×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстан – антилидер: Экономистер қымбатшылықты еңсере алмаған шенеуніктерді қатаң сынап жатыр

27.01.2023, 14:42
Қазақстан – антилидер: Экономистер қымбатшылықты еңсере алмаған шенеуніктерді қатаң сынап жатыр
Коллаж: ulysmedia.kz.

Күні кеше Еуразия экономикалық одағының ресми сайтында 2022 жылғы инфляция көрсеткіштері жарияланды. Экономикалық одаққа мүше бес елдің ішінде антилидер болып Қазақстан тұр.

Соғысып жатқан Ресей, ол елмен «қол ұстаса» санкцияларға іліне бастаған Беларусь, соғыс жағдайындағы Армения мен байлығы жоқ Қырғызстанда да қымбатшылық Қазақстандағыдай үдеп кетпеген. Мұның себебі неде?

Алдымен статистика жайлы

Экономикалық одақтың ресми сайтындағы мәліметтеріне сүйенсек, Еуразия экономикалық одағында жалпы инфляция көрсеткіші 12,9% көрсеткен. Ақылы қызметтерде де бұл көрсеткіш 12,9% болса, азық-түлік тауарларында 12,2% жеткен.

Бұл ретте инфляцияның ең жоғары көрсеткіші былтыр Қазақстанда (20,3%) тіркеліпті. Одан кейінгі тізімде Қырғызстан (14,7%) мен Беларусь (12,8%) тұр. Ал экономикалық одақ ішінде бұл бағытта ең төменгі көрсеткіш Ресей (11,9%) мен Арменияға (8,3%) тиесілі.

«ЕАЭО көрсеткішінен жоғары өсім азық-түлік тауарлары жағынан Қазақстанда (25,3%), Қырғыз Республикасы (17,1%) мен Беларусьте (13,8%) тіркелді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасының ең үлкен өсімі Қазақстан (19,4%) мен Беларусьте (13,7%) байқалды. Қазақстанда ақылы қызметтер бағасы 14,1%, Ресейде 13,2% өсті», - делінген есепте.

«Қазақстан бұл «титулды» 2023 жылы да қорғап қалады»

Экономист Рахым Ошақбаев Қазақстанның аталған статистикада антилидер болуын Ұлттық банктің монетарлық саясатынан көреді. Оның жазуынша, Қазақстанда осы «антилидерлік титулды» 2023 жылы қорғап қалуының зор мүмкіндігі бар.

Рахым Ошақбаев

«Халықтың 66% биыл да баға 20% қымбаттайды дегенге сенімді. Ұлттық банктің болжамына сүйенсек, 2023 жылы инфляция 11-13% құрайды екен. Әлбетте сену қиын», - дейді ол.

Ошақбаев Ұлттық банктің қазіргі монетарлық саясатына «мүлде тиімсіз» деген баға береді. Айтуынша, соғысып жатқан Ресей мен Армения бүгін де тиімді монетарлық саясатты жүргізіп жатыр.

«Арменияда тіпті инфляция 8,3%, Карл!» - деп кекесінмен аяқтайды пікірін ол.

Ұлттық банк ақша массасын бақылаусыз өсіріп жіберді

Ошақбаевтың бұл пікірімен басқа сарапшылар келіседі. Мәселен, Қайырбек Арыстанбековтың айтуынша, Қазақстанда ақша массасының жылдық өсімі кейінгі бес жылда 20%-дан болған. «Бұл – инфляцияға кепілдік беретін жол» дейді ол.

Экономист Сапарбай Жобаев та әріптестерінің Ұлттық банкте сынаған пікірімен келісетінін айтады.

Сапарбай Жобаев

«Инфляцияға Ұлттық банк айыпты! Ұлттық банк біздегі ақша массасының бақылаусыз өсуіне жол берді. Сол себепті ақша көп болғаннан кейін сұраныс көп болады. Инфляция өсе береді. Президент, үкімет, әкімдер, СПК-лар оған еш әсер ете алмайды. Олардың әрекеті тек маусымаралық бағаның өсімін тоқтатуға ықпал етуі мүмкін. Ал жалпы инфляцияны олар тоқтата алмайды», - дейді ол.

Сапарбай Жобаевтың сөзінше, Ұлттық банктен бөлек, Үкіметтің айыбы – өндірісті қалпына келтіре алмай жатқанында. Шикізатқа тәуелділіктің салдарынан өндіріс, қайта өңдеу салаларына баса мән берілмеген. Шикізаттың арқасында әлі күнге дейін дайын тауарды сатып алу үрдісі жалғасып келе жатыр.

«Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеден бөлек, резервтік саясаты бар. Банктердің резервтік мөлшерлемесін көтерсе экономикамызда ақша массасы азаюы мүмкін. Өзінің бағалы қағазы бар нота дейтін. Соларды көбірек шығарып, Ұлттық банкке тәуелді банктердің бәріне сатуы керек. Ақшаны экономикаға басқа жолмен салған жөн. Банктер тұтынушы несиелерді ғана беру саласына кетпеуі тиіс», - дейді ол.

Сарапшы 2020 жылдан бастап зейнетақы қорынан 3,5 трлн теңгені экономикаға бақылаусыз бақылап жібергенін сынайды. Жобаевтың сөзінше, бұл соманы нарыққа аста-төк төгуінің салдарынан елде инфляция жоғарылап кеткен.

Балансты таба алмаған

Ал экономист Жарас Ахметовтың айтуынша, базалық мөлшерлеменің шұғыл көтерілуін теңгеге спекулятивті шабуыл жасалып жатқан кезде ғана ақтап алуға болады. Сарапшының сөзінше баға екі жағдайда өседі. Біріншіден – тауар жетпей қалған кезде. Яғни халықтың қолында ақша болған кезде азық-түлік немесе тауар жетпей жатады. Соның салдарынан баға өседі. Коронавирус шектеуін алып тастағаннан кейін АҚШ пен Еуропа елдерінде осындай тенденция байқалған.

Жарас Ахметов

«АҚШ-та мәселен, ковид шектеуінен кейін жұрттың бәрі турист болып кетті. Бензин бағасы бірден өсті. Билік базалық мөлшерлемені көтеріп, ақша ұсынысының көптігіне кедергі қойғысы келді. Баға тұрақталды. Ал федералды резервтің саясаты қаншалықты орынды болғанына баға бере алмаймын. Ал бізде баға тауар жетіспеушілігінен болды ма деймін. Тауар жетпесе, тым жоғары, орынсыз бағаны бізде қоя салады. Әлбетте, ешкім базалық мөлшерлеме 0-ге дейін төмендесін демейді. Алайда ақша ұсынысы мен өндірушілердің арасында бір баланс болуы керек», - дейді ол.

Жарас Ахметовтың айтуына қарағанда, бағаның өсуіне екіншіден ел билігіне деген халықтың сенімі әсер етеді.

«Бізде сұраныс болды. Оны шектеп, мөлшерлемені көтеру керек еді. Артынша өндірушілерге тұтынушылық тауарды өндіруге ақша тауып берумен қатар, ақша массасын да бақылауда ұстау керек еді. Меніңше, Ұлттық банк осы үйлесімді таба алмаған», - деген экономист бұл ойы гипотеза екенін қосып өтті.

Жарас Ахметов Ұлттық банк елде ақша массасын шектеп отыратынын айтады.

«Бізде Ұлттық банк ақшалай ұсынысты шектеп отырады. Ал Үкімет бюджет арқылы керісінше бағдарламалар жолымен аздаған топтар үшін ақша ұсынысын көбейтеді. Бір крайникті жабамыз да, екінші крайникті ашамыз. Сондықтан, инфляция қарқынына төтеп бере алатындай ақша ұсынысын азайта алмай отырмыз. Ұлттық банк баланс таппаса, Үкімет Ұлттық банктің саясатына қарсы ақша ұсынысын арттырады. Осылай деуге болады», - деп түйді Жарас Ахметов.

«Үкіметті кінәлаймын»

Экономист Мақсат Халық Қазақстандағы шенділер ақталған кезде «инфляция бүкіл әлемде болып жатыр, сол себепті Қазақстанда сондай инфляция, амал жоқ» деген сылтауы айтатынын еске салады. «Неліктен ендеше Еуразиялық экономикалық одақ елдері ішінде ең үлкен инфляция бізде тіркелді?» деп сұрайды ізінше.

Мақсат Халық

«Неліктен сол инфляция соғыс жүргізіп отырған Ресейдің өзінде болмайды. Сондықтан, әлемдегі импорттық инфляцияның әсері бұл жерде азырақ болып тұр. Бұл жерде мен Үкіметті кінәлаймын», - дейді ол.

Экономист кейінгі жылдары Үкімет жоспарлау, бағамдау жұмыстарын өте нашар жүргізгенін айтады. Бір ғана қуаңшылық кезінде еттің, жем-шөптің, дәнді-дақылдардың бағасы шарықтайтынын болжай тұра тиісті шаралар қабылданбаған.

«Үкімет осыдан кейін қуаңшылыққа төтеп бере алатындай шаруаларға тұқым беруі керек еді. Техникасын қамтып, жетпей жатқанын жеңілдетілген несиемен тез арада жеткізуі керек-тін. Ол істер орындалмады. Проблеманың бәрі сол жақта жатыр. Үкіметтің ең үлкен қателігі де осы – президент айтқандай себеппен емес, салдармен күресу», - дейді ол.

Мақсат Халықтың айтуынша, Үкімет екіншіден кінәні базалық мөлшерлемені көтерген Ұлттық банктен іздейді. Алайда сарапшының пікірінше, Ұлттық банкте мөлшерлемені көтергеннен басқа амал жоқ.

«Экономистермен бас қосқанбыз. Сонда айтылғаны – базалық мөлшерлемені көтеру инфляцияны 30 пайызға ауыздықтауға қауқарлы екен. Толық емес. Сондықтан, Ұлттық банктің қолынан келгені сол. Ақша массасы кейінгі үш жылда 10 трлн теңгеге өсті. 24 трлн теңгеден 34 трлн теңгеге дейін! Экономикада қарапайым заңдылық бар: егер ақша массасы қатты өссе, бірақ елде айналымда жүрген тауар өндірісі процесі өз дәрежесінде болмаса, онда сол тауарлар мен қызметтердің бағасы өседі. Сондықтан, осы көзқарас тұрғысынан Ошақбаевтың айтқаны дұрыс. Бірақ бұл жерде тауар өндірісі ұмытылмауы тиіс. Ал тауар өндіруге Үкімет жауапты. Бағдарламаларға да! Елімізде өндіруші кәсіптің төмендеп кетуі салдарынан инфляция болып жатыр», - дейді ол.

Экономист Үкіметтің Ұлттық қордан ақшаны жиі аударуын сынайды. Айтуынша, ақша массасының артып кетуінің де бір себебі – Ұлттық қордан көптеп ақша алуда жатыр. Дағдарыс кезінде ғана алынатын қаражат кейінгі жылдары жыл сайын алынатын болған.

«Экономистер қазір Үкіметке контрциклді бюджеттік саясатты ұсынып отыр. Бірақ Ұлттық қордан ақша алу процесін біз азайтқан жоқпыз. Мәселе сонда. Келер жылдары азайтамыз дейді. Бірақ бұрын Ұлттық қордан міндетті аударымдарды алып отырса, кейінгі жылдары мақсатты аударымдар дегенді тапты. Сөйтіп, 2 трлн теңгенің орнына 6 трлн теңге алатын болған. Мұның бәрі елге қосымша салмақ салып, ақша массасын ұлғайтады. Ал контрциклдік саясат деген – жоспарлаған кезде қанша табыс барын, салықтан қанша қаражат түсіп жатқанын қарау керек. Қандай шығындарды дұрыс жұмсап отырмыз. ЛРТ, ассамблея, форумдар секілді жобаларға бөлінетін қаражатты әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмылдыру керек. Сонда ұлттық қордан көп қаражат аударудың маңызы болмайды», - деп түйді Мақсат Халық.