×
474.72
515.17
5.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.72
515.17
5.58

Салтанат өлген түні Қуандық та «өлді», балалары одан бас тартты – Бишімбаевтың адвокаты

03.05.2024, 12:32
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

Соттағы жарыссөзде сотталушы Қуандық Бишімбаевтың үшінші адвокаты Назкен Құсайынова сөйлеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Құсайынова не дейді?

– Олар отбасы құруға талпынды. Бірін-бірі сүйді. Жоспар құрды. Қиындықтар болды, бірақ бір-біріне көмектесуге барын салды. Сол жағдайдан бірге шыққысы келді. Олардың жазбасының бәрі соны көрсетеді. Бірақ екеуінің ішетіні, Салтанаттың ұйықтай беруі – Бишімбаев соның бәрін қателікпен қабылдаған. Ол сүйікті әйелі ақырындап өлім құшып бара жатқанын сезбеді. Ол ең қорқынышты түсінде де осылай болады деп ойламады. Салтанат өлді, бірақ мен Қуандық та анау жерде тірі отыр деп айта алмаймын. Ол да сол күні өлді. Сол күннен кейін бәрі быт-шыт болды. Балалары бас тартты. Бәрі де оны қанішер деп атады. Бірақ ол қанішер атымен жүрмеуі керек. Сіздер қарап, дұрыс шешім қабылдауларыңыз керек, – дейді ол.

Назкен Құсайынованың айтуынша, Қуандық Бишімбаев шын мәнінде, сотта бәрін ашық айтып, телефонын көрсеткен. Адвокаты сотталушы істің мән-жайын толық ашуға Бишімбаевтың өзі мүдделі болды деп есептейді. 

– Қуандық видеоға түсірді. Сол кадрларға қарау өте ауыр болды. Бірақ ол шындық. Сол түннің шындығы. Бірақ қазір адамның өмірі сіздерге (алқабилерге қарата) байланысты, – дейді ол.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді. 

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары