×
482.49
556.75
5.79
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
482.49
556.75
5.79

Құлқын бар, құлық жоқ: ШҚО алтынының артында кімдер тұр?

Бүгін, 16:08
Құлқын бар, құлық жоқ: ШҚО алтынының артында кімдер тұр?
Ulysmedia.kz коллажы

Кеніштер маңында тұратын халық үшін асыл металдар бәрінен бұрын күнкөріс көзі болды. Сондықтан олардың кен орындарына иелік ететіндермен немесе оны игеріп жатқандармен ортақ тіл табысуы ешқашан оңай болған емес, көбіне екі жақты қатынас тұйыққа тіреледі. Бұл табиғи заңдылық Шығыс Қазақстан облысын да айналып өткен жоқ. Мұнда да бизнес пен жергілікті қауымдастық арасында түрлі деңгейдегі кикілжіңдер болып тұрады, әсіресе алтын өндіру экологияға зиян келтіріп қана қоймай, денсаулыққа да зиян келтіретін өндіріс болса не айтарсың? Ulysmedia.kz Маралды ауылындағы алтын өндіру фабрикасының құрылысы төңірегіндегі жағдайды бірнеше жылдан бері естіп-көріп отыр. Біз бұдан беріректе мұндағы жағдайдың шектен тыс ушығып тұрғанын жазған едік. Алайда алтынға деген қызуғушылық тек қорықты аумақта орналасқан осы ауылмен шектелмеген.

Бәсі қымбат жанжалдар

2022 жылдың жазында Самар ауданындағы тұрғындар наразылық білдіріп, жанжал шыққан еді. Онда «SOK Gold» ЖШС Құлажон өзенінің арнасында рұқсат беретін құжаттарсыз алтын барлау жұмыстарын жүргізген. Ал 2025 жылдың күзінде Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлан ауданында Шыбынды өзенінің арнасында бағалы металдарды заңсыз өндіру мен жер қойнауын өз бетінше пайдалану дерегінің жолын кесті. Сол кезде бұл істі ұйымдастырған жергілікті ХҚКО-ның топ-менеджері ұсталған. «EastGoldStone» ЖШС келтірген шығын 300 млн теңгеге жеткен. Жергілікті халықтың наразылығын туғызып отырған компаниялардың қатарында – ШҚО-да алтын барлау және өндірумен айналысып жатқан «ГОК Манка» да бар. Даниял Ахметовтің тұсында бұл компанияның қызметі әрдайым әкімдік тарапынан бейресми болса да, қорғалған. Мәселен, 2022 жылғы желтоқсанда Күршім ауданындағы «Оңтүстік Алтай» мемлекеттік табиғи қаумалының аумағы 1 354 гектарға қысқартылды. Қаумал аумағын азайту туралы қаулыны сол кезде Смайылов басқарған үкімет қабылдаған.

Лицензия көп, салық аз

Соған қарамастан, бұл ЖШС әдетте өзінің жеңістері мен жетістіктері туралы ашық айта бермейді, жалпы ол туралы ашық дереккөздерде мәлімет те өте аз. «ГОК Манка» серіктестігі 2020 жылы тіркелген. Директоры – Бабий Александр Анатольевич. Kompra сайтының анықтауынша, компания бюджетке бар болғаны 47 млн теңге шамасында салық төлеген. Бұл сома сұрақ тудырмай қоймайды, өйткені «ГОК Манка» барлауға, игеруге және экологиялық эмиссияларға рұқсат беретін 24 лицензия алған. Басқа ашық дереккөздерден белгілі болған жайт бойынша айтсақ, компанияға қатысты екі сот дауы болғаны белгілі. Соның бірі, шамасы, «TiRex» ЖШС-нен арнайы техника жеткізуге байланысты туған дауға қатысты. Компанияның негізгі қызмет саласы – «асыл металдар өндіру». Компания кеңсесі Марқакөл ауылында Момышұлы көшесі, 1-үй мекенжайында орналасқан. Айтпақшы, ол «Теректі» КМК-мен және тағы бір «ГРК Манка» ЖШС-мен бір ғимаратта отыр.

«Алтынның» артында тұрған кім?

«ГОК Манка»-ның құрылтайшысы – Астанада Д.Қонаев көшесі, 12/1 мекенжайында тіркелген Altyn Tau Ltd жеке компаниясы. Оны Кошанов Б.М. есімді адам басқарады. Кәсіпорынның салық берешегі бар және 2021 жылдан бері бюджетке бар болғаны 3 349 803,54 теңге төлеген. Ал Altyn Tau Ltd өз кезегінде басқа заңды тұлғаға – Zosimos Gold Co. Ltd компаниясына тиесілі. Оның иесі – Түркиядағы белгілі Yildirim International Investment Holding B.V. конгломераты. Холдинг Түркиядағы Роберт Йылдырымның отбасына тиесілі және металлургия мен тау-кен өндірісі, порттарды басқару, көмір және кокс өнеркәсібі, тыңайтқыштар мен химиялық заттар өндіру, энергетика және теңіз тасымалы салаларындағы ірі ойыншы ретінде белгілі. Қазақстанда бұл холдингтің бірнеше жобасы бар. Олардың қатарында «Восход-Oriel» тау-кен компаниясы, «ИстКазАллойз», Qazaq Soda және New Star бар. Бұл компаниялардың барлығы Астанадағы Қонаев көшесі, 12/1 мекенжайындағы «Аманат» партиясы ғимаратында орналасқан. Роберт Юксель Йылдырым туралы интернетте көп жазылған. Ол – Еуразиялық үштіктің марқұм болған олигархы Александр Машкевичтің досы, бұрын Қазақстан мен Ресейге жиі келген қонақ. Украинадағы соғыс қимылдары басталғаннан кейін бұл жаққа сапарлауды қойған. Ол Түркиядағы ең бай адамдардың бірі саналады. Құны 50 млн АҚШ долларынан асатын Sarastar яхтасына иелік етеді. 

Ескі де жаңа таныстар

Дереккөздердің айтуынша, Роберт Юксель Йылдырым – Ескі Қазақстан элитасына етене таныс адам. Қаңтар оқиғасына дейін ол Қазақстанда белсенді жұмыс істеп, бірнеше рет Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған. Сондай-ақ Йылдырым «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығымен кездесіп, Қазақстандағы бірқатар кен орындары мен кәсіпорындарды сатып алу мүмкіндігін талқылаған.

Аузымен орақ орған инвестор

Холдингтің кейбір жобалары, мысалы, Ақтөбе облысындағы «Восход-Oriel» және Жамбыл облысындағы Qazaq Soda әлі де жұмыс істеп тұр. Алайда «Восход-Oriel»-дің хром өндірісі көлемін азайтып жатқаны, экологиялық заңнаманың сақталуына байланысты ара-тұра тексеруге ілінетіні және қаржыландыру мәселесіне тап болып, кредиторы ЕҚДБ-ға орасан зор қарыз болып қалғаны белгілі. Түрік инвесторлар уәде еткен әлеуметтік жауапкершіліктің игілігін Ақтөбе облысының халқы әлі көрген жоқ. Сол сияқты Жамбыл облысында да холдинг 2021 жылдан бері салып жатқан кальцийлендірілген сода зауытының құрылысы әзірге аяқталар түрі байқалмайды. Кәсіпорынды іске қосу мерзімі қайта-қайта кейінге шегеріліп келеді.

Қорытынды

Қалай десек те, инвесторлар Қазақстандағы бұл иен байлықты адал жолмен алды дегенге ешкім сенбейді. Ескі Қазақстан деп бөле жамандағанмен, Жаңа Қазақстандағы жағдай одан өзгеше емес. Әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан алғанда, аты дардай инвесторлардың халық үшін тым құрығанда саусақ қанатпағаны қынжылтады. Не технология әкеліп қарқ қылмаса, не тиімділігін дәлелдемесе, не есебін жариялап, салығын дұрыстап төлемесе, басқа нені күтесің? Құлқын сол болса, осының бәрін жасауға құлық қайдан болсын, бүгін алтының мен хромыңды алды, ертең ше, ертең не болады?

Серіктес жаңалықтары