×
505.53
593.44
6.34
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
505.53
593.44
6.34

Мұнай өндірісінің шыңы ма, әлде инфляция батпағы ма: 2026 жылы Қазақстан экономикасы қайда бағыт алады?

Бүгін, 10:33
Мұнай өндірісінің шыңы ма, әлде инфляция батпағы ма: 2026 жылы Қазақстан экономикасы қайда бағыт алады?
ulysmedia коллажы

Шығыс күнтізбесі бойынша 2026 жылдың символы — қызыл жылқы. Бұл — текті, бірақ асау мінезді жануар. Ол Қазақстан экономикасын қай бағытқа алып кетері әзірге беймәлім. Ulysmedia 2026 жылға арналған негізгі болжамдарды жинақтап, отты тұлпардың бағыты қандай болмақ, мұнай өндіру шыңына жетелей ме, жоқ әлде жоғары инфляцияның батпағына батыра ма?  деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

2025 жылы Қазақстан экономикасы жылдам өсті. ЖІӨ 6%-дан асып жығылды. Алайда АФК сарапшылары 2026 жылы мұндай өсімнің қайталануы екіталай екенін ескертеді. Бұл бірнеше факторға байланысты.

— Фискалдық ынталандырудың қысқаруы, қаржылық жағдайдың қатаюы және бөлшек несие беру белсенділігінің төмендеуі экономикалық өсудің бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін, — дейді қаржыгерлер.

Экономика министрлігі 2026 жылы Қазақстан экономикасы 5,4%-ға өседі деп оптимистік болжам жасады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша ол 4,5% болуы тиіс. Жалпы алғанда, сарапшылар Қазақстан экономикасында баяулау болатынын айтады. Бірақ мемлекеттік инвестициялар негізгі салаларды қолдайтындықтан, ол толықтай тоқтап қалмайды.

Сонымен бірге, біздің елдегі экономикалық өсудің бір ерекшелігі бар. Ол – ЖІӨ өсімі мен халықтың шынайы табысы арасындағы айырмашылық. Қазақстанда ЖІӨ өссе де, халық байымайды. Керісінше, нақты табыс төмендеуде. Мәселен, 2026 жылға болжам бойынша орташа жалақы 500 мың теңгеге жетеді деп күтілуде, нақты өсімі 7,6%. Алайда қазақстандықтар өздерін бірден бай сезінбейді. Себебі басты кедергі — инфляция, ол 2026 жылы Ұлттық банктің негізгі «қарсыласы» болып қала береді.

Инфляция

Жаңа Салық кодексінің күшіне енуі және ҚҚС мөлшерінің өсуі жалпы инфляцияның өсуіне әсер етеді.

Үкіметтің «Байтерек» холдингі арқылы нақты секторға несие беру жоспарлары да инфляцияны 5%-дық межеге түсіру мақсатымен үйлеспейді. Сондықтан билік өкілдерінің «2026 жылы инфляция төмендейді» деген уәделерін алдаусырату әрекеті деп қабылдаған жөн. Шын мәнінде, жылдың бірінші жартысында бағалар шарықтауы мүмкін.

Halyk Finance сарапшылары атап өткендей, 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін тұрғын үй коммуналдық қызметтері тарифтерін көтеруге мораторий енгізілген. Бұл бағаның жыл басында күрт өсуіне жол бермейді. Ал кейін тарифтер «еркін жүзуге» шығады, бұл қосымша инфляциялық фактор болады. Ең алдымен азық-түлік пен қызмет бағасы өседі. Сол себепті 2026 жылдың бірінші тоқсанынан кейін Қазақстанда бағалар күрт көтерілуі ықтимал.

— Ішкі ортаның өзі проинфляциялық. Сыртқы жағдай да дәл сондай. Валюталық курс тікелей бағаның өсуіне ықпал етеді. Сондықтан үкімет 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге мораторий енгізді. Менің ойымша, бұл уақытша шара. Бірінші тоқсаннан кейін баға өсуі жалғасады, — дейді AERC Қолданбалы экономика зерттеу орталығының бас директоры Жәнібек Айгазин.

Тіпті Ұлттық банк те бұрынғы оптимизмін бәсеңдетіп, 2026 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 9,5%-дан 12%-ға дейін болады деп болжам жасап отыр. Бұл бірінші тоқсанда ҚҚС өсімінің әсерін ескерсек, орындыболжам. Солай бола тұра, регулятор «баға қозғалысын болжауда белгісіздіктің артқанын» мойындайды.

Белгісіздікке сыртқы факторлар да әсер етіп отыр. Әсіресе Ресейден  келетін «импортталған инфляция». Биліктің өз шешімдері де халықты тосын жағдайға қалдыруы мүмкін. Халықаралық валюта қоры да Қазақстанда инфляция екі таңбалы деңгейде сақталады деп болжайды және тек жылдың соңына қарай 11%-ға дейін төмендеуі мүмкін дейді.

Қазақстандықтардың өз болжамы сәл жоғары: сауалнама бойынша, 2026 жылы инфляция 13,6%-ға жетуі мүмкін. Бұл ресми болжамнан әлде қайда жоғары. Бірақ шындыққа жақын болуы мүмкін.

Базалық мөлшерлеме


Инфляция алдағы алты айда жоғары деңгейде сақталады — сондықтан Ұлттық банк жақын арада базалық мөлшерлемені төмендетпейді. Регулятор мұндай жағдайға арнайы термин қолданады: «ұзақ мерзімді орташа қатаң ақша-кредит саясаты».

— Базалық мөлшерлеме сол күйінде қалады немесе жағымсыз жаңалықтар болса, оны көтереміз, — деді Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов.

2026 жылы базалық мөлшерлеме сегіз рет қаралады. Алғашқы шешім 23 қаңтарда қабылданады.

Сарапшылар болжамынша, бірінші тоқсанда Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін мөлшерлемені 19–20%-ға көтеруі мүмкін. Ал жыл соңына қарай ақша-кредит саясатын біртіндеп жеңілдетіп, 17%-ға дейін төмендетеді. Сарапшы Алишер Каримов мөлшерлеменің 16–16,5%-ға, оптимистік сценарийде тіпті 14%-ға дейін төмендеуі мүмкін екенін айтады, бірақ бұл жыл соңына қарай ғана болады.

Теңге бағамы


2025 жылы теңге акробатикалық қимылдар жасады: бірде тарихи максимумға жетсе, бірде қайта құлады. Бұл доллар бағасын болжау қаншалықты қиын екенін көрсетті.

2026 жылдың бірінші тоқсанында теңге бағамы қазіргі деңгейден айтарлықтай өзгере қоймайды деп күтілуде: 500–520 теңге шамасында. Ал кейбір сарапшылар психологиялық межені 520 теңге деп бағалайды. Экономист Арман Бейсембаев атап өткендей, 2026 жылға арналған бюджет 540 теңге/доллар есебімен жасалған, сол себепті курс соған ұмтылады. Екінші тоқсанға қарай ол 520–550 теңге аралығында тұрақталуы мүмкін. Ұзақ мерзімді болжам жасау қиын.

Мұнай көп, бірақ табыс аз

Қазақстан үшін тағы бір басты көрсеткіш — мұнай бағасы. 2025 жылдың соңында мұнай бағасының 18% төмендеуі жағымды жаңалық емес. 2025 жылы елдің экономикалық өсімін қамтамасыз еткен негізгі фактор —мұнай өндірісінің өсуі (14,1%). Теңгіз кен орны өндірісінің ұлғаюы бүкіл саланың дамуына негіз болды.

2026 жылы Қазақстан жылдық мұнай өндірісінің шегіне жетеді. Яғни «қара алтын» жеткілікті, тіпті шикізат бағасы төмен болса да, тұрақты табыс әкеледі. Бірақ кез келген төтенше жағдай (мысалы, КТК құбырларына шабуыл) өндіріске кері әсер етуі мүмкін.

Бұған қоса, «өндіріс біртіндеп азаяды, әрі баяулайды», — деп ескертеді Halyk Finance бас талдаушысы Салтанат Игенбекова. Сонымен қатар, Қазақстан мұнайы арзандауы мүмкін: Дүниежүзілік банк болжамынша, келесі жылы әлемде артық мұнай 65%-ға өседі. Сұраныс өндірістен баяу өседі, сондықтан мұнайдан табыс табу қиындайды.

Қазақстан ОПЕК-пен келісе ме?

Мұнай өндірісінің шегі әлемдік өндірістің өсуімен сәйкес келді. Өндіріс жеткілікті, бірақ сұранысқа күмән бар. ОПЕК+ ұйымы Қазақстанға өнідірісті қысқартуды талап етіп, бірнеше рет ескерту жасады. Қазақстан мұнай өндірісін 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың маусымына дейін күніне 2 млн 917 мың баррельге қысқарту керек. Жаңа квоталық жүйе Қазақстан үшін қолайсыз жағдай туғызады. 2026 жылы Астана мен ОПЕК арасында жаңа келіспеушіліктер болуы мүмкін. Тіпті Қазақстан ұйымнан шығуы да мүмкін.

Импортқа тәуелділік артады
Тағы бір алаңдатарлық болжам — сауда балансы профицитінің азаюы. 2026 жылы экспорт 77,1 млрд доллар, импорт 67,7 млрд доллар болады, бұл 2025 жылмен салыстырғанда профицитті 16%-ға азайтады (11,2 млрд доллардан 9,4 млрд долларға). Қазақстан импортқа тәуелділігі жоғары ел болып қала береді, сондықтан 2026 жылы шетелдік тауарларға тәуелділік қайтадан сезіледі.

Серіктес жаңалықтары