×
503.17
600.89
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.17
600.89
6.63

Алкоголь, қылмыс және бюджет: Қазақстан жаңа «құрғақ заңды» қалай енгізбек?

Бүгін, 11:04
Алкоголь, қылмыс және бюджет: Қазақстан жаңа «құрғақ заңды» қалай енгізбек?
Ulysmedia.kz коллажы

Ішкі істер министрлігі алкоголь өнімдерінің сатылуына қатысты жаңа саясатты қоғамға ұсынып келе жатқанына біраз болды. Полицейлерді де түсінуге болады, елдегі қылмыстардың басым бөлігі мас не масаң күйде жасалады. Алайда ішімдікке үйірсек адамды тек тыйым салумен тоқтатамын деу мүмкін емес әрекет. Осы орайда Ulysmedia.kz құқық қорғау органдарына ішімдікке тыйым салған кезеңдерде қоғам әрекеті қандай болғанын еске салуды жөн көрді.

«Қос қолдап қолдаймыз»

Сенат кулуарында журналистер ҚР Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепехаға тосын сұрақ қойып, супермаркеттерде алкоголь сатуға тыйым салу идеясына көзқарасын сұрады. Мұндай бастаманы жуырда Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов көтерген. Алайда одан үш ай бұрын дәл осы ұсынысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтқан еді.

Министрдің пікірінше, алкоголь өнімдері қазақстандықтарға тек арнайы алкомаркеттерде сатылуы тиіс. Себебі жыл сайын елде шамамен 10 мың қылмыс мас күйде жасалады. Осыған байланысты Сәденов кафе, мейрамхана мен барларда алкоголь сату уақытын қысқартуды да ұсынған.

Ол тіпті статистиканы келтіріп, ойын-сауық орындарында мас күйде 1400 қылмыс тіркелгенін, оның ішінде үш адам өлтіру фактісі болғанын мәлімдеген. Алайда қылмыс жасағандардың нақты қандай ішімдік ішкені және оны дәл сол бардан сатып алған-сатып алмағаны айтылмады. Сонымен қатар министр бұл бастаманы барлық мемлекеттік орган қолдамай отырғанына шағымданған еді.

Игорь Лепеха да нақты дерек келтірмегенімен, басшылықтың бұрынғы сөзін айна-қатесіз қайталады.

— ІІМ бұл мәселелерді қос қолын көтеріп қолдайды. Қылмыстардың басым бөлігі ішімдік ішкен кезде жасалатынын көріп отырмыз, — деді ол.

Вице-министр депутаттар тарапынан тиісті заңнамалық бастама көтерілсе, Ішкі істер министрлігі оны міндетті түрде қолдайтынын жеткізді. 

Шағын бизнеске арналған реквием

Қазақстандық депутаттардың бастамашылдығы бір бөлек, алайда тек полицейлерді емес, шағын бизнес өкілдерін де тыңдаудың жөні бар емес пе? Ал олар мұндай идеялар ақшаның жоқтығынан әрең күн көріп отырған «үй жанындағы дүкендерге» соққы болатынын өткен күзде-ақ ашық айтқан. Бұл туралы журналистер мен «Атамекен» ҰКП өкілдеріне микробизнес және сауда қауымдастығының басшысы Марина Бошель мәлімдеген.

Оның айтуынша, мұндай дүкендердің таза пайдасы сауда қызды деген күннің өзінде 10 пайызды ғана құрайды, ал табыстың жартысына жуығы алкоголь есебінен түседі. Адамдар сыра алу үшін кіріп, сонымен бірге шұжық, тіскебасар, балаларға шоколад секілді өзге де тауарларды сатып алады. 

Ал ішімдік ішпейтіндер көбіне жұмыртқа, сүт пен нан алады, бұл тауарларға қойылатын үстеме баға 15 пайыздан аспауы тиіс. Мұндай дүкендер жүздеген мың қазақстандық отбасы үшін жалғыз табыс көзі болып отыр.

Тағы бір маңызды жайт — ІІМ алкоголь саудасын тек арнайы алкомаркеттерге көшіруді ұсынады. Полицейлердің айтуынша, мұндай нысандарды бақылау шағын дүкендер мен супермаркеттерге қарағанда жеңілірек.

Алайда ауыл тұрғындары не істемек? Кейбір елді мекендерде бар болғаны бір-екі дүкен ғана бар, ал арнайы ішімдік сататын дүкен дегенді олар тіпті естімеген. Ондай жағдайда той-томалақ алдында қалаға арнайы сапар шегу керек пе? Қысқасы, ішкің келсе, амалын тап деген сөз.

Горбачев салған соқпақпен

Айтпақшы, «амал табуға» тоқталайық. Психологтардың айтуынша, «дозасына» мұқтаж маскүнемдерден асқан тапқыр адам жоқ. Мұны тарих талай дәлелдеген.

Соңғы мысал — өзіміз куә болған кезең. 1980-жылдардың ортасында КСРО, оның құрамында Қазақстан да бар, «құрғақ заңды» енгізді: алкоголь сату уақыты қатаң шектелді, арақтың бағасы күрт көтерілді, өндіріс азайтылды.

Нәтижесінде халық ішімдіктен бас тартқан жоқ, керісінше самогон қайнату «шеберлігі» артты. Ал ең шыдамы таусылғандар дәріханалық спиртке, заты белгісіз өнімдерге, тіпті техникалық спиртке көшті. Соның салдарынан маскүнемдер бұрынғыдан да көп ішіп кетіп, мемлекет алкоголь сатудан түсетін қомақты салықтан айырылды.

Мұндай тыйымның немен аяқталатынын түсіну үшін сарапшы да, депутат та болу шарт емес, өйткені жаңа шектеулер де дәл осындай жағдайға жеткізуі мүмкін.

Айырмашылығы — КСРО кезінде халыққа елдің нақты экономикалық жағдайы ашық айтылмайтын. Ал Қазақстанда сөз бостандығы бар, бәріміз де бюджет тапшылығы бірнеше триллион теңгеге жеткенін жақсы білеміз. Оны жабу үшін салықтар көтерілді, соның ішінде алкогольге салынатын акциздер де артты.
2026 жылға қарай мемлекет ішімдік тұтынушыларынан айтарлықтай үміт күтіп отырғандай: алкогольге салынатын акциз 10 пайызға өсті, тиісінше өнім де қымбаттайды.

2024 жылғы деректерге сүйенсек, қазақстандықтар бір жылда 130 млрд теңгеге  алкоголь өнімін сатып алған. Ал «КазАлкоТабак» қауымдастығының бағалауынша, осы соманың шамамен төрттен бірі көлеңкелі өндірушілер мен импорттаушыларға кеткен.

Егер ІІМ жоспарлары жүзеге асса, көлеңкелі нарықтың үлесі одан әрі ұлғаюы мүмкін. Бұл жағдайдың мемлекеттік бюджетке оң әсер ететіні екіталай.

Серіктес жаңалықтары