардың шарттары әділ бәсекеге сай болуы керек, - деді ол.
Олигархтарға арналған кодекс және алтын тиеген вагондар
Дегенмен депутаттар лицензия алған компаниялар өз міндеттемелерін толық орындайтынына күманмен қарайды. Кейбірі Қазақстандағы зертханалардың аздығын, ал басқалары «барлау» деген желеумен заңсыз өндіріс жүріп жатқанын атап өтті.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл туралы ашық айтты:
- Заң мың кубометр топырақ шығаруға рұқсат береді. Бұл 70 тоннадан 20 вагон деген сөз. Ал сол 20 вагон топырақтың ішінде қанша алтын бар екенін білесіз бе? Біз барлауды ынталандырамыз деп жүріп, керісінше, осы заңсыз өндіруді күшейтіп алмаймыз ба? Шығыс Қазақстанға қараңыздар. Таулы аймақтардың бәрі ойылып қалған! Олар барлауға лицензия алып, іс жүзінде алтынды заңсыз өндіреді. Бұдан мемлекетке келетін зиян орасан. Қалайша осындай ел мүддесіне қайшы заңдарды қабылдаймыз? - деді ол.
Вице-министр Саировты сендіруге тырысып, түзетулер бойынша жер қойнауын пайдаланушылар мың кубометр топырақты қазғанымен, оны сата алмайтынын түсіндірді. Депутат Бақытжан Базарбек те сөз алып:
- Жер қойнауы туралы кодексті кезінде олигархтардың лоббистері өткізіп жіберді. Бұл кодекс өз мақсатына сай жұмыс істей алмай отыр. Құжат Аустралия мен Канададан алынған үлгілерге сүйеніп қабылданды, бірақ соның кесірінен өндірістен түсетін табыстың көп бөлігі шетелдіктерге кетеді, ал мемлекетке бар болғаны 7-8% ғана қалады. Мұндай стандарт бізге не үшін керек? - деді.
Депутаттардың пайымынша, жер қойнауын пайдаланушылар жұмыс істейтін өңірлерді дамытуға аз қаржы бөледі, ал мемлекет олардың жұмысын жеткілікті қадағаламайды.
Тағы да лоббизм бе
Бір жыл бұрын осыған ұқсас дау болған. Сол кезде түзетулерді депутат Константин Авершин ұсынған еді. Ол да дәл қазіргі ұсыныстар сияқты, яғни бірыңғай платформа, цифрландыру туралы айтқан.
Бірақ ол «түзетулер шұғыл болғандықтан, үкіметпен келісілген» дегенде, әріптестері қатты ашуланды. Бақытжан Базарбек инвесторларға заңның тұрақтылығын бекіту идеясымен келіспеді, ал экс-әкім Бақтықожа Ізмұхамбетов түзетулерді «лоббилердің жұмысы» деп атады.
Соңында заң жобасы толық қайта жазылып, қайтарылды. Енді сол түзетулер Президенттің нақты тапсырмасымен министрлік атынан қайта енгізіліп отыр.
Лоббизм туралы дауда қай тарап шындықты айтты
Осы кодекстің авторларының бірі, заңгер Тимур Одилов болса, бұл жағдайға мүлде басқа көзқарас білдірді:
- Базарбек айтып жүрген олигархтар өз кен орындарын 1990-2000 жылдары алған. Ал кодекс 2017 жылы қабылданды, яғни одан 20 жыл кейін. Оның мақсаты – жаңа геологиялық барлау кезеңін бастау еді. Ең бай кен орындары баяғыда берілген. Бұл кодекс халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Сондықтан мұндай айыптаулар жөнсіз, - деді ол.
Одиловтың айтуынша, биік мінберден айтылған популизмнің артында бүкіл құжатты қайта жазып, жүйені шайқау саясаты тұруы мүмкін.
- Заң жобасы 32 түзетуден ғана тұрады. Бірақ депутаттар оған 90-нан астам өзгеріс енгізді. Яғни құжат толық қайта жазылған, - деді ол.
Мысал ретінде бір өзгерісті келтірді:
- Лицензия шарттарының орындалуы туралы есептер 10 күн ішінде бірыңғай порталға жарияланып тұруы тиіс еді. Депутаттар осы мерзімді алып тастады. Негізсіз шешім, – дейді Одилов.
Осыған қоса депутаттар бірнеше ай бұрын жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік төлемдері тікелей ауыл, аудан бюджетіне түсуіне қарсы болған. Яғни өздері зардап шегіп отырған аймақтарды атайды, бірақ қаржыны сол жергілікті жерге беруді қолдамайды.
Жер қойнауы – Қазақстан экономикасының тірегі. Сондықтан олардың кімге және қалай берілетінін анықтайтын заң өте маңызды. Бірақ дау-дамай көбейген сайын шындық көмескіленіп, біреулердің пендеуи мүддесі бірінші орынға шықпай ма деген сұрақ туындайды.
Жуырда біз неге еліміз өз вольфрамын өзі өндіре алмайтынын жазғанбыз. Бұл – тек бір мысал. Ал жалпы салада жағдай қандай болмақ?
Бұл сұрақтарға дәл осы заң жауап беруі тиіс. Сол себепті Ulysmedia жер қойнауына қатысты түзетулерді әрі қарай да мұқият бақылап, кімнің қандай ұсыныс енгізіп жатқанын ашық жариялауды жалғастырады.