×
489.17
576.63
6.38
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.17
576.63
6.38

"Түрмеге ережесіз жекпе-жекке апарып, қорлап өлтірген": сарбаздың өліміне кінәлі командир жазасыз қалған

21.02.2026, 09:00
"Түрмеге ережесіз жекпе-жекке апарып, қорлап өлтірген": сарбаздың өліміне кінәлі командир жазасыз қалған
Ulysmedia коллажы

2022 жылы Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның 5574 бөлімінде борышын өтеуге аттанып, екі айдан соң сол жерде құмды дауыл кезінде көз жұмды делінген  19 жастағы сарбаз Алмас Шахимовтың өліміне қатысты шындық әлі ашылған жоқ. Анасы Индира Туғанбаева тәуелсіз сараптама ұлын қорлап отырғанын көрсетіп тұрса да, ешкімнің жазаға тартылмағанына күйінеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шабытпен кеткен жігіт екі айдан соң табытпен оралған

2003 жылы туған Алмас Шахимов Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның 5574 бөлімінде борышын өтеген. Әскерге 2022 жылдың көктемінде Ақмола облысы Көкшетау қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті шақырған.

Ресми нұсқа бойынша 2022 жылғы 10 тамызда 5574 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбаз оқу орталығында далалық жаттығуда болған кезде көз жұмған. Қатты жел салдарынан шатырдың темір жақтауы басына тиген.

"2022 жылғы 9 тамызда сағат 20:55 шамасында қатты дауыл көтеріліп, жел салдарынан сарбаздар орналасқан шатыр қалашығы бүліне бастаған. Қатардағы А.Н.Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп шатырдан соңғы болып шыққан кезде шатырдың темір жақтауы басына тиіп жарақат алған. Қатардағы А.Н. Шахимовқа жедел медициналық көмек көрсетіліп, санитарлық көлікпен Қонаев қаласындағы қалалық ауруханаға жеткізілген. Қалалық аурухана дәрігерлері сарбаздың қаза болғанын растайды. Қатардағы А.Н.Шахимов өзінің жанқиярлық әрекетімен жолдастарын құтқарып, өкінішке қарай өзі қатты соққыдан қаза болды", – делінген ресми хабарламада.

Алайда сараптамадағы жігіттің денесіндегі жарақаттар оның кісі қолынан қаза тапқанын көрсеткен.

"Шабытпен кеткен балам екі айдан соң табытпен оралды. Баламды үш жерден пышақтаған, 26 дене жарақаты бар, арқасын темекімен күйдірген. Тіпті қылқындырған. Үш минутта дауыл болып өлді дейді. Үш минутта адам осындай жарақат алмайды. Күрке болса, басына бір рет қана құлар еді, оның бәрін зерттедік. Ешқандай дауыл болмаған, баламды сағаттап қорлап өлтірген. Бір жарым жылдан соң ұлымды қаздырып алдым. Өлтіргенде үстінде бір киім болған, ауруханаға апарғанда тағы бір киімде болған, сараптамада жүрген тағы бір киім, өлшемі сәйкес келмейді. Әскери бөлімдегі видеоның көзін құртқан. Тергеушілер баламның киімін де жоғалтып жіберді. Эксгумация кезінде сынған мойын сүйегін сарапшы ұрлап кетіп, жойып жіберді", - дейді анасы.

Басты күдікті жазасыз қалды

Сарбаздың ата-анасы сотқа қатысудан бас тартқан, себебі кінәлі деп тапқан командирді тек 1 жылға соттамақ болған. Алайда соңғы сотында оны тіпті ешқандай жазаға тартпаған.

"Ұлымды ұрып өлтіріп, кейін дауылды күні үстіне шатыр құлап қаза болды деп хабар берді.  Қазіргі таңда ісіміз Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-тармағымен сотқа өтті. Сотталушы Дәурен Байызбеков. Ол сол әскери полигонда басты командир, баламның тікелей командирі болған. Оған жеңіл жаза бермек болды. Ең болмағанда үш жыл да емес, 1 жылға соттайды немесе бір жылға шартты соттайды деген еді. Біз бұл бапппен келіспейміз деп ата-анасы мүлдем сотқа қатыспай қойдық. Алғашқы сот отырысы 13 қазанда болды. Одан кейін не болғанын білмеймін. Өйткені біз қатыспаймыз деп бас тарттық. Сотталушымен менің анам сөйлескен екен. Ол маған сарбаздардың барлығы дауыл болды деп айғақ беріп жатыр депті. Маған түк болмайды, сотталмаймын деп мақтанған түрі ғой. Әскери прокуратура Бас прокуратураға мәліметті бермеген. Жалғыз куәгер бар еді. Ол шетелге қашып кетті. Соны шақыртып, тергеуін талап еттім. Бірақ қазір ешқандай нәтиже жоқ.

Жақында 17 ақпанда сот өтті. Мен қатыспаймын деп ойлағам, бірақ бір дұрыс шешім бола ма деген үміт болды. Әлгі командирді жазасыз қалдырды. Тіпті 1 жылға да соттаған жоқ, үйқамаққа да алған жоқ. Тек қызметінен шеттеткен, қазір ол такси жүргізушісі болып жүр екен. Бір жыл бұрын басталған соттың мерзімі өтіп кетті деп күдікті өзін ақтауды сұрады, әрі қарай қызметіне оралғысы келетінін айтты. Судья ұлымның аяғындағы пышақ жарақатын күркенің тіреуі тиген деген кезде алған жарақат дегенде тіпті әрең отырдым", - дейді сарбаздың анасы.

Индира Туғанбаева әскерде сарбаз өлімі тыйылмайтын айтады.

“Сарбаз өлімі тоқтамайды. Өйткені кінәлілер жазасыз қалып, шындық ашылмай жатыр. Шырылдап жүрген ата-аналардың бәрінің ісі жабылып жатыр. Мынау баламның ісіндегі күдікті Байызбеков сен бізге ештеңе істей алмайсың, өткені біз Ұлттық ұланбыз. Соғыс болса, бірінші шепте тұрамыз, президенттік ротамыз. Сен жиырма жыл күрессең де ештеңе істей алмайсың деген. Соның айтқаны келіп жатыр. Бірақ мен тоқтап қалмаймын. Алда тағы екі сот бар. Халық мені қолдап жатыр, сол маған жігер береді. Бізге шулатпаңдар деп жан-жақтан хабарласады, соттаймыз деп қысым жасайды. Қарулы күштерді жамандап жатсыңдар, шулатпай тыныш жүріңдер дейді. Сонда біз баламыз өлсе де, үндемей отыра беруіміз керек пе», - дейді жалғыз ұлынан айырылған ана.

Әйелдің айтуынша, Бас прокурордың орынбасары оны онлайн қабылдаған.

"Қолымдағы бар дәлелді бердім. Менің ісімді аша алмайтын секілді. Өйткені сотқа өтіп кеткен деп сол күйінде қалдыратын секілді. Сондықтан аналар болып митингке шықтық. Бірақ одан да нәтиже жоқ. Менің ісімді үш рет жапқан. Бұлар былықтары ашылмасын деп бәрін істейді. Егер шындық ашылса, офицер, полковник, генералдардың бәрінің басы кетеді. Сондықтан жылы жауып тастай ма деп ойлаймын", - дейді ол.

Түрмеге ережесіз жекпе-жекке апарған

Индира Туғанбаева бірнеше адам Алмастың түрмеде өтетін ережесіз жекпе-жектен қаза болуы мүмкін екенін айтқанын айтады.

"Маған осы әскери бөлімде бұрын жұмыс істеген бір офицер жігіттерді ережесіз жекпе-жекке апарады деген еді. Оспанбеков, Шайқамалов деген офицерлер өте қатігез, жауыз адамдар деп айтты. Бірнеше әскери адам олардың әрекетін көріп, балаларды қорлағанына шыдамай жұмыстан шығып кеткен. Сіз балаңызды түрмеге жекпе-жекке апарды деп ойламайсыз ба, өйткені денесіндегі жарақаттары соған ұқсайды деді. Мен ол кісіге сенбедім, сөйлеспей қойдым, бұғаттап тастадым. Іс басқа бағытта кетсін деп айтып тұр ма деп сөйлеспей қойдым. Кейін ол кісінің телефон нөмірін жоғалтып, таппай қалдым.

Кейін сарбаздар жаза бастады. Бір күні автобуста бір жігітпен кездесіп қалдым. Ол маған жақындап, балаңызбен бірге қызмет атқарғанмын деді. Атын айтпады. Бір-ақ нәрсе айтамын деді. Ешқандай дауыл болған жоқ, біз естідік, сіздің балаңызды түрмеге апарып өлтірген, жекпе-жекке апарған деді. Сосын анама тағы бір сарбаз жазған. Сіздің немереңізді түрмеге апарып өлтірген депті. Басында біреу түрме десе, мен сенбейтінмін. Әдейі істі бұру үшін айтатын шығар деп. Бірнеше рет экстрасенске бардық, олар да солай айтты. Марқұмның жанын қатты қинаған, әскерилер шегіп, ішіп алып осылай істеген деді", - дейді ұлынан қапыда айырылып қалған ана.

Қорғаныс министрлігі не дейді

Алмас Шахимовтың анасы ресми органдар аналардың құқығын қорғамай отырғанын айтады.

"Бұл жерде үлкен кісілер отыр. Түсінесіз бе, жай офицер емес, үлкен лауазымды адамдар отыр. Мен Бас прокуратураға ана жолы баламды ережесіз жекпе-жекке апарыпты десем, сен сол айтқан кісіні алып кел дейді. Мен оны алып келсем, сендер оның көзін жоқ қыласыңдар дедім. Сендер ана жалғыз куәгерді істен алып тастап отырсыңдар ғой. Оны үш жыл ешкім көрмеген, мүмкін оны да өлтірген шығар. Прокурор түрмеге өз адамдарымды жібердім деді де, бір жұмадан соң істі жеңіл баппен сотқа жібере салды. Анама шындықты айтқан сарбазды білсем де, оның есімін ешкімге айтпаймын, өйткені оны да өлтіре салады.

Соттар болды, бірақ мен оған қатыспадым. Жаңағы әскериге ауыр жаза берсе, ол шындықты айтып қоя ма деп жеңіл жаза бермек болды. Бізді Қорғаныс министрлігі қабылдауы тиіс еді. Бірақ қабылдамай тастады.Өткен жылы Президент аналардың мәселесін шешуге 12 күн берген еді. Олар сол бұйрықты бұзды. Олар неге созып отырғанын білмеймін. Әкімдіктен несиелеріңді жауып береміз деді, тағы бір көмек, жеңілдік ұсынды. Ол бізге не керек, бізге құқығымыз қорғалғаны керек. Біз қоймаймыз, тағы митингке шығамыз. Мейлі қамасын, соттасын, көрейік, мынау масқара ғой. Арызымыз Президентке жетпейді. Біреуіміз өлу керек шығар, сонда ғана қозғалатын шығар", - дейді күйінген ана.

Ал Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов өткен жылы қарашада Сенатта кулуарында Қазақстан әскерінде әлімжеттік бар деген пікірді жоққа шығарды. Дәурен Қосанов журналисттер әскердегі өлім-жітім туралы сұрақ қойғанда тіпті күліп жіберген.

"Мен сіздерге шын айтам. Қазір ондай жағдай жоқ. Зорлау дейсіздер ме? Ондай фактілерді көрсетіңіздер. Дәлел көрсетпей, жай айта саласыздар. Камера орнатамыз, пресс-турлар ұйымдастырамыз, журналистерді айына бір рет болса да шақырамыз. Әскерде әлімжеттік жоқ. Бірақ сіздер ондағы жігіттердің жастар екенін де түсінулеріңіз керек. Қоғамда да жастар бір-бірімен келіспей қалуы мүмкін. Әскер де қоғамның бір бөлігі. Біз барлық тәртіптің сақталуы үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз", - деді министр.

Қазақстан әскеріндегі әлімжеттік оқиғасын сотта дәлелдеу өте қиын

Белгілі заңгер, құқық қорғаушы Инга Иманбайдың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда сарбаз өлімі жиілеген. Сондықтан, әскердегі әлімжеттік қоғамдағы жиі талқыланатын тақырыптардың бірі.Әскерге сау кеткен бозбала не ауру болып оралады, не өзін-өзі өлтірген деп марқұмның өзіне жаба салады. Ашық дәлелдер бола тұра, сарбазды соққыға жыққанын, біреудің қолынан қаза тапқанын сотқа жеткізу қиын.

Ulysmedia.kz: Әскердегі әлімжеттік үшін әділ соттап жатыр ма?

Инга Иманбай: Қазақстанда әскерде болған әлімжеттік бойынша істердің көп болса, 5-10%-ы ғана сотқа жетеді. Тіпті одан аз болуы мүмкін. Статистикаға қарасақ, соңғы үш жылда елімізде 270-ке жуық сарбаз қаза тапқан. Орта есеппен жылына 90 сарбаз көз жұмады деген сөз. Бірақ, бұқаралық ақпарат құралдарында осынша сарбаздың өлімі туралы ақпарат шыққанымен, тоқсан адамға қатысты сот үкімі шыққаны туралы мәлімет таппайсыз. Себебі көп іс сотқа дейін жетпейді. Көбі абайсызда болды, өз-өзіне қол салды деген секілді жабылып қалады.

Жалпы әскерде қылмыстың болғанын сотқа жеткізу қиын. Былай қарағанда, дәлел анық тұрған істердің өзін сотқа жеткізе алмай жүрген кейстар бар. Мәселен, Қайсар Сұлтановтың анасының өкілі боламын. Қайсар осыдан екі жыл бұрын Астанадағы Ұлттық ұланда қаза тапқан. Басына екі рет оқ тиіп қаза тапқан. Сарапшылардың қорытындысы бар. Ол бірінші оқтан кейін бірден қайтыс болады. Десек те, алты минуттан кейін екінші оқ атылады. Іс өз-өзіне қол салды деген желеумен жабылып қалады. Биыл бұл істі мен қайтадан қолға алдым. Тергеуді қайта ашқыздық. Дәл қазір тергеу жүріп жатқанымен, барлық дәлел бола тұра қылмысты дәлелдей алмай жатырмыз.Заңды тұрғыдан да, логика тұрғысынан да адам өз-өзіне екі рет оқ атуы мүмкін емес. Сарапшылардың да бірінші оқтан кейін тірі қалуы мүмкін емес деген қорытындысы да бар. Сонда алты минуттан кейін кім оқ атты деген сұрақ туындайды.Сондықтан, ашық дәлелденіп тұрған қылмыстардың өзін сотқа жеткізу қиын.

Ulysmedia.kz: Президент Тоқаев әскери органдардың, құрылымдардың басшыларымен кездескенде әскердегі өлім-жітім, тәрбие мәселесін үнемі айтып, жиі тапсырма береді. Сол тапсырмалар орындалып, әскердегі тәртіп түзелді ме?

Инга Иманбай:Иә, соңғы уақытта әскердегі мәселе белгілі бір деңгейде резонансқа шықты деп айтуға болады. Осыдан екі жыл бұрын мен әскерде болған резонансты істердің бірі  Ербаян Мұхтардың кейсін қолға алдым. Дәл сол кезден бастап әскердегі әлімжеттік туралы ашық айтыла бастады. Көбірек айтыла бастады деуге болады. Соңғы екі жылда Президенттің өзі бірнеше рет назар аударып, тіпті Жолдауларына қосып, арнайы тапсырмалар берді. Десек те, заңгер, құқық қорғаушы ретінде мен сол тапсырмалардан кейін жағдай өзгергенін көрген жоқпын. Сондықтан, Президенттің тапсырмасы орындалып жатыр деп айта алмаймын.

Ербаянның ісін алған кезде ол өзі кафельге құлап, басын жарып алды деп қылмыстық іс тоқтап тұрған болатын. Кейін біз қайта сараптама тағайындатып, балама сараптама жасатып, тәуелсіз сарапшыларды тартып, бұл іс әлі күнге дейін мен ашуға себепші болғаннан бері тергеліп жатыр. Өкінішке орай, әлі күнге дейін сотқа жеткізе алмай отырмыз. Десек те, қоғамдағы үлкен резонастың арқасында халық Ербаян туралы біліп, оның еміне ақша жинап, қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Десек те, жарақаты ауыр болғандықтан, Ербаян әлі сөйлеген жоқ.Бірақ, ол сөйлеп, аяғынан тік тұруы үшін жұмыс жалғасып жатыр. Қылмыстық іс әлі ашық күйінде тұр. Алдағы уақытта Ербаян сөйлеп, шындықты айтып, біз қалай да әділдікке жетеміз деген үміт бар. Екіншісі кейс жоғарыда айтқан Қайсар Сұлтановтың ісі. Маған дейін ол өз-өзіне қол жұмсады деп жабылып қалған болатын. Дәл қазір анасы Сәуле ханым екеуіміз істі қайта ашқызып,  105-баптан (суицид)  99-бапқа (адам өлтіру) ауыстыру үшін күресіп жатырмыз.

Серіктес жаңалықтары