×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Ауыл - Ел бесігі» жобасына 800 млрд тг: Қаражат қанша ауылды қамтиды?

19.10.2021, 09:07
«Ауыл - Ел бесігі» жобасына 800 млрд тг: Қаражат қанша ауылды қамтиды?
Фото: Ашық дереккөзден

Бұл туралы үкімет басшысы Асқар Мамин бүгінгі отырыста мәлім етті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

««Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту арқылы ауылдағы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Осы бағдарлама бойынша 3 561 ауыл іріктеп алынды. Оларда 6,9 млн адам тұрып жатыр, бұл ауыл халқының 89 пайызы. 2019-2020 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында «Ауыл – Ел бесігі» жобасының шеңберінде және де Жұмыспен қамтудың жол картасы, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының аясында, барлық қаржыландыру көздерінен 618 млрд. теңгені кұрайтын 12 мың жоба іске асырылды», - деді Мамин бүгінгі отырыста.

Оның айтуынша биыл жобаны іске асыру аясында жобаларды тапсыру мен бөлінген бюджет қаражатын игеру бойынша Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары жақсы серпін көрсеткен. Жыл соңына дейін 2,5 ай ғана қалды. Осы ретте Мамин  барлық әкімдіктерге, әсіресе, Алматы, Қызылорда және Атырау облыстары жобаларды іске асыру бойынша жұмысты жандандыруды жүктеді. Оның айтуынша алдағы 4 жылға «Ауыл - Ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған. Жалпы, ұлттық жобаларды ескергенде ауылдарды жаңғыртуға 1,3 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр.

«Осы ретте мынадай тапсырма беремін: Біріншіден, Ұлттық экономика министрлігі ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жұмысын тиісті көрсеткіштермен және бірыңғай тәсілмен үйлестіруді күшейтуді және де тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін. Екіншіден, ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен және әкімдіктермен бірге ауылдық жерлерде несие қаражатына сұраныстың ұлғаюын ескере отырып, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты қаржыландыруды, жоспарланған барлық жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етсін. Үшіншіден, ұлттық экономика, индустрия, энергетика, денсаулық сақтау, білім, мәдениет министрліктері өңірлердің әкімдіктерімен бірге барлық қажетті шараларды қабылдап, ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі нысаналы индикаторларға 2025 жылға қарай қол жеткізуді қамтамасыз етсін», - деп тапсырды Асқар Мамин.