Антикоррупциялық қызмет жақында ғана ҰҚК құрамына кіріп, министрлік күнделікті қылмыстарды тергеумен айналысып жатқан тұста, алдыңғы қатарға Бас прокуратура шықты. Қадағалау органы ең даулы істерді өз мойнына алды. Оның ішінде өзінің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты тергеулер де бар: Олеся Кексель, Мақсат Дүйсенов және кезінде ешкім тең келмейді делінген Қайрат Қожамжаров. Дегенмен күштік құрылымдардың соңғы жылдардағы қақтығыстарын білетіндер әлі күнге бір сұрақтың жауабын таба алмай отыр: бұл әділет үшін күрес пе, әлде кланаралық және ведомствоаралық тартыстың жаңа кезеңі ме? Ulysmedia.kz тәуелсіздік жылдары Бас прокуратураны кімдер басқарғанын және олардың басты айқастары қандай болғанын еске түсірді.
Мәйіт жинаудан үлгермейтін кезең
Қазақстан Бас прокуратурасының тарихы Жармахан Тұяқбай есімін айналып өте алмайды. Ол бұл құрылымды әуелі Кеңес дәуірінде басқарды, кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да осы қызметте қалды. Тұяқбайдың айтуынша, ол кезең өте ауыр болды. Елде көше қылмысы, тонау, қарақшылық өршіп тұрған. Қазына бос, жаппай жекешелендіру заңға қайшы тәсілдермен жүріп жатты.
– Бішкек пен Алматы арасындағы трассада күн сайын жаңа мәйіттерді жинаудан үлгермей қалатынбыз. Ұрлық, қарақшылық шектен шықты. Бұл бүкіл елге тән жағдай еді, – деп еске алады Жармахан Тұяқбай.
Осы келеңсіздіктер аясында 1995 жылы Бас прокуратураны реформалау басталды. Одан тек құқық қорғау органы ғана емес, өзге құрылымдардың үстінен қарайтын қадағалау институтын қалыптастыру көзделді. Прокуратура «ағымдағы тергеулерге» араласпауы тиіс болды. Сол мақсатта тергеу комитеті жеке орган болып бөлініп, оны басқаруға Тұяқбай тағайындалды. Тергеу комитеті сол кездегі ең шулы тапсырыспен жасалған кісі өлімдерін, коррупцияны және ұйымдасқан қылмысты тергеумен айналысты. Тұяқбайдың ойынша, бұл органды толық күшеюге түрлі ішкі тартыстар жібермеді. Интернетте «комитет күткен нәтижені бермеді» деген пікірлер де бар. Қалай болғанда да, 1997 жылы ол таратылып, тергеу өкілеттігі басқа ведомстволарға берілді. Ал Тұяқбай Мәжіліс төрағасы болды. Мүмкін, ол айрықша мансап жасар ма еді, бірақ 2000 жылдардың басында алғашқы Бас прокурор оппозицияға өтіп, бар күшін «режіммен» күреске арнады.
Ізденіс пен ауыс-түйістер кезеңі
1995 жылғы конституциялық реформа жүріп жатқанда Бас прокуратура да жаңа формат іздеп жатты. Тұяқбай кеткен соң орын бос қалды. Оған заңгер Мақсұт Нәрікбаев отырды. Бірақ ол бұл қызметтен тез жалығып, жарты жылда Жоғарғы сот төрағалығына кетті. Оның орны бірнеше ай бос тұрды, бірінші орынбасар Анатолий Константинов уақытша басшылық жасады. Бірақ тұрақты қызметке ол тағайындалмады. Президент ұзақ ізденістен соң Алматының бұрынғы прокуроры, зейнетке шыққан Степан Шуткинді жұмысқа қайта шақырды. Алайда бұл да уақытша шешім болды, жаңа Бас прокурорды іздеу бір жылға созылды. Ақыры ведомство тізгіні Юрий Хитринге берілді.
Бас прокурор мен премьер-министр қақтығысы
Юрий Хитрин Бас прокуратураны үш жыл басқарды. Осы уақыт ішінде ол ведомствоның бас ғимаратын Алматыдан Астанаға көшірді, олигархтармен, журналистермен және тіпті бұрынғы премьер-министрмен күресті. Әкежан Қажыгелдиннен жауап алу үшін Хитрин Мәскеуге ұшқан. Қазақстан айыптаған экс-премьер Ресейде емделіп жатқан: оған салықтан жалтару, елден 2 млн доллар шығару және шетелден жылжымайтын мүлік сатып алу айыптары тағылды. Қажыгелдин айыптарды жоққа шығарды. Хитрин оны уақытша босататынын мәлімдеп, себебін түсіндірді:
– Ауыр жағдайдағы адамды экономикалық айыппен түрмеге тастау әлемдік қауымдастықтың теріс реакциясын тудырар еді, – деді ол.
Қажыгелдин Қазақстанға оралмады. Ал оның есепшоттарын іздеу істі мүлде басқа арнаға бұрды. Ақшаның орнына Назарбаев пен басқа да жоғары лауазымды тұлғалардың шоттары туралы деректер шықты. Біраз уақыттан соң бұл жанжал «Қазақгейтке» ұласты.
2000 жылы Хитрин Конституциялық кеңес төрағасы болды. 2004 жылы қайтыс болды. Артында Алматыдағы үш бөлмелі пәтер мен Бағанашылдағы шағын саяжай қалды. Әріптестері оның ешқандай кланға кірмегенін, адал қызмет еткенін айтатын.
Қазақгейт және клан соғыстары
Қазақстанның Бас прокурорларының ішінде ең ұзақ отырғаны — Рашид Түсіпбеков. Ол Хитриннен кейін тағайындалды, бірақ қызметіне кірісе сала халықаралық жанжалға тап болды. АҚШ-та «Мистер Қазақстан» лақап атымен танылған Джеймс Гиффенге қатысты іс қозғалды. Билік бұл тек АҚШ-тың ішкі мәселесі деп көрсетуге тырысқанымен, 2003 жылы Гиффеннің Назарбаев пен энергетика министрі Нұрлан Балғымбаевтың шоттарына 84 млн доллар аударғаны анықталды. Кейін бұл ақша «Болашақ ұрпақтар қоры» үшін аударылған жарна деп түсіндірілді. Ал оны бақылау үшін қазіргі Ұлттық қор құрылды. Дегенмен сол кезде Бас прокуратураға сұрақ көп болды: Гиффен нақты не үшін төледі? Оған ақпаратты кім берді? Қазақстан туралы қандай мәлімет берілді?
Бұл сұрақтарға жауап талап етілсе де, Түсіпбеков халықтың күнделікті мәселелерін шешуге басымдық берді. Ол Астанадағы ескі үйлерді сүру кезінде азаматтардың құқықтарын қорғауды талап етті, сотталғандардың жағдайын назарға алды, жергілікті «погондағы қылмыскерлермен» күресті. Осы тактика сәтті болды, ол қызметінде 8 жыл отырды, халықтың да оған көзқарасы оң. Бірақ дәл сол кезеңде тәуелсіз Қазақстандағы ең ірі қарсыластық басталды. Ол – Түсіпбеков тобы мен Қожамжаров тобының тартысы. Түсіпбеков Бас прокуратурада отырған кезде Қайрат Қожамжаров Қаржы полициясында тез өсіп, Финполдың ықпалы артып жатты. Бір кезде қаржылық полиция прокурорларды жемқорлықпен ұстауға кіріссе, Бас прокуратура Финполдың тергеу әдістерін заңсыз деп жариялай бастады.
Прокурорлардан халықтың қорғаушысын қалай қалыптастырмақ болды
2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурорды алмастыру туралы шешім қабылдап, Рашид Түсіпбековтің орнына Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Қайрат Мәмиді тағайындады.
– Жоғарғы сот тұрғысынан алғанда құқық қорғау жүйесінің барлық кемшілігі анық көрінеді. Ал Бас прокуратура бүкіл құқық қорғау құрылымдарын біріктіреді, оларды жұмылдырып, көтерілген мәселелерді шешуге бағыттайды. Мәмидің өз көзқарасы бар, ол оны жасырған емес. Сол себепті оның идеяларын жүзеге асыру үшін тағайындалуына келісім берулеріңізді сұраймын, – деп түсіндірді бұл шешімін Назарбаев сенаторларға.
Сенат бірауыздан қолдады. Мами Бас прокурор болды, Түсіпбеков Әділет министрлігіне кетті. Алайда Қайрат Мәми бұл қызметте ұзақ отырмады: екі жылдан кейін Сенат төрағалығына ауысып, артынша қайтадан Жоғарғы сотқа барды. Демек, Бас прокуратураны дамыту жөніндегі өз жоспарын жүзеге асырған сыңайлы. Сол кезеңдегі жаңалықтарға қарағанда, ол қадағалау функциясына басымдық беріп, өзге күштік құрылымдардың заңға сай әрекетін қайта тексерумен айналысқан. Бұл өте орынды еді: елде қаржы дағдарысы күшейіп, құрылыс секторы күйреп, мыңдаған үлескер ақшасыз қалды. Полициядан жауап таппаған жұрт прокуратураға ағылды. Расымен, сол уақыттағы жарияланымдарға қарағанда, бұл жол да аса нәтиже бермеді. Дегенмен бастама жаман болмаған.
Орынбасарлардың дәурені
Келесі Бас прокурорлар – Асхат Дауылбаев пен Жақып Асанов. Оларды не байланыстырады? Дауылбаев ведомствоны бес жыл басқарып, оның ықпалын барынша күшейтті. Асанов екі жылға жетпейтін мерзімде қызмет етіп, либерализация мен кей функцияларды басқа органдарға беруімен есте қалды. Бірақ екеуінің ортақ тұсы – Бас прокурор болар алдында ұзақ жылдар бойы орынбасар қызметін атқаруы. Қазір бұл қалыпты көрінгенімен, сол кезеңде министрлік пен комитеттерге жетекшілер көбіне сырттан шақырылатын. Сондықтан орынбасардан Бас прокурорға дейін көтерілу ерекше тәжірибе еді.
Ішкі жүйені жақсы білу Дауылбаевқа Бас прокуратураны ең ірі қылмыстық істерді тергейтін орталық органға айналдыруға мүмкіндік берді. Антикоррупциялық заңнамадағы жаңа нормаларды тәжірибеге енгізуді де Кайрат Қожамжаров басқарған профильдік органға емес, Дауылбаевтың өзіне тапсырды. Ол, ең алдымен, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын тергеуімен есте қалды. Бас прокурордың тұжырымынша, алаңда «жаппай тәртіпсіздік емес, бұзақылық» болған.
– Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, құқық бұзушылар полицияға шабуылдады, жаңа жылдық шыршаны құлатып, мерекелік киіз үйлер мен сахнаны бүлдірді, полиция автобусын өртеді. Бір топ бұзақы тұрғындарды соққыға жығып, алаң маңындағы көліктерді қиратты, – деді ол.
Неге халық дәл Тәуелсіздік күнінде «бұзақылыққа» кірісіп кеткенін прокуратура түсіндірмеді. Ал оған қарсылық білдіретін орган болмады. Дауылбаев кезінде қадағалау органы жеңілмейтін күшке айналды, азаматтар шағымын да сол органның өзіне айтуға мәжбүр болды.
Жақып Асанов осы сарынға қарсы тұруға тырысты. Оның бастамасымен прокуратура жанынан азаматтарды қабылдау орталығы ашылды. Бірақ бүгінде ол орталық жиі кедергіге ұшырайды. Мәселен, жуырда адвокат Анар Құсайынова Бас прокурормен жеке кездесуге талай өтініш жолдаса да, тек формалды жауаптар алған соң прокуратураны сотқа беруге мәжбүр болды.
Күштік орган күші
Жақып Асановқа қарағанда Қайрат Қожамжаров Бас прокурор қызметінде одан да аз отырды. Бірақ бұрынғыдай, ол жаңа тәртіп орнатуды бірден бастады. Прокуратураға өз командасымен келді, олардың қатарында Олеся Кексель де бар еді. Қожамжаров тобы монополистерге, лауазымды тұлғаларға қатысты тергеулерге кірісті. Дәл осы орган энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның ісін жүргізді. Қожамжаровтың есебінше, бір жылдың ішінде прокуратура 34 млрд теңгені мемлекет пайдасына өндіріп, 12 млрд теңгенің мүлкін қайтарды.
2019 жылдың наурызында Қожамжаров Сенатқа өтті, ал Бас прокурор қызметіне Ғизат Нұрдәулетов келді. Оның кезеңіне пандемия мен Қаңтар оқиғасы тұспа-тұс келді. Ресми мәліметтерге қарағанда, ол кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және қадағалау жүйесін бақылауға басымдық берген. 2022 жылдың ақпанында президент оны Қауіпсіздік кеңесіне хатшы етіп ауыстырды, ал Бас прокуратураны Берік Асылов қолға алды. Оның тұсында прокуратура қайтадан күшейіп, шенеуніктерге де, олардың айналасындағы адамдарға да қатаң шаралар қолдана бастады.
Үлкен үміт
Бас прокуратураның жұмысын күшейту үшін Бас прокурордың орынбасары қызметіне Антикордың экс-басшысы Асхат Жұмағали тағайындалды. Оның басшылығымен Антикор Төтенше жағдайлар кезінде ұрланған қаржыларды қоса алғанда, көп резонансты істі тергеді. Жұмағалидің тәжірибесі күштік құрылымдардың өкілеттіктері қайта бөлініп жатқан қазіргі кезеңде прокуратураның ықпалын айтарлықтай арттыруы мүмкін.
– Отыз жыл ішінде прокуратура халық сенімін жоғалтты, бұл – шындық. Осы тұрғыдан алғанда Асхат Жұмағалидің Бас прокурордың орынбасары болуы – қадағалау блогын күшейтуге және құқық қорғау жүйесін шынайы реформалауға бағытталған стратегиялық қадам.
Егер Асхат Жұмағали ішкі қарсылық пен кланаралық топтарға төтеп бере алса, ол жай орындаушы емес, жүйені өзгертетін реформатор бола алады. Сонда Бас прокуратура азаматтардың құқығын қорғайтын, заңдылық пен сенімділікті қамтамасыз ететін нағыз қадағалау органына айналады, – дейді Transparency International ұйымының мүшесі Әсел Темірова.
Оның айтуынша, Бас прокуратура мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша орын алады. Ол – жай процессуалдық орган ғана емес, азаматтардың құқықтарын қорғау мен мемлекеттің тұрақтылығына жауапты институт. Прокурорлық қадағалау әлсіресе немесе өзі коррупциялық тізбекке айналса, тергеу органдарындағы сыбайластық жүйелі сипат алып, қалыпты жағдайға айналады. Кез келген тергеу белгілі бір деңгейде прокурордың рұқсаты мен бақылауына тәуелді. Тергеу әрекеттерінің ешқайсысы прокурор санкциясынсыз жүрмейді. Сондықтан коррупциямен күрес мықты, тәуелсіз және принципшіл прокуратурасыз мүмкін емес. Құқық қорғаушы қазіргі Бас прокуратурада дәл осындай команда қалыптасады деп үміттенеді.
Шекарасы жоқ күрес
Бас прокурор Берік Асыловтың командасы Қаңтар оқиғалары мен экстрадиция істерінің жандануын өз пайдасына жазып отыр. Дегенмен әзірге елге қайтарылғандардың арасында Арман Жұмаділдаевтың («Дикий Арман») серігі саналатын бір ғана адам бар. Бірақ прокуратура өзге күдіктілерді қайтаруды талап етуді жалғастырып жатыр. Түркиядан Талғат Арданды, Ресейден Анатолий Балушкинді, Германиядан Мақсат Дүйсеновті сұрату жөнінде құжаттар жіберілген.
Бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеудің де барысы белгісіз. Прокуратура оның ісі бойынша тексеру жүріп жатқанын айтты, сондай-ақ оның серіктері Олеся Кексель мен Талғат Татубаевқа қатысты тергеу де жалғасуда. Бірақ Қожамжаров Ресей азаматтығын алған, ал Ресей өз азаматтарын басқа елге бермейді. Сол себепті Балушкин де Қазақстан әділ сотының алдына шықпаған. Дегенмен «өз адамы» болғандықтан, прокуратура қызметкерлерінің оны қайтаруға ынтасы күштірек болуы мүмкін. Неге десең, Қожамжаров Финполды басқарған кезеңде прокурорлардан көптеген табысты операцияларды тартып алғаны. Оның командасының тергеу әдістері, қуғын-сүргінге түскен талай адам айтқандай, бүкіл Қазақстанның күштік құрылымдарына көлеңке түсірді.
Сондықтан Бас прокуратура үшін Қожамжаров секілді салмақты тұлғаларды ұстау абыройын көтерер мәселе болмақ.