×
508.91
594.36
6.33
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
508.91
594.36
6.33

Жұбайың шенеунік болса, сен бизнесменсің: министрлердің, топ-менеджерлер мен әкімдердің әйелдері ақшаны қайдан табады?

Бүгін, 11:37
Жұбайың шенеунік болса, сен бизнесменсің: министрлердің, топ-менеджерлер мен әкімдердің әйелдері ақшаны қайдан табады?
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда қаңтар айында жоғары лауазымды шенеуніктер мен квазимемлекеттік сектордың топ-менеджерлерінің табысы туралы декларациялар қоғамда қызу талқыға түсті. Алайда жұртшылықтың назары бұл жолы мемлекеттік қызметшілердің өздеріне емес, олардың жұбайларына көбірек ауды.

Рекордшылар

Кейбір декларация есебін оқи отырып, отбасындағы негізгі нан табар әйелдер ме деп қаласың. Өйткені олардың кірісі ықпалды күйеулерінің ресми жалақысынан бірнеше есе жоғары болып отыр.
Мәселен, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің әйелі 2024 жылға арналған декларациясында 88 млн теңгеден астам табыс көрсеткен. Астананың сол жағалауындағы жылжымайтын мүлік нарығының өлшемімен бұл – бірнеше пәтердің құны.

«Самұрық-Қазына» қорының топ-менеджері Сәкен Мұратұлының жұбайы одан да көп, шамамен 96 млн теңге тапқан. Ал рекорд орнатқан - Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы. Оның жылдық табысы 2,3 млрд теңге болған. Нөлі көп мұндай соманы қазақстандықтардың басым бөлігі өмір бойы жұмыс істесе де таба алмайды. 

Бұл ауқатты әйелдер қандай іспен айналысады, табыс көздері қандай, жарияланған мәліметтер олардың өмір салтына сай келе ме? Осыны анықтау үшін Ulysmedia.kz декларацияларды, ашық деректерді, әлеуметтік желілер мен мүлікті талдап шықты.

Бизнес жоқ, табыс бар

Серік Жұманғариннің декларациясында жұбайының негізгі табыс көзі ретінде бағалы қағаздардан түсетін дивидендтер көрсетілген. Яғни, ресми дерек бойынша, отбасы бюджеті Сания Садыкованың инвестициялық қызметі арқылы толығып отыр.

Алайда ашық дереккөздерде оның есімі ірі немесе орта инвесторлар қатарында кездеспейді. Оның атына тіркелген компаниялар немесе белсенді бизнес те жария реестрлерден табылмады.

Министр отбасының тұрмысы жоғары деңгейде екенін үлкен қызы Әселдің әлеуметтік желідегі парақшасынан байқауға болады. Оның Instagram аккаунты ашық әрі расталған. Лентада Dior, Chanel, Van Cleef & Arpels секілді люкс брендтердің киімдері мен әшекейлері, сондай-ақ Дубай мен Еуропа қалаларына жиі сапарлар көрсетілген. 28 жастағы Әсел де анасы секілді инвестициямен табыс тауып жүрген болуы мүмкін, бірақ бұл байлықтың нақты қайдан келіп жатқаны ашық айтылмайды.

 

Министрдің жұбайы өзі көпшілік назарынан қашады, әлеуметтік желідегі парақшасы жабық. Дегенмен журналистер Алматыдағы бір салтанатты іс-шарадан түсірілген фотоларын тапқан: Сания Садыкова танымал блогерлермен бірге кешкі көйлекпен, қымбат зергерлік бұйым тағып суретке түскен.

Отбасының мүліктік ахуалы да назар аударарлық. 2023 жылы БАҚ Серік Жұманғариннің отбасына жалпы құны шамамен 1 млн доллар болатын 10 пәтер сыйға берілгенін жазған. Ол кезде шенеунік бұл мүліктің мемлекеттік қызметке келмей тұрып жүргізген кәсіпкерлік қызметінің нәтижесі екенін, барлық актив декларацияларда көрсетілетінін айтқан. Алайда бұл мәліметтер ашық түрде ұсынылмаған.

Сонымен қатар Ulysmedia.kz Krisha.kz сайтынан 2025 жылдың маусымында министрдің қызы орналастырған пәтер сату туралы хабарландыруды тапты. Әңгіме 102 шаршы метрлік бизнес-класс санатындағы, толық жиһаздалған, тәулік бойы күзеті бар пәтер туралы. Бағасы – 89 млн теңге. Қазір бұл хабарландыру архивке жіберілген.

Ашық табыстар

Ал кейбір басқа жоғары лауазымды тұлғалар өз жұбайларының немен айналысатынын жасырмайды. Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев пен президент көмекшісі Қуанышбек Есекеевтің жұбайларының табыс көздері ашық әрі белгілі.

Ерболат Досаевтың жұбайы Гүлнар Досаева — Қазақстандағы люкс киім, аяқ киім және аксессуар сататын ірі компаниялардың бірі G&G Glamour-дың иелерінің бірі. Компания бай клиенттермен жұмыс істейді және елде MaxMara, Fendi, Marina Rinaldi, Sergio Rossi, Simonetta Ravizza, Weekend MaxMara брендтерін ұсынады.

Салық органдарының дерегінше, 2025 жылы G&G Glamour бюджетке 1,5 млрд теңгеден астам салық төлеген. Бұдан бөлек, компания бизнес-орталықтар мен әкімшілік ғимараттарды жалға берумен айналысатын KDK FASHION ЖШС-нің құрылтайшыларының қатарында. Гүлнар Досаева алтын өндіретін «Жалтырбұлақ» компаниясы акционерлерінің бірі ретінде де аталады. Forbes.kz мәліметінше, ол бірнеше экономикалық салада жұмыс істейтін Lancaster Group холдингінің де акционерлерінің қатарында.

Ал президент көмекшісі Қуанышбек Есекеев декларациясында жұбайы 2024 жылы 48 млн теңге табыс тапқанын көрсеткен. Бұл — іскерлік және қоғамдық ортада танымал Мадина Бектұрғанова. 2025 жылдың наурызында ол Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ірі акционері атанып, оқу орны акцияларының 10 пайыздан астамына ие болды. Сонымен қатар Бектұрғанова Қазақстанның эстетикалық топтық гимнастика федерациясын басқарады, Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрамына кіреді және IFAGG халықаралық санаттағы төреші ретінде қызмет атқарады.

Сонымен қатар Мадина Бектұрғанова компьютерлік техника мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатумен айналысатын Aldina Co ЖШС-не иелік етеді. Бұл деректер ашық реестрлерде көрсетілген. Көптеген шенеуніктердің жұбайларынан айырмашылығы, Мадина Бектұрғанова ашық өмір салтын ұстанады: әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, өз жұмысын көрсетеді, сондай-ақ халықаралық спорттық жарыстардан, төреші ретінде қатысатын турнирлерден фото және видеоларды тұрақты түрде жариялап отырады.

Ал салықтар қайда?

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның Бейжіңдегі өкілдігінің басшысы Сәкен Мұратұлының жұбайы Гүлнұр Нұркеева декларацияға сәйкес, 2024 жылы 96 млн теңге табыс тапқан. Бұл — квазимемлекеттік сектордағы шенеуніктер мен топ-менеджерлердің жұбайлары арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Kompra.kz дерегінше, Нұркееваның атына Қазақстанда тұрғын үй мен автокөлікті жалға беру қызметімен айналысатын жеке кәсіпкерлік тіркелген. Алайда Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенсек, есепті кезеңде бұл ЖК салық төлемеген.

Гүлнұр Нұркеева он жылдан астам уақыт бойы жұбайымен бірге Қытайда тұрады. Негізгі қызметі де сол елде шоғырланған: ол халықаралық GRATA International заң фирмасының Қытайдағы кеңсесін басқаратын басқарушы серіктес. Компания сайтында Нұркееваның дауларды шешу мен арбитражға маманданғаны, жетекші заңгерлер рейтингтеріне кіретіні, сондай-ақ Қазақстандағы Халықаралық арбитраж орталығы, Бейжің арбитраж комиссиясы, Сиань мен Вэйхайдағы арбитраж комиссиялары сияқты халықаралық және өңірлік институттарда төреші ретінде қызмет атқаратыны көрсетілген.

Ақша қайдан келеді?

Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаевтың жұбайы Гүлнұр Қойшанқызы декларацияға сәйкес, 2024 жылы 69 млн теңге табыс тапқан. Алайда ашық дереккөздерде оның атына тіркелген бизнес анықталмады. Сонымен бірге Гүлнұр Қойшанқызы аффилирленген тұлғалар тізімінде кездеседі: онда ол Маңғышлақ-Мұнай ЖШС директоры Берекет Тоқаевтың әпкесі ретінде көрсетілген. Оның Қазақстан Президентімен туыстық байланысы бар-жоғы немесе бұл тек тектің сәйкестігі екені ашық деректерде нақтыланбайды.

Денсаулық сақтау саласының бұрынғы министрі, қазір Президенттің кеңесшісі Алексей Цойдың жұбайы Жанна Валентиновна 2024 жылы декларацияда 1 млн теңге табыс көрсеткен. Соңғы ашық деректерге сәйкес, 2019 жылы ол Қазақстанның Даму Банкі бағалы қағаздарды бағалау департаментінің директоры қызметін атқарып, мемлекеттік наградамен марапатталған. Қазіргі уақытта немен айналысатыны және оның бұрынғы қызметімен байланысы бар-жоғы белгісіз, өйткені өзекті ақпарат ашық дереккөздерде жоқ.

Сұрақ қашан туындайды?

Сауда және интеграция вице-министрі Әсeт Нүсіповтің жұбайы Мадина Мұнайтбасова декларацияларда ең төмен табыстардың бірін көрсеткен: 2024 жылы небәрі 450 мың теңге. Алайда ашық деректерге сүйенсек, 2025 жылдың шілдесіне дейін ол фитнес-клубтармен айналысатын Insight Motion ЖШС-не иелік еткен.

Компанияның қаржылық көрсеткіштері қарама-қайшы: Мемлекеттік кірістер комитеті дерегінше, 2023 жылы ЖШС бюджетке шамамен 1,3 млрд теңге салық төлесе, 2024 жылы бұл сома 344 мың теңгеге дейін азайған. Осындай бизнес кезінде компания иесінің өзі жылына бар-жоғы 450 мың теңге табыс тапқаны түсініксіз. Оның атына тіркелген өзге табыс көздері немесе бизнес ашық реестрлерден табылмады.

Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары Қаныш Әбубәкіровтің жұбайы Қожатай Майра Үсенқызы 2024 жылы 34 млн теңге табыс тапқанын көрсеткен. Оның атына зергерлік бизнес — «Қожатай» ЖК тіркелген.

Алайда Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес, бұл жеке кәсіпкерлік салық төлемеген. Осылайша, зергерлік бизнес ресми түрде бар болғанымен, ондаған миллион теңге табыстың нақты көзі ашық күйінде қалуда.
Бұл декларациялар бір қарапайым жайтты аңғартады: бірқатар шенеуніктердің жұбайлары табысын ашық әрі түсінікті жолмен табады, ал басқаларында кіріс көздері беймәлім. Формалды түрде заңбұзушылық жоқ болуы мүмкін, бірақ мұндай табыстарға қатысты сұрақтар жауаптардан көп. Ал бұл сұрақтарды қоғам билік өкілдеріне қоюға әбден құқылы.

Серіктес жаңалықтары