×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Ақшаға тірелген тіршілік: Тимур Сүлейменов инфляцияны тізгіндей ала ма

05.09.2023, 10:04
Коллаж: ulysmedia.kz.

Жұмада жарияланған жолдаудың ізін ала жұртшылық күткендей үкіметте кадрлық ауыс-түйіс болып жатыр. Ауысқан министрлермен қатар Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов Ұлттық банк төрағасы болып тағайындалды. Әріптестеріне қарағанда Тимур Мұратұлы көпшілік көзіне көп көріне бермейтін адам. Десе де Ulysmedia.kz тілшісі Ұлттық банктің басшылығына келген оның еңбек жолына шолу жасап көрді.

Сүлейменовты дайындап жатыр ма?

Сүлейменовтың алдында қаржы реттеуші органды басқарған Ғалымжан Пірматовтың қайда баратыны әзірге белгісіз.

«Ол төрт жылдан астам Президент әкімшілігінде әлеуметтік-экономикалық бағытын басқарып, ауқымды экономикалық өзгерістерді жүзеге асыруға белсенді атсалысты. Кезінде Ұлттық экономика министрлігін басқарды, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі болды. Ұлттық холдингтерде басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. Тимур Мұратұлы қаржы және экономикалық бағыттарда, оның ішінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары лауазымында үлкен жұмыс тәжірибесі бар. Сондықтан қаржылық реттеушінің қызметін, оның міндеттері мен сын-қатерлерді анық біледі», - деді кеше сенатта Сүлейменовтың кандидатурасын таныстырған Президент әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов.

Жоғарғы палата депутаттары қызметінен босаған Ғалымжан Пірматовқа алғыс айтуды ұмытпады. Ал жаңа төраға екі минуттың ішінде сайланды.

Ғалымжан Пірматов Ұлттық банкте жұмыс істеген бір жарым жыл ішінде базалық мөлшерлемені көтере беруімен есте қалатын болуы керек. Оның тұсында инфляция деңгейі өсіп, артынша базалық мөлшерлеме де арта берді. Жалпы мұны Ұлттық банк те, Үкімет те Украина мен Ресей арасындағы соғыспен, әлемдік бағаның шарықтап кетуімен түсіндірді.

«Меніңше, мемлекеттік аппарат дағдарыстан өттік деген тоқтамға келген болуы керек. Ендігі кезекте, экономика өсімімен және оны ынталандырумен айналысатын басшы керек», - деп тұспалдайды экономист Елдар Шамсутдинов.

«Десе де, Үкімет пен Ұлттық банктің арасындағы келіспеушілік тағы туындай ма деймін. Пірматовтың тұсындағы дұрыс қадамдар жасалды. Жан-жақтан келген қысымға қарамастан ол жоғары мөлшерлемені ұстап тұрды. Меніңше, популистердің ығына жығылмай, осы саясатты ұстану керек. Ұлттық банкті саяси құралға айналдыруға болмайды. Себебі Ұлттық банк қателессе, оның шығынын бүкіл ел болып жабуға тура келеді», - деп сақтандырғысы келеді сарапшы.

Бір қызығы, осыдан жарты жыл бұрын, наурыз айында біздің сайттағы мақаланың бірінде басқа кандидатуралардың қатарында біз Тимур Сүлейменовті премьер-министр болуы мүмкін екенін жазғанбыз. Бәлкім, бұл болжам асығыс болған да шығар, бірақ президенттің өз жоспары бар. Қазір Тимур Мұратұлы әртүрлі лауазымдарда сынақтан өтіп жатыр, бәлкім алда болжам расталып та қалуы мүмкін.

Біз сол мақалада Тимур Сүлейменовті «әлеуметтік-экономикалық саладағы Тоқаевтың нақты спикері» және оның «құпия қаруы» деп аталатынын да жазғанбыз. Желіде ол президенттің бағдарламалық баяндамаларды құрайтыны туралы ақпарат тараған.

Салаға жаңадан келген

Қазақстан тәуелсіз ел болғалы Тимур Сүлейменов Ұлттық банктің 12-ші төрағасы болып отыр. Бұл органның бұрынғы басшыларының есімі қазір ұмытылып кеткен, бірақ ең көрнекті «қайраткерлері» қатарында Григорий Марченко мен Қайрат Келімбетов тұр. Біріншісі, өзінің харизмасы және категориялық пікірлерімен есте қалған. Ақыры, сол кездегі премьер-министр Даниал Ахметов оны бас банктің тұғырынан тайдырғаны бар.

Григорий Марченкодан бұл жолы қазіргі жағдайға байланысты пікірін сұрап көргенбіз. Алайда ол сыпайы ғана пікір білдіруден бас тартты.

Ал Келімбетов 2015 жылы Ұлттық банк басшысы ретінде теңгенің кенет девальвациясы туралы білгенін «міне ғана» естігенімен есте қалды.

«Өз басым мұны кеше түнде ғана естідім». Келімбетовтың бұл «нақыл сөзі» әлемнің бүкіл банк құрылымында бас шайқап айта жүрер әңгімеге айналды.

Ұлттық банкке Тимур Сүлейменов бөтен емес. Әлде салаға жаңа келген адам ба? Егер 2019 жылғы 1-21 наурыз аралығында оның төраға орынбасары, яғни Тоқаев оны көмекшісі етіп алғанға дейін үш апта ғана жұмыс істегенін назарға алсақ, қалай деуге болады?

Соған қарамастан, тіпті басқа лауазымдарда да Тимур Сүлейменов ұлттық банктің басқарма кеңесінде қалды. Жалпы, бұл орган бойынша әңгіме бөлек, әсіресе, 5 төрағаның орынбасары мен 17 департамент орналасқан құрылым жұмысына біршама үңіліп көруге болады. Қаржы аппаратының осыншама ауқымдылығына қарағанда, кейде монетарлық саладағы жаһандық сын-қатерлерге шамадан тыс сын да әділ ме дерсің?!

Ұлттық банктің ерекшелігі – ол тек Қазақстан президентіне ғана есеп береді және оған заңнамамен берілген өкілеттіктер шегінде өз қызметінде тәуелсіз болады. Григорий Марченконың Сенатқа бармауына және депутаттардың сұрақтарына жауап беруге бірнеше рет құлықсыздықты не үшін танытқанын түсіндірсе керек.

Көмекке келген Мэриленд дипломы

Тимур Сүлейменовтың әңгімеге көп тартылғысы келмейтінін атап өткенбіз. Алайда 2022 жылдың сәуірінде Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Еуропаның бірнеше басылымына сұхбат беріп, БАҚ хэдлайнері болып шыға келді. Бұл – Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін екі айдан соң берілген сұхбаттар еді.

«Әлбетте, Ресей мұндайда өз жағында болғанымызды қалайды. Алайда Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейді. Біз Қырымдағы немесе Донбастағы жағдайды мойындамаймыз. Өйткені оны БҰҰ мойындамайды. Біз Біріккен Ұлттыр ұйымы деңгейінде қабылданған шешімдерді ғана орындаймыз», - деп мәлімдеді шенеунік жай ғана экономист емес, саясаткер екенін де айшықтай отырып.

Сол жылдың шілдесінде бұл позицияны Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда қуаттай түсті.

Бірақ Қазақстан саясатының көпвекторлығын ешкім жойған жоқ. Euractiv-ке берген сұхбатында Тимур Сүлейменов Еуропалық серіктестерге Қазақстан Ресеймен сауданы тоқтатпайтынын айтты.

«Біз Ресеймен сауданы жалғастырамыз, Ресейге инвестиция саламыз, инвестиция тартамыз: біздің экономикамыз басқаша бола алмайды. Бірақ біз санкциялық тауарларды бақылау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл біздің еуропалықтарға ашық жеткізгіміз келген ой. Бізде жүйе бар және бұл жүйе, өкінішке қарай мұнда ұзақ уақыт (автормен бөліне айтылған) қала береді», - деді ол.

Сұхбаттан бөлініп қаралған үзіндіні әртүрлі түсіндіруге болар, бірақ Сүлейменов бұл қарым-қатынастар тәуекелдерді көбірек туындататынын сезеді. Әлемдік нарықтарға шығу жолдарын қайта құру үшін көп жұмыс істеуге мәжбүр етеді.

«Иә, біз Еуразиялық экономикалық одақтың бір бөлігіміз, бірақ біз өз жүйемізбен тәуелсіз мемлекетпіз және Ресей мен Беларуське қойылған шектеулерді сақтаймыз. Біз бір «себетте» болғымыз келмейді және тәуекелге бармаймыз», - деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Айтпақшы, кейінірек бұл туралы Тоқаев халыққа жолдауында да айтқан болатын. 1 қыркүйекте ол Қазақстанда үш жаңа шетелдік банктің филиалдары ашылатынын мәлімдеді.

«Банк саласының тағы бір проблемасы – жоғары концентрация. Бүгін де елде 21 банк бар. Десе де корпоративті несиелендірумен, яғни экономика жобаларын қаржыландырумен тек бірнеше ірі банк айналысады. Сол себепті аталған салада бәсекелестікті арттыру үшін елге шетелден сенімді деген үш банкті тарту керек», - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында.

Сірә, Тимур Сүлейменовті жаңа лауазымға тағайындау кезінде бұл бағыт айқындаушылардың бірі болған іспетті, өйткені шын мәнінде мемлекет экономикасына корпоративтік кредит беру қажет, бірақ бөлшек қарыздарға назар аударған банктерге бұл тиімсіз.

Осыдан бір жыл бұрын Тимур Сүлейменов «еуропалық компанияларды Қазақстанға әкелу үшін бар күшін салатынын» бекер айтпаған. Шамасы, Мэриленд университетінің іскерлік әкімшілік магистрі мамандығы бойынша түлегі саналатын Сүлейменов тапсырманың маңыздылығын түсінетін болуы керек.

Әртүрлі пікірлер

Тоқаев сеніп тапсырған басқа құзыреттерден бөлек, Сүлейменов банктік мөлшерлемелер мен мемлекеттегі инфляция пайызын мұқият бақылайтын адам ретінде әрекет етеді. Алдыңғы төрағадан айырмашылығы, жаңа төраға базалық мөлшерлемені төмендету керек деп санайды. Ulysmedia.kz тілшісіне Сенат кулуарында Сүлейменов инфляция біздің экономикамыздың ең қауіпті процесі екенін айтты. Оны бірінші кезекте шешу керек. Егер шарттар болса, онда мөлшерлемені төмендетуге болады.

Бұған дейін де ол ұлттық экономика министрі қызметін атқарған тұсында инфляцияны да, банк мөлшерлемесін төмендетуді үнемі қолдайтын.

«Біз 4,6 % санатына кіруге тырысамыз. Сондықтан біз үкімет те, министрлік те осы дәлізде төтеп беру үшін бар күшімізді саламыз. Сондықтан азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша инфляцияның, тарифтер мен табиғи монополиялардың салымдары бойынша инфляцияның төмендеуі біздің бақылауымызда», - деп сендірген Сүлейменов.

Алайда экономист Шамсутдиновтың пікірі өзгешелеу.

«Менің ойымша, қазір мөлшерлемені айтарлықтай төмендетуге болмайды. Керісінше, президент энергетика мен экономиканың нүктелік жобаларын қаржыландыру туралы айтты. Егер бұрын ШОБ жеңілдікті мөлшерлемеге ие болса, қазір вектор ірі бизнеске ауысады, өйткені бізге коммуникация, энергетика қажет, әйтпесе ешқандай өнеркәсіп болмайды. Президент жолдауында айтылғаны – біз сұраныс экономикасынан ұсыныс экономикасына көшеміз», - дейді ол.

Инфляцияны шеңберге сыйғызу

Инфляция туралы айтқанда оны реттеу – Үкімет пен Қазақстанның Ұлттық банкі қабылдаған түрлі факторлар мен стратегияларға байланысты күрделі және көп қырлы процесс екенін атап өтуге болады. Алайда, негізінде кейбір ықтимал себептерге мыналар жатады:

  • экономикалық жағдайды тұрақтандыру;
  • макроэкономикалық саясатты басқару;
  • инвестициялардың өсуіне және бизнестің дамуына ықпал ететін экономикалық ортаның болжамдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инфляцияны бақылау.
  • халықаралық міндеттемелер;
  • ұлттық валютаны қорғау.

«Инфляция биліктің идеясы бойынша 5 пайызды ғана құрауы керек. Біз тұрақты экономикалық өсімге ие болу үшін инфляцияны осы мақсатқа итермелеуіміз керек. Енді күтілетін инфляция дәлізі 10-нан 12 пайызға дейін болады, егер басқаша төтенше жайт болмаса. Әлбетте, алда билік экономиканы ынталандыратыны сөзсіз, бірақ әзірге қандай құралдар арқылы болатынын болжау қиын», – деп талдайды Елдар Шамсутдинов.

Алайда ұлттық банктің сайтында инфляцияның мақсаты 5 пайыз деп көрсетілген. Жылдық инфляция 13,1 пайыз деп болжанып отыр.

Серіктес жаңалықтары