×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Франция бастама көтерсе, біз дайынбыз – Сәтқалиев АЭС құрылысы жайлы

01.11.2023, 10:46
Франция бастама көтерсе, біз дайынбыз – Сәтқалиев АЭС құрылысы жайлы
фото: ашық дереккөзден

Дәл қазір Ақордада Қазақстан мен Франция президенті шағын құраммен келіссөз жүргізіп жатыр. Келіссөзде Қазақстандағы атом электр станциясы құрылысы талқылануы мүмкін бе? Бұл сұрақты журналистер келіссөз алдында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Франция делегациясының сапарына байланысты Энергетика министрлігі бойынша біршама ауқымды мәселелер талқылау жоспарланған. Алдымен Total Energy компаниясымен қуаты 1 ГВт болатын жел паркін салу жөнінде. Ол парктің электр қуатын сақтайтын құрылғысы болады. Жаһандық жылынуға қарсы күрес жөнінде, аталған жобаға инвестиция тарту жөнінде үкіметаралық келісімге мұның алдында  қол қойылған. Жалпы Мәжілісте осы келісімді ратификациялау жұмыстарын бастап кеттік», – деді ол.

Франция компаниясының Қазақстанда АЭС салу ықтималдығы жайлы министр былай дейді:

«Осы сапар аясында біздің EDF (Electricite de France -ред.) компаниясымен серіктестігіміз талқыланады. Қазір олар  General Electric-тің атом электр стансаларына арналған  турбиналар өндірісімен байланысты активтерін сатып алу жөніндегі келісімді аяқтап жатыр. Компанияның бұл салада бірегей тәжірибесі бар. Францияда  олар 50-ден астам реакторды іске қосқан. Шетелде де салады. Өздеріңіз білетіндей, EDF (Electricite de France -ред.) Қазақстанда АЭС салуы мүмкін компаниялардың шорт-парағына енген. Егер Франция тарапы келіссөз туралы бастама білдірсе, біз оны жүргізуге дайынбыз».

Еске салайық, халыққа Жолдауында Қазақстан президенті АЭС құрылысына байланысты жалпыұлттық референдум өткізілетінін мәлімдеді.

Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу жөнінде жария тыңдауға барып қайтқан еді. Үлкен ауылындағы көптен күткен үлкен жиынға жобаға қатысты компания өкілдері, Энергетика министрлігі мен Алматы облысы әкімдігінің қызметкерлері, жан-жақтан белсенділер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келген. Жиналғандар екіге бөлініп, жанжалдасып қала жаздаған болатын.

Көптеген қоғам қайраткері мен энергетиктер Қазақстанда қазір атом электр станциясын салу үлкен қателік екенін бірнеше рет айтқан. Сонымен қатар қоғамда құрылыс жобасы ресейлік "Росатомға" берілуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.

Бұдан бұрын Энергетика министрлігі референдум өткізілгенге дейін АЭС құрылысына байланысты барлық жұмыстар тоқтатылғанын мәлімдеді.