×
509.75
594.67
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.75
594.67
6.46

Ирандағы саяси ислам режимі құлауы мүмкін бе?

Бүгін, 18:02
Ирандағы саяси ислам режимі құлауы мүмкін бе?
Ulysmedia.kz коллажы

Соңғы екі аптада Иранда болып жатқан оқиғалар тек аймақты ғана емес, әлемді дүр сілкіндірді. Ирандағы наразылықтардың астарында не жатыр, олардың негізгі себептері қандай және бұл немен аяқталуы мүмкін. Ulysmedia.kz талдап көрді.

Ұрандардың өзгеруі

Иран Ислам Республикасындағы (ИИР) наразылықтар алғаш рет болып тұрған жоқ. Еске салсақ, 2019 және 2022 жылдардағы толқындар кезінде мыңдаған адам көшеге шыққанда негізгі ұрандар билікке қарсы қатаң сипатта болды. Ең жиі айтылғандары: «Хаменеиге өлім» және «Диктаторға өлім» еді.
2025 жылдың желтоқсан айының соңында наразылықтардың триггері риал бағамының күрт құлдырауы мен азық-түлік бағасының шарықтауы болды. Инфляция салдарынан тамақ 60-70 пайызға қымбаттады.

Ал бүгінгі оқиғалар ұрандардың қалай өзгергенін көрсетіп отыр. Жоғарыдағы ұрандарға қоса, наразылық білдірушілер қазір: «Имамдарды жерлемейінше, Отан Отан болмайды», «Бұл – соңғы шайқас, Пехлеви қайта оралады», «Шах жасасын!» деп ұрандатуда. Яғни, бүгінгі наразылықтар адамдардың нақты нені қалайтынын ашық көрсетіп отыр. Мысалы, Малекшахи қаласында күш құрылымдары атып өлтірген наразылық қатысушысының жерлеу рәсімі кезінде жұртшылық «Ислам Республикасына өлім!» деп айқайлады.

2019 жылғы «Қанды қараша»

Елде болған 2022 жылғы қыркүйек наразылықтары бәрінің есінде, алайда алғашқы ауқымды бетбұрыс 2019 жылдың 15 қарашасында, бензин бағасы қымбаттағаннан кейін болғанын көп адам біле бермейді. Ол кезде 100-ден астам қалада халық көшеге шықты. Экономикалық талаптар тез арада саяси сипат алды. Ел бойынша мынадай ұрандар айтылды: «Диктаторға өлім», «Ислам республикасы керек емес», «Реза шах, жаның жәннатта болсын», «Газа да емес, Ливан да емес, жанымды тек Иран үшін беремін». Айта кету керек, бұл ұрандар қазір де қайталанып жатыр.

Идеяның ауысуы

Сол кезде наразылық танытушылар полиция бөлімшелерін басып алып, мемлекеттік ғимараттар мен банктерді өртеді. Қазіргідей бүкіл ел бойынша Интернет те толығымен сөндірілді. Reuters агенттігінің дерегінше, сол кезде шамамен 1500 адам қаза тапқан. Қауіпсіздік күштері оқ атқан, бұл құрбандардың көп болуын түсіндіреді. Сарапшылардың пікірінше, дәл 2019 жылы иран қоғамы режимді реформалау идеясынан біржола бас тартып, оны құлатуды талап етуге көшкен. Ол кезде билікте «реформаторлар» болып, күштік құрылымдарды да солар бақылаған. Аналитиктердің айтуынша, 2022 жылғы наразылықтар – 2019 жылғы оқиғалардың тікелей жалғасы, мазмұны мен ұрандары жағынан ұқсас.

Ақпараттың тапшылығы

Ирандағы жағдайға қатысты пікірді Ulysmedia.kz-ке әзербайжандық саясаттанушы Агиль Гахраманов білдірді.

— 2017 жылдан бері Иран іс жүзінде үздіксіз наразылық жағдайында. Бұрын әртүрлі кәсіп иелері еңбек жағдайын жақсарту мен жалақыны көтеруді талап етіп шығатын. Ал 2025 жылдың желтоқсан айының соңынан бері болып жатқан оқиғалар бұрынғылардан мүлдем өзгеше. Экономикалық талаптар біртіндеп саяси ұрандарға ауысты. Наразылық білдірушілер күш құрылымдарына қарсы тұрып, үкімет ғимараттарын шабуылмен басып ала бастады. Иранда интернеттің бұғатталуына байланысты ақпарат өте аз келеді, бірақ тараған видео мен фотолардың өзі елдегі жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін көрсетеді, – дейді саясаттанушы.

«Бізге өзгеріс керек»

Оның айтуынша, Ирандағы мәселелер жылдар бойы қордаланып, билік тарапынан тиісті деңгейде шешілмеген. Бұл басқару жүйесіне деген жаппай наразылыққа әкелді. Жүйе соншалықты істен шықты, наразылық білдірушілер шах тағының мұрагері Реза Пехлевиді қолдайтын ұрандар айтуда.

Бұл олардың түбегейлі өзгеріс қалайтынын және қазіргі режимді өз болмысына қауіп деп санайтынын көрсетеді. Сонымен қатар наразылық қозғалысының орталықтандырылған ұйымдастырушысы жоқ, акциялар стихиялы түрде өтуде. Бұл оларды күшпен басып-жаншу қаупін күшейтеді.

Этникалық фактор

Сарапшы шетелдік БАҚ-та АҚШ пен Израильдің Иранның әскери инфрақұрылымына нүктелік соққы беру мүмкіндігін талқылап жатқаны туралы ақпараттар тарап жатқанын еске салды. АҚШ президенті Дональд Трамптың мүддесі – иран мұнайының сыртқы нарықтарға шығуын шектеу. Әсіресе Венесуэла лидері Николас Мадуроны ұрлау бойынша сәтті операциядан кейін.

— Қазір Иранда әзербайжандар тығыз қоныстанған аймақтарда салыстырмалы түрде тыныш. Алайда олар автономия талап етіп, наразылықтарға қосылуы да мүмкін. Бұған Иранның жоғарғы көсемі Әли Хаменеи мен президент Масуд Пезешкианның этникалық әзербайжан болуы белгілі бір дәрежеде тежегіш фактор болып отыр. Мұндай жағдайда нақты болжам жасау өте қиын. Бірақ бір нәрсе анық – халық билікке қатты наразы және өзгерісті қалайды, – деп түйіндеді Гахраманов.

Режимді қабылдамау

Алайда қазіргі наразылық толқыны түбегейлі өзгеше. Ол іс жүзінде бүкіл елді қамтыды, әрі наразылық білдірушілер тек билікті қабылдамайтынын ғана емес, болашақтан не қалайтынын да ашық айта бастады. Соған қарамастан, бұл толқуларды тек ұлттық валютаның құнсыздануымен түсіндіру үстірт көзқарас болар еді.

Ирандықтар көшеге нақты саяси талаптармен шығып отыр, өзгеріс үшін өз қауіпсіздігін саналы түрде қатерге тігіп жатыр. Егер адамдарды тек экономика алаңдатса, көшеде де сол тақырыптағы ұрандар басым болар еді. Бірақ шын мәнінде саяси талаптар үстем: ханзада Реза Пехлевиге қолдау және қазіргі режимді ашық қабылдамау. Қоғамның едәуір бөлігі экономикалық, әлеуметтік және саяси проблемаларды билік ауыспайынша шешу мүмкін емес екенін түсініп отыр. Экономикалық дағдарыс – тек төзімнің соңғы тамшысы болғанға ұқсайды. 

Наразылық арқылы титықтату

Ирандағы жағдайға қатысты өз бағасын Ulysmedia.kz-ке Таяу Шығыс бойынша грузиялық сарапшы Васико Папава да білдірді.

— Кім жеңеді, наразылық қозғалысы ма, әлде билеуші элита ма, бұл сұрақтың біржақты жауабы жоқ. Екі тараптың да елеулі ресурстары бар, әрі екеуі де экзистенциялық қауіппен бетпе-бет тұр. Бұл жағдайда «жеңіс» қарсыласты физикалық жоюды емес, болашақтың өз сценарийін таңып тықпалай алуды білдіреді, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, «аятоллалар жүйесінің» беріктігі ұйымдасқан күшке монополия мен институционалдық бірлікке сүйенеді. 1979 жылмен салыстырғанда қазіргі күш құрылымдары (КСИР мен «Басидж») – биліктің өзіне айналған, әрі олардың тірі қалуы режимнің сақталуына тікелей байланысты.

Ал АҚШ пен Израильдің әскери операциясы секілді сыртқы фактор бұл тепе-теңдікті күрт өзгертуі мүмкін: бір жағынан, ол «сыртқы жауға» қарсы халықты билік маңына топтастырып, мобилизация жасауға мүмкіндік береді; екінші жағынан, демонстранттарды жігерлендіріп, шеткері этникалық аймақтардағы орталықтан ажырау үрдісін күшейтуі мүмкін. Режим үшін жеңіс – наразылықты титықтату арқылы бақылауды сақтап қалу және сыртқы қатерді ішкі легитимділіктің құралына айналдыру.

Ашудың катализаторлары

Папаваның пікірінше, «халықтың жеңісіне» 2025-2026 жылдардағы экономикалық күйреу де түрткі болып отыр. Ол идеологиялық адалдықты жоққа шығарады. Ресурс тапшылығы тұрақты құбылысқа айналған кезде, репрессиялар қорқыту құралы болудан қалып, ашудың катализаторына айналады. Наразылықтың күші – оның теократиямен «өркениеттік үзілісінде». Алайда біртұтас орталықтың жоқтығы оппозиция табысын элиталар ішіндегі мүмкін болатын жікке немесе құрбандар саны шектен асқан жағдайда әскердің бұйрық орындаудан бас тартуына тәуелді етеді.

— Объективті түрде бұл пат жағдайына ұқсайды. Ең ықтимал нәтиже – тараптардың бірінің тез жеңісі емес, жүйенің ауыр трансформациясы. Режим исламдық қатаң әскери диктатураға қарай эволюциялануы мүмкін, онда билік КСИР-дің технократтарына өтеді. Ал халықтың жеңісі, сірә, азаматтық бағынбау арқылы жүйенің легитимділігін біртіндеп «шайып кету» түрінде көрінеді. Бұл ақыр соңында қазіргі басшылықтың елді басқаруын мүмкін емес етеді, – деп болжайды грузин саясаттанушысы.

Қатаң басуға белгі

Наразылықтар басталғанда ИИР президенті Пезешкиан Ішкі істер министрлігіне демонстранттармен диалог жүргізуді тапсырған еді, алайда әзірге жауап ретінде зорлық-зомбылық көрініс табуда. Бастапқы кезеңде Масуд Пезешкиан азаматтардың наразылығын мойындап, дағдарысқа биліктің өзі жауапты екенін айтып, кінәні АҚШ-қа аудармауға шақырған.

Алайда наразылықтың алтыншы күні абсолютті билікке ие жоғарғы көсем аятолла Әли Хаменеи былай деді:

— Ирандағы валюта бағамының өсуі – дұшпандардың ісі. Біз наразылық білдірушілермен сөйлесеміз, бірақ тәртіп бұзушылармен сөйлесудің мәні жоқ. Оларды орнына қою керек.

Бұл іс жүзінде қатаң басып-жаншуға берілген белгі болды.

Репрессиялардың күшеюі

Одан кейін Иранның бас прокуроры Мохаммад Мовахеди Азад барлық наразылық білдірушілер «Құдайға қарсы шығу» (мохареб) бабы бойынша айыпталатынын мәлімдеді. Бұл – өлім жазасына кесілетін қылмыс. (Айта кету керек, нақты деректердің жоқтығына байланысты қақтығыстардағы құрбандар саны қазірдің өзінде жүздеп саналады, ал кейбір пабликтер мыңдаған адам қаза тапқанын жазып жатыр). Сарапшы Никита Смагиннің айтуынша, билік риториканы өзгертіп, енді наразылық білдірушілерді «террористер» деп атай бастады, бұл одан да қатаң шараларға әкеліп отыр. Әскердің тартылғаны туралы да хабарлар бар – бөлімшелер кейбір қалаларға жіберілуде, бұл Иран үшін бұрын-соңды болмаған жағдай.

Қоқан-лоққылар алмасуы

Осы тұста АҚШ президенті Дональд Трамп былай деді:

— Егер Иран бейбіт наразылық білдірушілерге оқ атып, оларды аяусыз өлтіре бастаса, Америка Құрама Штаттары оларға көмекке келеді. Біз толық дайынбыз.

Трамп 13 қаңтарға Ирандағы жағдайға арналған кең көлемді брифинг жоспарлап қойған. Бұған жауап ретінде ИИР Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани америкалық базаларға соққы берумен қорқытты:

— Трамп мынаны білуі керек: АҚШ-тың бұл ішкі іске араласуы бүкіл аймақты тұрақсыздандырып, Американың мүдделеріне соққы береді. АҚШ халқы білсін – бұл авантюраны Трамп бастады. Ол өз сарбаздарының қауіпсіздігін ойласын.

Жаңа үрдістер

Наразылықтардың жаңа үрдістерінің бірі – аятоллалар билігінің символдарын «қорлау»: жоғарғы көсемнің портреттерін, мемлекеттік туларды жырту, қазіргі исламдық Иран қайраткерлерінің ескерткіштерін құлату. Сонымен қатар ирандық әйелдер наразылықтарға белсенді қатысып, Хаменеи портреттерін көпшілік алдында өртеп жатыр. Егер бұл қозғалыс жеңілсе, олардың көпшілігін өлім жазасы күтуі мүмкін. Еске салайық, бұған дейін «Әйел, өмір, еркіндік» ұранымен өткен шерулер де қатыгездікпен басып-жаншылған. Осыған байланысты шығыстанушы Михаил Крутихиннің жазуынша, «Ирандағы көше наразылықтарына қатысушылар Ислам республикасының туын жыртып, өртеген кезде, бұл үкіметке қарсы наразылықтан да әлдеқайда терең мағынаға ие. Тудың ортасында “Алладан басқа тәңір жоқ” деген арабша сөз бар, ал түрлі түсті жолақтарды бөліп тұрған өрнек – “Аллаһу әкбар” сөзінің сан мәрте қайталануы. Бұл тек режимге емес, қорқыныштысы - исламға қарсы наразылық».

Жағдайдың ушығуы

Ирандағы жағдайға қатысты пікірін тәжік саясаттанушысы Мұхаммад Шамсуддинов білдірді.

— Ирандағы ахуалды кеңірек халықаралық контексте қарастыру керек. Елдегі дағдарыс Дональд Трамптың Ақ үйге екінші рет келуінен кейін іске асырған «Иранға барынша қысым жасау» саясатына тікелей байланысты. Сондай-ақ АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы 12 күндік соғысын және өткен жылдың қыркүйегінде БҰҰ-ның анти-ирандық санкцияларының қайта енгізілуін де ескеру қажет. Мұның бәрі ИИР-дегі жағдайды ушықтырды, – дейді сарапшы.

Саясиланудың жоғары деңгейі

Шамсуддинов атап өткен екінші жайт ішкі саясатқа қатысты.

Біріншіден, иран қоғамының саясилануы өте жоғары. Ирандықтар саясатқа айрықша мән береді және өздерінің саяси болашағы мен әл-ауқаты үшін күресуге дайын. Бұл елде кім билікке келсе де, наразылық пен көтерілістер қоғамдық өмірдің бір бөлігі болып қала береді. Мұндай толқулар шах дәуірінде де, Ислам Республикасы кезеңінде де бірнеше рет болған.

— Сондықтан мен бұл оқиғаларды мүлде жаңа құбылыс деп атаудан тартынар едім, – дейді саясаттанушы.

Ол сондай-ақ ішкі жемқорлықтың экономикалық жағдайды ғана емес, қоғамның билікке деген сенімін де әлсіретіп отырғанын атап өтті.

Таяқтың екінші ұшы

Алайда Шамсуддиновтың пікірінше, бұл оқиғалардың сыртқы күштердің араласуы тұрғысынан да таяқтың екінші ұшы бар. Егер АҚШ немесе Израиль тарапынан шынайы араласу болса, бұл оларға кері әсер етіп, халықты исламдық үкіметтің төңірегіне топтастыруы мүмкін.

— Ирандықтардың тағы бір ерекшелігін ескеру керек: олар өз егемендігі мен тәуелсіздігіне өте қызғанышпен қарайды және ішкі істеріне кез келген араласуды қабылдамайды. Сонымен қатар жоғарыда айтылған 12 күндік соғыс та ирандықтардың жадында. Сол себепті Израиль бірден Ресей арқылы Ирандағы оқиғаларға араласпайтынын мәлімдеді, ал АҚШ иран халқына қолдау білдіргенімен, әзірге байыпты ұстанымда қалып, қазіргі билікті құлатуға бағытталған нақты қадамдарға барған жоқ, – деп түйіндеді Шамсуддинов.

Қоғамдық көңіл-күйге баға

Осы фонда саясаттанушы Аббас Галлямов өз Telegram-арнасында муллалардың көпжылдық билігі саяси исламға деген терең түңілуге алып келгенін атап өтеді. Ол GAMAAN зерттеу орталығының 2020 жылғы деректерін келтіреді: шиитпіз деп есептейтіндер – небәрі 32%, ал жалпы діни сәйкестікке ие халықтың үлесі 50 пайыздан да аз.

Сауалнамаларға сәйкес:

  • ирандықтардың 70%-ы Ислам Республикасына қарсы;
  • 66%-ы діни билікке қарсы;
  • 73%-ы дін мен мемлекетті бөлуді қолдайды.

«Толық бақылауда»

Сонымен қатар Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи жаппай антиүкіметтік наразылықтардан кейін елдегі жағдай «толық бақылауда» екенін мәлімдеді.

— Қазір жағдай толық бақылауда. Наразылықтар Трампқа араласуға сылтау беру үшін қасақана қанды әрі қатыгез сипатқа айналдырылды, – деді Иран СІМ басшысы, әдеттегідей оқиғалардың артында сыртқы күштер тұр деп ишара жасап.

Алайда Ираннан ақпарат үзік-үзік келіп жатқан, әрі интернет толық өшірілген жағдайда, не болып жатқанын толық бағалау өте қиын.

Наразылық – революция ретінде

Бүгінде болып жатқан оқиғаларды жай ғана наразылық емес, халық құлақ асатын нақты лидері бар революцияның басталуы деп атай бастағандар көбейді. Әлеуметтік желілерде оны ханзада Реза Пехлевидің әкесінің реформаларына ұқсатып «шах пен халықтың революциясы» деп атап жүр. Бұл қозғалысқа ирандық күрдтер, әзербайжандар мен белудждар да Пехлевидің үндеуін қолдап қосылды. Бір нәрсе анық: егер наразылықтың себебі тек ұлттық валютаның құнсыздануы болса, ол әлдеқашан басылар еді. Бірақ мәселе экономикамен шектелмейді.

Шүріппе

Егер адамдарды тек тұрмыстық қиындықтар алаңдатса, көшелерде негізінен экономикалық талаптар естілер еді. Оның орнына саяси ұрандар үстем – ханзада Реза Пехлевиді қолдау және қазіргі билікке қарсы шығу. Бұл қоғамның елеулі бөлігі экономикалық, әлеуметтік және саяси дағдарыстан шығудың жалғыз жолы биліктің ауысуы екенін түсінетінін көрсетеді. Экономикалық қиындықтар тек құланның қашуына шүріппені басу болды, ал адамдарды көшеге шығарған – бұрыннан жиналған талаптардың ашық айтылуы.

Серіктес жаңалықтары