×
519.98
600.06
6.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.98
600.06
6.6

Алып көрші әлсірей бастады ма: Қытай экономикасындағы қиындықтар Қазақстанға қалай әсер етеді?

Бүгін, 10:32
Алып көрші әлсірей бастады ма: Қытай экономикасындағы қиындықтар Қазақстанға қалай әсер етеді?
Ulysmedia.kz коллажы

Қытай экономикасында инвестициялар күрт қысқарып, өнеркәсібі баяулап, құрылыс нарығындағы дағдарыс тереңдей түсуде. Қазақстан үшін ең ірі сауда серіктесі саналатын елдегі бұл жағдайдан не күтуге болады? Ulysmedia.kz осы мәселеге үңіліп көрді.

 Құрылыс нарығындағы дағдарыс

Саясаттанушы Руслан Изимовтің сөзінше, Қытайдағы кез келген экономикалық өзгеріс Қазақстанды айналып өтпейді.

–Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі, өзара тауар айналымы 44 млрд доллардан асады. Дегенмен Қытайдың экономикалық саясатының өзгерісі бұған дейін де байқалған. Мысалы, инвестициялық бағыт бойынша қытайлық тікелей инвестициялар 2017 жылы шарықтау шегіне жетіп, кейін ішкі сұранысқа басымдық беру үшін төмендей бастады, –дейді ол.

Кейбір шетелдік басылымдар Қытайды экономикалық күйреу күтіп тұр деп жаза бастады. Алайда сарапшылар бұл пессимизм асыра айтылғанын атап өтеді. Atlas Capital компаниясының макроэкономикалық талдау бөлімінің жетекшісі Борис Бойко Қытай экономикасындағы жекелеген баяулау үдерісін үлкен дағдарыстың белгісі деп қабылдауға болмайды, - дейді.

Оның айтуынша, тәуекелдер бар, әсіресе құрылыс пен жылжымайтын мүлік секторында. Бірақ соған қарамастан Қытай жылына 5 пайыздан жоғары өсімді сақтап отыр. Дегенмен құрылыс нарығындағы қиындықтар Қазақстан үшін айтарлықтай қатер. Қытайға құрылыс материалдарына арналған шикізат экспорттап жүрген компаниялардың кірісі азаюы мүмкін.

– Қазақстанның Қытайға шығаратын негізгі тауарлары – кен, минералдық отын және мыс. Бұлар тікелей Қытайдың ауқымды құрылыс саласына тәуелді. Сондықтан бұл саладағы тоқырау осы тауар топтарына деген сұраныстың төмендеп, бағаның құбылуына әкелуі ықтимал, – дейді Борис Бойко.

Мүмкіндіктер терезесі

Қытай қазақстандық мысқа деген сұранысты толық тоқтатады деу қате. Өйткені Бейжің  қазір экономиканы құрылысқа емес, жоғары технология мен энергетикаға бағдарлап отыр. Онда да мыс – басты шикізаттың бірі.

– Мыс тек құрылысқа емес, электромобильдер мен жаңартылатын энергия көздеріне қажет. Сондықтан құрылыс компанияларының сұранысы азайса да, технологиялық сектор оны өтей алады. Оның үстіне Қытай – әлемдік экономикадағы алып тұтынушы, –дейді Бойко.

Оған қоса – уран. Бұл металға деген сұраныс Қытайда тек арта береді.

Логистика да үлкен мүмкіндік. Бейжің  АҚШ-тың теңіз жолдарын жауып тастауы мүмкін екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Қытай үшін Қазақстан сенімді құрлық дәлізі.

– Қытайдағы ішкі сұраныстың төмендеуі қытайлық компанияларды экспортты күшейтуге итермелеуі мүмкін. Бұл Қазақстан арқылы өтетін көлік дәліздерінің жүктемесін арттырады. Ел үшін транзиттен түсетін табыс өсіп, шикізат экспортының шығынын өтеуге мүмкіндік береді, – дейді Бойко.

Сондықтан көршідегі қиындықтарды Қазақстан жаңа мүмкіндік ретінде қарастырғаны дұрыс.

Аса маңызды одақтастық

Қытай экономикасы баяуласа да, Бейжің  Қазақстаннан бас тартпайды. Өйткені Қазақстан – Қытайдың геосаяси жоспарындағы негізгі ойыншы.

– Қытай Қазақстанды және аймақтағы басқа елдерді өз экономикалық ықпал аймағында ұстап қалуды көздейді. Сол себепті инвестициялық байланыстарды күшейту жоспары жалғасады. 2025 жылдың қыркүйегінде Бейжіңде өткен бизнес-форумда 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылды, – дейді Руслан Изимов.

«Бір белдеу – бір жол» бастамасына кіретін елдерге Қытай қаржы құюды тоқтатқан жоқ, керісінше арттырып жатыр.

Борис Бойконың айтуынша, Қытай қазір транзиттен гөрі өндірістік жобаларды қаржыландыруға көбірек көңіл бөліп отыр. Оның ішінде металлургия, энергетика, өнеркәсіптік нысандар бар.

Юаньның күшеюі долларды алмастыра ала ма?

Қаржы саласында да Қазақстан Қытаймен ынтымақтастықты кеңейтіп келеді. KASE алаңында юаньмен есеп айырысатын бағалы қағаздар пайда болды. Елде юаньмен қамтамасыз етілген алғашқы стейблкоин да іске қосылды. «ҚазМұнайГаз», «Қазақстанның даму банкі», «Самұрық-Қазына» секілді ірі компаниялар юаньмен облигациялар шығарып жатыр.

– Қазақстан қаржы саясатын әртараптандырып, бірнеше бағытта бірдей қозғалғаны дұрыс. Юань нарығы біздің инвесторлар географиясын кеңейтіп, Қытаймен экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді, – дейді Руслан Изимов.

Борис Бойко да бұл қадамды стратегиялық тұрғыдан өте орынды деп бағалайды.

– Юань нарығы АҚШ пен Еуропа саясатынан тәуелсіз қаржы тартуға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Мұнай екінші орынға ығысады

Қытайдың жаңа бесжылдық даму жоспарына мән берсек, бұл елде технология, инновация және «жасыл» энергетикаға басымдық беріледі. Бұл Қазақстанға да ескерту.

– Ауыр өнеркәсіп пен құрылыс енді басты қозғаушы күш болмайды. Технологияға негізделген салалар алға шығады. Қазақстан үшін бұл шикізаттық ресурстарға тәуелділіктен арылып, жаңа бағыттарға бет бұру қажеттігін білдіреді, – деп жүйелейді пікірін Изимов.

Қазір Қытай – әлемдегі ең ірі газ импорттаушысы және мұнай тұтынушысы. Бірақ 2050 жылға қарай мұнай мен газға сұранысты 60-70 пайызға азайтады деген болжам бар.

– Қытайдың мұнай-газға сұранысының төмендеуі біздің ұзақ мерзімдік жоспарлауға тікелей әсер етеді. Қазірдің өзінде энергия тұтыну өсімінің 80 пайызы жаңғыртылатын энергия есебінен өтуде, – дейді ол.

Жаңа жағдайға бейімделмесек, артта қаламыз

Қазақстан көптеген негізгі салаларда Қытай импортына тәуелді. Сондықтан ұзақ мерзімді перспективада ел жаңа технологиялық бағыттарға өтуге тиіс.

– Бізде 20 жылдай ғана уақыт бар. Осы кезеңде әлем әлі көмірсутекке мұқтаж болады. Сол уақытты пайдаланып, экономиканы жаңаша бағытқа бұруымыз қажет. Қазақстанның әлеуеті жетеді, тек дер кезінде қадам жасау керек, – дейді Руслан Изимов.

Қазақстан Қытайға не ұсына алады? Тізім ауқымды:
– жасыл энергетикаға арналған компоненттерді бірлесіп өндіру;
– экологиялық материалдар шығаратын арнайы аймақтар құру;
– цифрлық технологиялар бойынша серіктестік.

Қытайға тек шикізат сатушы ел ретінде емес, жаңа экономиканың қажеттіліктеріне жауап бере алатын мемлекет ретінде қарауымыз керек. Бейжің  қазақстандық мұнайсыз өмір сүре алады. Бірақ Қазақстан Қытайсыз өзін қалай дамытуы тиіс? Міне, басты сұрақ – осы. 

Серіктес жаңалықтары