×
509.63
592.34
6.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.63
592.34
6.54

Мың құбылып, жүз өзгерген Ата заң: Конституцияның 33 жылдық тарихы

Мың құбылып, жүз өзгерген Ата заң: Конституцияның 33 жылдық тарихы
ulysmedia.kz коллажы

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік және конституциялық реформалар туралы айтты. Ол бойынша, бір палаталы парламент «Құрылтай» деп аталады. Оған 145 депутат енеді. Бұдан өзге, мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқарып, вице-президент лауазымы енгізіледі.

Қазақстан Конституциясы кейінгі 33 жылда қанша рет өзгерді? Ата заңды жиі өзгертудің себебі неде? Ulysmedia осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп, Конституцияның 33 жылдық тарихына қысқаша тоқталып көрді.

Тұңғыш Конституция

Осыдан 33 жыл бұрын, 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданған еді. Алғашқы Ата заңды қабылдауға Жоғары кеңес мүшелерінің 312-і қатысып, 309-ы қолдап дауыс берген. Үш депутат қалыс қалды.

28 қаңтар Конституция күні – мемлекеттік мереке болып бекітілді. Қоғамда «1993 жылғы Конституция – Қазақстан билігінің үш тармағы толық айқындалған, биліктің тепе-теңдігі мен тежемелік жүйесін толық орнатқан, нағыз демократияға жақын құжат болды» деп әлі күнге дейін айтатындар бар.

1990 жылдардың бас кезіндегі сурет. (Мінберде) президент Нұрсұлтан Назарбаев, вице-президент Еркі Асанбаев (жоғарыда сол жақта) және Жоғары кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин. 

Назарбаевтың билігін күшейткен екінші Ата заң

Бірақ бұл Конституция небәрі екі жылдан асар-аспас уақыт жұмыс істеді. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Оған дейін Жоғары кеңес екі рет таратылды. Тұңғыш Конституцияны қабылдаған Жоғары кеңес 1993 жылы жергілікті кеңестер өзін-өзі таратқаннан кейін келмеске кетті. Одан кейін жасақталған Жоғары кеңесті Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық соттың шешімімен таратты. Бұл Жоғары кеңеске жазушы Әбіш Кекілбаев төрағалық етті.

Сол кезде депутат болған адамдар мен сарапшылар «екі Жоғары кеңес те Назарбаевтың күткеніндей болмады» деп санайды.

1995 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында елде он ай бойы парламент жұмыс істемеді. Заң шығару құзыретін президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі атқарды.

Қазір жұмыс істеп тұрған қос палаталы парламенттің алғашқы құрамы 1996 жылы сайланған. Содан бергі өткен уақыт ішінде құрамы сегіз рет жаңарған сенат 50 депутаттан тұрады: 40-ын жергілікті мәслихаттар жанама жолмен сайлайды, қалған он депутатты президент тағайындайды.

Тұңғыш Конституциядағы «Қазақстан президенті 5 жыл мерзімге сайланады; Президент болып Қазақ ССР-інің 35 жасқа толған және 65 жастан аспаған, Қазақ ССР территориясында 10 жыл тұрақты тұратын азаматы сайлана алады. Бір адам қатарынан екі мерзімнен астам Президент бола алмайды» дейтін баптар 1995 жылғы Конституцияға қосылды. Бірақ кейін көптеген өзгерістер мен толықтырулардан соң өзгеріп, Назарбаевқа шексіз мәрте сайлауға түсуге рұқсат берді.

Қазақстанның қазіргі Конституциясы кейінгі 30 жылда жеті рет жаңарып, оған 1100 өзгерту енгізілді. Оның бір бөлігі Нұрсұлтан Назарбаев билігі тұсында іске асты.

1998 жылы президент қызметінің мерзімі ұлғайтылып, 7 жыл болады деп өзгертілді, бірақ кейіннен қайтадан бұрынғыдай 5 жыл болып белгіленді.

2011 жылы бірінші президент (елбасы) туралы айрықша заң қабылданып, Конституцияға тиісті өзгертулер енгізілді. Оған сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметіне шексіз сайлану мүмкіндігіне ие болды.

Фото: Ашық дереккөзден

Қаңтар оқиғасынан кейін өзгерген Конституция

2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде референдум өткізіп, Конституцияны өзгертті. Бұрынғы президент Назарбаевқа ерекше мәртебе берілген «Елбасы туралы» заң күшін жойып, заңда президент туыстарының жоғары мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуын шектейтін норма пайда болды.

Ақорда суперпрезиденттік билік формасынан ықпалды парламенті бар президенттік формаға ауысқанын мәлімдеді. Алайда, саясаттанушылар іс жүзінде президент өкілеті аса қысқара қойған жоқ дейді.

2022 жылғы конституциялық өзгерістер нәтижесінде президент қызметінің мерзімі бұрынғысынан ұзарып, 7 жыл болып белгіленді, алайда бір адам тек бір-ақ рет президент болып сайлана алады деген шектеу пайда болды. Заң жаңартылғаннан кейін Тоқаевтың бұрынғы мерзімі жойылды. Сөйтіп, сол жылы президент Тоқаев кезектен тыс сайлау жариялап, осы қызметке қайта сайланды. Оның өкілеттігі 2029 жылға дейін ұзарды.

Ұлттық құрылтайда айтылған кезекті өзгерістер

Бүгін, 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта жасақталатын бір палаталы парламент «Құрылтай» деп аталатынын, оған 145 депутат енетінін айтты. Қазіргі Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халық ассамблеясы тарап, оның орнына Халық кеңесі дейтін орган құрылатын болды.

Жаңа бір палаталы парламентте президенттік және Қазақстан халқы ассамблеясына арналған квотадан бас тарту ұсынылды. Сонымен қатар, депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр.

Жаңа парламентте төрағаның үш орынбасары болады. Комитеттер саны сегізден аспайды. Депутаттар түгелдей пропорциялық жүйемен сайланады. Жергілікті мәслихаттар мажоритарлық жүйемен сайланады. Бұның барлығы түпкілікті қабылданған шешім емес. Референдум кезінде дауысқа салынады.

Ulysmedia бір палаталы парламентке қатысты бұған дейін бірнеше рет жазған. Мақаланы мына жерден оқи аласыздар: «Парламентті күшейтемін десе, президенттің де билігін алу керек»: Сенатты қысқартқаннан не өзгереді?»

Фото: Ақорда

Президенттің сөзінше, егер мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметінен кетсе екі айдың ішінде кезектен тыс президент сайлауы өтеді деген норма заңмен бекітілуі қажет. Қазіргі Конституция бойынша президент қызметін атқара алмайтын жағдайда оның қалған өкілеттік мерзімі сенат спикеріне беріледі.

Бұдан өзге құрылтайда президент Тоқаев мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқаратынын айтты (Бұл қызметті осы уақытқа дейін Ерлан Қарин атқарып келген). Есесіне, вице-президент лауазымы қайтадан пайда болатын болды. Оны парламенттің келісімімен президент тағайындайды.

Тоқаевтың сөзінше, вице-президент президенттің тапсырмасымен мемлекеттің атынан халықаралық форумдарға, өзге елдердің өкілдерімен келіссөздер жүргізуге, парламент пен өзге де қоғамдық-саяси ұйымдармен кездесулерге қатыса алады.

Бірақ бұл елде президенттік билік әлсіреді дегенді білдірмейді.

«Бұл конституциялық жаңашылдықтар президенттік билік институтының әлсіреуін білдірмейді. Керісінше, президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты әрі шешуші институт ретінде сақталады», – деді Тоқаев сөзінде.

Бастапқыда парламенттік реформа аясында Конституцияның 40-қа жуық бабы өзгеретіні айтылған. Соңғы рет Қазақстанда Конституцияға 2022 жылы ауқымды өзгеріс енгізілген. Референдум нәтижесінде негізгі заңның 33 бабы жаңарған.

Серіктес жаңалықтары