×
467.65
533.26
5.96
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.65
533.26
5.96

Қазақстанның басты экономикалық резерві мұнайда емес, ауыл мектебінде болуы мүмкін - сарапшы

Бүгін, 14:40
Қазақстанның басты экономикалық резерві мұнайда емес, ауыл мектебінде болуы мүмкін - сарапшы
Ulysmedia коллажы

Қазақстан экономикасының өсімі туралы сөз болғанда негізгі назар мұнай-газ, өнеркәсіп, инфрақұрылым немесе инвестициялық жобаларға ауады. Алайда сарапшылар ұзақмерзімді әрі тұрақты экономикалық өсімнің басты кепілі табиғи ресурстарда емес, адами капиталдың сапасында екенін жиі айтады. Ал Қазақстан жағдайында бұл мәселенің өзегі ауыл мектептерінен басталады.

Бүгінде ел оқушыларының жартысына жуығы ауылдық жерде білім алады. Сондықтан ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру тек әлеуметтік саясаттың емес, экономикалық дамудың да маңызды бағыты ретінде қарастырыла бастады. Білім сапасы мен экономикалық өсім арасындағы байланысты халықаралық зерттеулер де дәлелдеп отыр.

Білім сапасы – экономиканың ұзақмерзімді драйвері

Білім беру саласындағы Qazaq Expert Club-тың шақырылған сарапшысы Жазира Асанованың айтуынша, Қазақстанның болашақ экономикалық әлеуетін бағалағанда ауыл мектептерінің мүмкіндігін ескермеу үлкен қателік.

– Қазақстан экономикасының өсуі туралы сөз болғанда, көбіне мұнай бағасы, өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту немесе жаңа өндірістерді іске қосу мәселелері талқыланады, бірақ ұзақмерзімді перспективада экономикалық өсудің ең маңызды әрі ең аз бағаланатын резервтерінің бірі – білім беру жүйесі. Әсіресе, ауыл мектептері. Өйткені дәл сол жерде елдің болашақ адами капиталы қалыптасады. Егер ауылдағы білім сапасы жақсарса, бұл тек әлеуметтік көрсеткіштерге ғана емес, еңбек өнімділігіне, инновациялық әлеуетке және жалпы экономиканың сапалы өсуіне тікелей ықпал етеді, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, бұл пікірге халықаралық ғылыми зерттеулер де дәлел бола алады. The Knowledge Capital of Nations зерттеуінің авторлары Эрик Ханушек пен Людгер Вёссманн білім сапасы ұзақмерзімді экономикалық өсімнің негізгі факторларының бірі екенін көрсеткен. Олардың есебіне сәйкес, когнитивтік дағдылар деңгейінің бір стандартты ауытқуға жоғарылауы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсіміне шамамен екі пайыздық тармақ қосады.

Зерттеу нәтижелері бұл әсердің ауқымы өте жоғары екенін көрсетеді. Табыс деңгейі жоғары ЭЫДҰ елдерінде білім сапасының жақсаруы қазіргі ЖІӨ көлемінің шамамен 162 пайызына тең қосымша экономикалық нәтиже беруі мүмкін. Орташа табысты мемлекеттерде бұл көрсеткіш қазіргі ЖІӨ-ден сегіз еседен асады, ал табысы орташадан төмен елдерде 1300 пайыздан жоғары болуы ықтимал.

Қазақстан үшін бұл мәселе ерекше маңызды. Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, 2025 жылғы жоғары өсімнен кейін экономика қарқыны біртіндеп баяулауы мүмкін. Сарапшылар мұны еңбек өнімділігінің жеткіліксіздігімен және адами капитал сапасының шектеулерімен байланыстырады.

Ауыл мектебі – ең үлкен резерв

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы басты мәселе білімге қолжетімділікте емес, оның сапасындағы айырмашылықта.

– Қазақстандық оқушылар ЭЫДҰ елдеріндегі құрдастарынан орта есеппен 1,5–2 оқу жылына қалып келеді. Бұл алшақтықтың едәуір бөлігі ауыл мектептерінен басталады. Елдегі оқушылардың шамамен 48 пайызы ауылдық жерде білім алады. Сондықтан дәл осы сектордағы салыстырмалы түрде шағын ғана оң өзгерістердің өзі ұлттық экономикаға айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Біз тек үздік оқушыларды қолдау туралы емес, барлық баланың базалық функционалдық, математикалық және жаратылыстану сауаттылығын арттыру туралы айтып отырмыз. Себебі ұзақмерзімді экономикалық тиімділік дәл осы бағытта қалыптасады, – дейді Жазира Асанова.

Оның айтуынша, ауыл мектептерінде бір қарағанда жағдай жаман емес сияқты көрінуі мүмкін. Кей мектептерде компьютер саны жеткілікті, сыныптар шағын болғандықтан мұғалім әр оқушыға көбірек көңіл бөледі. Бірақ ауыл баласының сапалы интернетке, заманауи зертханаларға, пәндік кабинеттерге және қосымша білім беру мүмкіндіктеріне қолжетімділігі шектеулі.

Сонымен қатар, инфрақұрылым жақсарған өңірлердің өзінде тәжірибелі педагогтердің жетіспеушілігі сезіледі. Мұның барлығы білім сапасына әсер етіп, кейін еңбек нарығында байқалатын айырмашылықтарға алып келеді.

Қазақстанда дайын модель бар

Кейінгі жылдары ауыл мектептерін дамыту бағытында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Қазіргі таңда елімізде 193 тірек мектептен тұратын желі қалыптасқан. Бұл мектептерге бірнеше магниттік немесе шағын жинақты мектеп бекітіліп, олар әдістемелік әрі ресурстық орталық ретінде жұмыс істейді.

Жоба 2019 жылдан бері қоғамдық қорлар мен әлеуметтік инвестициялар есебінен жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде оған шамамен 65 млрд теңге бағытталған.

Нәтижесінде 7 мыңға жуық оқу кабинеті жаңартылып, мектептерге 2,6 миллионға жуық заманауи құрал-жабдық жеткізілді. Сонымен бірге 12 мыңнан астам педагог пен мектеп директорлары арнайы біліктілікті арттыру бағдарламасынан өтті.

– Бүгінде жаңа реформаны нөлден бастап құру туралы емес, нақты нәтижесін көрсетіп отырған модельді кеңейту туралы айтуға болады. Алғашқы мониторинг қорытындылары бойынша жобаға қатысқан мектептердегі білім сапасының көрсеткіштері орта есеппен 8–10 пайызға артқан. Біліктілік санаты бар мұғалімдердің үлесі 63 пайыздан 79 пайызға дейін өсті, қосымша біліммен қамту кеңейді, ал олимпиада мен түрлі зияткерлік байқаулардағы жетістіктер де айтарлықтай көбейді. Әлемдік тәжірибе де жеке мектептерді емес, білім беру желілерін дамыту әлдеқайда тиімді екенін көрсетеді. Сондықтан ауыл мектептерін күшейту – әлеуметтік жоба ғана емес, Қазақстан экономикасының болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын стратегиялық инвестиция, – деп түйіндеді сарапшы.