×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Шулы» тізім, санкция қаупі мен Байденнің сапары: АҚШ елшісінің журналистермен кездесуі қалай өтті

29.09.2023, 21:43
«Шулы» тізім, санкция қаупі мен Байденнің сапары: АҚШ елшісінің журналистермен кездесуі қалай өтті
Фото: Ulysmedia.kz

Жұма күні Астанада АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Даниэль Розенблюм Қазақстандағы БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп, сұрақтарға жауап берді. Жалпы елші баспасөз өкілдерімен жиі кездеспейді, ал бүгін тілшілер қауымымен 2022 жылы тағайындалғалы бері үшінші рет жүздесіп отыр. Кездесу бір жарым сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде журналистер дипломатқа оншақты сұрақ қойды. Ulysmedia осы кездесудің маңызды сәттерін оқырманға мақала ретінде ұсынады.

С5+1

Кездесудің өзі АҚШ-та Орталық Азия көшбасшыларының жақында президент Джо Байденмен кездесуінің талқысы ретінде белгіленген. Елші мемлекет басшыларының қол жеткізген уағдаластықтары жайлы сөз қозғап, Американың Орталық Азия елдеріне деген қызығушылығының артуы немен байланысты деген сұраққа жауап берді.

– Бұл ниет, атап айтқанда, осы саммиттің өтуіне мүдделі болған президент Байден тарапынан туындап отыр ( ... ) Бұл ниет бүгін ғана туған жоқ, Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғаннан бері кем дегенде 30 жыл бойы жалғасып келеді. Осынау қызығушылық біздің қауіпсіздікті көздеген мүдделерімізге негізделген, оған аймақтағы тұрақтылық та енеді. Бұл – АҚШ үшін ұлттық қауіпсіздік берілген басымдық", – деп атап өтті Дэниел Розенблум.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ШЕТЕЛДІК АГЕНТТЕР»

Сондай-ақ, дипломат Қазақстан билігінің шет елдерден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтардың тізімін жариялауына байланысты пікірін білдірді. Естеріңізге сала кетейік, бұл тізімге еліміздің 240 ұйымы мен азаматы енген еді.

– Біз бұл тізімді білеміз. Елшілік оны қазір мұқият бақылайды. Сондай-ақ, біз осы тізім жарияланғаннан кейінгі ҮЕҰ, медианың реакцияларын да бақылап отырмыз. Кейбір азаматтар осы тізім мен басқа елдерде шетелдік агенттер деп аталатын заңдарға параллель жасап көрді. Мен адамдардың неге бұлай салыстыратынын түсінемін, бірақ мен бұл жерде ол екі дүние екі түрлі деп айтқым келеді. Менің түсінуімше, азаматтар мен ұйымдарға бұл тізімде болуының ешқандай салдары болмайды. Бұл олардың күнделікті жұмысына ешқандай әсер етпейді", - деді Розенблум.

Ол қазіргі жағдай өзгеріссіз қалып, бұдан әрі ешқандай қиындыққа апарып соқпайды деген үмітін білдірді.

- Біз жағдайды бақылауды жалғастырамыз. Қазақстан Үкіметі не дейді? ҮЕҰ не айтады? Егер бізде қандай да бір алаңдаушылық туындаса, біз Үкіметпен сөйлескен кезде міндетті түрде ол мәселелерді атап өтеміз, - дейді елші.

ВИЗА МӘСЕЛЕСІ

Елші виза мәселесі бойынша Қазақстан азаматтары жиі жүгінетінін атап өтеді.

– Ең алдымен, біздің екі ел азаматтарына көшуге, бір-біріне қонаққа баруға көмектесуге деген ниетіміз зор екенін айта кетейін. Мен АҚШ азаматтарының Қазақстанға да келгенін қалаймын, сондықтан бұл екіжақты процес. Мұның басты себебі - адамдар арасындағы байланыстарды нығайту, содан кейін бұл фактор екі ел арасындағы берік қарым-қатынасты қалыптастырады. Айта кетейін, Қазақстан Орталық Азиядағы азаматтары 10 жылға дейінгі мерзімге бейиммиграциялық виза ала алатын жалғыз ел. Бұл біздің қарым-қатынасымыздағы жөні түзу екенін көрсетеді", - деп түсіндірді ол.

Алайда, дипломат АҚШ-та консулдық пен елшіліктің қызметкерлері виза мәселесінде ұстанатын міндетті ережелер мен заңдар барын атап өтеді.

– Бізде виза беруде сұхбат, құжаттарды тексеру және сол сияқты тағы басқа тәжірибелер бар. Біз бұл процесті жеңілдету үшін жұмыс істеуге тырысамыз. Атап айтқанда, ол процес тиімдірек болатындай және өтініш берушілер ұзақ күтпейтіндей болса дейміз. Менің ойымша, біз пандемия кезінде жинақталған өтінімдерді сұрыптауда жетістікке жеттік, қазір күту уақыты айтарлықтай қысқарды. Менің түсінуімше, қазір АҚШ-қа барған, АҚШ-та виза алған адамдар үшін визаны қайта тапсырған кезде сұхбаттан бас тартуды сұрау мүмкіндігі бар. Бұл опция қосылды, бірақ бұл стандартты тәжірибе емес", – деді ол.

РЕСЕЙГЕ РЕЭКСПОРТ

Жақында Қазақстанға Ресей Федерациясына әскери мақсатта қолданылатын санкциялық тауарлар ағылған жағдайда шетелден екінші деңгейлі санкция салыну қаупі төнді. Алайда, бұл жолы елші Қазақстанның Ресей Федерациясындағы тауарлардың кері экспортын бақылау жөніндегі жұмысына қанағаттанғанын білдірді.

– АҚШ пен Қазақстан Ресейге импортталуы мүмкін нақты тауарларды бақылау және мониторингілеу бойынша бірлесіп өте тығыз жұмыс жасады. Сәуір айының соңында АҚШ сауда министрлігі мен Қаржы министрлігінің өкілдері осы мәселені талқылауға келгені естеріңізде шығар. Сондай-ақ шілде айының басында мемлекеттік департаменттен делегация келіп кетті. Бұл талқылау жалғасып жатыр, алайда Қазақстан Үкіметі қабылдаған шаралар тиімді. Үкіметтің атап айтқанда, әскери мақсатта қолданылуы мүмкін тауарлар мен қызметтерді бақылауда ниеті түзу, – деді дипломат.

– Бірақ мен бұл күрделі процесс екенін мойындаймын, ол жалғасып жатыр және ол біз бен Қазақстан Үкіметі арасындағы бірлескен жұмысты жалғастыруды талап етеді, – деп қосты ол.

ХИДЖАБ

Журналистер сонымен қатар дипломаттың қоғамдық орындарда, мектептерде хиджаб кию мәселесіне байланысты пікірін сұрады.

– Шынымды айтсам, мен қоғамдық орындарда, мектептерде хиджаб кию мәселесімен жіті таныс емеспін. Мен бұған дейін жұмыс істеген Өзбекстанда бұл мәселе жиі талқыланатынын көруші едім. Онда да бұл мәселе өзекті тақырып болды. Сондықтан бұл жағдайға қатысты менде нақты пікір жоқ, бірақ мен АҚШ әрқашан дін бостандығы мен сөз бостандығы идеясын қолдайтынын айтқым келеді. Белгілі бір елге байланысты өзін-өзі көрсету ұғымы өзгеруі мүмкін, сондықтан бұл үміттер мен принциптерді әр нақты елге бейімдеу әрқашан өте маңызды. Бірақ АҚШ- та біз әрқашан осындай бостандықтардың сақталуы мен қамтамасыз етілуін жақтаймыз", - деп түсіндірді ол.

КҚК ҚАУІПСІЗДІГІ

Талқылаудың тағы бір тақырыбы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) қауіпсіздігі мәселесі болды. Бұл - қазақстандық мұнайдың Еуроодақ бағытындағы негізгі экспорттық бағыты. Соғыс қимылдарына байланысты мұнай жөнелтілетін Новороссийск порты жағында бірнеше рет атыс болған. Энергетика министрлігінің басшысы бұған дейін Қазақстан Қара теңіздегі Новороссийск портының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету туралы бастама көтеретінін айтқан болатын.

- Иә, бізде КҚК қауіпсіздігі талқыланды. Бұл талқылаулар тек Қазақстан Үкіметімен ғана емес, сонымен қатар өз жұмысында КҚК-мен байланысты түрлі компаниялардың өкілдерімен де болды, өйткені, олар әлбетте, мұнайды үздіксіз және қауіпсіз тасымалдауға мүдделі. Әзірге бұл әңгімелер пікірталас, талқы деңгейінде ғана өрбіді, – деді елші Қазақстанның бастамасы аясында осындай талқылаулар болды ма деген сұраққа жауап бере отырып.

– Қара теңіздегі жағдай, әрине, қиын және коммерциялық және азаматтық нысандар мен инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесетін қандай да бір келісім болса, барлығына өте жақсы болар еді", - деп қосты ол.

АҚШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ САПАРЫ

Сондай-ақ, елші АҚШ президентінің Орталық Азия елдерінің біріне сапары жөнінде пікір білдірді.

- Бүгін мен ештеңе жариялай алмаймын, бірақ мұндай мүмкіндік бар деп айтқым келеді. Жоғарыда айтқанымдай, АҚШ-тың жоғары басшылығы тарапынан Қазақстан мен Орталық Азияға үлкен қызығушылық бар, – деді Розенблум 30 жылдан астам уақыт ішінде АҚШ президентінің ешқайсысы ОА елдеріне неге бармады деген сұраққа жауап бере отырып.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесуіне қатысқан болатын.