×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Электр энергиясы қазіргіден 6 есе қымбаттайды – АЭС құрылысы жайлы

09.09.2021, 09:25
Электр энергиясы қазіргіден 6 есе қымбаттайды – АЭС құрылысы жайлы
Коллаж:ulysmedia.kz

«Қазақстанға атом стансасы қажет»! Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір ауыз сөзі біршама талқыланып, қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. Мемлекет басшысының бұл сөзді Ресейдегі экономикалық форумда айтуы – АЭС құрылысы жөнінде мәселенің баяғыда-ақ шешіліп қойғанын білдіреді дейді сарапшылар. Әйтсе де бұл жобаға қарсы шығып жатқандардың да өз аргументтері бар. Бұл мақалада ulysmedia.kz тілшісі эколог, экономист және энергетик мамандардың пікірін біліп көрді.

Қуаттың 80% көмірден аламыз

Жалпы Энергетика министрлігі осы жылдың басында 2021-2027 жылдары елге қанша көлемде энергия керектігі жөнінде талдау жасап көрген. Талдау қорытындысы бойынша, 2027 жылға қарай энергия қуатының дефициті 2500 мгВт құрайтын көрінеді. Экономист Жарас Ахметовтың пайымдауынша, дәл қазір бізде резеврті тұрғыда энергия қуаттылығы артығымен бар. Ал реттеуші тұрғыда бәрібір дефицит байқалады. Міне, сол себепті Қазақстанға энергетикалық қуаттылықтың жаңа түрлерін кеңейтіп, арттыру мәселесі бәрібір туындайды. Бұл бір.

«Екіншіден біз қазір қуаттың 80% көмір жағып алып отырмыз. Экологиялық тұрғыдан бұл әдіс сын көтермейді. Бір ғана Алматыдағы ЖЭО-2 өзіне қаншама шағым бар. Яғни қайткен күнде де бізге көмір энергетикасын қысқарту керек. Үшіншіден, бізде табиғи газдың резерві барын ескерген жөн. Бізге осы себепті газбен жұмыс істейтін электр стансаларын салған дұрыс. Кейінгі жылдары елде газ құбырлары жүйесі едәуір дамып кетті. Төртіншіден, атом электр стансаларын салудың өзі орасан зор қаражатты қажет етеді. Оған 10 жылдан кейін өзін-өзі ақтайтын жоба деп қарайтын болсақ, мұның арты тарифтердің бірден қымбаттауына алып келеді. Біз неліктен Балқашта кореялық «Samsung» компаниясымен келіссек те, Жылу электр стансасын бірге сала алмай қойдық. Себебі олар бірден 10 жылдан кейін жоба өзін-өзі ақтайтындай офтейк келісімшарт жасасу шартын қойды. Егер сол келісімшартқа қол қойсақ, тариф аспандап шыға келер еді», - дейді экономист.

Газ энергетикасы көмірден де тиімді

Жарас Ахметовтың айтуынша, бәрінен де газ электр стансаларының жұмысы тиімді. Бұл – энергетиканың едәуір дамыған әрі технологиялық түрі. Екіншіден, инвесторларды стансалар өзін-өзі кем дегенде 25-50 жылда ақтайтындай жобаға тартқан абзал. Әрине, оған инвесторларды тарту қиын. Дегенмен, экономист негізгі шешім осы дейді.

«Францияда генерацияланатын қуаттылықтың 70% АЭС-тен келеді. Франция құрып кеткен жоқ. Бірақ екінші жағынан әлемде термоядорлық синтез саласында үлкен жаңашылдықтар бары айтылып жатыр. Бұл – техникалық, технологиялық тұрғыда күрделі болса да АЭС-тен де мықты балама. АҚШ, Еуропа елдерінде бұл салада үміт сыйларлық жетістіктер мол. Мәселе мынада: біз АЭС салып жатқан кезде бүкіл әлем газға, баламалы қуат көздеріне, күн және жел энергиясына көшіп жатады. Осы уақытта едәуір ескірген жүйемен отыруымыз мүмкін. Дәл қазір газ энергетикасына бағыт түзеу керек. Бұл экологиялық тұрғыда да, қуаттылығы жағынан көмір энертетикасынан да тиімді», - деп түйді Жарас Ахметов.

Көмір қуаты 10 теңге, АЭС-тікі 60 теңге

KEGOС компаниясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаевты сөзге тартып көргенбіз. Маман АЭС салуға бірден қарсы шықты. Айтуынша, атом стансасының бірде-бір басымдығы жоқ. Ол – ең қымбат жоба.

«Ол арқылы өндірілетін қуаттың киловатт/сағаты өте қымбат. АЭС құрылысының әлемдегі ең соңғы үлгісін алып қараңыз: ол – Түркиядағы «Аккую». Онда келісімшарт бойынша электр энергиясының құнын энергия тарататын «TEİAŞ» компаниясы 12,35 центке алғалы жатыр. Яғни біздің жағдайда тоқтың киловатт/сағаты 60 теңге болады деген сөз. Ал біздің көмір стансалары арқылы тоқтың киловатт/сағаты шамамен 10 теңге. Яғни көмір стансасынан шыққан тоқ атом электр стансасынан шыққан тоқтан алты есе арзан. Бұл бірінші кемшілік», - дейді ол.

Әсет Наурызбаев атом стансасы электр энергиясын тұрақты түрде беріп тұрады деген пікір де жаңсақ екенін атап өтті.

«Нарыққа қажет десеңіз, тұрақты энергияның өзі керегі де жоқ. Нарық қуатты бірде қажетсінеді, бірде сұранысты азайта қояды. Нарыққа тек қажетті электр қуатын жеткізіп тұру үшін атом стансасы, күн немесе жел энергиясы болсын – реттеуші қуаттылық жүйесі керек. Электр энергиясы жүйесінің екінші жағында қуатты өз еркімен тұтынатын тұтынушы тұр. Сондықтан электр қуатының қандай көзі болмасын, қажеттілікті реттеп отыру керек. Бұл ретте атом стансасында үлкен кемшілік бар. АЭС-тың бір блогы 1200 мгВт қуат өндіреді. Енді қараңыз, жөндеу немесе жоспарлы мақсатта осы блоктың бірі өшсе, сіз дәл осы 1200 мгВт қуат қажеттілігін басқа көзбен уақытша жабуыңыз керек. Әйтпегенде тұтынушыларыңыз не істейді? 1200 мгВт қуат – өте көп мөлшер. Сіз мұндай қуатты жайдан-жай таба алмайсыз», - дейді ол.

АЭС құрылысы 12 млрд доллар тұрады

KEGOС-тың бұрынғы басшысы мысал ретінде былтыр Өзбекстанда 800 мгВт болатын қуат көзінің өшіп қалғанын еске салды. Ол кезде Өзбекстан түгілі, жарық Алматыда да сөнген. Апат ауқымын осымен өлшейді маман.

«Ал 1200 мгВт блокты салып алып, ол өшіп қалса, Қазақстан түгілі Өзбекстан мен Қырғызстанды қосып тұрып, жарықсыз қалдырамыз», - дейді ол.

«Сіз осы тығырықтан шығу жолдары қандай деп ойлайсыз?» деген сұрағымызға Әсет Наурызбаев дамыған елдердің тәжірибесін негізге алу керектігін айтып жауап берді.

«Баламалы қуат көздері мол қазір. Біздің мемлекет билігінің өзі осы баламалы қуат көздерін дамыту керектігін басымдық ретінде айқындаған жоқ па!? Бұл – өндірістің шұғыл әрі арзан әдісі. Баламалы қуат көздері бізге жетпейді деп кім айтты? АЭС-ты салуға жұмсағалы отырған 12 млрд АҚШ долларын баламалы қуат көздеріне жұмсасақ, қуат көздерінің өндірісін екі есе арттыруға болады. Атом стансасын салу керектігін дәлелдейтіндей бірде-бір салмақты аргумент жоқ. Мағынасыз жоба. Керісінше, ол энергия жүйесіне тек зиянын тигізеді. Атом стансасы жарылып кетуі ықтималдығы туралы айтпаған күннің өзінде жағдай осы», - деді ол.

Ядролық қалдықтардан құтылу қиын болады

Энергетик тағы бір мәлесенің басын шығарды. Ол ядролық қалдықтарды жою болашақта үлкен проблема туғызатынына тоқталды.

«Ең бастысы, біз ядролық қалдықтарды қайда апарып, көзін жоярымызды білмей қаламыз ертең. Ядролық қалдықтардың әуресі біздің ұрпағымыздың бас ауруына айналарлық өте күрделі проблема. Бізге бұл шешімнің керегі не? Таза әрі арзан электр стансалары бар. Күн мен жел энергиясын дамыту керек. Бүкіл әлем сол бағытта кетіп барады. Ал біз ХХ ғасырға неліктен қайта бара жатқанымызды мен түсінбеймін», - деп түйді Әсет Наурызбаев.

Экологтардың пікірі екіге жарылды

Бір қызығы, бұл мәселеге келгенде экологтардың пікірі екіге жарылды. Бірі қолдаса, екіншісі қарсы. Эколог Аманбек Заңдыбайда хабарласқанымызда АЭС құрылысына оң көзбен қарайтынын айтты.

«Қазба байлықтарының түбі түгесілетіні айдан анық. Олардың өндірісі қоршаған ортаға орасан зор қиян келтіреді. Қазір біздің қоғамда «коронавирусқа қарсы вакцина зиян» деген секілді жаңсақ пікір бар. Яғни біз медициналық сауаттың қоғамда қалыптаспағанын көріп отырмыз. Сол секілді АЭС құрылысын кәсіби көзқарассыз сынаудың өзі экологиялық мәдениеттің қалыптаспағанын көрсетеді. Біліміміз болғанда халық еш қорықпастан қуана-қуана келісер еді», - дейді Аманбек Заңдыбай.

Сарапшының айтуынша, Жапонияның бір өзінде 40-қа жуық АЭС бар. Фукусимадағы оқиғадан басқа олардың бірде-бірінің қоршаған ортаға зияны болмаған.

«Біздегі жылу стансаларында қаншама апат тіркеліп жатыр. Артынан бәрібір 30 немесе 50 жыл болсын – АЭС салу мәселесімен бетпе-бет келеміз», - дейді ол.

Депутат-эколог бейтарап

Мәжіліс депутаты, бұрын «жасыл энергетика» жобасын ілгерілетіп жүрген Елдос Абақанов бұл мәселеге байланысты «қолдаймыз немесе қолдамаймыз» деген нақты ұстанымы жоқтығын білдірді. Депутат бейтарап.

«Оны Үкімет мүшелері, қоғам белсенділері жан-жақты қарастырғаннан кейін ғана нақты шешімге келу керек. Мүмкін қарастырғаннан кейін тиімділігін немесе тиімсіздігін көрсетеді. Қандай технологияларды ұсынып жатыр? Болады деп те, болмайды деп те айту қиын», - деп қысқа қайырды Елдос Абақанов.

Оның айтуынша 2013 жылы елде «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы қабылданған. Оған сәйкес «жасыл» қуат көздерінің өндірістегі үлесін елдегі жалпы энергияның 3% жеткізу жоспарланған. Бүгін де бұл мақсат орындалған.

Эколог Шынар Ізтілеуова болса, АЭС салу туралы бастама көтерілген сайын үкіметтік емес ұйымдар қатарындағы экологиялық бірлестіктер әрдайым оған қарсы шығып келе жатқанын мәлім етті.

«Алдымен, АЭС дегеннің өзі баламалы және таза энергетика емес екенін ескеру керек. Оның экологиялық әсері тұрғысынан қарағанда ол қоршаған ортаға ұзақ уақыт бойы зардабын тигізері анық. Өйткені, оның қалдықтарын көмудің, оған арнайы орын бөлудің өзі үлкен шаруа. Өз басым Қазақстанда АЭС салуға қарсымын», - дейді ол.

Баламалы қуат көзі барын ұмытпайық

Маман АЭС салу немесе сол стансаның қалдықтарын көму кезінде жетекші технологиялардың қолданылатынына ешкім кепілдік бермейтінін атап өтті. Оның өзіне ең озық технологияны пайдаланбаса, қоршаған орта да, адамдар да қатты зардап шегуі мүмкін.

«АЭС-ты көп адам көмір технологиясымен салыстырып шыға келеді. Бізде бірақ көмірден бөлек газ да өндірілетінін ұмытпайық. Оны жағып, энергия өндіруден қоршаған орта қатты зардап шеге қоймайды. Қазақстанда одан бөлек күн және жел энергиясын өндіру әдістері де іске асырылып жатыр. Мәселен, Германияда бұл өндіріс жеке бизнеске айналып, жекелеген азаматтардың өзі өндірген энергиясын сата бастаған. Сол себепті баламалы қуат көздерін дамытып, заңнамалық тұрғыда жеке тұлғалардың өзі де осы бизнеспен айналысып, басқаға сата алатындай жағдай жасау керек», - дейді ол.

Аян Өрібай, Нұр-Сұлтан