×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Дауға айналған АЭС құрылысы: Қазақстанда жалпыұлттық референдум өтеді

01.09.2023, 10:49
exclusive.kz

Қазақстан президенті АЭС құрылысына байланысты жалпыұлттық референдум өткізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады.

«Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді президент.

Еске салайық, жуырда Алматы облысында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария тыңдау өтті.

Тыңдаулар басталмай тұрып АЭС құрылысына наразы топ станция салуды қолдаған сарапшыға шүйліккенін хабарлағанбыз.

Көптеген қоғам қайраткері мен энергетиктер Қазақстанда қазір атом электр станциясын салу үлкен қателік екенін бірнеше рет айтқан. Сонымен қатар қоғамда құрылыс жобасы ресейлік "Росатомға" берілуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.

"Ресей Федерациясы санкцияларға ұшырады, олар басқа елдерден көптеген жабдықтар алды. Агрессор елмен келісімге қол қою  өзімізді қауіпке итерумен тең", — дейді қоғам белсенді Мейірхан Әбдіманапов

Журналист Анар Аққозының пікірінше, атом электр станциясын салу жобасы шикі, өйткені құқықтық база да, техникалық-экономикалық негіздеме де, қаржылық есеп-қисап та жоқ.

Ал экономист Марат Әбдірахманов атом электр станциясын салудың орнына күн батареялары мен жел генераторларын салу экономикалық тұрғыдан тиімді деп есептейді.

Бүгінде Қазақстан қарастыратын ядролық технологиялардың әлеуетті жеткізушілерінің тізіміне төрт шетелдік компания (ресейлік "Росатом", италиялық CNNC, француздық EDF және оңтүстік кореялық KHNP) кірді.

Жуырда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС құрылысының мерзімі жайлы айту ерте екенін мәлімдеген

Ал "Самұрық-Қазына" төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін көп су мен ақша қажеттігін алға тартып, шешімді әбден таразылап барып қабылдау керегін айтқан.

Серіктес жаңалықтары