×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Қымбатшылық енді басталады: коммуналдық қызметтердің жаңа тарифі халықты қалай діңкелетпек

24.07.2023, 10:23
Коллаж: Ulysmedia.kz

Келесі айда қазақстандықтар коммуналдық қызметтер үшін жаңа баға белгіленген түбіртектерді ала бастайды. Алайда тамызда жарық, газ және суға қалталарына қаншалықты салмақ түсіретінін халық қазірден бастап есептей бастады. Қарапайым тұрғындардың болжауынша, тек коммуналдық қызметтер ғана емес, ақылы дүниенің бәрі қымбаттайды. Айтпақшы, "алғашқы қарлығаштар" жетіп үлгерді: Қарағандыдан Ulysmedia.kz редакциясына кейбір бизнес-орталықтардың иелері жалға алушыларға жалдау ақысының өсуі туралы алдын-ала құлақтандырғаны туралы хабар келді.

1 шілдеден бастап коммуналдық қызметтердің барлық түрлерінің бағасы өсетінін жариялаған шенеуніктер жарық, су, жылу мен газ бағасын көтермеген жағдайда қандай ауыр зардаптар болуы мүмкін екенін барынша әсірелеп түсіндірді. Әсіресе, Екібастұздағы төтенше жағдайды халықтың есіне салғандар көп. “Егер қазір тарифтер көтерілмесе, біздің "тозған желілер елі" үшін техногендік күйреудің ауылы алыс емес” деп сендірді олар.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров "Инвестиция орнына тариф" жаңа әрі ескі бағдарламасының кезекті іске қосылуы ғана апатты болдырмауға көмектесетінін алға тартты. Ал Қазнет пайдаланушыларының ескі бағдарламаның ақшасы қайда кеткені және өткен жылдары тарифтің тұрақты көтерілуі отандық энергожүйенің тозу дәрежесіне неге оңтайлы әсер етпегені туралы ашулы сұрақтарына жауап ретінде, ақшаның қажет жерге жұмсалғанын айтты. Оның сөзінше, қаржы елдегі жылу-электр орталықтарын коммерцияландыруға жұмсалған, олардың  40%-дан астамы жеке меншікке берілген. Ал қазір, министрдің айтуынша, ақша тозығы жеткен жабдықтар мен желілерді жаңғыртуға және ауыстыруға, сондай-ақ коммуналдық сала қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бағытталуда.

Ал баға өсіміне келетін болсақ, Әлібек Қуантыров халықты үрейленбеуге шақырды, өйткені коммуналдық қызметтерге тарифтердің өзгеруі, оның айтуынша, "орташа" болады: шамамен 10нан 30%-ға дейін. Ұлттық экономика министрінің есептеулері бойынша "барлық коммуналдық қызметтер бойынша орташа чектің ұлғаюы шамамен 3-4 мың теңгені құрайды". Бұл ретте халықтың осал топтары әкімдіктерден коммуналдық төлемдер үшін шығындардың бір бөлігінің өтемақысын пайдалана алады.

SOS! Сандар тілінде сөйлесек...

Сонымен қатар, азаматтар Ұлттық экономика министрін экономика заңдарын нашар түсінгені үшін сөгеді. Өйткені халық коммуналдық қызметтерге бағаның өсуі сөзсіз азық-түлік, тұтыну тауарлары және басқа да қызмет түрлері құнының шарықтауына әкелетініне сан рет көз жеткізген. Сондықтан ай сайынғы шығындардың 3-4 мың теңгелік өсіммен тоқтай қоюы екіталай.

Зейнеткер Людмила Рожина жаңа коммуналдық түбіртектерді алуға тіпті қорқады. Қазірдің өзінде монополиялық компаниялардың сайттарындағы жаңа тарифтер туралы ақпаратты және ескі түбіртектерді пайдаланып, әйел коммуналдық қызмет үшін зейнетақысының қанша бөлігін жұмсауға тура келетінін есептеп көрді.

- Егер бұрын сумен жабдықтау тарифі 1 текше метр үшін 115,91 теңгені құраса, енді текше метр судың құны 135,21 теңгені құрайды, - дейді зейнеткер.

- Тарифтің өсуі 16,65 пайызды құрайды. Кәріз үшін біз бұрын 1 текше метр үшін 105, 88 теңге тариф бойынша төлеген едік, енді 174,99 теңге төлейтін боламыз. Бұл позиция бойынша өсім 65,27 пайызды құрайды. Жалпы су мен кәріз тарифінің өсуі – 40 пайыз. Бұрын бір айда 3 адамға: су-1502,19 тг, кәріз - 1372,20 тг,  барлығы 2874,39 теңге болса, тамыз түбіртектерінде сол отбасының шығыны келесідей болады: 1752,32 теңге – су, 2267,87 теңге – кәріз. Барлығы 4 020,19 теңге. Өсім 1145,80 теңгені құрайды.

Жылыту маусымы басталғанға дейін Людмила Рожина жылу бағасының қалай өсетінін болжай алмайды. Монополист жылумен жабдықтау бойынша нақты сандарды әлі жариялаған жоқ. Бірақ ол қазірдің өзінде ұлттық экономика министрі математикамен дос емесін жақсы түсініп отыр.

Миллион – анда, миллиард – мұнда…

Ертеден қарапайым адамдар мен шенеуніктердің математикаға деген көзқарасы әртүрлі болды. Егер зейнеткерлер тиындарын түгендеп, су, жарық, жылу және газды жаңа бағамен төлеу үшін қандай өнімдерден бас тартуға тура келетінін есептесе, шекпенділер пайыздарды есептегенді жөн көреді. Сондықтан халықтың қалтасына түсетін салмақ оларға ауыр болып көрінбейді.

Жақында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сөйлеген сөзінде ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының м. а. Данияр Сырымбетов:

- Өңірде коммуналдық қызметтердің барлық негізгі түрлеріне баға - жеке тұлғалар үшін орта есеппен 2-ден 50% -ға дейін және заңды тұлғалар үшін 20%-дан аспайтын мөлшерде көтеріледі. Тұтынушы қала мен ауданға байланысты 4-тен 23%-ға дейінгі өсімді сезеді, – деді.

Ол сондай-ақ жылумен жабдықтау қызметтері бойынша желілер мен жабдықтардың нақты тозуы 55-тен 75%-ға дейін екенін атап өтті. 2023 жылға жөндеу үшін миллиард теңгеден астам сома қажет.

- Тариф есебінен 300 миллион теңге, бюджет есебінен — 798 млн теңге алуға болады. Тарифтің өсуі 6-дан 22%- ға дейін күтіледі. Киловатт тасымалдау құны да өзгереді. "Қарағанды Жарық" ЖШС және "КРЭК" ЖШС қызметтер құнын арттыруға өз өтінімдерін берді. Өйткені, олардың желілерінің тозуы 73-тен 90%- ға дейін жетіп отыр. Аудандарды электр қуатымен қамтамасыз ететін екінші монополисттің жағдайы тіпті ауыр.

- "Инвестиция орнына тариф" бағдарламасы бойынша ағымдағы жылға 1 миллиард 700 миллион теңге қажет, - деп нақтылады Данияр Срымбетов.

- Сумен жабдықтау саласында текше метр судың құны да өзгереді. Орташа алғанда, баға 2,22-ден 20%-ға дейін көтеріледі.

Ол бүгінгі таңда табиғи монополиялардың жеті субъектісінің желілері мен жабдықтарының тозуы 60-тан 86%-ға дейін жеткенін атап өтті. Биылғы жылға арналған инвестициялық бағдарлама бойынша қажетті сома 3 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде: тариф есебінен – 403 млн теңге. Қалған қаражат бюджеттен бөлінетін болады.

Данияр Сырымбетовтың айтуынша, Қарағандының ең үлкен проблемасы – тозығы жеткен кәріз жүйесі ең көп шығынды, демек, тарифтің айтарлықтай өсуін талап етеді.

- Желілер мен жабдықтар қазіргі жүктемені көтере алмайды, өйткені олардың тозуы 66-92% құрайды. Биыл екі миллиард теңге салу қажет. Тарифті ұлғайту есебінен 1 миллиард 992 миллион теңге, бюджеттен – 58 миллион теңге алу көзделіп отыр.

P.S.

Жыл сайынғы инвестициялар мен желілерді ауыстыру туралы есеп беру кезінде шенділер монополистер қалалардың тіршілігін қамтамасыз ету нысандарын неге күйретіп жібергені туралы сұрақтарды жауапсыз қалдырады. Дәл сол сияқты, ең төменгі 53 076 теңге зейнетақының тең жартысын коммуналдық қызметтерге төлейтіндер бір ай бойы қалай күн көретініне де шенеуніктердің бас қатырғысы жоқ.

- Бағаны көтерген сайын бізден шығындарды азайтуды сұрайды, - дейді қарағандылық зейнеткер Людмила Родина мұңайып. – Бірақ қалай үнемдеу керек, қалай аштан өлмеуге болатыны жөнінде нұсқаулар берілмейді...

Серіктес жаңалықтары