×
464.53
543.73
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.53
543.73
6.15

Кавказ бен Орталық Азия: Еревандағы саммит Путиннің геосаяси жеңілісі ме?

Кавказ бен Орталық Азия: Еревандағы саммит Путиннің геосаяси жеңілісі ме?
Фото: aravot.am

Ұзақ жылдар бойы Ресейдің жақын одақтасы саналып келген Арменияға Еуроодақ елдері басшылары мен Украина президенті Владимир Зеленский барды. Сегізінші рет өтіп жатқан Еуропа саяси қауымдастығының саммитін биыл Ереван қабылдап жатыр. Саяси кездесу алаңы 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін құрылған болатын.

Армениядағы саммит Ресейдің геосаяси жеңілісі ме? Премьер-министр Никол Пашинян мен президент Владимир Путиннің текетіресі жаңа деңгейге көтерілді ме? Ереванның Еуропаға бетбұрысы Бакумен (Әзербайжанмен) қарым-қатынасына қалай әсер етеді? Ulysmedia осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

СИМВОЛИКАЛЫҚ САММИТ

4 мамырда Ереванда Еуропа саяси қауымдастығының саммиті өтті. Оған Еуропа елдерінің 30-дан астам көшбасшысы мен Канада премьер-министрі қатысып жатыр. Күн тәртібінде АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы, Украинадағы қақтығыс және Еуропадағы қауіпсіздік сияқты мәселелер бар.

Саммитінің ашылуында Украина президенті Владимир Зеленский Ресей агрессиясына қарсы «жұдырықтай жұмылуға» үндеп, мәлімдеме жасады.

«Осы жаз шешуші кезең болады. Путин соғыс ауқымын кеңейте ме, жоқ әлде дипломатияға көше ме соны анықтайды. Біз оны дипломатияға итермелеуіміз керек. Ресей 9 мамырда Мәскеуде әскери техникасыз парад өткізетінін мәлімдеді. Егер осылай болатын болса, бұл көп жылдан бергі алғашқы жағдай. Демек, олар әскери техникасын көрсете алмайды және Қызыл алаңның үстімен дрондар ұшып келуі мүмкін деп қауіптенеді. Бұл олардың әлсіздігін көрсетеді», – деді Зеленский.

Фото: official site of the Prime Minister of RA

Бүгін, 5 мамырда Еуропа одағы – Армения саммиті өтеді. Ереванда алғаш рет өтіп жатқан саммиттің символикалық мәні зор. Себебі Армения Ресейдің әскери және экономикалық одақтасы. Мәскеудің ықпалы күшті Евразиялық экономикалық одақ пен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мүшесі. Бұдан бөлек, ел аумағында Ресейдің әскери базасы орналасқан.

ПУТИН МЕН ПАШИНЯННЫҢ ТЕКЕТІРЕСІ

Бұған дейін, 1 сәуірде Мәскеуде өткен кездесуде Ресей президенті Владимир Путин Армения премьер-министрі Никол Пашинянға «Армения бір уақытта Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ құрамында бола алмайды» деген.

«Біз кез келген мемлекеттің үшінші елдермен әріптестіктен барынша пайда табуға ұмтылатынын түсінеміз. Алайда бұл ашық әрі әділ болуы тиіс, яғни алдын ала нақты айтылуы қажет», — деген Владимир Путин кездесуде.

Бұдан бөлек, Путин Арменияның Ресейге экономикалық тұрғыдан тәуелді екенін меңзеп, Ереван Еуропамен салыстырғанда газды әлде қайда арзан бағамен сатып алып отырғанын айтқан.

«Қазіргі таңда өздеріңіз білесіздер, Еуропада газдың бағасы 1000 текше метр үшін 600 доллардан асып отыр. Ал Ресей Арменияға газды 1000 текше метрін 177,5 доллардан сатып отыр. Айырмашылық айтарлықтай...», – деген ол.

Фото: Sputnik

Никол Пашинян сол уақытта «әзірге Арменияның жүргізіп отырған саясатында, қазіргі қалыптасқан жағдайда қайшылық жоқ» деген.

«Еуропалық одаққа келетін болсақ, екі ұйымға бірдей мүше болу бір-бірімен қабыспайтынын біз жақсы білеміз. Бірақ біз істеп отырған дүние, дәл қазіргі жағдайда бір-бірімен қабысады. Бұл – факт. Әзірге қатар алып жүруге мүмкіндік бар болса, біз оны алып жүреміз. Оны біз қандай да бір шешім қабылдау нүктесіне жеткенге дейін дамыта береміз», – деген Никол Пашинян.

Путин мен Пашинян кездесуде Әзербайжан мен Армения арасындағы Қарабақ дауын да сөз еткен.

Путин екі ел арасындағы қарулы қақтығысқа Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымның араласпауын Ереванның Таулы Қарабақты Әзербайжан жері деп мойындауы себеп болды деп мәлімдеген. Ал Пашинян онымен келіспеген. Ол «ҰҚШҰ механизмі жұмыс істемеді» деген. Қазір Арменияның ұйымға мүшелігі уақытша тоқтап тұр. 

2025 жылы наурызда Армения парламенті Еуроодаққа кіру процесі басталғаны туралы заң қабылдаған.

Фото: jam-news.net

БЕЙБІТ КЕЛІСІМ ЖӘНЕ БАКУДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Былтыр тамызда Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен ұзақ жылдан берігі кикілжіңді тоқтатуға байланысты құжатқа қол қойған.  Сол уақытта екі ел арасында дау болып келген тағы бір мәселе – Зангезур дәлізі АҚШ компаниясының басқаруына 99 жылға берілгені туралы айтылған. Ол «Трамп жолы» деп аталатын болған.

Алайда екі көршілес ел арасындағы бейбіт процесс әлі де тұрақсыз күйде қалып отыр. Ал Арменияның Еуроодақпен жақындасуы оған кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі өткен аптада Әзербайжан парламенті Еуропарламент қабылдаған қарарға байланысты онымен қарым-қатынасты тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Еуропарламент қарарында «2023 жылы Таулы Қарабақ аймағынан кеткен армян босқындарының қайтып оралу құқығын қамтамасыз ету және Баку ұстап отырған армян тұтқындарын босату» туралы жазылған.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Еуропалық саяси қауымдастық саммитіне қатысушыларға бейнеүндеу жолдап, Еуропарламент Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келіссөздерді қолдаудың орнына оны әдейі бұзуға ұмтылып отыр деп мәлімдеді.

APA агенттігінің жазуынша, Әлиев Еурокомиссияның ұстанымына конструктивті көзқарасы үшін алғыс айтып, бірақ Еуропа институттарының барлығы бірдей әрекет етпейтінін айтқан

“2021 жылдың мамырынан 2026 жылдың 30 сәуіріне дейін Еуропарламент Әзербайжанға қатысты қорлайтын сөзі көп 14 резолюция қабылдады. Бес жылда 14 резолюция қабылдануы — әуестікке ұқсайды. Соңғы резолюция саммитке небәрі төрт күн қалғанда қабылданды”, – деген Ильхам Әлиев.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН ОҢТҮСТІК КАВКАЗДЫҢ МАҢЫЗЫ

Әзербайжан мен Армения қақтығысына АҚШ-тың араласуы тек екі ел арасындағы қатынасқа ғана емес, сонымен қатар бұрын Ресей үстемдік еткен постсоветтік кеңістіктегі геосаяси жағдайды түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Былтыр қыркүйекте «Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия аймағы АҚШ-тың ұзақ мерзімге қызығушылығын тудырып отыр» деген АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Калеб Орр. Оның бұл сөзіне Вашингтонның кейінгі кездегі аймақтағы іс-әрекеті де дәлел.

Өткен аптада Financial Times басылымы АҚШ президентінің ұлдары – кіші Дональд Трамп пен Эрик Трамп Қазақстандағы вольфрам кен орнына қатысы бар компаниядан үлес алғаны туралы жазды. Басылымның мәліметінше, Дональд Трамптың ұлдары Қарағанды облысындағы кен орнын өндіру бойынша құрылған металлургиялық холдингке кірген компаниядағы үлесті былтыр тамызда иеленген.

Фото: Х/Trump

Былтыр қарашада америкалық Cove Kaz Capital Group LLC және қазақстандық «Тау Кен Самұрық» ұлттық компаниясы Қарағанды облысындағы Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпар кен орнын қазу бойынша келісімге келген. АҚШ тарабы біріккен кәсіпорынның 70 пайыз үлесін иеленген.

Financial Times ақпараты бойынша, Cove Kaz Capital компаниясы Export-Import Bank of the United States және US International Development Finance Corporation банктерімен жобаны қолдау үшін 1,6 млрд доллар алу бойынша алдын ала келісімге келген.

Қарағандыдағы кен орындары – вольфрам қоры бойынша әлемдегі ең ірі жер саналады. Бұл жобаға Қытай мен Ресей компаниялары да үміткер болған.

АҚШ 99 жылға жалға алған Зангезур дәлізі Ереван мен Баку үшін ғана маңызды емес. Дәліз Арменияның Сюник облысы арқылы өтеді. Бұл жол арқылы Әзербайжан өзінің эксклавы Нахичеванға шығады. Одан әрі Түркия арқылы Еуропаға жол ашылады.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың халықаралық сауда жолындағы маңызы артқан. Бұл бағыт осыған дейін Ресейдің бақылауындағы Солтүстік жолдың тасасында қалып келген. Кейінгі төрт жылда санкция салдарынан халықаралық ұйымдар мен мүдделі мемлекеттер Ресейді айналып өтетін балама жол іздей бастады. 2014 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия Қытайды Еуропамен байланыстыратын Орта дәліз жолын құрған. Оған қазір бастамашы үш ел ғана емес, Қытай, Түркия, Еуроодақ, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі сияқты елдер мен ұйымдар да қаржы құя бастады.

Ulysmedia Орта дәліз туралы бұған дейін жазған. Мақаланы мына жерден оқи аласыз: «Ормұздағы дағдарыс Орта дәлізді дамытуға итермелеп отыр»

Серіктес жаңалықтары