Мектеп туралы тақырып қашанда өзекті. Өйткені мұнда еліміздің болашағы білім алады. Жаңа жылдың алғашқы айында алматылық ата-аналар жан айқайын жеткізді. Бұл жай ғана технологияға қатысты дау емес, мектептің цифрлық кеңістігі үшін нағыз тартысқа айналды. Балалар демалыстан оралып, үшінші тоқсан оқуы басталып кетті, ал ата-аналар кенеттен өзгерген өзгеріспен бетпе-бет келді. Өйткені 200-ден астам мектепте үйреншікті Kundelik.kz деп аталатын электронды күнделік жаңа BilimClass жүйесіне ауыстырылған. Ешқандай алдын ала ескерту болмаған, ешкім ештеңе түсіндірмеген. Бұл оқиға қарапайым бағдарламалық жаңарту емес, ол ата-аналар мен мектеп әкімшілігін екі оттың ортасында қалдырып отыр. Және мұны жасап отырған – шенеуніктер. Қарапайым электронды журналдың ауысуы неге осыншама дүрбелең тудырды? Ulysmedia.kz талдап көрді.
Уәде қайда?
Мұның түп-төркіні көпшілік біле бермейтін құжатта болып отыр. Бақсам, бақа екен демекші, Kundelik.kz платформасы мектептерде жай коммерциялық өнім ретінде емес, Білім министрлігімен жасалған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы арнайы келісім аясында жұмыс істеп келген. Бұл келісім 2030 жылға дейін күшінде болуы тиіс еді. Республикалық деңгейдегі бұл келісім компанияның өз қаражатын салуын көздеген, ал әңгіме жыл сайын жұмсалатын жүздеген миллион теңге туралы болып отыр. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл қаражат платформаны дамытуға, оны мектептердің қажеттілігіне бейімдеуге, мұғалімдерді оқытуға және барлық қажетті инфрақұрылымды құруға жұмсалады. Мемлекет өз тарапынан жүйенің ведомстволық ұйымдарда қолданылатынына кепілдік берген. Kundelik.kz бұл кепілдікті жеке инвестор үшін ірі қаржы салудың басты негізі деп түсіндіреді.
Оқу жылының ортасында Алматының кенеттен басқа платформаға көшуі осы уағдаластықтардың орындалуына күмән тудырды. Компанияның айтуынша, Алматы қаласының білім басқармасынан ресми түсіндірме де, сұрауларға жауап та болмаған, тек жаңа платформаны қолданатыны жайлы ұстанымды БАҚ арқылы жеткізген.
Ата-аналардың наразылығы және сот тартысы
Ата-аналар қауымы бұл жағдайда жерге қарап отырған жоқ, бірден іске кірісті. 9 қаңтарда-ақ, ата-аналар электронды петицияларды бастады. Талаптары біреу-ақ: ол жаңа платформаға көшу процесін тоқтату. Петиция авторлары оқу жылының қызған шағында цифрлық платформаны ауыстыру білім беру процесіне кедергі келтіріп, мұғалімдерге қосымша жүктеме артады және ол балалардың үлгеріміне кері әсер етуі мүмкін. Петицияны қолдап қол қойғандар көп. Бұл алаңдаушылық пен наразылықтың жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар Kundelik.kz өкілдері сотқа жүгінді. 13 қаңтардағы сот ұйғарымымен басқа платформаға көшу уақытша тоқтатылып, мектептерге деректерді беруге тыйым салынды және бұрынғы жүйеде жұмыс істеу міндеттелді. Алайда сот шешімі дауға нүкте қоя алған жоқ. Kundelik.kz ертесіне ұйғарымның өзгертілгенін хабарлады, ал BilimClass мектептердегі жұмыс қалыпты режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді. Бұл ата-аналар мен мұғалімдер үшін қандай ережемен, қай жүйеде жұмыс істеу керектігі түсініксіз құқықтық белгісіздік жағдайын қалыптастырды.
Күмәнді деректер
Бұл дауда ең ауыр тақырыптардың бірі – балалар мен мұғалімдердің жеке деректерінің қауіпсіздігі. Цифрлық дәуірде оқушы туралы ақпарат, яғни оның бағалары, мінез-құлқы, медициналық деректері, ата-аналардың байланыс нөмірлері аса құнды деректер жиынтығы саналады. Kundelik.kz өз түсініктемелерінде платформаның барлық сервері физикалық түрде Қазақстанда, Астанадағы мемлекеттік Деректерді өңдеу орталығында орналасқанын және тиісті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Бұл деректердің шетелде сақталуы мүмкін деген ақпараттық кеңістіктегі алыпқашпа әңгімелерге жауап болды. Бұдан бөлек, компания деректерді жаңа жүйеге пайдаланушылардың қажетті келісімінсіз беру фактісі орын алғанын, бұл жеке деректер туралы заңнаманы тікелей бұзу екенін мәлімдеді. Ал білім басқармасы мен BilimClass бұл айыптауларды жоққа шығарып, өз әрекеттерінің заңды екенін алға тартты. Алайда осындай өзара айыптаулардың өзі ата-аналардың балалары туралы ақпараттың толық қауіпсіздігіне деген сенімін арттырмайтыны анық.
Электронды журналдан білім беру экожүйесіне дейін
Он жылдық жұмыс барысында Kundelik.kz көптеген мектептер үшін жай ғана электронды журналдан әлдеқайда кең жүйеге айналды. Бұл, әзірлеушілерінің айтуынша, ашықтық пен интеграция қағидатымен дамыған тұтас цифрлық экожүйе. Жабық платформа моделінен айырмашылығы, Kundelik.kz өзін түрлі білім беру сервистерін, яғни Artsport сияқты спорттық платформалардан бастап, онлайн курстар мен қазақстандық баспалардың оқу материалдарына дейін біріктіре алатын «хаб» ретінде дәлелдеді. Компания өкілдерінің пікірінше, мұндай тәсіл монополиялануға жол бермей, мектептерге қосымша ресурстарды таңдауда ыңғайлы болды. Оның үстіне жүйедегі кейбір функциялар тікелей өңірлердегі педагогтардың сұранысы бойынша енгізілген. Мысалы, Шымкент әдіскерлерінің ұсынысымен жасалған мектепішілік бақылау модулі немесе Алматыға арналған PISA халықаралық зерттеуіне дайындық жаттықтырғышы соның дәлелі. Кейін бұл әзірлемелер елдің басқа өңірлеріне де таратылып, біртұтас білім беру кеңістігін қалыптастыруға әсер етті.
Монетизация және қаржыландыру
Бәрін толғандыратын тағы бір маңызды тақырып – қызметтердің ақылы болуы. Көп ата-ана Kundelik.kz мобильді қосымшасын ақылы еткен кездегі дауды әлі ұмытқан жоқ. Бүгінде компания өзінің экономикалық моделін былай түсіндіреді: жоба мемлекеттік бюджеттен тікелей қаржыландырылмайды, инвестицияның қайтарымы пайдаланушылар өз еркімен таңдайтын қосымша ақылы функциялар есебінен, сондай-ақ серіктес сервистермен интеграция және қатаң сүзгіден өткен жарнама арқылы қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге негізгі функционал – журнал, күнделік, сабақ кестесі – браузер арқылы пайдаланғанда тегін болып қала беретінін атап өтеді. Алайда интернетке көбіне смартфон арқылы кіретін отбасылар үшін ыңғайлы мобильді қосымшаға ақы төлеу мәселесі әлі де өзекті. Ал жаңа платформа бірден мобильді қосымша толықтай тегін болатынын мәлімдеді, бұл ата-аналар мен шенеуніктер үшін жаңа платформаның басты бәсекелестік артықшылықтарының бірі. Бірақ бұл «тегін»-нің өзі тегін емес. Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы деректерге қарағанда, BilimClass-пен байланысты компаниялар 2025 жылы ғана мемлекеттен қызметтері үшін жалпы 2,7 млрд теңге алған.
– Мен қоғамға қызметтерім мүлде тегін деп жариялап, сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен ақша алып, өте табысты кәсіпкер бола аламын, – деп наразылық білдіреді компания негізін қалаушы Мұхтар Ильясов.
– Қарапайым пайдаланушы бәрін тегін алып жатырмын деп ойлайды, ал шын мәнінде сол ақшаны қазынадан жеке компанияға дәл сол пайдаланушының өзі төлеп отыр.
Даудың өзге де себептері бар
Kundelik.kz өкілдерінен платформаны осылай күрт әрі даулы ауыстырудың шынайы себебі неде деп тікелей сұралғанда, ашық жауап берді. Компанияның негізін қалаушы Мұхтар Ильясов бұл жағдайды нарықты рейдерлік жолмен тартып алу мен әділетсіз бәсекенің көрінісі деп бағалайды. Оның айтуынша, Kundelik.kz жұмыс істейтін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік моделі жергілікті билік органдарынан тұрақты бюджет қаржысын талап етпейтін ұзақ мерзімді ынтымақтастықты көздейді.
– Негізінде Kundelik.kz кейбір шенеуніктер үшін ақша жеуге кедергі келтіріп отыр. Мемлекеттік сатып алулардың қаншалықты шығынды әрі жасырын жүретінін бәрі біледі. Ал бізде ондай жол жоқ, себебі біз принципиалды түрде сол сатып алуларға қатыспаймыз. Егер мемлекет цифрлық ресурстарды қайта-қайта сатып алғанша, осы сатып алулардан үнемделген қаражатты мұғалімдерге сыйақыға, мектептерге картридж алуға, оқу жағдайын жақсартуға жұмсаса, әлдеқайда дұрыс болар еді, – дейді ол.
Оқу жылының ортасында он жыл бойы қалыптасқан жүйені алып тастап, BilimClass-қа көшу кімнің бұйрығымен жүзеге асты деген сұрақ туындайды. Білім беру ортасындағы бейресми дереккөздер жаңа платформаның ауқымды түрде ілгерілетіліп жатуының артында Тимур Турлов тұруы мүмкін екенін айтады, өйткені ол белгілі бір ортада айтарлықтай ықпалы бар тұлға. Бұл рас па, жоқ па, оны біз дөп басып айта алмаймыз. Бірақ BilimClass-тың осынша белсенді әкімшілік тәсілдермен ілгерілетіліп жатқаны, бұл процестің артында кімнің мүддесі мен мүмкіндігі тұрғаны туралы ойлануға мәжбүрлейді. Осылайша, бұл мәлімдеме дауды тек технологиялық шеңберден шығарып, экономикалық, тіпті саяси мүдделер деңгейіне көтереді. Яғни екі платформаның арасындағы тартыстың артында мектептерді цифрландыруды қаржыландыру мен басқарудың түрлі тәсілдерінің күресі жатуы мүмкін.
Болашақ бұлдыр
Қалыптасқан жағдай алаңдататын прецедент қалыптастырып отыр. Бір жағында республикалық деңгейде жасалған келісімдер, инфрақұрылымға жылдар бойы инвестиция салған компания және соған үйренген пайдаланушылар бар. Екінші жағында кең қоғамдық талқылаусыз қабылданған жергілікті билік шешімі және қазірдің өзінде ел мектептерінің басым бөлігін қамтып отырған жаңа платформа тұр. BilimClass өз сервисін Қазақстандағы оқу орындарының 60%-дан астамы қолданатынын айтып, Алматының көшуін бірыңғай жүйе құру жолындағы қисынды қадам деп көрсетеді. Ал Kundelik.kz мұны бір ғана жеткізуші барлық дерек пен процестерді бақылауына алатын монополия қалыптасуының қаупі деп көреді. Олардың пікірінше, бұл қауіпсіздік пен тиімділікті арттырмайды, керісінше толық тәуелділік тәуекелін күшейтеді.
– Монополия құру бүкіл ел бойынша сапа мен деректер қауіпсіздігінің біртұтас стандартына кепіл емес, керісінше бір жеткізушіге толық тәуелділікке апаратын ең қысқа жол, – дейді компания өкілдері.
Сын
Бұл оқиғаның қалай аяқталары әзірге белгісіз. Соттар істі қарауын жалғастырып жатыр, мектептер белгісіздік жағдайында жұмыс істеуде, ал ата-аналар екі жүйені қатар меңгеруге мәжбүр. Бірақ бір нәрсе анық: Kundelik.kz пен BilimClass айналасындағы мүдделер қақтығысы жай ғана ыңғайлы қосымшаны таңдау мәселесінен әлдеқашан асып түсті. Бұл – цифрлық білім беру кеңістігіндегі ашықтық пен бәсекелестік қағидаттарына сынақ, ұзақмерзімді келісімдерге құрметтің бар-жоғына және түптеп келгенде Қазақстандағы білім беру жүйесін басқарудың жетілгендігіне арналған емтихан.
Бұл емтиханды билік қалай тапсыратынын алдағы айлар көрсетеді. Бірақ одан бәріміз – шенеуніктер де, ата-аналар да сабақ алуымыз керек. Өйткені күн сайын партаға отыратын балаларымыз тек жаңа білімді емес, мектеп өміріндегі тұрақтылықты да күтеді. Ал біз балаларымыздың цифрлық болашағын кімге және қандай шарттармен сеніп тапсырамыз деген ең басты сұрақ осы тартыстың түпкі мәніне айналып отыр.