×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Қазақстанның банк секторына жаңа ойыншылар келеді – не өзгереді

13.09.2023, 08:16
Коллаж: Ulysmedia.kz

Өткен жылы Ресейдің екі ірі банкінің қазақстандық нарықтан кетуі корпоративтік кредиттеудегі бәсекелестіктің төмендеуіне ықпал етті. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстандағы ірі экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше банк қана айналысады. Сондықтан ол елге үш сенімді шетелдік банкті тартуды тапсырды. Ulysmedia.kz елдің қазіргі банк құрамын зерттеп, оның кейбір ерекшеліктеріне тоқталмақ.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 21 банк бар, оның 12-сі шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істейді. Өткен жылы санкциялық зардаптарға байланысты ресейлік "Сбербанк" пен "Альфа-Банктің" еншілес құрылымдары қазақстандық нарықтан кетті. Осылайша, Қазақстанда ресейлік банктердің ішінен қазіргі уақытта тек "ВТБ" жұмыс істейді. "Альфа-Банктің" еншілес ұйымын қазақстандық "ЦентрКредит " (ЦКБ) сатып алғаны белгілі. Қазақстандағы "Сбербанктің" активтері "Бәйтерек" мемлекеттік холдингінің меншігіне өтті. Қазіргі уақытта банк атауы Bereke bank болып өзгертілді және оған жаңа қожайын іздестіріліп жатыр.

Ағымдағы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша активтер көлемі бойынша Қазақстанда ұсынылған банктердің рейтингі келесідей:

1 Қазақстан Халық банкі
2 KASPI BANK
3 Банк ЦентрКредит
4 Отбасы банкі
5 ForteBank
6 Jusan Bank
7 Еуразиялық банк
8 Bank RBK
9 Bereke Bank
10 Ситибанк Қазақстан
11 Банк Фридом Қаржы Қазақстан
12 Altyn Bank (China Citic Bank Corporation Ltd Еншілес банкі)
13 Home Credit Bank
14 "Қазақстандағы Қытай банкі" еншілес банкі
15 Нұрбанк
16 Алматы қаласындағы Қытайдың сауда-өнеркәсіп Банкі
17 “Банк ВТБ” АҚ еншілес ұйымы (Қазақстан)
18 "Қазақстан-зират Интернешнл Банк" еншілес банкі
19 Шинхан Банк Қазақстан
20 Al Hilal Ислам банкі
21 "Заман-Банк" Ислам банкі

Егер еліміздің барлық коммерциялық банктерінің жиынтық активтері туралы айтатын болсақ, олардың мөлшері 46,5 трлн теңгеден асады, жыл басынан бері өсім – 2 трлн теңге.

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер кімге тиесілі?

Қазақстандық банктердің артында кім тұрғаны жұртшылық үшін құпия емес. Мәселен, елдегі ең ірі Халық банкі кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа тиесілі.

Соңғы уақытқа дейін елдегі активтері бойынша екінші банк – Каспи банкінің акцияларын басқа акционерлермен қатар Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалды иеленді. Бүгінгі таңда компанияның негізгі акционерлері – Вячеслав Ким және Михаил Ломтадзе.

ЦентрКредит Банкінің ірі үлесінің иесі – Бақытбек Байсейітов, Қазақстанның ең бай 50 бизнесменінің қатарына кіреді.

Олигарх Болат Өтемұратов ForteBank акцияларының 80%-дан астамын иеленеді, оның ұлына осы банк акцияларының 7,5%-ы тиесілі.

Jusan Bank – ұзақ тарихы бар жаңа банк. Қаңтар оқиғаларына дейін Назарбаев Университеті тобына тиесілі болды. Бұған дейін банк экс-президент Назарбаевтың жақын серігі – Әділбек Жақсыбековтің меншігінде болған. Елімізде болған дүрбелеңнен кейін банк ЖОО меншігінен ірі қазақстандық бизнесмендердің бірі Ғалымжан Есеновке өтті.

Еуразиялық банктің соңғы бенефициарлары – Еуразиялық үштіктің өкілдері: Мұқадасхан Ибрагимов (Алижан Ибрагимовтың ұлы), Патох Шодиев, Александр Машкевич. Олардың әрқайсысы 33,3% акцияға ие.

Bank RBK, бірқатар БАҚ мәліметтері бойынша, Қазақмыс пен Қазминералстың бас акционері болып табылатын Владимир Кимге тиесілі.

Фридом Финанс жақында Ресей азаматтығынан бас тартқан миллиардер Тимур Турловқа тиесілі.

Нұрбанктің ірі үлесін марқұм Рахат Әлиевтің іскер серіктесі болған Рашид Сәрсеновтың ұлы Эльдар Сәрсенов иеленеді.

Қазақстанда ұсынылғандардың ішінде бір ресей банкі, үш Қытай банкі, бір-бірден БАӘ, АҚШ, Чехия, Оңтүстік Корея, Түркия банктері бар.

Қазақстанға кім келеді?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованың пікірінше, екі ірі ойыншының нарықтан кетуі жаңа кредиттік ресурстардың, жаңа өнімдердің, бизнес үшін қарыздардың ұсыныстары төмендеуіне алып келді. Елде несиелік белсенділік азайды.

Жаңа ойыншылардың келуі, оның пікірінше, банктер арасындағы бәсекелестікті арттыруға және несие ұсыныстарын арттыруға мүмкіндік береді.

Әбілқасымованың айтуынша, шетелдік банктер тарапынан Қазақстанға деген қызығушылық бар. Ол егжей-тегжейін айтпаса да, әлеуетті ойыншылардың географиясына тоқталды. Оның айтуынша, Таяу Шығыс, Шығыс Еуропа, ТМД, атап айтқанда, Ресей банктері қазақстандық нарыққа қызығушылық танытып отыр.

Сарапшылардың Қазақстанға жаңа банктердің келуіне қатысты болжамдары екіұшты. Бөлшек несиелеу қажеттілігін қолда бар қаржы институттары қамтамасыз етеді, ал биліктің қалауы бойынша ірі жобалармен жұмыс істеу үшін елге келудің қажеті жоқ дейді олар.

Сондай-ақ, Қазақстанның банктердің үстеме пайдасына салық енгізуі де әсер етуі мүмкін.

Осылайша, еліміздің Ұлттық банкі қолданатын инфляцияға қарсы күрес шарасы – жоғары базалық мөлшерлеме тек қазақстандық қана емес, өзге елдердің банктері үшін де айтарлықтай жоғары табыс көзіне айналды. Мәселен, еліміздің банк секторының 2022 жылғы таза кірісі 1,5 трлн теңгені құрады, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында – 1 трлн теңгеден астам. Бұл ретте екінші деңгейлі банктердің ҚҚС төлеуден босатылғанын ескерсек, олардың ел бюджетіне қосқан үлесі мардымсыз.

Президенттің тапсырмасы бойынша жақын арада екінші деңгейдегі банктер үшін үстеме пайдаға салынатын салықтар жаңа Салық кодексін қарау кезінде қайта енгізілуі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары