×
489.17
576.63
6.38
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.17
576.63
6.38

Атыңызға заңсыз несие рәсімделсе не істеу керек: енді ешкімге онлайн несие берілмейді

Бүгін, 14:00
Атыңызға заңсыз несие рәсімделсе не істеу керек: енді ешкімге онлайн несие берілмейді
Ulysmedia коллажы

Қазір атына заңсыз несие рәсімделгенін, алаяқтардың телефонмен құрығына түсіргенін айтып шағымданатын адам көбейді. Осы интернет алаяқтықтың алдын алатын заң күшіне енді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Несие алаяқтығының 90%-ы банк қызметкерлерінің қатысуымен жасалады

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов өзіне алаяқтарға алданып немесе заңсыз рәсімделген несиесі бар адамдар көп шағымданатынын айтады. 

- Биометриялық сәйкестендіру талаптарының бұзылу фактілері жиілеп кеткен. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, азамат өзі келіп, бейнежазбаға түсірілуі керек және оның бет-бейнесі жазбадағы кескінмен салыстырылып тексерілуі тиіс. Егер бұл рәсім заң талаптарына сай жүргізілмесе, жауапкершілік банкке жүктеледі, мұндай жағдайда несие қаржы ұйымының есебінен жабылуы керек. Бұған дейін банктерге мұндай міндет жүктелмеген еді», - дейді Мұрат Әбенов.

Депутаттың айтуынша, Қостанай облысының бір азаматына небәрі бір сағат ішінде бес банк жеті несие беріп, жалпы сомасы 16,5 млн теңгеге жеткен. Тексеру барысында ол азамат биометриядан өтпегені, қол қоймағаны және банкке бармағаны анықталды. Бұл жағдайда несие жалған биометрия арқылы рәсімделген болып шыққан. Кей жағдайда алаяқтар банк қызметкерлерімен алдын ала сөз байласып, несие рәсімдеу схемаларын қолданады.

«Алаяқтар кейде арнайы топ құрып, бір адамды алдын ала дайындайды. Сол адам несие рәсімдету үшін банк ішіндегі қызметкерлерге 1-2 пайыз көлемінде «сыйақы» ұсынады. Өкінішке қарай, кейбір менеджерлер де мұндай заңсыз әрекеттерге қатысып жатады. Жалпы несиелік алаяқтықтың 90 пайызы банк ішіндегі қызметкерлердің қатысуымен жасалып жатыр. Сондықтан ең алдымен сол сыбайластарды анықтап, жазалау қажет», - дейді депутат.

Депутат тағы бір жағдайда алаяқтар айлық табысы 67 мың теңге болатын декреттегі мұғалімнің атынан 9 млн теңге несие алғанын айтады. Оларға несиені рәсімдеп берген үш банк қарызды әйелдің нақты өзі алып жатқанына көз жеткізбеген. Банктер бала күтімімен үйде отырған ананың сыртынан құжаттары мен табыс туралы анықтамасын көрмей жатып несиені бере салған. Депутатқа алаяқтарға алданған әйел келіп, өзінің басынан өтіп жатқан жағдайды айтып берген.

Депутат осындай кезде қоғам көбіне алаяқтардың құрбаны болған адамды кінәлауға дайын тұратынын айтады. Оның сөзінше, бұл мәселе Үкіметтің банктерге көп құқық беріп қоюынан болған. 

Енді ешкімге онлайн несие берілмейді, міндетті түрде банкке бару керек

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов банктер туралы заң жобасына бірқатар маңызды өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұдан былай банктер онлайн форматта несие бере алмайды.

Депутат бұл өзгерістер өзі және әріптесі Бақытжан Базарбек ұсынған түзетулердің толық сақталуымен қабылданғанын айтты.

"Біз бұл нормалардың өзгеріссіз сақталуын жіті бақылауда ұстап отырмыз. Егер кімде-кім оларды бұрмалауға әрекет етсе, оған көз жұма қарамаймыз. Бұрын банктер несие рәсімдеуге шектеусіз мүмкіндік беріп келген еді. Енді онлайн несие беру толық тоқтатылады. Азамат міндетті түрде банкке өзі барып, жеке қол қоюы және табысы туралы нақты ақпарат ұсынуы қажет. Осы талаптар орындалмаған жағдайда, несие рәсімдеуге жол берілмейді", – деді Мұрат Әбенов.

Оның айтуынша, пандемия кезінде банктер электронды үкімет жүйесіне қол жеткізіп, азаматтардың жеке деректерін кең көлемде пайдалана бастаған. Мәселен, кейбір банктер қосымшалары арқылы клиенттердің құжаттарын олардың рұқсатынсыз көре алған.

"Қазіргі таңда кейбір банк қызметкерлері азаматқа алдын ала ескертпей-ақ оның жеке мәліметтеріне қол жеткізе алады. Осыған байланысты заңнамаға өзгеріс енгізілді: енді барлық деректерді тексеру рәсімі тек Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы жүргізілуі тиіс. Жеке банктердің eGov.kz жүйесіне тікелей қол жеткізуіне жол берілмеуі керек. Себебі олар жеке компаниялар, ал азаматтардың деректерінің қалай пайдаланылатынына толық кепілдік жоқ", – дейді депутат.

Сондай-ақ жаңа талаптарға сәйкес, банктер антифрод жүйесі немесе биометриялық сәйкестендіруден дұрыс өтпей рәсімделген несиелерді жоюға міндетті болады. Бұған қоса, егер клиент сотқа жүгінсе, банк 10 күн ішінде несие қандай құжаттар негізінде берілгенін, биометрия қалай рәсімделгенін толық көрсетуге тиіс.

Алаяқтарға алданғандардың несиесін енді банктер өтейді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда енді қаржы алаяқтарының құрбаны болған азаматтардың несиесін банктердің өзі өтейтінін айтқан болатын.

Әбілқасымованың айтуынша, 2025 жылғы 30 қыркүйекте заң күшіне енген. Енді азаматтарды несиеге қатысты алаяқтықтан қорғаудың соттан тыс және сот арқылы шешу тетігі бар.

«Алаяқтық несиелерді шешудің соттан тыс және сот арқылы реттеу тәртібі бекітілді.Соттан тыс тәртіп бойынша, егер биометриялық сәйкестендіру жүргізілмесе, азамат несие алудан өз еркімен бас тартса және ішкі істер органдары оны алаяқтықтан жәбірленуші деп таныса, онда банк сотқа жүгінбей-ақ қарызды есептен шығаруға міндетті.Сот тәртібі бойынша, алданған азаматтардың несиесі үш жағдайда кешіріледі:. Алаяқтар сіздің жеке деректеріңізге заңсыз қол жеткізсе; банк биометриялық рәсімді талапқа сай өткізбесе; антифрод (алаяқтыққа қарсы) процедуралары бұзылса.Осы үш негіздің кез келгені сот арқылы қарыздан босатуға себеп бола алады», – дейді Әбілқасымова.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, кейбір жағдайларда азаматтар биометриялық растауға өздері келісім беріп, құжаттарға қол қойған. Алайда бұл жайт банктерді толық жауапкершіліктен босатпайды.

«Кей азаматтар әлеуметтік инженерия тәсілдері арқылы алданған. Яғни, олар деректерін өз еркімен бергенімен, банк тарапынан антифрод жүйесі тиісті деңгейде жұмыс істеуі керек еді. Сондықтан біз заңға осы үшінші тармақты арнайы енгіздік. Енді банктер клиенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әлдеқайда мұқият қарауы тиіс», – дейді ол.

Алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдесе не істеу керек?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі атына заңсыз несие рәсімделген қазақстандықтарға мынадай кеңес береді.

1. Қай ұйымнан несие алынғанын анықтаңыз

Алдымен несиені қай банк немесе қаржы ұйымы рәсімдегенін біліңіз. Бұл ұйым Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылауында ма, соны тексеріңіз. Ақпаратты агенттіктің сайтындағы «Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі» бөлімінен табуға болады.

2. Полицияға арыз жазыңыз

Жергілікті полиция бөліміне барып, ресми түрде шағым түсіріңіз. Қолтаңба сараптамасы жүргізіліп, құжаттағы қолдың сізге тиесілі еместігі анықталуы мүмкін.

3. Кредиттік ұйымға жазбаша өтініш беріңіз

Қарыз қай ұйымнан рәсімделгенін нақтылап, сол жерге ресми өтініш жолдаңыз. Бар білетін мәліметтерді көрсетіп, ішкі тексеру жүргізуді талап етіңіз. Өтініш міндетті түрде тіркелуі керек. Тіркеу нөмірі мен қабылданған күнін өзіңіздегі көшірмеге белгілеуді ұмытпаңыз.

4. Қажетті құжаттарды талап етіңіз

Банк немесе микроқаржы ұйымы сізге:
несие шартының көшірмесін;
қосымшаларды;
жеке куәлік көшірмесін;
қаражат аударылған шот туралы ақпаратты;
шартты рәсімдеген қызметкер туралы мәліметті беруге тиіс.

Егер құжаттарды беруден бас тартса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдануға құқығыңыз бар.

5. Несие алу тәсілін анықтаңыз

•    Егер несие банкомат арқылы рәсімделсе, бейнебақылау жазбалары көмектеседі.
•    Онлайн алынған жағдайда, полиция IP-мекенжай арқылы күдіктіні анықтай алады.

Алаяқтар кейде бөтен емес, таныс адамдар да болуы мүмкін. Сондықтан құжаттарыңыз бен банк деректеріңізді ешкімге бермеңіз.

6. Сотқа жүгініңіз

Егер қаржы ұйымы алаяқтық фактісін мойындамаса, тұрғылықты жеріңіз бойынша сотқа талап арыз беріп, келісімді жарамсыз деп тануды сұраңыз.
Сот шешімі сіздің пайдаңызға шықса:
қарыз өндіріп алу тоқтатылады;
берешек есептен шығарылады;
кредиттік бюроға кредит тарихынан бұл ақпаратты жою туралы хат жолданады.

Алаяқтардан қалай қорғануға болады?

Жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз.
ЖСН, жеке куәлік мәліметтерін бейтаныс адамдарға айтпаңыз.
Құжат көшірмелерін әлеуметтік желі арқылы жібермеңіз.
Банк картасының нөмірі, жарамдылық мерзімі, CVC/CVV кодын құпия сақтаңыз.
Күдікті қоңырауларға сенбеңіз.
Өзін банк қызметкерімін деген адамдарға жеке ақпарат айтпаңыз.
Кез келген құжатқа қол қоймас бұрын мұқият оқып шығыңыз.
Қауіпсіздік — өз қолыңызда. Кредит тарихын бақылап, жеке мәліметтеріңізді қорғауды әдетке айналдырыңыз.

Серіктес жаңалықтары