×
505.53
593.44
6.34
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
505.53
593.44
6.34

2025 жылы Мәжіліс депутаттары қандай тақырыптарда дауласты

Бүгін, 14:09
2025 жылы Мәжіліс депутаттары қандай тақырыптарда дауласты
Ulysmedia.kz коллажы

2025 жылы Қазақстан парламенті қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Депутаттар тек заң қабылдап, дауыс беріп қана қоймай, қызу пікірталасқа түсіп, резонанс тудырған мәлімдемелер жасап, кейде ашық дауласып та жатты. Кейбір сөздер тіпті жұрттың назарын бір жыл бойы талқыланған салық реформасынан басқа жаққа бұрып жіберді. Ulysmedia.kz депутаттық өмірдегі ең есте қалған сәттерді еске алды.

Отбасылық құттықтаулар

2025 жылдың қыркүйегіне дейін Ардак Назаров есімін негізінен оның сайлаушылары мен ММА жанкүйерлері ғана білетін. Алайда депутат Мәжілістің пленарлық отырысын күтпеген жерден «отбасылық форматқа» ауыстырған сәттен кейін оның аты бүкіл елге мәлім болды.

Депутаттық сауалын жариялар алдында Назаров отырысты тоқтатып, анасын туған күнімен көпшілік алдында құттықтады. Бұл жайт әлеуметтік желілерде лезде қызу талқыланды. Қолданушылар парламент отырысын әйгілі “Поле чудес” бағдарламасымен салыстырып, депутаттар «туыстарға сәлем жолдайтын» деңгейге жетті деп әжуалады. Тіпті «Мәжіліске қоңырау шалу» форматындағы әзіл видеолар да тарады.

Көпшілік Назаровтың парламент мінберін жеке мақсатта пайдаланғанын этикаға қайшы деп бағалады. Алайда депутаттың өзі мұны проблема деп санамады.

- Мен біреуді өлтірдім бе? Әлде заң бұздым ба? Мен тек анама құрмет көрсеттім, — деді ол журналистерге.

ЛГБТ және ChatGPT

2025 жыл Еділ Жаңбыршин үшін де тыныш өткен жоқ. Ол ЛГБТ қауымдастығына қатысты қатаң мәлімдемелерімен және осы бағыттағы заңнамалық бастамаларымен бірнеше рет қоғамдық пікірдің ортасына түсті.

Мәжіліс отырыстарының бірінде Жаңбыршин өзін және әріптестерін ЛГБТ топтары тарапынан «ақпараттық шабуылға» ұшырап отырмыз деп мәлімдеді. Ал сынға жауап ретінде өзін мысалға келтіріп, гетеросексуал екенін, бірақ бұл туралы митингке шығып, жария түрде насихаттамайтынын айтты. Оның пікірінше, жеке өмір қоғам талқысына айналмауы тиіс.

Жыл соңына қарай депутат журналист әрі белсенді Темірлан Еңсебекке қатысты ҚР ҚК-нің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша қозғалған істе аты аталды. Алайда Жаңбыршин арызды өзі емес, Instagram-дағы жазбаға байланысты полицияға жүгінгенін айтты.

- Бұл сатира емес, бұл — мазақ. Сондықтан арыз жаздым. Бұл менің ар-намысыма тиеді, — деді депутат.

Сондай-ақ ол қалдықтарды басқару жөніндегі дөңгелек үстел кезінде баяндамашылардың деректерін ChatGPT арқылы тексеріп, қайта өңдеу көрсеткіштері асыра көрсетілгенін айтып, залда күлкі туғызған.

Хайп үшін емес пе?

Бақытжан Базарбек 2025 жылдың басты жетістігі ретінде Құрылыс кодексінің қабылдануын атады және өз еңбегін жасырмады.

Оның айтуынша, құжатта Алматы маңындағы тау бөктерінде құрылыс салуға тыйым салу, қауіпті аймақтардағы шектеулер, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын күшейту және адал емес құрылысшылар реестрін енгізу сияқты ұсыныстары ескерілген.

Алайда ол да өткір пікірталастардан тыс қалған жоқ. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін талқылау кезінде Базарбек Денсаулық сақтау министрлігі мен СҚ-Фармация ұйымын ірі фармкомпаниялардың мүддесін қорғады деп айыптады.

- 220 миллион теңгеге сапасыз препарат сатып алынған, 3 миллиард теңгенің дәрісі кері қайтарылған. Бұл — халықтың ақшасы. Мұнда лоббизмнің иісі шығады, — деді ол.

Депутат Бас прокуратура мен құқық қорғау органдарынан тиісті тексеру жүргізуді талап етті.

Парламент – шоу алаңы ма, әлде заң шығарушы орган ба?

2025 жылдың қорытындысы Мәжілістің ішінде екі түрлі бағыт айқындалғанын көрсетті. Бір депутаттар мінберді жеке құттықтаулар мен арандатушылық мәлімдемелер үшін пайдаланса, енді біреулері нақты заңнамалық жұмысқа көңіл бөлуге тырысты. Алайда соңғыларының дауысы жиі жанжалдың тасасында қалып отырды.

Енді басты сұрақ ашық күйінде қалып отыр: 2026 жылы парламент өзінің негізгі міндетіне — азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған заңдар қабылдауға шындап кірісе ала ма?

Серіктес жаңалықтары