×
$
451.05
€
504.95
₽
5.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.05
€
504.95
₽
5.6

Қазақстанда несие қашан арзандайды

Бүгін, 12:03
Қазақстанда несие қашан арзандайды
Ulysmedia коллажы

Экономист Бауыржан Шорманов Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені неге біртіндеп төмендетіп жатқанын түсіндірді. Оның айтуынша, реттеушінің шешімдері бірден нәтиже бермейді, ал мөлшерлемені тым жылдам төмендету бағаның қайта шарықтауына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақша әлі арзандаған жоқ

Экономистің айтуынша, базалық мөлшерлеменің өзінен гөрі оның инфляция деңгейінен қаншалықты жоғары екені маңызды.

– Жыл басында базалық мөлшерлеме 18% болса, баға жылдық есеппен 12%-дан астам өсті. Қазір мөлшерлеме – 15,75%, ал инфляция – 9,3%. Екеуінің арасындағы айырмашылық сақталып отыр. Ең маңыздысы – осы. Егер теңгедегі депозиттің кірісі бағаның өсу қарқынынан едәуір жоғары болса, адамдар ақшасын жұмсауға асықпай, жинақтағанды жөн көреді. Бұл бағаның өсуін тежейді, – дейді Шурманов.

Неге мөлшерлемені бірден төмендетпейді?

Экономист базалық мөлшерлемені дәрімен салыстырды.

– Мөлшерлеменің әсері бірден байқалмайды. Қазір инфляцияның төмендеуіне көбіне көктемде қабылданған шешімдер ықпал етті. Ал бүгінгі шешімнің нақты әсері келесі жылы ғана байқалады. Сондықтан Ұлттық банк инфляцияның жарты жылдан немесе бір жылдан кейін қандай болатынын да ескереді, – деп түсіндірді ол.

Шорманов АҚШ-ты мысалға келтірді. 1970 жылдары АҚШ Федералдық резерв жүйесі инфляцияның баяулай бастаған алғашқы белгілері байқалған сайын мөлшерлемені бірнеше рет төмендеткен, бірақ әр жолы баға қайтадан жылдам өсе бастаған. Соның салдарынан 1980 жылдардың басында мөлшерлемені шамамен 20%-ға дейін көтеруге тура келіп, экономика ауыр құлдырауға ұшырады.

– Емді алғашқы жақсару белгілері байқалғанда тоқтатса, ауру оралуы мүмкін. Ал оны емдеу бұрынғыдан да ұзақ әрі қиынға соғады, – деді экономист.

Адамдар баға одан әрі өседі деп қауіптенеді

Инфляцияға халықтың алдағы баға өзгерісіне қатысты болжамы да әсер етеді. Егер адам ертең бәрі қымбаттайды деп ойласа, тауарды бүгін сатып алуға тырысады. Ал сатушы бағаны белгілегенде-ақ болашақтағы қымбаттауды ескереді.

– Қазір инфляция 9,3% болса, халық алдағы кезеңде баға орта есеппен 11,8%-ға өседі деп күтеді. Бұл болжам біртіндеп, бірақ инфляцияның өзіне қарағанда баяу төмендеп келеді. Адамдар бағаның бірнеше ай қатарынан баяу өсіп жатқанын көргенде ғана сенім қалыптаса бастайды, – дейді Шорманов.

Инфляция неге қайта үдеуі мүмкін?

Ұлттық банк жыл соңына қарай жылдық инфляция сәл жеделдеуі мүмкін екенін ескертті. Экономист мұны статистикалық әсермен түсіндіреді.

– Былтыр мораторий күшінде болды. Соның нәтижесінде төртінші тоқсанда тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тарифтері 14%-ға төмендеді. Жылдық инфляция қазіргі бағаларды былтырғы бағалармен салыстырады. Егер былтыр көрсеткіш мораторийге байланысты төмен болса, биыл жағдай нашарламаса да, салыстыру нәтижесінде өсім байқалады. Мұны бір жыл бұрын салмақты кем көрсеткен таразымен қазіргі салмағыңды салыстыруға болады, – деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, базалық мөлшерлеме арқылы коммуналдық қызмет тарифтерін арзандату мүмкін емес. Реттеушінің міндеті – тарифтердің өсуі басқа тауарлар мен қызметтердің бағасына жаппай әсер етуіне жол бермеу.

Бұл халыққа қалай әсер етеді?

– Теңгемен жинақ сақтайтындар үшін депозит мөлшерлемелері инфляция деңгейінен жоғары болып отыр. Демек, ақшаның құнсыздануынан қорғануға мүмкіндік бар. Қарыз алушылар үшін несие біртіндеп арзандайды. Бұл – бір жылдан кейін баға қайта шарықтап, базалық мөлшерлемені тағы көтеруге мәжбүр болғаннан гөрі тиімді, – деп есептейді Шорманов.