×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Ақша бөлмей атақ қайда»: БҚО билігі өз пиарына қанша сома жұмсауға дайын

03.08.2023, 14:13
«Ақша бөлмей атақ қайда»: БҚО билігі өз пиарына қанша сома жұмсауға дайын
Коллаж: Ulysmedia.kz

Батыс Қазақстан облысының билігі БАҚ-та мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша қызметтердің құнын айқындау әдістемесінің жобасын талқылауға шығарды. Акті насихат жасауға дайын редакциялар мен телеарналар үшін төлемдерді едәуір арттыруды және ақпарат таратудың жаңа тәсілдерін қосуды көздейді. Енді мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың құны аудиторияның қамтылуына байланысты болады, демек басымдық республикалық БАҚ-қа беріледі.

Образ жасау

Батыс Қазақстан облысының билігі әкімдердің "образын" қолдан жасау керек екенін біледі, сондықтан пиардан ақша аямайды. Өңірдегілер Алтай Көлгіновтің өз фотосуреттерін БАҚ пен әлеуметтік желілерде таратқаны ұнататынын ұмыта қойған жоқ. Суреттердің бірінде ол хоккей таяқшасымен, екіншісінде теннис ракеткасымен марафонға немесе велосипед жарысына қатысып жатса, тағы бір суреттерде тұрғындармен немесе студенттермен сөйлесіп тұратын. Яғни, халыққа етене жақын, қарапайым басшының образы жасалды, дегенмен бәрі оның байлықты, премиум машиналарды, Формула-1-ді және Барак Обаманыкіндей сағаттарды жақсы көретінін білетін.

Айта кетейік, БҚО-да "халық" әкімі Көлгіновтің имиджімен жұмыс істегендер оның соңынан елордаға кетті.

Оның орнына келген Ғали Есқалиев теңдесі жоқ қарапайымдылық танытып, фотографтар штатынан бас тартты. Бұл лауазымда ол ұзақ уақыт отырған жоқ, сондықтан оның айтатын ештеңесі болмады ма яки бірдеңе жасыруға мәжбүр болды ма – журналистер түсінге алмады. Бірақ облыстық қазынадан ақпараттық тапсырысқа қомақты сома бөлініп жатты.

Қазіргі әкім Нариман Төреғалиев насихаттың қандай түрін пайдалануды құп көргені әлі белгісіз, бірақ жергілікті журналистер оның бұған дейін Сенат депутаты болғанына қарамастан, БАҚ өкілдеріне аса жарылқай бермейтінін айтады. Әкімнің баспасөз қызметі ең жаңа PR технологияларға ден қоюы мүмкін, өйткені ақша әлдеқашан бөлініп қойған.

Газет алаңы қымбаттады

Ақпараттық материалды баспа газетте жариялау қызметі үшін 2022 жылы бір шаршы сантиметр үшін 400 теңге төленді, ал 2023 жылы мұндай қызмет үшін республикалық басылымдарға 770, облыстық басылымдарға 440 теңге төлеу көзделіп отыр. Мақаланы республикалық маңызы бар интернет-ресурста орналастырғаны үшін әр символдың құны 100 теңге, ал облыстық деңгейдегі сайттарда – 50 теңге болып белгіленді. 2022 жылы бұл сома облыстық және республикалық БАҚ-қа бөлінбей, 38 теңгені құраған.

Теледидардағы бейнесюжет өткен жылы секундына 22 000 теңге болса, 2023 жылы республикалық телеарналарда минутына 300 000 теңге және өңірлік телеарналарда минутына 50 мың теңге болды. Талдамалық бағдарламаның әр минуты үшін енді республикалық телеарналарға 65 мың теңге және өңірлік телеарналарға 20 000 теңге төленетін болады. Айта кету керек, сараптамалық бағдарлама 2-3 минуттық қысқа сюжет емес, әдетте бір сағаттық бағдарлама.

Радиода ақпараттық бағдарлама бұрын секундына 580 теңгені құраса, 2023 жылы республикалық қамту радиостанциясында баға минутына 13 650 теңгеге дейін және өңірлік станцияларда 2750 теңгеге дейін көтерілді. Бұдан шығатын қорытынды –  ақпараттық тапсырыста республикалық БАҚ-қа басымдық беріледі деген сөз.

Өте құпия

Мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа қанша ақша бөлінетінін анықтау үшін біз мемлекеттік сатып алу порталын ақтардық. Алайда, мұндай мәлімет порталда жарияланбайтыны белгілі болды.

БҚО бойынша қоғамдық даму басқармасында бізге 2021 жылы жағдай өзгергені туралы хабарланды, енді олар мемлекеттік ақпараттық тапсырысты өткізу туралы хабарландыруды өз сайтында жариялайды. Өтінімдері бар қағаз конверттер "Аманат" партиясының ғимаратына жіберіледі, содан кейін оларды комиссия ашып, қарайды. Яғни, қаражатты бөлу процесі қазір іс жүзінде құпия болып табылады.

Қоғамдық даму басқармасының сайтынан біз 2022 жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастыруға байланысты 7 хабарландыру таптық. Ал биылғы тапсырыстар арасынан "Батыс Қазақстан облысындағы "Әділ Қазақстан" тұжырымдамасы шеңберінде 2023 жылға арналған мемлекеттік ақпараттық саясаттың тақырыптық бағыттарының тізбесі " деген қызық хабарландыруға көзіміз түсті.

Ол электронды БАҚ үшін әр түрлі алты бағытты қамтиды:

1) Мемлекет басшысының, Тұңғыш Президенттің, Үкіметтің, Парламенттің және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін түсіндіру;
2) еңбек саласындағы саясатты түсіндіру;
3) Қазақстан ғылымының қызметі туралы түсініктемелер;
4) денсаулық сақтау саласында;
5) индустриялық-инновациялық даму барысын түсіндіру;
6) Энергия-тиімді саясатты іске асыруды түсіндіру.

Бұл тізімге баспа БАҚ үшін тағы төрт бағыт және интернет – ресурстар үшін үш бағыт енгізілген.

Біздің есебімізше, енді электронды БАҚ 632 минуттық бейнероликтер жариялауы керек. Егер мердігер бейнероликтің әр минуты үшін 50 000 теңге алатын өңірлік медиа болады деп болжасақ, жергілікті БАҚ-қа 31,6 миллион теңге бөлінбек.

Баспа газеттеріне келетін болсақ, олар 25 200 шаршы сантиметр көлемде мақалалар жариялауы керек, олар бұл қызметі үшін жаңа ставкалар бойынша 11 млн теңге алады, ал өңірлік БАҚ болса, 19,4 млн теңге табыс табады.

Интернет-ресурстар жалпы көлемі 656 000 таңба болатын материалдар жариялауға тиіс, яғни егер олар мемлекеттік интернет-ресурстар болса, олар 65 млн теңге немесе облыстық ауқымдағы ресурстар болса, 32,5 млн теңге табады.

Бұл лоттарды бір редакция бірден ала ма, әлде оларды бірнеше бөлікке бөле ме – ол туралы ақпарат жоқ.

Бұл лоттардың бірі ғана, биыл қанша тапсырыс берілетіні белгісіз. Бір қызығы, салық төлеушілердің бөлінетін қаражатты қандай басылымдар алатынын білуге құқығы жоқ. Бірақ 2021 жылдың соңына дейін мемлекеттік тапсырыс туралы ақпарат құпияланбағандықтан және мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланғандықтан, там-тұм дерек табуға болады.

Мәселен, 2021 жылы барлық мемлекеттік ақпараттық тапсырыстардың жалпы сомасы 379,7 млн теңгені құрады, оны облыстық қоғамдық даму басқармасы, сондай-ақ Орал әкімдігі жанындағы қалалық ішкі саясат бөлімі игерген. Басқа басқармалар да бірнеше мақсатты тапсырыстарды орындаған. Мысалы, Мәдениет және тілдер басқармасы және денсаулық сақтау басқармасы.

Мердігерлер қатарында республикалық БАҚ та бар: Nur.kz, Tengrinews, " Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда"(соңғы екі газет - көшбасшылар). Ал жергілікті БАҚ-қа келсек, бір ғана арасынан "Жайық Пресс" медиа холдингі 127 млн теңгенің тапсырысын орындаған.

Ал біз не үшін төлейміз?

БАҚ-та мұғалімдер, мектептегі еден жуушылар, балабақшалардағы тәрбиешілер және басқа да бюджет қызметкерлерінің наразылықтары жиі жарияланып тұрады. Олар жарты жылда бір рет газеттерге мәжбүрлі түрде жазылатындары айтады. Негізінен  "Жайық пресс" холдингінің "Приуралье" газетіне, "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" басылымдарына жазылу міндеттеледі. Яғни, бұл басылымдар бюджеттік қаржыландыру мен мемлекеттік ақпараттық тапсырыстан бөлек, жазылым үшін халықтан ақша алады.

"Жайық Пресс" холдингінің сайтын қарап, салық төлеушілердің қаражаты нақты қайда жұмсалатынын қарастырайық. Яндекс-метрикаға сүйене отырып, соңғы аптада оларға тәулігіне 1135-тен 2647-ге дейін қолданушы келді. Басылымның Инстаграм-арнасында 21,4 мың жазылушы бар, жарияланымдар ары кетсе 150-ден астам лайк пен бірнеше пікір жинайды.

Салыстыру үшін, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істемейтін жеке сайттарға – күніне кемінде жеті мың адам кіреді, олардың ақпараттары 500 лайк жинайды.

"Жайық Пресс" холдингінің жарияланымдарын екі түрге бөлуге болады: өңдеусіз басылған мемлекеттік органдардың пресс-релиздері  немесе авторлық материалдар. Олардың сапасын объективті түрде бағалау қиын, өйткені журналистер берілетін ақпараттың өзектілігі мен құндылығына емес, сөздің көркемдігіне ұмтылатынын аңғаруға болады.

Ынталандыру

Объективті және тәуелсіз болуға міндетті журналистерді мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды тарату арқылы “сатып алып” қана қоймай, жергілікті билік жыл сайын БАҚ қызметкерлері күніне орай журналистер үшін дастархан жайып,  шағын сыйлықтар – шай сервиздері, электроника дүкеніне сертификаттар үлестіреді. Мемлекеттік сатып алу сайтының мәліметінше, БҚО қоғамдық даму басқармасы банкетке 4,4 миллион теңге жұмсаған. Мемлекеттік сатып алу тілінде лот "Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін ынталандыру бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу" деп аталады. Бүгінде шындықты білуге, тергеуге, зерттеуге деген құштарлық журналистерді ынталандырмайтыны өкінішті-ақ.