Бүгін Астана қаласы сотының апелляциялық инстанциясы азаматтық белсенді, саясаттанушы Санжар Боқаевтың жеке арызын қарады. Боқаев бұған дейін де Қазақстан Конституциясынан 54-баптың 1-тармағын (президент сайлауына кандидат болып тіркелуі үшін 5 жыл мемлекеттік қызмет өтілін талап ететін бап) алып тастауды талап етіп, сотқа жүгінген болатын. Алайда бірінші инстанция оның бұл арызын қараудан бас тартқан. Бұл жолы белсендінің арызын апелляция соты қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еске сала кетейік, бұған дейін Санжар Боқаев Қазақстанның Констиуциясынан 54-баптың 1-тармағын алып тастауды талап етіп, сотқа жүгінген еді. Ол тармақта «Қазақстан азаматтары президент сайлауына кандидат болып тіркелуі үшін мемлекеттік қызметте кемі 5 жыл жұмыс істеуі керек» деген талап бар. Санжар Боқаев «бұл бап адам құқығын шектеу» деп бағалап, Астана қаласының ауданаралық сотына шағым түсірген еді. Боқаев сот арқылы президент пен парламенттен бұл бапты алып тастауды талап етеді.
«Біз Астана қаласының ауданаралық сотына бұған дейін Конституцияның сол бабына шәк келтіріп, арыз түсірдік. Арызды 11 қыркүйекте түсіргеннен кейін 12 қыркүйекте тіркеген. Алайда 13 қыркүйекте ол арызымызды «бұл мәселе бойынша Конституциялық сотқа жүгініңіздер» деп қабылдаудан бас тартты. Алайда бірінші инстанцияның судьясы арызды қабылдаудан бас тарту кезінде Конституциялық сот туралы заңды қарамаған. Онда «Конституцияның Санжар Боқаев шәк келтіріп отырған бабын арыз түссе сот қарауы керектігі» тайға таңба басқандай жазылған. Сол себепті біз Конституциялық сотқа жүгіне алмаймыз. Мұны ол судья білмейтін болса керек. Сол себепті бүгін жеке шағым беріп, апелляциялық соттан бізге осылай берілген анықтаманың күшін жоюды, істі заң бойынша қарауды талап етуге келдік», - деді Санжар Боқаевтың адвокаты Мұрат Адам бүгін сот алдында.
Десе де Астана қаласы сотының апелляциялық инстанциясы Санжар Боқаевтың бұл жеке шағымын да қанағаттандырған жоқ. Алғашқы инстанцияның шешімін дұрыс деп бағалап, оны “қайта шағымдануға жатпайтындай” шешім қабылдады.
Сот процесі. 20 қазан 2023 жыл
«Бұл сот бірінші инстанцияның анықтамасының күшін жояр деп үміттенгенбіз. Екінші жағынан, соттың бүгінгідей шешім қабылдайтынын да іштей күттік. Біріншіден, мәселенің саяси сипаты бар. Екіншіден, сот процесі сағат 15.00-де басталуы керек еді. Судья оны 10 минут бұрын, 14.50-де бастады. Екінші кемшілік – апелляция сотының судьясы бүгін қабылданған шешімнің мотивін түсіндіруден бас тартты. Кез келген судья шешім қабылдаса, онысын түсіндіруі керек. Өзіңіз көргендей, судья «шешім өзгеріссіз қалады» деп, кетіп қалды. Судьялардың бұл әрекетін дұрыс деп есептемеймін», - дейді ол.
Адвокаттың айтуынша, бүгін судья «шешім өзгеріссіз қалады, қайта шағымдануға жатпайды» деп шешім шығарғанымен, кассациялық инстанцияға шағымданғалы отыр.
«Істің саяси сипаты болғаннан кейін шешімнің бәрі Жоғарғы сотпен ақылдаса қабылданатынын білеміз. Өкінішке қарай, сондай мемлекетте тұрып жатырмыз. Егер біз құқықтық мемлекетте тұрсақ, бүгін басқаша шешім қабылдануы керек еді», - дейді адвокат.
Соттан шыққан Санжар Боқаев «мұнымен тоқтамаймыз» дейді. Ол бұл бапқа “мемлекетімізге жасалған қастандық” деп баға берді.
«2017 жылы президенттікке үміткерге кемі мемлекеттік қызметте 5 жыл жұмыс істеуі керек деп талап енгізілген. Санап шықсам, қазақстандықтардың 98 пайызының мемлекеттік қызметте бес жылдық еңбек өтілі жоқ. Сондықтан олардың президенттікке үміткер болуға құқықтары шектеулі. Арнайы жасалған тосқауыл бұл. Назарбаевтың жасаған арнайы механизмі. Басқа бір мықты азаматтар Қазақ елінен шықпасын, тек өзі ұсынған кандидаттарын тіркеу үшін енгізілген. Жаңа Қазақстанда мұны алып тастаудың орнына ешқайсысы алғысы келмейді. Өйткені қазіргі билік келесі сайлауға дайындалып жатыр. Сондықтан оларға нақты бәсекелестік керек емес. Ал біздің қоғамда мықты азаматтар жетерлік. Кімнің президент болатынын тек халық шешуі керек. Ал бұл билік бұрынғыдай өзі шешпек», - дейді Санжар Боқаев.
Айта кетейік, Қазақстанда президенттікке 40 жастан асқан, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік қызметте кемі бес жыл жұмыс істеген, кейінгі 15 жылда елде тұрған адам үміткер бола алады. Азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар мемлекеттік қызметтегі бес жылдық өтіл азаматтардың президенттікке сайлану құқығын бұзатынын бұған дейін де айтқан болатын.