×
$
456.56
530.52
5.28
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
456.56
530.52
5.28

Генералға қалған «мұра»: Шыңғыс Әріновті Алматы облысында не күтіп тұр?

Бүгін, 09:10
Генералға қалған «мұра»: Шыңғыс Әріновті Алматы облысында не күтіп тұр?
Ulysmedia.kz коллажы

Қым-қуыт жұмысы көп Төтенше жағдайлар министрлігін басқарған Шыңғыс Әрінов енді Алматы облысының тізгінін қолға алды. Оған дейінгі әкім аз «мұра» қалдырған жоқ: Алматыға көршілес орналасудың салдарынан туындаған мәселелер, Қытаймен шекара, казиносы бар Қонаев, қылмысы көп Талғар, бір кездері Назарбаевтар әулетінің ықпалында болған Қарасай ауданы және инфрақұрылымы қабылдай алатын мүмкіндіктен әлдеқайда көп турист келетін демалыс орындары. Аумақтық тұрғыдан облыс құрамында қалғанымен, енді өзіндік ережелерімен өмір сүретін Алатау қаласы тағы бар.

Ulysmedia жаңа әкімге қандай шаруаны қолға алуға тура келетінін саралап көрді.

Еске салайық, 4 қыркүйекте Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Ол бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігінде, Мемлекеттік күзет қызметінде және Президенттің күзет қызметінде жұмыс істеді.

Бір қарағанда, облыс жағдайы жаман емес сияқты: Алматының іргесінде, жер қымбат, миллиондаған турист келеді, инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Алайда елдегі ең ірі қалаға көршілес орналасудың өзі өңірдің саяси һәм экономикалық таризына байланысты бірқатар мәселе туындатады.

ҚАРАСАЙ АУДАНЫ ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВТАРҒА ТИЕСІЛІ ЖЕРЛЕР

Қарасай ауданы әрдайым ерекше аймақ болған және солай болып қала береді. Мұнда Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері – Шамалған ауылы орналасқандықтан ғана емес.  Бірнеше жыл бойы экс-президенттің отбасы ірі жер активтерін өз иелігіне алып келді. Оның туыстарының меншігіне табиғи қорық аумақтары, соның ішінде бірегей Үшқоңыр үстірті де өткен.

2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін жағдай өзгере бастады. Бұған дейін Әлия және Болат Назарбаевтарға қатысты жер телімдері мемлекетке қайтарылды. Солардың бірі – Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылдық округіндегі көлемі 1485 гектар жер.

Бұл оқиға әлі күнге дейін аяқталған жоқ. 2026 жылғы тамызда Қарасай ауданының прокуроры жаңа талап арызбен сотқа жүгінді. Жауапкерлер қатарында Болат Назарбаевтың әйелі, ұлы Нұрбол, тағы 13 бала және бірнеше компания бар. Прокуратура жерге қатысты жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тануды талап етіп отыр.

Сондықтан Әрінов үшін Қарасай ауданы – өткеннің ғана емес, болашақтың да мәселесі.

ТАЛҒАР ЖӘНЕ ШЕРЗАТ ІСІ

Аймақтың тағы бір «жанды жері» – Талғар. 2024 жылғы қазанда 16 жастағы Шерзат Болатты өлтіру оқиғасынан кейін бұл қала Қазақстандағы ең криминогенді орындардың бірі ретінде қабылдана бастады. Бұл іс жай ғана қылмыстық іс деңгейінен асып кетті. Оған полиция мен жергілікті билікке деген сенім тұрғысынан да қарай бастады.

Жасөспірім қаза болғаннан кейін оның отбасының үйі өртенді. Артынша басқа да қайғылы оқиғалар болды. Ал тұрғындар мен марқұмның туыстары жанжалдың мұншалықты ушығуына қалай жол берілгенін ашық сұрай бастады.

2025 жылғы маусымда сот Шерзаттың ісі бойынша тоғыз сотталушыға үкім шығарды. 2026 жылғы сәуірде апелляциялық және кассациялық сатылар негізгі сот шешімдерін өзгеріссіз қалдырды.

Талғардағы кісі өлімінен кейін бірқатар кадрлық шешім қабылданды: қала әкімі мен оның орынбасары қызметтен босатылды, аудан әкімінің аппарат басшысы да қызметінен айырылды, ал аудан әкіміне тәртіптік жаза қолданылды.

Сондықтан Алматы облысының жаңа басшысы үшін Талғар – жай ғана жол мен мектеп салуды қажет ететін кезекті аудан емес. Мұнда халықтың полиция мен жергілікті билік органдарына деген сенімін қайта қалпына келтіруге тура келеді.

ҚОНАЕВ: КАЗИНО, ЖАҒАЛАУ ЖӘНЕ ӘКК

Облыс орталығы Қонаев та өзіндік ерекшелігі бар қала.

Қонаев бір мезгілде облыстың әкімшілік орталығы, Қапшағай су қоймасының жағасындағы курортты қала әрі құмар ойын бизнесінің орталығы болуы керек.

Қазір мұнда ондаған ойын-сауық және құмар ойын нысаны жұмыс істейді. Әкімдіктің мәліметінше, бұл сала 2026 жылдың алғашқы жартысында бюджетке 25 млрд теңге салық түсірген.

Өңірдегі казино саны бұдан әрі де арта түспек. Қазір құны 25 млрд теңге болатын қонақүй-ойын-сауық кешені салынып жатыр. Бұдан бөлек, билік Талғар ауданында тек шетелдіктерге арналған тағы бір ойын аймағын дамытуды жоспарлап отыр.

Таразының екінші басында Қапшағай су қоймасы тұр. Жазғы маусымда оның жағалауына жүздеген мың демалушы келеді. Бұл – қала үшін орасан зор ресурс. Сонымен бірге жер мәселесі, суға қолжетімділік, жағалауға құрылыс салу, коммуналдық инфрақұрылым сияқты проблемаларды да қатар алып келеді.

Қонаевтың бұдан әрі қандай қалаға айналатыны – курорт бола ма, әлде казино қаласы ретінде орныға ма – енді жаңа басшылыққа байланысты.

Әріновке қалған тағы бір «мұра» – «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.

Жоғары аудиторлық палата тұрақтандыру мақсатында берілген бюджет несиелерінің 4 млрд теңгесінің небәрі 1,5 млрд теңгесі, яғни 38 пайызы ғана белгіленген мақсатқа жұмсалғанын анықтады. Қалған 2,5 млрд теңге банк шоттарында сақталып, жүйелі түрде депозиттерге орналастырылған. Жалпы, облыста жүргізілген аудит 16,7 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықты анықтады. Кейін олардың басым бөлігі жойылған.

Сондықтан Әріновтің казиноға ғана емес, облыстың өзіне қарасты квазимемлекеттік сектордың қалай жұмыс істейтініне де мұқият назар аударуына тура келмек.

ҚЫТАЙ ІРГЕДЕ, БІРАҚ ҚОРҒАС АЛЫСТАДЫ

Алматы облысының географиясынан шатасу оңай. 2022 жылы өңір бөлінгеннен кейін Қорғас, «Нұр Жолы» және Достық кеден аймақтары Жетісу облысының құрамына өтті. Алайда Алматы облысы Қытаймен шекаралас өңір болып қала береді.

Ұйғыр ауданында халықаралық автомобиль өткізу бекеті – Қалжат орналасқан. Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінің ресми тізімінде Қалжат Алматы облысына қарайды. Ал «Нұр Жолы» мен Достық Жетісу облысының аумағында.

Демек, Қытай бағыты облыс әкімінің күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл – автомобиль жолдары, жүк тасымалы, шекара маңындағы аумақтарды дамыту, сауда және қауіпсіздік мәселелері. Әрінов Алматыға іргелес әрі шекаралық өңір саналатын облысты қолға алып отыр.

КӨЛСАЙ, ҚАЙЫҢДЫ ЖӘНЕ ШАРЫН

Алматы облысының тағы бір ресурсы – табиғаты. Көлсай мен Қайыңды, Шарын шатқалы, Іле-Алатауы ұлттық паркі санаулы әлдеқашан санаулы саяхатшы ғана баратын орын болудан қалған. 2025 жылы Іле-Алатауы ұлттық паркіне миллионға жуық адам, Көлсайға 600 мың, Шарынға шамамен 250 мың адам барған. Көлсайға келушілер саны жартысынан астамға, ал Шарын шатқалына келушілер екі еседен көп өскен.

Жүздеген мың турист дегеніміз – көлік, қоқыс, дәретхана, су, электр энергиясы, мобильді байланыс, кәріз жүйесі, қонақүйлер және экожүйеге түсетін салмақ мәселелері.

Туризм облыс экономикасының елеулі бөлігін құрайды. Бірақ ендігі міндет тек туристер санын көбейте түсу емес. Көлсайдың, Қайыңды мен Шарынның танымалдығы табиғи байлыққа зиян келтірмейтіндей жағдай жасау қажет.

ҚАЛА МАҢЫНДА МӘСЕЛЕ ДЕ, МҮМКІНДІК ТЕ КӨП

Алматы облысының ең қарапайым мәселесі оның ең күрделі проблемасы да болуы мүмкін. Қарасай, Талғар және Іле аудандары әлдеқашан алып Алматы агломерациясының бір бөлігіне айналды. Адамдар Қаскелеңде, Бесағашта, Тұздыбастауда, Іргеліде, Өтеген батырда және ондаған жаңа тұрғын үй мен саяжай массивінде тұрып, жұмысқа Алматыға қатынайды.

Бұдан көпке таныс мәселелер туындайды: қалаға кіреберістегі кептеліс, мектеп тапшылығы, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі, су мен кәріз жүйесіне қатысты проблемалар, мұндай көлік ағынына есептелмеген жолдар.

Бұл жерде облыс әкімі мегаполис басшылығымен ортақ шешімге келуге тиіс. Көлік, жол, инженерлік желілер мен құрылыс мәселелерін бірге жоспарламайынша, Алматы мен облыстың арасындағы осы түйінді тарқату мүмкін емес.

ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕ

Алатау қаласына да бөлек тоқталмасақ болмайды.

Қала ресми түрде Алматы облысының аумағында қала береді. Алайда 2026 жылдан бастап мұнда мүлде басқа ережелер қолданылады. Конституциялық заң Алатауға «жеделдетілген даму қаласы» деген арнайы құқықтық мәртебе берді. Оның өзіндік реттеу жүйесі, кеңесі, әкімшілігі, жеке жер қоры және инвестиция, қала құрылысы мен басқару салаларындағы ерекше тәртіптері болады.

Жер мәселесі де түбегейлі шешілді: жерге қатысты бірқатар мемлекеттік қызмет көрсету тоқтатылды. Ал 2026 жылғы 1 шілдеге дейін берілген құжаттар арнайы комиссияның қарауына жатады.

ГЕНЕРАЛ ОБЛЫС ТІЗГІНІН ҚОЛҒА АЛДЫ

Осылайша генерал-майор Шыңғыс Әріновке төтенше жағдай тек Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретімен шектелмейтін өңір бұйырды.

Мұнда ескі элиталардың мұрасын, жерге қатысты мүдделерді, қарқынды өсіп жатқан қала маңындағы аумақтарды, туристік бизнесті және әртүрлі деңгейдегі билік өкілеттіктері бір жолдың бойында тоғысатын аумақтарды реттеуге тура келеді.

Әскерде генерал өзіне сеніп тапсырылған аумақта болып жатқанның бәріне жауап береді деген түсінік бар. Ulysmedia.kz бұл қағиданың Алматы облысында қалай жұмыс істейтінін бақылап отыратын болады.