×
514.74
599.36
6.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
514.74
599.36
6.71

Жаңа жылда әкімдіктер қанша қаржы жұмсайды?

Бүгін, 10:28
Жаңа жылда әкімдіктер қанша қаржы жұмсайды?
Ulysmedia.kz коллажы

Әр жылы қазан айының ортасынан бастап өңір әкімдіктері жаңа жылдық безендіру жұмыстары бойынша тендер жариялауды әдетке айналдырған. Ulysmedia.kz шыршалар мен мұз қалашықтарына қанша қаржы бөлінгенін білу үшін барлық әкімдікке ресми сауал жолдады. Жауаптар көп күттірмеді және бір жайтты айқын көрсетті. Түсінгеніміз: шенеуніктер мерекелік безендіруден бюджет қаржысын үнемдейін деп отырған жоқ.

Павлодардағы 800 миллион және он есе қысқарған «мерекелік бюджет»

Елдегі жағдай айтарлықтай күрделі. Шынын айтсақ, редакция ішінде Жаңа жылдың жақындағанын да ұмытып кете жаздадық. Біріншіден, қазақстандық инфляция тойлауды емес, күнкөрісті ойлататын деңгейге жетті. Екіншіден, жаңа Салық кодексі 2026 жыл 2025 жылдан да ауыр болатынын аңғартып отыр. Дегенмен мерекені «еске салған» – әкімдіктердің өздері. Павлодар облысының әкімдігі 800 миллион теңге болатын қомақты тендер жариялады. Үш лотқа бөлінген сома мерекелік конструкцияларды орнату мен қызмет көрсетуге, арнайы техника мен персонал жұмысын төлеуге бағытталуы тиіс еді. Бұл – өңірдің жаңа жылдық шығыны ма, әлде облыс орталығының өз шығыны ма? Дегенмен облыс әкімдігі көп ұзамай мәлімдеме жасап, мұндай шығындардың мерекеге қатысы жоқ екенін түсіндірді.

– Бұл келісімшарт қаладағы сенбіліктерді, санитарлық тазалықты, конструкцияларды, материалдар мен өзге де жүк тасымалын ұйымдастыру кезінде арнайы техниканы пайдалануды қарастырады. Техника тек Павлодардағы шаруашылық және ұйымдастырушылық жұмыстарға ғана қолданылады, – деп түсіндірді басқарма өкілдері.

Жаңа жылды қарсы алуға облыс 51 млн теңгеге де жетпейтін қаржы жұмсамақ.

– Павлодар облысының 3 қаласы мен 10 ауданында Жаңа жылды безендіруге 50,8 млн теңге қарастырылған. Бұл сомаға шыршалар, жарық иллюминациясы, шағын архитектуралық нысандар және т.б. орнатылады. Бұған дейінгі жылдардағы мүліктер жарамды күйде сақталған, солар қайта қолданылады. Бөлінген қаражат тек монтаж, демонтаж, тасымалдау және қызмет көрсетуге жұмсалады, – деп жазды әкімдік.

Үнемшіл аймақтар

Әкімдіктердің жауаптарына қарағанда, кей өңірлер Жаңа жылды өте қарапайым өткізбек. Мәселен, Петропавл және Ақтау әкімдіктері мүлде қаржы жұмсамайтынын айтты. Безендіру құралдары бұрынғыдан қалған, қалғанына демеушілер көмектеседі. Қарағанды әкімдігі бөлінген соманы жарияламады. Тек үш жылға барлық мерекелерге безендіру бойынша келісімшарт жасалғанын хабарлады. Үнемшілдердің қатарында Түркістан да бар. Қала жаңа жылдық концерттерге небәрі 2,5 млн теңге бөледі. Шырша мен иллюминацияға қосымша қаржы бөліну-бөлінбеуі белгісіз.

Қызылорда облысы да мерекені бюджеттік деңгейде қарсы алмақ. Аймаққа 7,1 млн теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, бұрын сатып алынған 5 шырша мен 30 шағын архитектуралық нысан биыл да орнатылады. Бірақ әкімдік қосымша шығындар демеушілер есебінен төленетінін ескертті. Батыс Қазақстан облысының орталығы да Жаңа жылды 11,2 млн теңгемен өткізбек.

– Сметаға фейерверк ұйымдастыру, қаланы және алаңдарды безендіру, әр ауданға шыршалар орнату және әсемдеу, концерттер мен қойылымдар, мәдени шаралар, сондай-ақ Орал әкімі атынан мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған жаңа жылдық ертеңгіліктер кіреді, – деп хабарлады әкімдік.

Айтарлықтай сән-салтанатсыз

20-30 млн теңге аралығында қаржы жұмсамақ 5 өңір бар. Олар Ақтөбе, Атырау, Алматы облысы, Ұлытау және Жетісу облыстары. Әкімдіктердің айтуынша, бұл сома орталықтардағы мерекелік көңіл-күйді қалыптастыруға жеткілікті, өйткені бұрынғы безендіру бұйымдары сақталған.

Ал 5 өңір 100 млн теңгеге дейін жұмсамақ. Ең егжей-тегжейлі есеп берген – Тараз әкімдігі.

– Қаланың жаңа жылдық безендіруі мен іс-шараларға бюджеттен 37 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде: LED-экран мен техниканы жалға алу – 5,5 млн, шыршаны безендіру – 9,5 млн, хореограф пен режиссер қызметі – 8,12 млн, костюмдер дайындау – 6,85 млн, сахна безендіруі – 7 млн теңге, – деді әкімдік. Сонымен бірге демеушілер тарту жоспарланып отырғанын қосты.

Семейде концерттік бағдарламаға 10 млн теңге, қаланы безендіруге 55 млн теңге жұмсалмақ. Көкшетау да 55,4 млн теңгеге қала тұрғындарына жаңа жылдық көңіл-күй сыйлауды көздеп отыр.

Күннің жылы болуы жоспарды бұзады

Қостанай Жаңа жылға 86 млн теңге жұмсайды. Ақшаның дені мұз қалашығына бөлінеді. Бірақ ауа температурасы жоспарды өзгертуі мүмкін. 2025 жылдың қараша айы Қазақстанда соңғы 84 жылдағы ең жылы ай ретінде тіркелді. Желтоқсанда да солтүстік өңірлерде нөлден жоғары температура сақталып отыр. Мұз қалашығын бұл жағдайда қалай салатыны түсініксіз. Астанада да бөлінген 365 млн теңгенің бір бөлігі игерілмей қалуы мүмкін. Қаражат аудандарға мынадай көлемде бөлінген: Байқоңыр, Сарайшық, Сарыарқа, Алматы аудандарына – 50 млн теңгеден, Есілге – 90 млн, Нұраға – 75 млн. 2026 жылға қарағанда, астана 2025 жылға екі есе көп қаржы жұмсаған. Себебі былтырғы безендірулер сақталған.

Аз ба, көп пе?

Мерекеден аянып қалмаған өңірлер де бар. Өскемен Жаңа жылға 140 млн теңге бөледі. Жартысы безендіруге, жартысы концерттер мен іс-шараларға. Шымкент те аз шығындалмайды, қала 166 млн теңге жұмсамақ.

– Қаражат мынадай бағыттарға бөледі:

  • Мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасы – 52,3 млн теңге;
  • Қаланың 5 ауданында іс-шаралар өткізуге – 14,9 млн;
  • Жаңа жылдық безендіруге – 99,3 млн теңге, – деп хабарлады әкімдік.

Алайда шығындар бойынша рекорд – Алматыда. Қала толық сметаны жарияламай отыр.

– Қазір жаңа жылдық безендіруге мердігерлерді анықтау бойынша конкурс өтіп жатыр. Қаржыландыру көлемі мен мердігерлер тізімі конкурс аяқталған соң белгілі болады, – деп мәлімдеді мегаполистің мәдениет басқармасы.

Алматының кей аудандары бөлек жауап жолдады. Алатау ауданы – 100 млн теңге, Түрксіб – 200 млн, Наурызбай – 92,3 млн теңге. Қалада 8 аудан бар. Егер қалған 5 аудан да 100 млн теңгеден жұмсаса, Алматының Жаңа жылға кететін шығыны шамамен 800 млн теңгеге жетеді. Былтыр да шамамен осыншама жұмсалған.

Жалпы алғанда, Қазақстан осы Жаңа жылға шамамен 1,5 млрд теңге жұмсамақ. Бұл көп пе, аз ба, бағасын өзіңіз беріңіз.

Серіктес жаңалықтары