Жекеменшік мектептерді жан басына шаққандағы қаржыландыруға қатысты дау күшейіп, президент пен премьер-министр бұл саланы реттеуді тапсырған тұста Ulysmedia.kz тілшісі бұрынғы білім және ғылым министрі, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовпен сөйлесті.
Төрт жыл бұрын, жекеменшік білім беру секторы қарқынды дами бастаған кезеңде дәл осы ведомствоны Аймағамбетов басқарған еді. Сол уақытта жекеменшік мектептер жаппай мемлекеттік тапсырыс ала бастады, ал жан басына шаққандағы қаржыландыру моделі мемлекеттік мектеп салуға балама әрі тиімді шешім ретінде ұсынылған.
Аймағамбетов сол кезде бұл жүйе алаяқтыққа қолайлы ортаға айналуы мүмкін екенін білді ме екен және неге қазір парламент мінберінен бұл мәселеге пікір білдірмей отыр?
Жекеменшік мектептер: бес жылдан кейін де сол бір мәселе
Мәжіліс дәлізінде біз Асхат Аймағамбетовке қарапайым сұрақ қойдық: ол бүгінде Қаржы министрлігі айтып отырған қауіп-қатерлерді төрт жыл бұрын, министр болған кезінде білді ме? Алдымен, экс-министр бұл тақырыптан «сырғып өтпек» болды.
— Маған материалдарды көрсетіңіздер, нақты не туралы екенін білсем, пікір білдіре аламын. Бірақ мұндай мәселеге негізінен Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі түсініктеме беруі керек деп ойлаймын, — деді ол.
Сонымен қатар, депутат жан басына шаққандағы қаржыландыруға қатысты сынның орынды екенін де мойындайды. Өйткені мемлекеттік қаржы жекеменшік мектептердің қалауына емес, өңірдің нақты қажеттілігіне қарай бөлінуі тиіс.
Алайда Қаржы министрлігі бұл жөнінде жеткілікті мәлімдеме жасады. Ал бізді мазалаған сұрақ басқа: 2025 жылдың күзінде анықталған мәселе бұрыннан бар ма еді? Бұл проблема 2019-2022 жылдары, Аймағамбетов министрлікті басқарған кезде де болған жоқ па?
— Мен үкімет құрамында жұмыс істемегеніме төрт жылға жуық уақыт өтті. Сондықтан методологияда, цифрландыруда кейін қандай өзгерістер болғанын нақты айта алмаймын. Қаржыландыру құзыреті республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілгенін білемін. Әдістемеге бірқатар өзгерістер енгізілгенінен хабарым бар. Негізгі шешімдер министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасында қабылданды. Жалпы алғанда, бөлінетін әрбір теңге барынша ашық әрі түсінікті болуы тиіс деген пікірмен толық келісемін, — деді ол.
Дегенмен Асхат Аймағамбетов кейбір мәселелерді министр кезінде өзі шешкенін айтады.
— Біз жұмыс істеген кезеңде 82 ақпараттық жүйе болды. Алғаш рет Ұлттық білім беру дерекқорын өндірістік деңгейде іске қостық. Соның арқасында 82 жүйені бір базаға біріктірдік, жеке тұлғалар дерекқорымен, заңды тұлғалар базасымен және басқа мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерімен интеграция жасадық. Мұның бәрі «жалған тізімнің» болмауы үшін қажет еді, — деді экс-министр.
Ал дәл сол «жалған тізім» — оқушылар мен мұғалімдер арасындағы жалған есеп — Қаржы министрлігінің басты шағымдарының бірі болды. Сонда бес жыл бұрын шешілген мәселе қайтадан шықты ма?
Бұл сұраққа Аймағамбетов нақты жауап бермей, оның жауабын өзіміз іздеуге кеңес берді.
— Ең басты сұрақ: Ұлттық білім беру дерекқоры қазір қайда? Неге ол салалық министрліктің қарауында емес? Қанша жылдан бері оған кім қызмет көрсетіп отыр? Неліктен бүгінде осы ақпараттық жүйеге қатысты сұрақтар туындап отыр? Өйткені бұл — бақылау мен мониторингтің ең маңызды өзегі, — деп түсіндірді ол.
Экс-министр неге «өз» саласына араласпайды?
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, Мәжіліс депутаты болғаннан кейін ол мектеп тақырыбынан әдейі алыстаған.
— «Кетсең, толық кет» деген сөз бар ғой. Сол себепті мен үшін бұл жылдары білім саласына қатысты мәселелерді сырттан отырып талқылау этикалық тұрғыдан дұрыс емес деп ойлаймын, — деді ол.
Сонымен қатар, Аймағамбетов Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы ретінде әріптестерімен бірге жекеменшік мектептердің мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмысын ашық етуге бағытталған бірқатар маңызды өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
Алғашқысы, жекеменшік мектептерді мемлекеттік аттестаттаудан өткізу. Бұрын олар бизнес субъектісі ретінде Оқу-ағарту министрлігі, тіпті Денсаулық сақтау немесе ТЖ органдары тарапынан тексеруден қорғалған еді. Кейін бұл құқықтық олқылық жойылды.
— Екінші маңызды мәселе — санитарлық-эпидемиологиялық тексерулер. Бұл өте қажет, себебі санитарлық талаптар сақталуы тиіс: инсоляция нормалары, ғимараттардың гигиеналық талаптары және басқа да шарттар, — дейді Аймағамбетов.
Қорытындылай келе, экс-білім және ғылым министрі білім саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін дұрыс идея деп санайтынын айтты. Ресми дерекке сәйкес, бүгінде жекеменшік мектептерде 350 мыңнан астам бала оқиды. Егер бұл мектептер болмағанда, мемлекетке тек ғимарат салудың өзіне миллиардтаған бюджет қаржысын жұмсауға тура келер еді.
Ал қазіргі жағдайда балалар білім алып жатыр, мемлекет те үнемдеді. Ендігі мәселе — қаржыландыру моделін ретке келтіру. Өйткені үнемдеу кейін тым қымбатқа түспеуі тиіс.
Контекст
Бұған дейін біз қазақстандық білім беру жүйесі қалайша жосықсыз кәсіпкерлер үшін табыс көзіне айналғанын бірнеше рет талдауға тырысқанбыз. Сарапшылардың пікірінше, түрлі заңбұзушылыққа жол ашатын тетіктер бастапқыда-ақ жүйенің өз ішінде қаланған болуы мүмкін.