×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қарабақ соғысына 1 жыл: Қазақстан қандай ұстанымда болуы керек

27.09.2021, 13:04
Қарабақ соғысына 1 жыл: Қазақстан қандай ұстанымда болуы керек
Коллаж: ulysmedia.kz

Бүгін, яғни 27 қыркүйекте Қарабақтағы соғыстың басталғанына тура бір жыл толды. Бір жыл бұрын әзербайжандар «Отан соғысы», армяндар «Екінші Арцах соғысы» деп атаған шайқас 44 күнге созылып, әзербайжандар Қарабақтың 80 пайызын қайтарып алған болатын. Әйтсе де сол кезде қол жеткізілген үшжақты келісімге сәйкес міндеттемелер бұл күнде орындалып жатыр ма? Соғыс қайтадан тұтанып кетуі мүмкін бе? Бұл текетіресте Қазақстан қандай ұстанымда болуы керек? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақтарды белгілі саясаттанушы Расул Жұмалыға қойып көрген еді.

ИЛЬХАМ ӘЛИЕВТІҢ ҮНДЕУІ

Әзербайжан президенті бүгін Қарабақтағы контртеррористік операцияға байланысты үндеу жасады. Президенттің айтуынша, Әзербайжанда «Таулы Қарабақ» деген әкімшілік аумақ жоқ.

«Бүгін мен бауырлас Түркия еліне зор алғысымды айтқым келеді. Түркия соғыс біткенше 44 күн бойы бізді қолдап отырды. Бауырлас Түркия мен түрік халқы соғыс басталған алғашқы сағаттан бастап Әзербайжанмен болды. Түркия басшысы – менің қымбатты бауырым Режеп Тайып Ердоғанның мәлімдемесі бізге зор саяси қолдау болып, қосымша күш берді. 44 күндік Отан соғысы түрік-әзербайжан бірлігін бүкіл әлемге паш етті», - деді Ильхам Әлиев.

Президент сонымен қатар саяси қолдау көрсеткен басқа де мемлекеттерге алғысын жеткізді.

«Арменияны билеп алған әзербайжанға, исламға деген фобия психикалық ауру деңгейіне жетті. Әзербайжандарға деген қастық ресми идеологияға айналды. Әйтпегенде осыншама қатігездікке жол берілмес еді. Мұндайды айуандар да істемес еді. Бүкіл әлем оны көруі керек. Армения біздің жерден толық кетсе, соғыс болмайтынын ескерткен болатынмын. Мен бұл туралы бұған дейін де айттым. Бұл соларға сабақ болсын», - дейді Әзербайжан президенті.

АРМЕНИЯ БІР МИНУТТЫҚ ҮНСІЗДІК ЖАРИЯЛАДЫ

Армения билігі бүгін бір минуттық үнсіздік жариялады. Ондағы ресми биліктің хабарлауынша, армениялық 231 әскери және 22 азаматтық санаттағы адамның тағдырынан еш хабар жоқ. Бүгінге дейін Әзербайжан Арменияға 108 әскериді қайтарған.

Армения тарапының ресми ақпаратына сенсек, соғыс біткеннен кейін Ресей федерациясы Қарабаққа 1960 әскери, 90 бронетранспорт, 380 автокөлік пен арнайы техника түрінде бітімгерлік контингентті қалдырған.

Бүгін Арменияның діни көшбасшысы ІІ Гарегин армян халқын бірлікке шақырды.

«Ұлтты біріктіруге, шыдамсыздық пен бөлініп кету қаупін еңсеруге күш салу керек. Мемлекеттілікті күшейтіп, ұлттық-қоғамдық өмірді бекемдеуге күш салуымыз керек», - дейді ол.

РЕСЕЙ БАЯҒЫ «ӘНІНЕ» БАСТЫ

Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, бір жыл бұрынғы келісімдерге сәйкес, Нахчыванды Әзербайжанмен Зангизор дәлізі арқылы байланыстыру туралы мәмілеге қол жеткізілген. Әзербайжан Нахчыванмен бұрын Иран немесе Грузия арқылы қатынап тұратын. Екінші жағынан Зангизордың нәтижесінде Түркия мен Әзербайжан, үшінші жағынан Анадолы түріктерімен түркі әлемі, оның ішінде Қазақстан да байланысар еді. Бірақ...

«Енді бұл міндеттер жартылай ғана орындалып жатыр. Жалпы қазір атыстар саябырсыды. Десе де Әзербайжан да, Ильхам Әлиев те Ресей бітімгерлерінің бұл жерге кіруіне онша риза болған жоқ. Бұлардың алға тартқаны – бірлескен түрік-ресей миссиясы немесе халықаралық миссия болуы керек еді. Бірақ Ресейдің сесі қайтадан жүріп кетті. Ресей қазір онда жалғыз ғана бітімгер. Осы қазіргі тыныштықты пайдалана отырып, Ресей тарапы баяғы «әніне» басып отыр. Бір жағынан астыртын Арменияны қолдап, қаруландыруға асық. Келісімдерге қарамастан Қарабақтан Арменияның әскерінің кетпеуіне көз жұмып қарау байқалады. Ресейдің ең үлкен мақсаты – Түркияның Кавказға енуіне жол бермеу, мейлінше шектеу. Кавказды Ресейдің президенті Путин де, оның алдындағы Медведев те «Ресей ықпалындағы аймақ» деп атаған болатын. Қазір осыған барынша күш салып жатыр», - дейді саясаттанушы.

ЕРЕВАН ЕШТЕҢЕ ШЕШПЕЙДІ

Саясаттанушының айтуынша, Ресей құрылуы мүмкін «Тұран одағы» сценарийінен қауіптенеді.

«Қазір Ресей ішкі қайшылықтарымен қаншалықты әлсіресе де, Әзербайжан қаншалықты рухтанса да, Ресей аймақтағы саяси әрі әскери зор күш. Сондықтан жағдайды қатты ушықтыруға Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев мүдделі емес. Ресей, әрине, Баку мен Анкараға қатысты саяси қысымын күшейтіп жатыр. Бұл жерде Ереван мәселені шеше қоймайды. Армения – қолында билігі мен ықтияры шамалы мемлекет. Көбіне Кремьлге қарап қалған. Жақында ғана Ильхам Әлиев «Ресей толыққанды міндеттемелерін орындамай отыр» деген мәлімдеме жасады. Екінші жағынан, Әзербайжан экономикалық және қаржылық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Ереванды мәжбүрлеуге тырысып жатыр. Экономика мен сауда тұрғысынан Армения өте оқшауланып қалған мемлекет. Түркия мен Әзербайжан Арменияны экономикалық тиімділік арқылы көндіруге тырысып бағуда», - дейді ол.

Әзербайжандар Қарабақтың өзін бір жылдың ішінде әжептәуір қалпына келтірген. Физулиде әуежай салған. Қалаларда еңселі ғимараттар бой көтерген. Шуша да гүлденіп келеді. Яғни сол жердегі армяндардың өзіне белгілі бір деңгейде «Әзербайжанда қалсаңдар, жағдайларың жақсы болады» деген ишарат жасалуда. Ал Армения кезінде басып алған Ханкендіде әлі күнге дейін не дұрыс жарық, не су жүйесі жоқ.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНДАЙ СЦЕНАРИЙ ТИІМДІ?

Расул Жұмалы бұл сұраққа біріншіден, халықаралық заңдар бұлжытпай орындалуы керектігін айтып жауап берді. Қазақстан шама-шарқынша оған үлес қосуы керек.

«Халықаралық деңгейде келісімдер жасалды ма – оны ұстанайық. Бұл мәселе жер мәселесі өте сезімтал. ТМД шеңберінде күшім бар деп біреудің жерін тартып алуға болмайтыны туралы түсінікті қалыптастыру керек. Кезінде әлімжеттігімен Молдованың, Грузияның, Украинаның бір бөлігі басып алынды. Қазақстан үшін қолайы – Әзербайжан жағында болу. Бізде де Солтүстік Қазақстанға қатысты бірталай әңгіме айтылады. Халықаралық қауымдастық, ТМД елдері Ресейдің басқа елдің жерін тартып алуына көз жұмып қарайтын болса, тиісті әрекеттерінің қайтарымы, жауапкершілік болмаса, бұл жағдай қайталануы мүмкін ғой. Түптеп келгенде бұл - Қазақстанның өзінің де аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін қадамның бірі. Әзербайжанды жан-жақты қолдау керек. Екінші жағынан түркі ынтымақтастығының маңызы зор. Бізге Әзербайжан тамырлас ел. Күні ертең Қазақстанның басына күн туса, қазақтың одақтасы кім болады деген сұрақ туындайды. Одақтас деген түсініктің өзінің түрін Украинаның жағдайынан көріп отырмыз. Кезінде уәделерді үйіп-төккен Еуропа елдері мен АҚШ іс насырға шапқанда қайда кетті? Иә, Украина жалғыз қалды. Сондықтан бұл жерде жаман айтпай жақсы жоқ, айналада адал одақтастың бірі кім болуы мүмкін дегенде әрине, біршама елдің ішінде Әзербайжан аталады», - дейді Расул Жұмалы.

Саясаттанушы прагматикалық мүдделер өз алдында тұрғанын, таза экономикалық, сауда жағынан жақындасып жатсақ, түркі елдерімен ортақ экономикалық мүдделер пайда болатынын айтады.

«Біздің мұнайымыздың 90 пайызы Ресей мен Қытайға кетіп жатыр немесе солар арқылы тасымалданып жатыр. Мысалы сол мұнайдың бір бөлігін Каспий арқылы Әзербайжан аумағымен өткізсек, бізде де балама болар еді», - деп түйді саясаттанушы.