×
491.97
583.77
6.39
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
491.97
583.77
6.39

Өзін-өзі жұмыспен қамту заңды болады: нені білу керек?

Бүгін, 12:55
Өзін-өзі жұмыспен қамту заңды болады: нені білу керек?
Ulysmedia коллажы

Биылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі аясында Қазақстанда барлығы үш салық режимі қолданылады. Соның бірі – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режимі. Шағын кәсіп иелері бұл режимге 1 наурызға дейін ауыса алады,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Арнайы салық режиміне қандай қызмет түрлері енеді

Үкімет «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолдануға рұқсат етілетін қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы» қаулы жобасын әзірледі. Құжатқа сәйкес, 46 түрлі қызмет бағыты осы режим аясында жұмыс істей алады. Тізімге күнделікті өмірде сұранысқа ие және шағын кәсіпкерлер жиі көрсететін қызметтер енгізілген.

Атап айтқанда, құрылыс және жөндеу саласындағы жұмыстар — сылақ, сырлау, ағаш ұсталығы, еден төсеу, сондай-ақ тұрмыстық техника, жиһаз, компьютер, сағат және зергерлік бұйымдарды жөндеу қызметтері қамтылған. Сонымен қатар такси жүргізу, жүк тасымалдау, жеңіл және жүк көліктерін жалға беру де осы санатқа жатады.

Мүлікті жалға беру, ауыл шаруашылығы техникасын, кеңсе жабдықтарын және спорт құралдарын жалға ұсыну қызметтері де тізімге енген. Бұдан бөлек, клининг, кір жуу, шаштараз және сұлулық салондары, түрлі тұрмыстық заттарды жөндеу қызметтері осы режимді пайдалана алады.

Шығармашылық бағыттағы қызметтер де назардан тыс қалмаған. Суретшілер мен жазушылардың еңбегі, фотосурет қызметі, музыкалық аспаптарды жасау және жөндеу жұмыстары жаңа тәртіппен жүзеге асады. Сондай-ақ спорт, мәдениет және қосымша білім беру саласындағы қызмет көрсетушілер, ветеринарлар, аудармашылар мен үй жұмыскерлері де өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына кіреді.

Жалпы алғанда, 46 қызмет түрі арнайы салық режимінде жұмыс істей алады.

Салықты қалай төлейді

Экономист Ербосын Нұрмұханұлының айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі шағын кәсіпкерлерге өте өте тиімді.

-    Өзін-өзі жұмыспен қамту мәртебесі есеп жүргізу тұрғысынан ыңғайлы.Арнайы бухгалтерлік есеп дайындап, салық төлеудің  қажеті жоқ. Барлық төлемдер арнайы мобильді қосымша арқылы жүргізіледі. Бәрін платфоромалар өздері мойнына алады. Олар айлық табыстың 4%-ын әлеуметтік төлем ретінде өздері аударып отырады. Атап айтсақ, такси жүргіузшілері, сұлулық салоны, үйдің қасындағы шағын дүкендер секілді шағын кәсіп иелеріне өте қолайлы болып отыр. Халықтың табысы артады деп айтуға келмейді. Артықшылығы салық төлеудің жеңілдетілуінде болып тұр. Табысы асып кеткен жағдайда, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге тура келеді, - дейді маман.

Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, арнайы салық режимінің басты артықшылығы салық жүктемесінің төмендігінде. 

-    Бұл жерде табыс салығы мүлдем жоқ. Адамның табысының негізгі бөлігі өзінде қалады. Артықшылығы тіркелудің оңайлығы. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, жеке тұлғаларға өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде заңды түрде тіркеліп, жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Заңды мәртебесі бар, яғни банктік шот ашуға, зейнетақы жарнасын түсіруге, медициналық сақтандыруға қатысуға мүмкіндік береді. Халық бұл жерден ұтатыны табысын көрсетіп, несие алу мүмкіндігіне ие болады. Бәрі заңды болады, - дейді сарапшы.

Қандай қателіктерге жол бермеу керек

Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті арнайы салық режимі арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәртебесін рәсімдеу кезінде азаматтар жиі жіберетін қателіктерді атады. Мамандардың айтуынша, талаптарды сақтамау айыппұлдарға, қосымша салық есептеулеріне және жеңілдетілген режимді пайдалану құқығынан айырылуға әкелуі мүмкін.

Бірінші және ең кең таралған қателік – жалдамалы жұмысшыларды тарту. Бұл режим бойынша жұмыс істейтін азаматтарға қызметкер жалдауға рұқсат берілмейді. Арнайы салық тәртібі жеке, дербес қызмет көрсетуге арналған. Егер азамат іс жүзінде жұмыс беруші болса, онда ол басқа мәртебеге көшіп, тиісті салық режимін қолдануға міндетті.

Екінші маңызды мәселе – қызмет түрінің талаптарға сай келмеуі. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы режим барлық қызметке бірдей қолданылмайды. Тек Үкіметтің 2025 жылғы 21 қарашадағы №994 қаулысымен бекітілген тізімге енген бағыттар ғана рұқсат етілген. Егер нақты қызмет осы тізімде болмаса, арнайы салық режимін қолдануға болмайды. Сондықтан тіркелмес бұрын қызмет түрін ресми құжатпен салыстырып тексеру қажет.

Үшінші кең таралған қателік – белгіленген табыс шегінен асып кету. Ережеге сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтың бір айдағы табысы 300 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. 2026 жылы 1 АЕК 4 325 теңгені құрайды. Демек, ай сайынғы ең жоғары табыс көлемі – 1 297 500 теңге. Бұл межеден асқан жағдайда азамат басқа салық режиміне көшуі керек. Талапты елемеу қосымша салықтық есептеуге және айыппұл салуға негіз болады.

Серіктес жаңалықтары