Екі айға созылған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы жақын аралықта аяқталмайтын тәрізді. Екі айдан бері Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен Ормұз бұғазының жабылуы әлемдік экономикаға қалай әсер етті? Қай елдің экономикалық өсімі баяулады. Жаһандық экономика рецессияға ұшырауы мүмкін бе?
ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛГЕН ДИПЛОМАТИЯ
Таяу Шығыста дипломатия тығырыққа тірелді. АҚШ пен Иран тағы да келісімге келе алмады. АҚШ президент Дональд Трамп Пәкістанда өтеді деп жоспарланған келіссөздерге делегация жібермейтінін мәлімдеді. Ал Иран сыртқы істер министрі Аббас Арақчидің іссапармен Ресейге бармақшы. Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Арақчи президент Владимир Путинмен кездеседі» деп мәлімдеді.
АҚШ-тың Axios басылымы Тегеранның Вашингтонға Ормұз бұғазын ашып, соғысты тоқтатуға ұсыныс жасағаны туралы жазды. Иран келіссөздерді үш кезеңге бөлуді ұсынған. Оның ішінде ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздер әлде қайда кейінгі уақытқа ысырылған.
Axios егер Трамп бұл ұсынысқа келісетін болса, алдағы келіссөздерде Тегеранға әсер ету тетіктерінен айырылады деп жазды. Трамп 27 сәуірде өз әкімшілігіндегі қауіпсіздік және сыртқы саясат бойынша лауазымды тұлғалармен жиын өткізеді деп жоспарлануда.
СОҒЫС САЛДАРЫНАН БАЯУЛАҒАН ЭКОНОМИКА
Халықаралық валюта қорының есебінше, Ирандағы соғыс әлемдік экономикаға ауыр соққы болып тиген. Онсызда кейінгі жылдары COVID–19, Украинадағы соғыс пен Трамптың кеден салығын көтеруіне байланысты даму қарқынын бәсеңдеткен экономика соғыс жалғаса беретін болса одан сайын баяулауы мүмкін.
Ормұз бұғазының жабылуына байланысты мұнай, газ, тыңайтқыштар мен басқа да бірқатар тауарлардың жеткізілуі қысқарып, бағасы қымбаттаған. Соның салдарынан жаһандық ішкі жалпы өнімнің (ЖІӨ) өсімі төмендеп, инфляция деңгейі жоғарлауы мүмкін.
Халықаралық валюта қоры әлемдік экономиканың өсу болжамын 3,3%-дан 3,1%-ға дейін төмендетті. Әдетте бұндай өзгеріс аса маңызды оқиға болып саналмайды. Бұл макроэкономикалық болжамдарға тән қалыпты құбылыс. Әдетте жаңа деректер түскен сайын мұндай болжамдар өзгеріп отырады.
Алайда қор қазіргі болжамдардың алдағы уақытта одан әрі нашарлауы мүмкін екенін ескертті.Себебі қазіргі болжам Ирандағы соғысы жақын аралықта аяқталып, Парсы шығанағы елдері экспортын қалпына келтіріп, мұнай мен қымбаттаған өзге де тауарлардың бағасы тұрақтанады деген жорамалға негізделген. Егер бұл жүзеге аспаса, онда оның әлемдік экономикаға әсері әлдеқайда ауыр тиюі мүмкін.
Ең пессимистік сценарий бойынша, егер Brent маркалы мұнай бағасы жыл бойы барреліне 100 доллар болса, онда әлемдік экономика рецессия шегіне таяуы ықтимал. Халықаралық валюта қоры экономикалық өсім 2%-дан төмен болса рецессия деп бағалайды.
Халықаралық валюта қоры жаһандық орталық банктердің инфляцияның жеделдеуіне қалай жауап беретініне байланысты тәуекел бар екенін айтады. Егер олар пайыздық мөлшерлемелерді тым жылдам көтере бастаса (бұл — инфляциямен күрестегі негізгі құрал), экономикалық белсенділік одан да қатты зардап шегуі мүмкін.
— Өтінемін, асықпаңыздар! 2022 жылғы тәжірибені еске алсақ, мені орталық банктер «тезірек әрекет етейік» деп шешім қабылдайма деген қауіп алаңдатады. Бұл қауіпті, өйткені экономикалық өсімді тұншықтыруы мүмкін, — деп ескертті Bloomberg басылымына берген сұхбатында Халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиева.
ДАМУШЫ ЕЛДЕР
Ирандағы соғыс әсіресе дамушы елдерге қатты әсер етеді. Сарапшылардың айтуынша, табыс деңгейі төмен, шикізат импортына тәуелді экономикалар энергия мен азық-түлік бағасының өсуінен, сондай-ақ ұлттық валютаның әлсіреуінен ең көп зардап шегеді.
Дамушы елдердің ЖІӨ өсімі 4,2%-дан 3,9%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Әсіресе Парсы шығанағы елдеріне қатысты болжам қайта қаралған. Сауд Арабиясының жалпы ішкі өнімі байланысты болжам бірден 1,4% төмендеп, 3,1%-ды құрады.
ДАМЫҒАН ЕЛДЕР
Ирандағы соғыс салдарына дамыған елдердің экономикасы анағұрлым тұрақты көрсеткіш көрсетуде. АҚШ өз-өзін мұнай және газбен қамтамасыз ете алатын болғандықтан, ЖІӨ қатысты болжам айтарлықтай өзгермеген. Ол 2,4%-дан 2,3%-ға төмендеген.
Бірақ Еуропадағы жағдай өзгеше. Мұнда энергия ресурстары импортына тәуелділік жоғары болғандықтан, Халықаралық валюта қорының бағалауынша еуроаймақта ЖІӨ өсімі 1,1% болады. Соғысқа дейін ол 1,3% деп болжанған. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 1,3%-дан 0,8%-ға төмендеген.
Еуроодақтың ең ірі экономикасы саналатын Германияның ЖІӨ-і 2026 жылы болжам бойынша,0,8%-ға өседі (бұрынғы болжам — 1,1%). Алайда неміс сарапшылары бұдан да пессимистік көзқараста. Германияның жетекші экономикалық институттары федералдық экономика министрлігінің тапсырысымен жасаған бірлескен бағалауында өсім небәрі 0,6% болады деп көрсеткен (қыркүйекте ол 1,3% болған).
РЕСЕЙ
Ирандағы соғыстан кейін экономикалық өсім болуы мүмкін деп болжанған елдердің бірі – Ресей. Халықаралық валюта қоры 2026 жылы Ресейдің ЖІӨ 0,8%-1,1% болады деп болжаған. Ұйым бұны мұнай бағасының өсуімен байланыстырған.
Бірақ әлемдік нарықта мұнай бағасының көтерілуінен туындаған Ресей экономикасындағы өсім уақытша көрсеткіш деп болжаған халықаралық ұйымдар да бар. Дүниежүзілік Банк ЖІӨ өсімі 0,8%-дан аспайды деген.
ЖАПОНИЯ
Ормұз бұғазының жабылуынан зардап шегіп отырған елдердің бірі – Жапония. Мұнда жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 0,7% деп болжануда. Елде қазірдің өзінде энергия тапшылық байқалады. The Guardian басылымының жазуынша, кондиционерлерді аз пайдалану үшін ел билігі мемлекеттік қызметкерлерге жұмысқа шолақ шалбар киіп келуді ұсынған. Жапония билігі бұндай қадамға бұған дейін де барған. 2005 жылы жаздың ыстығында мемлекеттік қызметкерлердің киім кию тәртібіне жеңілдік енгізген. Ол уақытта қызметкерлерді жұмысқа галстук тағып, костюм кимеуге шақырған.
ҚЫТАЙ
Ирандағы соғысқа қарамастан тұрақты өсім көрсетіп келе жатқан Қытай экономикасы. Биылғы жылдың бірінші кварталында ЖІӨ 5% өскен. Осыған қарамастан Бейжің мақсатты жылдық өсімді 4,5% төмендеткен. Алайда бұл 1991 жылдан бергі ең төменгі мақсатты меже.
Бұндай межеге Қытайдың өз ішіндегі мәселелер де әсер еткен. Атап айтқанда, өндіріс пен сатып алу арасындағы дисбаланс, жоғары жұмыссыздық және тұрғын үй нарығындағы дағдарыс.