×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«Тілсіз жаумен күрескен жетінші күн»: Абай облысынан арнайы репортаж

15.06.2023, 00:23
«Тілсіз жаумен күрескен жетінші күн»: Абай облысынан арнайы репортаж
Басты сурет: ҚР ТЖМ

Абай облысында жетінші күн дегенде өрттің беті қайтты. Жеті күн бойы өрт сөндірушілер мен күш құрылымдарының қызметкерлері тілсіз жаумен тынымсыз күресті. Қалың орманын құтқармаққа асыққан қара ормандай халықтың бұл жолы да бірлігі сынға түсті.

Ulysmedia.kz тілшісі тілсіз жаумен күрес жалғасқан жетінші күні Абай облысындағы өрттен зардап шеккен ауылдарды аралап шықты. Өрт сөндірушілермен, халықпен, билік өкілдерімен кездесіп, тілсіз жауға қарсы жұрт болып жұмылған елдің тыныс-тіршілігін көріп қайтты.

14 маусым күні таңертең Төтенше жағдайлар министрлігі «елдімекендерге қауіп жоқ» деп ақпарат таратты. 1800-ден астам адам мен 350-ге жуық техника тілсіз жауды ауыздықтауға жұмылдырғанын хабарлады. Өрттің беті қайтқанын Семейге кірген кезден жергілікті азаматтар да айтып жатты. Бұл күні Семей аспанында бірнеше күн бұрын тараған кадрлардағы қалың түтін сейілгенін байқадық.

Түстен кейін Семей халқы жауын тілеп, тасаттық берді. Жүздеген адам қаланың Спартак стадионына жиналып, тасаттық дұғасын оқыды.

Бұл жолғы өрттен зардап шеккен ауылдардың бірі Талица. Аталған ауылға баруға талпынғанымызбен полиция қызметкерлері Өзеркіден ары өткізбеді. «Қалалық полиция басқармасына хабарласыңыздар» деген олар бұйрықсыз бір қадам аттап баса алмайтынымызды білдірді.

Талица ауылына жақын маңдағы орман өртін сөндіруге қатысқан өрт сөндірушілерді Өзеркі ауылында кездестіріп қалдық. Астанадағы өндірістік компаниялардың бірінде жұмыс істейтін 13 құтқарушы Абай облысына өз еркімен келгенін айтады.

Солардың бірі Қуаныш Түменбаев өздеріне бөлінген учаскеде өрт негізінен сөндірілгенін, бықсыған шағын орындар қалғанын мәлім етті. Әйтсе де олар Астанаға қайтуға әлі ерте екенін атап өтті. Жел көтерілсе қауіп қайта туындауы мүмкін дейді ол.

Алғаш тілсіз жау жылдам тараған кезде бұл ауылға да қауіп төніп тұрғаны айтылған. Алайда содан бері Өзеркі өз тіршілігімен күн кешіп жатыр екен. Балалар көшеде емін-еркін ойнап жүр.

Осыдан кейін Бородулиха ауданына жол тарттық. Аудан орталығы – Бородулиха ауылы Семейден шамамен 70 шақырым жерде. «Тоқаев келеді» дегенді естігеннен кейін асығыс жамалған жолы сайрап жатыр.

Бородулиха ауданының Успенка ауылына жеттік. Осы жолғы өрттен қаза тапқан 15 адамның жетеуі осы ауылдан. Ведомстволар құрған жедел штаб та осында. Штабта Төтенше жағдайлар министрі мен Қорғаныс министрі отырғанын сырттағы әскерилерден естідік. Бір-екі ауыз сөзге тартуға тырысқанымызбен, әскерилер оларды шақыруға да батпады. “Министр әр уақыт сайын жоғары жаққа есеп беріп жатыр” деп қалды солардың бірі.

Жедел штабтағы шенеуніктер әңгімеге тартылмаса да өрт сөндірушілер үшін ашылған пункт еріктілері емен-жарқын. Бәрі бір кісідей өрт сөндіріп келген құтқарушылардың аяғын жерге тигізбейді. Қазан-ошақ басында жұмыс қызу. Дастархан молынан жайылған.

«Бородулиха ауданындағы ауылдарда өрттің беті қайтты» деген ақпаратты ТЖМ-нан бұрын бізге осы ауданға жаңадан тағайындалған Айдар Ибраев айтып берді. Бұрын эвакуацияланған ауылдарға тұрғындар қайтып жатқанын да жеткізді.

«Бүгін қаза болған 9 отбасының үйіне кіріп шықтым. Өте ауыр» дейді ол күрсініп.

Семейден жеткен «Лидер.кз» еріктілері Юлия Маржанцева мен Галина Крушкина еріктілердің жұмысын үйлестіріп, жер-жерден келген гуманитарлық көмекті бөліп жүр. Қазақстанның көп өңірінен көмек те, жекелеген азаматтар да келіп жатыр дейді олар. Көмек көп келіп, олар ақыры ақша жинауды тоқтатқан.

14 маусым күні кешке Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің беті қайтқаны жөнінде ақпарат таратты. Ал 414kz өрттен кейінгі орманның видеосын жариялады. Жетінші күн жеңіс күні болғанымен, 15 азаматтың қазасы жауаптыларға енді сабақ бола ма? Тілсіз жау қалың орманның күл-талқанын шығарды. Енді табиғаттың осы байлығын қаз қалпына келтіруге қанша уақыт кетеді?