Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстанда вице-президент институтын енгізу туралы мәлімдемесі биылғы саяси сигналдардың алды болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҮМІТКЕРЛЕР
Ресми түрде бұл – жаңа лауазым. Алайда сөз билік тұрақтылығы, транзит және елдің сыртқы саяси ұстанымын қайта қарастыру туралы болып отыр. Тоқаев кім болатынын атамағанымен, саяси және сарапшылық ортада вице-президент болуы мүмкін кандидаттар қызу талқылана бастады.
Ең алдымен, мемлекет басшысының жанында жүргендердің есімі айтылуда. Солардың ішінде жиі айтылып жүргендердің бірі – Ерлан Қарин. Құрылтай өткен күні ол лауазымынан босатылды. Көпшілік бұл шешімді жанама саяси белгі ретінде қабылдады: мемлекеттік кеңесшінің идеологиялық, саяси және үйлестіруші функциялары болашақ вице-президенттің рөліне табиғи түрде сәйкес келеді.
Кандидаттардың қатарында салмағы басым, биліктің жоғарғы эшелондарында жұмыс тәжірибесі бар саясаткер Маулен Әшімбаев та бар. Егер парламент реформаланып, оның атауы Құрылтай болып өзгерсе, Әшімбаевтың саяси құрылымдағы рөлі қайта қаралуы мүмкін.
Тағы бір үміткер – Аида Балаева. Ол президент командасындағы негізгі басқарушылардың бірі саналады және ішкі саясатқа, әлеуметтік салаға және қоғамдық коммуникацияларға жауап береді.
Сонымен қатар сарапшылар мен саясаттанушылар вице-президенттікке үміткерлер қатарында Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайды да атайды. Ол – негізгі саяси үдерістерді үйлестіруге және президент жұмысына тікелей араласатын, аппараттық ықпалы жоғары тұлға.
Бұл тізімде сондай-ақ Ерлан Қошанов пен Жеңіс Қасымбек те бар. Олар атқарушы билікте де, саяси вертикальда да тәжірибесі бар басқарушылар ретінде танымал.
ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
Сарапшылар бір мәселеде ортақ пікірде: вице-президенттің пайда болуы – құбылмалы әлем жағдайына берілген жауап әрі саяси сақтандыру жүйесін алдын ала қалыптастыру талпынысы. Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, жаңа институт бұрынғы бірнеше институттың функцияларын бір арнаға тоғыстырады
— Бұл Сенат спикерінің функциялары мен мемлекеттік кеңесші немесе бұрынғы мемлекеттік хатшы атқарған міндеттердің жиынтығы. Ол президентті ішкі және сыртқы саясаттағы кең ауқымды қатынастарда таныстырады әрі мемлекет басшысы қызметінен мерзімінен бұрын кеткен немесе еңбекке қабілетсіз болған жағдайда оны алмастыратын тұлға болады, – дейді Әбішев.
Оның айтуынша, жаңа модельдің басты ерекшелігі – биліктің автоматты түрде берілуінен бас тарту.
– Қазіргі жүйеде президент міндетін атқарушы іс жүзінде мерзімді атқарып шығады. Ал ұсынылып отырған схема сабақтастық логикасын өзгертеді. Президент жоғары лауазымға үміткер адам бірден жалпыхалықтық сайлаудан өтуі керек дегенді ұсынып отыр. Сонда ғана ол толық легитимді болады. Ал жай ғана кетіп бара жатқан президенттің мандатын иемдену жеткіліксіз, – деп түсіндіреді саясаттанушы.
Қауіпсіздік пен дипломатия басты назарда Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров вице-президент институтының сыртқы саясаттағы маңызына ерекше мән береді. Оның пікірінше, бұл – жаһандық тұрақсыздық жағдайында елді тұрақтандыратын негізгі тұлға.
– Біз құбылмалы кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан саяси және экономикалық тұрақтылықты сақтайтын жүйе қажет. Менің ойымша, вице-президент Қазақстанның сыртқы саясатындағы қауіпсіздікмәселелерімен айналысады, – дейді депутат.
Мұнда сөз тек классикалық дипломатия жайлы емес, мүдделер тепе-теңдігін тұрақты сақтап отыру туралы болып отыр.
– Бұл – Еуропалық одақ, АҚШ, Қытай, Ресей сияқты ірі державалармен қарым-қатынаста еліміздің мүддесін қорғау үшін білек сыбанып, ортада жүретін дипломат адам. Сонымен қатар ол ел ішінде де әлеуметтік, экономикалық және саяси топтардың мүдделері сақталуы үшін тұрақты диалог жүргізуі тиіс, – деп атап өтті Сайыров.
ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ КІМ БОЛУЫ МҮМКІН?
Қазір нақты тұлғаларға қатысты мәселе ашық күйінде қалып отыр. Ғазиз Әбішевтің бағалауынша, алдымен,референдум мен парламент сайлауы өтуі керек, содан кейін ғана президент вице-президенттің есімін жариялай алады.Соған қарамастан, сарапшылық ортада кандидаттар қазірдің өзінде талқылануда. Олардың қатарында парламент палаталарының спикерлері, Президент әкімшілігіндегі негізгі тұлғалар мен өңір басшылары бар. Әбішевтің пікірінше, мемлекет басшысының кадрлық таңдауы жеткілікті.
– Бұл – мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар, аппараттық әрі саяси салмағы жоғары, сүйенетін командалары қалыптасқан адамдардың тізімі. Олардың барлығы еңбекке қабілетті жаста, мемлекеттік тілді меңгерген және Қазақстанда туған. Бұл тізімде вице-президентке де, біріккен парламент спикеріне де тағайындауға болатын тұлғалар бар, – дейді ол.
ТАРИХИ КОНТЕКСТ: ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ НЕГЕ БИЛІК ЖҮЙЕСІНЕН «ШЫҒЫП ҚАЛҒАН»?
Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстан үшін вице-президент институты жаңа тәжірибе емес, бір кездері жабылған саяси тарау. 1990-жылдардың басында елде президенттің орынбасары және вице-президент қызметтері болған. Бұл лауазымдарды Сергей Терещенко мен Ерік Асанбаев атқарды. Алайда 1995 жылғы Конституция бұл институтты жойды: билік сабақтастығы Сенат спикеріне, ал саяси тұсы мемлекеттік хатшыға берілді. Сенат толық қалыптасқаннан кейін вице-президент билік архитектурасынан мүлде алынып тасталды.
– Бұл қызмет көптеген елде жойылды, қазір ол тек Әзербайжанда ғана бар, онда бұл лауазымды бірінші ханым атқарады. Негізінен институт өз отаны – АҚШ-та сақталған, бірақ ол жақта да елеулі өзгерістерден өтті. Алғашында вице-президент президент сайлауында жеңілген кандидат болатын. Кейін вице-президенттердің бірі бүлік шығарған соң, бұл тәжірибеден бас тартылды да, қызметке сайлауда дауыс жинау үшін серіктестер таңдалатын болды: мысалы, президент солтүстіктен болса, вице-президент оңтүстіктен. Тарихшы Артур Шлезингердің жазуынша, осы себептен вице-президенттер президенттің командасына кірмей, оларға өмірдің өткіншілігін еске салатын тұлға ретінде қабылданған, – дейді Данияр Әшімбаев.
Сарапшының айтуынша, тарих бір шындықты көрсетеді: вице-президент не мемлекет басшысының нақты тірегіне айналады, не қолайсыз тұлға ретінде тез арада саяси жүйеден ығыстырылады. Сондықтан бұл институтты қайта енгізу 1990-жылдарға деген сағыныш емес, оны мүлде жаңа, әлдеқайда қатаң құрылған билік моделіне бейімдеу әрекеті.
БАСТЫ ШАРТ – СЕНІМ ЖӘНЕ ҚОС БИЛІКТІҢ БОЛМАУЫ
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов вице-президенттің лауазымынан гөрі, оның жеке қасиеттеріне назар аударады.
– Бұл – жауапкершіліктен қашпайтын, батыл шешім қабылдай алатын адам болуы керек. Ол стратегиялық ойлауға қабілетті, адамгершілік қасиеті жоғары әрі білімді тұлға болуы шарт, – дейді депутат.
Оның айтуынша, ең маңыздысы – президенттің сенімі мен идеялық жақындық.
– Егер бұл мемлекет басшысына ұқсас әрі ол толық сенім артатын адам болса, кейін билік үшін тартыс болмайды, –деп атап өтті Әбенов.
Оның сөзінше, мұндай кандидаттар көп емес, бірақ бар. Жалпы алғанда, сарапшылардың бағасы бір арнаға тоғысады: қазіргі конфигурациядағы вице-президент – формалды орынбасар да, жасырын мұрагер де емес. Ол – саяси жүйенің «амортизаторы». Бұл институт билік транзиті кезіндегі тәуекелдерді азайтуға, сыртқы саяси маневр мүмкіндігін кеңейтуге және жаһандық белгісіздік кезеңінде ішкі тұрақтылықты сақтауы тиіс. Сондықтан бүгінгі басты сұрақ – вице-президент кім болады дегеннен бөлек, Қазақстан алдағы жылдарға қандай билік моделін таңдайтынында болып отыр