×
522.19
606.42
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
522.19
606.42
6.47

Басқа-басқа, Ақтаудан мұндайды күтпедік: кінәлі кім - Саясат Нұрбек пе, Берік Ахметов пе?

Бүгін, 09:27
Басқа-басқа, Ақтаудан мұндайды күтпедік: кінәлі кім - Саясат Нұрбек пе, Берік Ахметов пе?
Ulysmedia.kz коллажы

Ulysmedia.kz журналистері шетелдік жоғары оқу орындарының Қазақстанда филиал ашу процесінде елеулі проблемалар барын анықтады. Бәріне топырақ шашпай-ақ қояйық, әзірге Ақтаудағы жағдайды ғана айта аламыз. Бұған дейін біз Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті Берлин техникалық университетінің филиалы ресми ашылмай тұрып-ақ студент қабылдай бастағанын жазғанбыз. Қазір сол студенттер алданғанын ашық айтуда. Біздің материалдан кейін Есенов университеті жедел реакция білдірді. Бірақ жауап біз күткендей болмады.

Үш жол

Біз Ақтаудағы беделді оқу орындарының бірінде танымал аттарды пайдаланып алаяқтық жасалған болуы мүмкін екені туралы мақаланы жариялаған сәтте-ақ оқиғаға қатысы бар тараптар бірден “қозғалды”. Бірақ ешкім бізге жағдайды түсіндіру үшін хабарласқан жоқ. Біз Есенов университетінен бірнеше рет пікір білдіруін сұрадық, сондай-ақ Жоғары білім және ғылым министрлігінің түсініктеме беруін күтіп отырмыз.

Ал магистранттардың айтуынша, бір апта бойы олармен Қазақстан-Германия тұрақты инжиниринг институтының (KINI) өкілдері белсенді түрде келіссөз жүргізген. KINI – Есенов университетінің еншілес ұйымы, Германия ЖОО-ларымен бірлескен бағдарламаларға жауап береді.

Магистранттарға үш ұсыныс жасалған:

  1. Германиядағы Миттвайда университетіне семестрлік оқу үшін бару;
  2. Оқуды Есенов университетінде жалғастыру;
  3. Еш шағымсыз өз еркімен оқудан шығу.

Студенттердің пікірінше, бұл үш нұсқа да іс жүзінде мүмкін емес.

Германиядағы семестр – қол жетпейтін жоспар

Магистранттар үшін ең қолайлы әрі тартымды нұсқа – Германияға барып оқу. Олар ересек адамдар, біліктілігін арттырып, табысын көбейту үшін саналы түрде білім алуға келген. Бірақ шетелге шығу үшін оларға небәрі бір апта ішінде:

  • IELTS тапсыру,
  • 7 пәннен емтиханнан өту,
  • 5500 еуро депозит табу,
  • шамамен 600 еуро студенттік алымдар мен жол ақысына жинау қажет.

Ал Есенов университеті қабылдау кезінде уәде еткен Германиядағы бір жылдық оқу, стипендия және барлық шығындардың өтелуі туралы міндеттемелерінен бас тартып отыр. Университет қазір тек ұшақ билетін, медициналық сақтандыруды және жатақхана шығынын көтеруге дайын екенін айтқан. Магистранттар тек қазақстандық стипендияларын сақтап қала алады.

– Біз оқу үшін жұмысымызды тастадық. Бір аптаның ішінде 4 миллион теңгеге жуық қаражатты қайдан табамыз? Емтихандар ше? 7 пән, ағылшын тілі – бәрін бір аптада бітіру мүмкін емес. Бұл – мүмкін емес, - дейді студенттердің бірі.

Оқуды Есенов университетінде жалғастыру

Екінші нұсқа – оқуын Ақтауда жалғастыру. Бұл арзан, бірақ студенттердің айтуынша, мәні жоқ. Себебі олар неміс профессорларының дәрісін тыңдау және шетелдік компанияларда жұмыс мүмкіндігі үшін магистратураға түскен. Ал қарапайым жергілікті диплом – күткен нәтижеге сай келмейді.

Үшінші жол

Кейбір студенттер одан басқа амал көрмей, оқудан шығуды таңдаған.

– Маған «ешқандай шағымым жоқ» деп жазылған келісімшарт берді. Ал менде айтар шағымым бар, әрі өте маңызды! Осы университетте оқуға жұмсаған бір жылда бұрынғы жұмысымда 15 млн теңге табар едім. Бірақ жаңа білім алғым келді. Ал іс жүзінде ол білім берілген жоқ, – дейді магистрант Сидар Абдуралиев.

Дауды жабу үшін студенттерді кінәлі қылу ма?

Студенттердің сөзінше, ұсынылған үш жолдың да мақсаты – жағдайға жастарды кінәлі етіп көрсету.

– Олар біздің емтиханға үлгермейтінімізді, қажетті соманы жинай алмайтынымызды біледі. Бұл – «Германияға өздері бармады» дегендей көрсету үшін жасалып жатқан әрекет. Сіздің мақалаңыз шыққаннан кейін оларға дауды жабу тапсырылған сияқты, – дейді магистранттар.

Назар аударарлық жайт – студенттермен сөйлесіп жүрген KINI өкілдері, ал келісімшарт Есенов университетімен жасалған. Университет ректоры – жас қазақстандық ғалым Берік Ахметов. Ашық деректерде оның ақпараттық технологиялар саласында 50-ден астам ғылыми еңбегі бар екені жазылған. Әрине, беделді ғалым мұндай даудың ортасында көрінгісі келмейді.

Бірақ дәл Есенов университеті Германия бағдарламалары бойынша оқитын студенттер үшін жоғары грант алған. Сонда Берік Ахметов университетінің бұл гранттарды алуға және неміс білімін уәде етуге құқығы жоқ екенін білмеді ме?

Кім жауапты және бұл шынымен бір ғана оқиға ма?

Бұл оқиғада аты дауға ілігуі мүмкін тұлғалар аз емес. Өйткені KINI-дің ашылу салтанатында Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер лента қиып, Қазақстан мен Германия арасындағы серіктестік меморандумына Штайнмайер мен Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.

Егер Ақтаудағы жағдай рас болса, онда президенттік деңгейдегі келісімдер Қазақстан бюджетінің ақшасын шығындау тетігіне айналды ма? Бұл іске Германия университеттері қанша қаржы салған?

Ең маңызды сұрақ – кім кінәлі? Бұл жалғыз келеңсіз жағдай ма, әлде жүйелі проблема ма?

Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек шетелдік университеттерді тарту арқылы қазақстандық білім сапасын арттыруды өзінің басты міндеттерінің бірі екенін бірнеше рет айтқан. Ол осы Ақтаудағы филиалдың жағдайынан хабардар ма? Басқа филиалдарда жағдай қалай?

Біз бұл сұрақтарға ресми жауапты әлі де күтіп отырмыз.

Серіктес жаңалықтары