×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Көлгіновтің сенімді адамдары: БҚО-ға бөлінген миллиардтарды кім "игеріп" жатыр

25.07.2023, 12:09
Көлгіновтің сенімді адамдары: БҚО-ға бөлінген миллиардтарды кім "игеріп" жатыр
Коллаж: Ulysmedia.kz

Орал интригасы аяқ астынан туды – блогерлер туралы жаңа заңдағы тыйымдар туралы ойланбастан телеграм-арналардың бірі Батыс Қазақстан облысындағы екі жоғары лауазымды шенеуніктің ұсталғаны жайлы хабарлады. Бір-екі сағаттан кейін Антикор ақпаратты жоққа шығарды және Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары мен "Ақжайық" ӘКК-нің бұрынғы басшысы ұсталмағанын мәлімдеді. Бізге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің телеграм-арнасын қадағалап отыру ұсынылды, онда ең өзекті және шынайы ақпараттың бәрі жарияланады-мыс.

Десе де, Ulysmedia.kz БҚО тіршілігін мұқият бақылап келеді және аймақта сыбайлас жемқорлық жанжалдары жиі болатынын біледі. Аймақтың ең ірі инвесторының облысты дамытуға қомақты қаражат бөлуі өңірде тағы бір жемқорлық жанжалы тұтанғалы тұрғанын аңғартатындай. 

БҚО әкімдігі мен "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." компаниясы қол қойған келісім бойынша облыс 192 млн доллар алуы тиіс екені белгілі. Бұл сома компания жыл сайын бөлетін 30 миллион долларлық төлемдерге қосымша болды. Тағы 47 млрд теңге республикалық бюджеттен түседі.

Ақшаны кім “игеріп жатыр”

Облыстың дамуында айтарлықтау ілгерілеу болмағаны белгілі, Ulysmedia.kz елдің ең батыс аймағына бөлінген қомақты сома қайда жұмсалып жатқанын анықтауды жөн көрді.

Жергілікті халықтың сөзінше, инвесторлар бөлген ақша ертеде-ақ, Алтай Көлгінов облысты басқаруға жіберілген уақытта ғайып бола бастаған.

Миллиондаған долларды игеру схемасын құрған да – сол. Ол Астанаға кеткен кезде, оның ұсынысы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев, "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." басшысының орынбасары – Мұхтар Манкеев болды. Олар БҚО және Астана әкімдіктерінде Көлгіновпен жұмыс істеген кезде өздерінің оған деген адалдықтарын дәлелдей алды. Көлгінов сондай-ақ Нариман Төреғалиевті облыс басшылығына ұсынды, оған жүктелген басты міндет – кедергі жасамау еді.

Алтай Көлгінов өзінің көптен бергі серіктесіне шүбәсіз сенді, сондықтан оның қолдауы бойынша Ержан Балтаев Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығының басқарма төрағасы болды, ал Көлгіновтің өзі елорда әкімі болған кезде Балтаевты Астананың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшылығына қойды.

Көлгінов Үкіметке вице-премьер лауазымына ауыстырылған кезде, Ержан Балтаев батысқа жіберілді – БҚО әкімінің орынбасары болды және  кәсіпкерлік пен индустриялық-инновациялық дамуды, құрылысты, қаржыны, жолаушылар көлігін, автомобиль жолдарын, сәулет-құрылыс бақылауын, энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты өз бақылауына алды.

Сондай-ақ ол 47 млрд теңге субсидияларды игеретін және КПО инвестициялық жобаларын жүргізетін, яғни іс жүзінде облысты дамытуға бөлінген 192 млрд долларды басқаратын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны бақылауда ұстады.

Қызметке кірісе сала Балтаев бірінші кезекте ӘКК-де "тиісті тәртіп" орнатып, оның төрағалығына өз адамы Б.Ибрагимовты отырғызды.

Айта кету керек, "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." бөлетін миллиондаған долларлар Мемлекеттік сатып алу туралы заңды айналып өту үшін бөлінеді. Жергілікті ережелер бойынша, КППО мердігерлерді облыс әкімдігі ұсынатын компаниялардың ішінен ғана таңдайды. Яғни, Балтаев ҚПО-ға мердігерлердің тізімін жібереді, ал "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." бас директорының орынбасары Манкеев ең қолайлысын таңдайды.

Манкеев деген кім

Бір кездері Көлгінов Манкеевке әкім Есқалиевтің орынбасары болуға көмектесті. Мұхтар Манкеев қазір елордалық шенеунікке деген құрметін жасырмады және оны көпшілік алдында "шеф" деп атады. Бірақ 2020 жылы бір ши шығып, Манкеев отставкаға кетуге мәжбүр болды. Біраз уақыт өтті, сыбайлас жемқорлық жанжалдары басылған соң, Көлгінов өз адамын "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." бас директорының орынбасары қызметіне көтерді.

БҚО әкімдігінің жоспарлары:

83 млн $ – Орал мен Ақсай арасындағы автожолды жөндеуге;
50 млн $ – Бөрлі ауданын дамытуға;
59 млн $ – облыстың медициналық техникалық базасын дамытуға жұмсау.

Ақша көптік етпейді

Бөлінген ақшаның мақсатты жұмсалуын кім бақылайтыны және мердігерлер жұмысының сапасын кім тексеретіні белгісіз. Оралда әкімдіктің жұмысын бақылау құпталмайды. Бірақ Ақсай автожолына ҚПО-дан қосымша сома сұралатыны туралы әңгімелер жүріп жатыр. Қарапайым арифметикаға салсақ, 72 км-ге 83 миллион доллар – бұл әр километрге шамамен 500 миллион теңге жұмсалады деген сөз. Сарапшылардың сөзінше, мұндай ақшаға жолдарды жаңадан салуға болады. Бірақ жөндеу айтарлықтай арзанырақ түсетіні белгілі.

БҚО-да бірнеше жылдан бері "Түркістан Жолсервис" ЖШС және "Адал Арна" ЖШС бюджетті белсенді игеріп келеді. Бұл Түркістан облысының жолшылары, олар өңірде Көлгінов әкімшілігі кезінде пайда болған. Олар барлық ірі тендерлерді жеңіп алған және дәл осы компаниялар немесе олардың аффилиирленген тұлғалары ҚПО ақшасы бөлінген Орал – Ақсай автожолы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуі мүмкін деп болжауға болады.

Медициналық техникаларға арналған шығыстар да құпия. Не сатып алады, онымен кім айналысады және ақша жеткілікті ме, жоқ па – белгісіз. Бөрлі ауданының тұрғындары өз аймақтарында да кім, нені және қалай "дамытатынын" білмейді.