Израиль мен Хамас арасындағы уақытша бітімді ұзарту туралы келіссөздер жүргізілуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Екі тарап та Израиль түрмелеріндегі 150 палестиналық тұтқынды ХАМАС кепілге алған 50 израильдікке айырбастау жөнінде келісімді ұзартуға ниет білдірді.
Келісім
Қазір Тараптар мәмілені тағы төрт немесе одан аз күнге ұзарту мүмкіндігін талқылау үстінде. Осы келісім аясында ХАМАС кепілге алынған кем дегенде 20 әйел мен баланы босата алады. Барлық әйелдер мен балалар босатылғаннан кейін, басымдық егде жастағы ер адамдарға беріледі, содан кейін қаза тапқандардың денелерін береді. Өйткені ХАМАС әзірге израильдік жас еркектерді босату мүмкіндігін бермей отыр..
АҚШ президентінің кеңесшісі Джейк Салливанның айтуынша, қазіргі уақытта мәмілені ұзарту ХАМАС-қа байланысты, өйткені Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху өзінің шарты — бітім бойынша әрбір қосымша күн үшін кепілге алынған 10 адамды босату туралы айтқан болатын.
Бітім аясында
24 қарашадан бастап ХАМАС 4 күндік бітім аясында кепілге алынған үш топты босатты. Мәміле кезінде барлығы 39 израильдік пен 19 шетелдік босатылды. Өз кезегінде Израиль 117 палестиналық тұтқынды босатты.
ХАМАС пен Израиль арасындағы соғыс
Палестина ХАМАС қозғалысының содырлары 7 қазанда Израильге шабуыл жасап, 1200-ден астам адамды өлтіріп, 240-қа жуық адамды кепілге алды. Израиль қорғаныс армиясы шабуылға жауап ретінде Газа секторына әуе шабуылдарын, содан жердегі операцияны бастады. Палестина тарапының мәліметі бойынша, Газа секторында 7 қазаннан бастап 11 мыңнан астам адам қаза тапқан.