Қазақстандағы шағын және орта бизнес өкілдері жаңа Салық кодексінде бекітілген ережелерге бір жарым айдан бері бейімделумен келеді. Жаңа құжатта қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға көтерілді, жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы мен «сән-салтанат салығы» енгізілді. Ұлттық экономика министрлігінде бұған байланысты 300 мыңға дейін микро-компания жабылуы мүмкін деген болжам айтылған. Алайда жекелеген кәсіпкерлердің (ЖК) нақты қаншасы қызметін тоқтатқаны жөнінде ресми статистика әзірге жоқ, дегенмен күрделенген ахуалға қатысты алғашқы пайымдар бар. Мәселен, депутат Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, жыл басынан бері шамамен 35 мың компания қызметін тоқтатып, 15 мыңға жуық жаңа бизнес тіркелген. Яғни кәсіпкерлік субъектілерінің азаюы байқалады, бірақ әзірге күрт аномалия тіркелген жоқ. Үкімет мұны «нарықтың табиғи тазаруы» деп сипаттаса, кәсіпкерлер алдағы бірнеше жылды «аман қалу кезеңі» деп атап отыр. Ulysmedia.kz тілшісі дүкен, шаштараз және басқа да ЖК иелерімен, яғни қызмет көрсету саласындағы қарапайым кәсіпкерлермен сөйлесіп, олардың бизнесінің «жағдайын» сұрап көрді.
«Адамдар артық нәрсе алуды қойды»
Азық-түлік және тұрмыстық тауарлар дүкенінің иесі Галина, ең алдымен, сатып алушылар белсенділігінің төмендегенін атап өтті.
— Табыс деген бірде бар, бірде жоқ, қаңтар айы әдетте онсыз да табысты болмайды. Бірақ қазір адамдардың тауарды таңдап алатыны, ұсақ-түйектен бас тартатыны анық байқалады. Көпшіліктің жағдайы шынымен қиын: баға өсіп жатыр, ал жалақы жоқ. Бұрын адам нан, сүт, шұжық алса, қазір шұжықтан бас тартады. Биылғы қаңтарда түсім мүлде дерлік болмады, — дейді Галина.
Оның айтуынша, өзіне тиесілі ғимараттың болуы басты артықшылық. Меншік нысаны барлар өзін анағұрлым сенімді сезінеді. Қалада жалдау ақысы қымбаттаған. Бұл шағын дүкендер үшін аса қауіпті, өйткені маржа аз болған жағдайда тұрақты шығындардың кез келген өсуі табысқа тікелей соққы болып тиеді.

Айта кету керек, жалға алып жұмыс істейтін дүкен иелерінің ешқайсысы өз мәселесін ашық айтқысы келмеген. Бірі жақында зейнетке шығатынын айтып, мемлекетпен қызыл кеңірдек болып жатуды жөн көрмесе, енді бірі әлі толық талдау жасамағанын, жағдайды толық түсінбейтінін алға тартты. Ал кейбірі қарсысында журналист тұрғанын білген соң, өзекті тақырыпта әңгімеден мүлде бас тартқан.
Мәселе тек жаңа Салық кодексінде ғана емес. Галина тағы бір өзекті проблеманы — «көлеңкелі» саудагерлермен бәсекені атап өтті. Ауданда қолма-қол ақшаға жұмыртқа, ет өнімдері, тұрмыстық химия мен темекі сататын көліктер көбейген.
— Темекі өнімдерінің сатылымы күрт төмендеді. Біз контрабанданың сатылып жатқанын нақты білеміз, мұны сатып алушылардың өзі айтып жүр, олар тауарды арзанға алғанын айтуда. Олар жарты сағатқа ғана келіп, тауарын өткізіп кетеді, болды. Ал мұндай сатушылар қаланың дамуына бағытталатын салықты төлемейді, — дейді ол.
Галина сатып алушыларды да түсінетінін айтады: жалақы өспейді, ал азық-түлік бағасы ай сайын дерлік қымбаттап жатыр. Соның салдарынан заңды бизнес қысымға ұшырап, әр клиент үшін күресуге мәжбүр.

Шаштараздар: әзірге есептеп отыр
Қызмет көрсету саласы сақтықпен әрекет етуде. Салон иелері жағдайды әлі де саралап жатыр. Әйелдер шашын қиятын шебер Ольганың айтуынша, қаңтарда келушілер азайған, бірақ бұл — жаңа жылдан кейін жиі болатын құбылыс. Алда 8 наурыз бар, сол кезде клиенттердің азайған-азаймағаны нақты белгілі болады. Әзірге салонда қызмет бағасы көтерілмеген, өйткені клиенттерден айырылып қалудан қорқады. Аудан ауқатты аудандар қатарынан емес, шаш қидырғысы келетіндер әр теңгесін есептейді.
Салонға келуші Мария бухгалтер болып жұмыс істейді. Ол да өз қиындығымен бөлісті. Айтуынша, қазір оның жұмысы күрделеніп, қымбаттап, жүйкеге салмақ түсіре бастаған.
— Қазір бізге өте қиын. Бір жағынан жылды ескі кодекспен жабу керек, екінші жағынан бірден жаңасына көшу қажет. Бұрын салық есептілігін кәдімгі салық төлеуші кабинетінде тапсыратынбыз, барлық жеке шоттарды, төлемдер мен декларация мәртебесін көріп отыратынбыз. Бұл өте ыңғайлы еді. Қазір барлығын жаңа ИСНА кабинетіне көшуге міндеттеді, бірақ жүйе әлі толық жолға қойылмаған: серверлер жүктемеге шыдамайды, декларациялардың мәртебесі жиі көрінбей қалады, - дейді Мария.

Соның салдарынан бухгалтерлер жеке шоттарды көрмейді, есептіліктің тапсырылған-тапсырылмағанын да түсіне алмайды, мұныңмбәрі жұмысты баяулатады. Сонымен қатар, оның айтуынша, бухгалтерлерге сұраныс артып келеді. Бұрын есеп-қисапты өзі жүргізе алатын кәсіпкерлер енді маман жалдауға мәжбүр.
— Президент айтқандай, жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар үшін жүйе жеңілдетілуі тиіс еді, бірақ іс жүзінде бәрі керісінше күрделене түсті: есептеулер көбейді, салық пен салық базасын есептеу процесі қиындады. Бұрын ЖК жылына екі рет есеп тапсырса, қазір алты рет, өйткені жаңа салық нысаны енгізілді. Мұның бәрін кәсіпкердің өзі игере ала ма, бұл да сұрақ. Сондықтан бухгалтерсіз болмайды, - деп қосты ол.
Марияның айтуынша, бұл қосымша шығын, себебі бухгалтер тегін жұмыс істемейді. Енгізілген нысан мүлде жаңа болмаса да, дәл ЖК үшін жаңартылған, ал есеп тапсыру, жеке шоттармен жұмыс, хабарламалар мен камералдық бақылау кәсіпкерлерге елеулі салмақ түсіріп отыр.
Жабады, сатады, тоқтатып қояды
Жалға алынған дүкендердің бірінде әңгімемізді естіген сатып алушы, дүкен иесінің сұхбат бергісі келмейтінін аңғарып, өз мәселесін өзі айтуға дайын екенін білдірді. Евгенийдің де ЖК мәртебесі бар, ол автоматты түрде ашылатын қақпалар мен шлагбаумдар орнатумен айналысады.
Компания бұрын жеңілдетілген режимде жұмыс істеген, алайда қазір ол бизнесті жабуға шешім қабылдап отыр, себебі өзгерістер қалтаға қатты соғып жатыр. Кәсіпкердің есебінше, тек ЖК-ны ұстап тұрудың өзі жылына 1,2-1,5 млн теңгеге түседі, ал бұл - салықтың өзін есептемегендегі шығын. Бұрынғы маржаны сақтау үшін клиентке ұсынылатын бағаны көтеруге тура келеді, ал нәтижесінде адамдар қызметтен бас тартады.
Евгенийдің айтуынша, ол жалғыз емес: таныс кәсіпкерлерінің кейбірі қазірдің өзінде ЖК-ны жауып жатыр немесе шарттар қайта қаралады деген үмітпен үш жылға тоқтатып қойған.
«Табиғи тазару» ма, әлде «қысқару» режимі ме?
Макроэкономика деңгейінде бұл реформаны жүйені жаңғырту деп атайды. Алайда ауладағы шынайы өмірде көрініс басқаша: сатып алушылар үнемдей бастады, есептілік көбейді, ең бастысы, шығын артты, ал түсім азайып, тұрақсыз болды. Көптеген үй жанындағы дүкендер әзірге өз ғимаратының болуы, маржаның ең төменгі деңгейі және иелерінің тікелей араласуының арқасында ғана күн көріп отыр. Көбіне бұл отбасылық бизнес: біреуі сөре артында тұрса, енді бірі бухгалтерияны жүргізеді. Ал жалға алып отырғандар ойлануға мәжбүр.

Дегенмен, кәсіпкерлердің бірі айтқандай, бәрі күткендей үрейлі сценарий жүзеге аспады. Апокалипсисті күтуден жұрт шаршады, тамақты бәрібір сатып алу керек. Сол себепті ол ақысыз демалысқа жіберген сатушыларын қайтадан жұмысқа шақырған. Нарық жаңа жағдайға бейімделуге тырысып жатыр. Алайда осындай шағын дүкендер мен салондардың қаншасы «өтпелі кезеңнен» өтіп, жұмысын жалғастыра алатыны әзірге ашық сұрақ күйінде қалып отыр.